ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ
Жер бетінде адамзат пайда болғалы ақиқат пен аңыз, шындық мен жалғандық тайталасып бірге өмір сүріп келеді. Сондықтан да дана халқымыз «Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен» деген. Алайда бүгінгі таңда жалған ақпарат жарға жығып, тіпті темір торға тоғытылуыңыз да әбден мүмкін. Сол себепті әр нәрсенің байыбына бармай жатып байбалам салу, нақты көзіңіз жетпеген ақпаратты таратудан абай болғаныңыз абзал.
Мемлекеттік грант саны шынымен азая ма?
Әлеуметтік желілерде гу-гу әңгіменің көрігі қызып тұрған сәтте, өтірікті шынмен шатастырып алмау үшін ресми сайттар мен газет-журналдарда жарияланған дүниелерге ғана назар аударғаныңыз абзал. Өйткені интернет-алаяқтар адамдарды шатастыру үшін кейде арнайы жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіреді. Сөзімізге мысал ретінде айтар болсақ, жақында әлеуметтік желіде «2037 жылдан бастап білім беру гранттары жойылады» деген ақпарат желдей ескен болатын. Грантқа байланысты ақпаратты естіген халық сан түрлі болжамдар мен пайымдар жасап дүрлікті.
Аталған мәселеге байланысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына сұхбат беріп, желіде тараған ақпаратты түбегейлі теріске шығарып, нүктесін қойған болатын. Сондай-ақ министр елді мұндай жалған ақпаратқа сенбеуге шақырып, алдағы жылдары гранттар саны кемімей, керісінше бірте-бірте көбейе беретінін айтты.
– Мысалы қарап тұрсаңыз 2017 жылы 38 мың грант бөлінсе, биыл 88 мыңға жетті. Демек 5 жылдың ішінде грант саны 50 мыңға өсіп отыр. Біз келешекте де осылайша жыл сайын гранттар санын 5-10 пайызға өсіріп отырамыз, – деп түсіндірді министр С.Нұрбек.
Демек алдағы уақытта да студенттердің алаңсыз оқып, білім алуына айрықша көңіл бөліне беретін болады.
Азық-түлікке байланысты алыпқашпа сөз көп
Ел ішінде кең таралып, халықтың санасын санға, ойын онға бөлетін жалған ақпараттың көбі азық-түлік өнімдеріне қатысты. Мәселен азық-түлікке байланысты халықтың санасында «қымбат өнім арзанына қарағанда сапалырақ» деген пікір қалыптасқан. Дегенмен арзан бағада саудаланып жатқан тауарлардың сапасы нашар немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен деп ойлау өте қате. Бір дүкенде келісі 800 теңге тұратын күріш келесі бір дүкенде 500 теңге болуы мүмкін. Сіз сатушыдан бағадағы айырмашылықты сұрасаңыз еш шімірікпестен: «Бағасының арзан болатын себебі – күріші сапасыз немесе тазартылмаған» деп сізді сендіруге тырысады. Әрі сіз де сатушының сөзіне сеніп, қымбат күрішті сатып аласыз. Алайда екеуінің бағасы екі түрлі болғанымен, сапасы бір болатынын ескеру қажет.
Жалпы тауардың қымбат немесе арзан болуы сапасына емес, өндіруші компанияның танымалдылығына байланысты. Мысалы сүт өнімдерін мысал ретінде келтірсек болады. Сүт алатын болсаңыз, сапалы сүттің құрамында ең кем дегенде 3,2 пайыз ақуыз болуы қажет. Егер көрсеткіштері бұдан төмен болса, сүт қанша қымбат тұрса да сапасыз дегенді білдіреді.
Сонымен қатар «био» және «эко» өнімдер туралы да халықтың санасында жаңсақ пікір қалыптасқан. Қазіргі уақытта өндірушілер өз өнімдерін «эко», «био» деп атап жатады. Сатып алушыларды «органикалық» сияқты көптеген сөздермен шатастырады. Сондықтан «Органикалық өнімдер дегеніміз не және олардың қандай пайдасы бар?» деген сұрақтар жұртшылықты мазалауы мүмкін.
Органикалық өнімдер химиялық өнеркәсіптің жетістіктерін пайдаланбай, минералды тыңайтқыштар, гербицидтер, пестицидтерді қолданбай өндірілетін өнімдер болып саналады. Органикалық заттар өндірісінде шикізаттан бастап дүкен сөрелеріне жеткізілетін оралған өнімге дейінгі бүкіл процесті бақыланады. Органикалық өнімдердің құрамында пайдалы және қоректік заттар бар және оны пайдалану тұтынушының денсаулығына оң әсер етеді. Жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, органикалық өнімдердің құрамында дәстүрлі өндіріс өндірген өнімдерге қарағанда 63 пайызға калий, 73 пайызға темір, 125 пайызға кальций және 60 пайызға мырыштың көбірек екені анықталған. Сонымен қатар органикалық өнімдерді пайдаланған кезде тұтынушы өнімде жасанды тағамдық қоспалардың, бояғыштардың, ГМО мен пестицидтердің және тағы да басқа қоспалардың жоқ екеніне сенімді болады.
Мұндай өнімдерге органикалық өнімдердің ұлттық сәйкестік белгісі қолданылады және «био», «эко», «органикалық» белгілері қолданылады. Органикалық өнімдерді сатып алу немесе алмау әркімнің өз таңдауы! Бірақ сатып алудан бұрын сөреде пайдалы өнім немесе қарапайым өнім екенін тексеру керек.
Одан бөлек жемістерді тоңазытқышқа салып қойса, сыртындағы микробтары жойылады деп ойлайтындар да аз емес. Көп тұтынушылардың ойынша мұздату кезінде жемістердің сыртындағы зиянды бактериялар жойылып кетеді. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Өйткені мұздатылған жемістер мен көкөністердің сыртындағы және ішіндегі бактериялар суықтан жойылып кете қоймайды. Тіпті кейбірі өршуі мүмкін. Сондықтан тазалап жуып, бұзылмаған жеміс-жидектерді алған дұрыс.
Өтірік ғылым
өрге бастырмайды
Қазір көп адамдар бөгде ғаламшарлықтар бар деп ойлайды немесе жұлдыз-жорамал сияқты дүниелерге сенеді. Яғни бұдан жалған ғылым деген ұғым пайда болады. Мысалы астрология, нумерология, парапсихология секілді тағы басқа бірқатар ағым-танымды осы қатарға жатқызуға болады.
Негізінен бұл ғылымдар ешқандай жерде мойындалмайды. Дегенмен көп адам соған сенеді. Өйткені олар шын мәнінде шынайы ғылымның кейбір терминдерін, теориясын, нәтижесін қолданып жатады. Бірақ олардың оны түсіндіруі басқаша болатындықтан, адамдар көбіне оны шын ғылыммен шатастырып алып жатады. Әрі бұл бағытта жұмыс істейтін адамдар көп жағдайда кездейсоқтыққа сенеді. Көбінде біздің бақсы-балгерлеріміз бұл жағын көп пайдаланады. Десек те олардың сөзінің ешбір ғылыми негізі жоқ екенін көзі ашық жандардың бәрі де біледі. Ал енді шынайы ғылыммен жағаласып, адамдардың сеніміне ие болып келе жатқан жалған ғылымдарға назар аударсақ, біріншісі – астрология. Бұл астрономия ғылымымен бірге келе жатқан ғылым болғандықтан, оны адамдар шатастыруы мүмкін. Алайда астрология дүниеге келген адамға аспандағы шоқжұлдыздардың қалай ықпал ететінін түсіндірумен айналысады. Анығында ғылымда қандай да бір көктегі шоқжұлдыздың жер бетіндегі адамдарға әсері ешбір шынайы ғылымда дәлелденбеген. Бір сөзбен айтқанда, мұны ғылым ретінде көрсеткісі келіп жүрген бақсы-балгер, құшынаштар ғана. Ондағы болжамдар ештеңені де өзгерте алмайды. Әрі дәл келуі кездейсоқтықта болмаса, шынайы өмірде кездеспейді. Сондықтан бұл жалған ғылым.
Екіншісі – нумерология. Бұл кез келген зат пен құбылысты санмен сипаттайтын ғылым. Ежелгі дәуір математиктері ойлап тапқан сала десек де болады. Өйткені олар қандай да бір сандарды қосып, азайтып, адамның туған жылының саны мен күнін қосып, оның қосындысынан белгілі бір санды азайтып немесе бөліп, содан шыққан санмен адамның тағдырын болжайды. Ал шынайы ғылымда ешқандай сан адамның тағдыры немесе өмірінің өлшемі бола алмайды. Бұл да жалған сенімнің бір түрі.
Дәл осындай жалған сеніммен адам санасын улайтын саланың бірі «хиромантия» деп аталады. Бұл адамның алақанындағы сызықтарға қарап, болашағын болжайтын саланың бірі. Алайда адамның ертең кім болатыны, қандай салада жұмыс істейтіні, алдағы тағдыр жолы қалай болатыны саусақтарының орналасуына немесе алақандағы сызығының көп-аздығына, қисық-түзулігіне еш қатысы жоқ.
Алайда хиромантия жолын ұстанушылар, соған сенушілер «бас бармақ пен одан тарайтын сызық –
өмір сызығы, ал сұқ саусақ жүрек сызығымен сай келеді, ортаңғы саусақ – тағдыр сызығы, одан кейінгісі –
бақыт сызығы. Некеге, ұрпаққа қатысты қосымша сызықтар да бар, ол арқылы некенің қаншалықты сәтті болатынын және балалар санын білуге болады» деп есептейді. Алайда осы күнге дейін бұл саланы арнайы шын ғылым ретінде ешбір қауымдастық немесе ұйым мойындамаған.
Шындыққа жанасымсыз әрекеттерімен танымал болған ғылымның бірі – френология. Бұл адамның есейгенін, өсіп-жетілуін, ақылды болмаса ақылсыз, ашушаң немесе сабырлы екенін адамның бас сүйегінің пішініне қарап болжам жасайтын сала. Алайда қазіргідей ғылым дамыған заманда мұның фэйк екендігі дәлелденді. Өйткені нейрофизиология адам психикасының ерекшелігі бас сүйектің пошымына байланысты емес екенін анықтады.
Жалпы кез келген жалған ақпарат адам психологиясын улап, санасына сіңу арқылы адамды өзіне сендіреді. Сондай жалған ғылымның бірі – парапсихология. Аталған ғылым бет пішінінде қандай да бір өзгешелігі бар адамдарды зерттейді. Яғни сондай адамдар арқылы қоғамға таралуды көздейді. Бұл меңі немесе тыртығы болған балалар мен қайтыс болған адамдардың меңі мен туабіткен кемістігін салыстырады. Сол арқылы болжам жасайды. Алайда мұның бәрін де шынайы ғылым жоққа шығарады. Бірақ осындай сандыраққа сенетін жастар да, тіпті танымал адамдар да аз емес. Өмірінде бір рет болса да осы секілді жалған ғылымдардың жетегінде жүріп көретін жандар көп. Қазіргі таңда заман дамып, елдің көзі ашылған сайын мұндай жалған сенімдердің де ар жағы ашылып келеді. Дегенмен мұндай сенімге сенетін адамдардың көптігі әлі де байқалады. Өйткені «TikTоk» желісі арқылы басына ақ шүберек ораған кейбір адамдар құмалақ шашып немесе алдындағы ақ қағазға адамның атын жазу арқылы тағдырын болжап беремін деп сендіріп жүргендер жетерлік. Мұның бәрі де негізінен адам психологиясының әлсіз тұсын пайдаланатын жалған түсінік пен өтірік сенімнен келіп шығады. Сондықтан ондай кезде өзіңізге ұстамды болып, эмоцияға ерік бермегеніңіз дұрыс шешім болмақ. Өйткені жалған ғылымға, өтірік ақпаратқа, фэйк мәлімдемелерге сену адамның өзін ғана емес, қасындағы адамдарға да зиянын тигізеді.
Әрі қазіргі заманда жалған ғылымға сену және оны жақтау қылмыс болып саналады. Сондай-ақ мұндай жағдайда өміріңізге де қауіп төнуі мүмкін. Өйткені біздің қоғамда вакцина туралы және адамдарды чиптеу туралы жалған ақпараттар мен даурықпа сөздер көп таралады. Мысалы пандемия кезінде: «Коронавирусқа қарсы вакцинада чип бар екен, оны салдырғандар сал болып қалады екен» деген сияқты жалған ақпараттың кесірінен қаншама жандар өз өмірін құрбандыққа қиды. Ал қазіргі таңда қызылша ауруының өршіп кетуін мамандар кезінде вакцина алмағанның кесірінен екенін айтады. Біздің мұндай қараңғылықта өмір сүруіміз болашағымызға балта шабумен бірдей екенін ұмытпағанымыз абзал.
Ол аздай, жақында ғана әлеуметтік желілерде «Жақын арада цифрлық көміртегі төлқұжаттары жаппай іске қосылады. Бұл адамдардың қозғалысын шектеп, оларды бақылауда ұстаудың бір тәсілі екен» деген мәтіндегі хабарламалар тарай бастады. Бұл да – фэйк.
Шын мәнінде бұл «Intrepid Travel» компаниясының «The Future Laboratory» болжам жасау агенттігімен бірлесіп дайындаған есебінде айтылған болатын.
Компания таратқан ақпаратқа сенсек, туристік компанияның пайымдауынша, болашақта саяхатшылар үшін көміртегі төлқұжаттары енгізілуі мүмкін екендігі айтылған. Онда көмірқышқыл газын шығарудың жылдық лимиті көрсетіледі. Яғни ауа тазалығына баса назар аударылады. Әрі көміртегі газын шекті мөлшерде пайдалану көзделеді. Ал оны компанияның тур жетекшісі Мэтт Берн жоба планетамызға көмектесудің жолы екенін айтты. Бұл өз кезегінде жаһандық жылынудың да алдын алмақ.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала