Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаңа мектептер қатары толықты

Жаңа мектептер  қатары толықты
ашық дереккөз
Жаңа мектептер қатары толықты
Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен соңғы екі жылда білім ошақтарының құрылысы қарқынды жүріп, мектеп тапшылығы мәселесі ретімен шешіліп келеді. Тұрар Рысқұлов ауданының 85 жылдық меройтойына орай Құлан ауылында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Құландықтардың қуанышын бөлісуге келген аймақ басшысы оқушылар мен ата-аналарға, ұстаздар қауымына ізгі тілегін арнады. – Білім – адам мен өркениетті жалғайтын алтын көпір. Сол сапалы білімді игеретін жас ұрпақ – ертеңгі мемлекет тұтқасын ұстайтын азамат. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға ерекше көңіл бөлуде. Білім беру инфрақұрылымын дамыту – біздің алға қойған басты міндеттеріміздің бірі. Бүгінде облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер салынып, апатты, үш ауысымды, орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі рет-ретімен шешімін тауып келеді. Бұл өз кезегінде білім сапасының айтарлықтай жетілуіне септігін тигізуде. Биыл білім беру жүйесіне 284,8 миллиард теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артты, – деді Ербол Шырақпайұлы. Облыс басшысы биыл 25 білім нысанының құрылысы жүріп жатқандығын, жыл соңына дейін 9 мектеп пен 5 мектептің жапсарлас құрылысы пайдалануға берілетіндігін баса айтты. Сондай-ақ келер жылы қалған 11 нысанның құрылысы аяқталмақ. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 12 мектептің жетеуінің құрылысы биыл басталса, бесеуі 2024 жылға жоспарлануда. Бұдан бөлек осы жылы 17 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде. Бұдан соң жаңа мектептің лентасы қиылып, символикалық кілт тапсыру рәсімі өтті. Жаңа қонысқа орналасқан №6 мектеп-гимназияның директоры Мұратжан Мейманхановтың айтуынша, білім нысанында оқушыларға барлық жағдай жасалған. – Мектебіміз пилоттық режимде жаңа модель бойынша салынды. Мердігері – «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС, келісімшарт құны – 1 миллиард 793 миллион теңге көлемінде. Материалдық-техникалық жағдайына келер болсам, 12 оқу бөлмесі, 106 орынға арналған мәжіліс залы, 96 оқушы сыятын асхана, спортзал, 2 лингафон кабинеті, химия, физика, биология, информатика кабинеттері үшін 3 зертхана, 15 орынды оқу залы бар кітапхана қарастырылған. Жалпы мұнда 1-8-сынып аралығында барлығы 113 оқушы білім алады. Оның ішінде 1-4-сыныпқа – 56, 5-8-сыныпқа 46 оқушы қабылданған. Қазіргі уақытта ұжымда 25 мұғалім қызмет атқаруда. Тарқатып айтсақ, 1-4-сыныпқа 3 мұғалім сабақ берсе, 1 мұғалім ауысу тәртібімен жұмыс істейді. 5-8-сыныптарға 22 мұғалім бекітілген. Конкурс нәтижесінде 23 педагог жұмысқа қабылданды, – дейді Мұратжан Құрманжанұлы. Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов тұрғындар атынан жүрекжарды лебізімен бөлісіп, Мемлекет, облыс басшылығына ризашылығын білдірді.  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар