Салық саласында серпіліс бар
Еліміз егемендікке қол жеткізген жылдарда ең бірінші кезекте экономиканы көтеруге басымдық берілді. Соның ішінде салық жүйесін оңтайландыру бағытында байыпты бастамалар қолға алынып, қазынаны толықтыруға айрықша назар аударылды. Бұл мәселе қазір де өзекті. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жаңа салық реформасы жүзеге асуда. Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биылғы Жолдауында да салық жүйесіне қатысты бірнеше мәселеге тоқталды.
«Корпоративтік табыс салығынан және басқа төлем түрлерінен түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге беру оң нәтиже көрсетті.
Былтыр аймақтар табысының өсімі 30 пайыздан асты. Сондықтан реформаның келесі кезеңінде осы норманы өзге де салықтарға, оның ішінде қосымша құн салығына да қатысты қолдану қажет. Мұндағы міндет – бюджеттің екінші деңгейіне кем дегенде екі триллион теңге қосымша қаражат беру.
Кезең-кезеңімен жүргізілген фискалды орталықсыздандыру жұмысының нәтижесінде жергілікті бюджет кірісінің құрылымындағы республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттің үлесі орта есептен 25 пайызға дейін төмендеуге тиіс (қазір бұл көрсеткіш 50 пайызға жуық).
Сонымен қатар аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет, деді Президент Жолдауда. Мемлекет басшысы сонымен қатар жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керектігін айтты. Сондай-ақ Президент: «Тағы бір маңызды мәселе бар. Мен бұдан бұрын экономиканың түрлі секторындағы салық мөлшерлемесін саралау туралы айтқан едім. Бұл шара салық жүктемесін өндірістің күрделілігіне қарай бөлуді қамтамасыз етеді.
Кәсіпкерлер қосымша құн салығын қайтару рәсімінің күрделі екені жөнінде орынды мәселе көтеріп, шағымданып жүр. Бұл жайт еліміздегі инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді. Үкімет көптен бері түйіні тарқамай келе жатқан осы мәселені шұғыл шешуге тиіс. Сондай-ақ салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу қажет. Олар экономикалық ынталандыру шараларының нысаналы тәсілі болуы керек. Жиналмаған салық – салынбай қалған ауруханалар, мектептер мен жолдар деген сөз. Салық жеңілдігін сын көзбен зерделеп, оның көлемін кем дегенде 20 пайызға қысқарту қажет. Қалған жеңілдіктер жекелеген жобалар мен тұлғаларға байланбай, нақты ереже бойынша берілуі керек» деп атап көрсетті.
Жылдың басты құжатында бұдан өзге салықтық әкімшілендіру, саланы бақылау ісін толық цифрландыру, салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің санын кемінде 20 пайызға азайту, бөлшек салықты енгізу мәселелері қамтылды.
Расында да Президент ерекше тоқталған корпоративтік табыс салығынан және басқа төлем түрлерінен түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге берудің тиімділігі мол. Бұл шара салық жүктемесін өндірістің күрделілігіне қарай бөлуді қамтамасыз етеді. Сонымен бірге бюджет саясатының тиімділігін арттыру үшін әрдайым жаңа мүмкіндіктер мен тәсілдерді пайдалану қажет. Олар экономикалық ынталандыру шараларының нысаналы тәсілі болуы керек.
Осыған орай, биылғы 9 айда Қазақстан Республикасының барлық деңгейдегі мемлекеттік кірістер органдары салықтарды жинақтау жұмыстарын белсенді түрде атқарды. Бұл тұрғыда Жамбыл облысының кірісшілері де лайықты үлес қосқанын атап өтуге болады.
Есепті мерзімде жергілікті бюджет кірістері бойынша жоспардың орындалуы 118,4 пайызды құрады. Яғни, қазынаға нақты 106 342,4 миллион теңге түсіп, былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 16 522,2 миллион теңгеге артты.
Салықтардың көбейіп түсуіне қосымша резервтер іздестіру және оны тиімді пайдалануына күнделікті салықтық әкімшілендіру жұмыстары өзінің оң әсерін тигізіп отыр.
Осы орайда облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан қосымша резервтерді анықтау мақсатында 2023 жылға жоспар жасалып, бекітілген. Қосымша резервтердің іс-шаралар жоспары бойынша 2023 жылдың 9 айында 12 171,0 миллион теңге, оның ішінде жергілікті бюджетке 5 979,7 миллион теңге қамтамасыз етілді.
Камералдық бақылау аясында 5 987 хабарлама қойылып, оның 5 582-сі немесе 93,2 пайызы орындалды. Қалған 405 хабарлама бойынша жұмыс жүргізілуде.
Сонымен бірге, мемлекеттік кірістер органдарының маңызды мәселелерінің бірі – салық төлеушілердің берешек сомаларын азайту. Бұл бағытта да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша берешек сомасы 2870,4 миллион теңгені құрайды. Жыл басымен салыстырғанда берешек көлемі 233,6 миллион теңгеге немесе 7,5 пайызға азайтылды. Оның ішінде кәсіпкерлік субьектілерден 1585,6 миллион теңге берешектің өндірілуі қамтамасыз етілді.
Cонымен қатар мемлекеттік кірістер органдарына жергілікті бюджетті құрайтын салық төлемдерін жинақтау бойынша да нақты міндеттер жүктелген. Осы орайда жыл басынан бері жеке тұлғалардан жергілікті салықтардан қарызын (мүлік, көлік) мәжбүрлеп өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларына 576,4 миллион теңгеге 17 537 салықтық бұйрық жіберілді. Жеке сот орындаушылармен жүргізілген жұмыстың нәтижесінде бюджетке 13 439 жеке тұлғадан (өткен жылдардың берешегін қоса алғанда) 376,4 миллион теңге өндірілді.
Бекітілген іс-шаралар жоспары аясында полиция департаменті және жеке сот орындаушыларының қатысуымен жеке тұлғалардан көлік құралдары салығы бойынша берешекті өндіріп алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бірлесе өткізілген рейдтер нәтижесінде 1962 жеке тұлғадан бюджетке 53,1 миллион теңге өндірілді.
Баршаға белгілі, Қазақстан Республикасының салық органдарына 2015 жылдан бастап кеден қызметі де қосылған болатын. Осыған орай, облыстың мемлекеттік кірістер департаментіне сыртқы сауда айналымына бақылау жүргізу міндеттері де жүктелді. Жыл басынан бері облыс бойынша сыртқы сауда айналымы 1 380,9 миллион АҚШ долларын, жалпы салмағы 742 616 тоннаны құрады. Өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда биыл сыртқы сауда айналымы жалпы көлемінің 80,0 миллион АҚШ долларына өскендігі байқалады.
Ендігі кезекте экспорттық бақылау барысына тоқталсақ. Қазақстан Республикасы экономикасының қауіпсіздігін сақтау және сыртқы мемлекеттерден заңсыз тауар айналымын болдырмау мақсатында Қырғыз Республикасымен шекаралас аумақта Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің 6 өткізу пункті орналасқан. Атап айтқанда «Айша бибі», «Сыпатай батыр», «Қордай», «Қарасу», «Аухатты» және «Сартобе» өткізу пунктері екі арадағы алыс-беріс пен барыс-келісті қамтамасыз етіп тұр.
Есепті кезеңде 1494 тақырыптық тексеру жүргізіліп, 723 бұзушылық анықталды. Олар бойынша 55,0 миллион теңге сомасына айыппұл салынып, бюджетке өндірілді. Сыртқы экономика қатысушыларын әкімшілендіру жұмысы бойынша бюджетке 307,2 миллион теңге қосымша құн салығы құйылды.
Сонымен қатар басқарма қызметкерлері ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мамандарымен бірлесіп мұнай өнімдерін, басқа да тауарларды заңсыз әкетудің 273 фактісінің жолын кесті.
Бұл ретте, әрине, импорттан қосымша құн салығының түсімін ұлғайту үшін тауардың құнын түзету бойынша бақылаудың болмауы айтарлықтай кедергі келтіруде.
Департамент тарапынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 14 желтоқсандағы №882 қаулысына сәйкес, бағалардың ең төменгі деңгейі қолданылатын тауарлар тізбесін кеңейту бөлігінде ұсыныстар жіберілді. Біздің білуімізше, көршілес Қырғыз Республикасында тауарлардың ұқсас тізбесі өнімдердің көп позицияларын қамтиды.
Әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша жанар-жағармай материалдарына арналған уақытша сақтау орындарының болмауы да күрделі мәселеге айналып отыр. Тауардың бұл санаты сақтау талаптарына сәйкес келмейтін орындарда, мысалы автокөлік құралдары орналасқан бокстарда, сарайларда, уақытша сақтау қоймасында сақталады. Қазақ-қырғыз шекарасындағы автомобиль өткізу пунктері арқылы жанар-жағармайдың жасырын бензин бактарында Қырғыз Республикасының аумағына тасымалдау әрекеттері жүйелі түрде анықталып, жолы кесілуде.
Осыған байланысты, шекара маңындағы аудан әкімдіктері сот шешімі шығарылғанға дейін сақтау қауіпсіздігі талаптарына жауап беретін жанар-жағармай материалдарын уақытша сақтау орнын бөлуді қарастыруы қажет.
Мемлекеттік кірістер органдары қызметінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – салық төлеушілерді есепке алуды қамтамасыз ету. Биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша облыста 1 253 146 салық төлеуші тіркелген. Оның ішінде 16 524-і заңды тұлға болса, 106 558-і жеке кәсіпкер.
Жалпы, мекеме сапалы және тиімді негізде қызмет көрсетуді мақсат тұтады. 2023 жылдың 9 айында барлығы 658 792 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде 656 910 қызмет электронды түрде іске асса, қағаз жүзінде 1 648 қызмет қамтылды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы 234 қызмет ұсынылды.
Сонымен қатар, салық төлеушілерге мемлекеттік қызметтерді көрсетуді одан әрі жақсарту мақсатында биыл барлығы 175 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде облыстық бюджеттен 25 миллион теңге қаралды. Биылғы 6 айда 90 миллион теңгеге қажетті материалдық-техникалық база сатып алынды.
Міне, салық реформасын іске асыру барысында Жамбыл облысында осындай жұмыстар атқарылуда. Алдағы мақсаттардың да ауқымы үлкен. Бұл тұрғыда Президенттің тапсырмаларын негізге ала отырып, жарқын істерді белсенді түрде жалғастыра беретін боламыз.
Уәлихан Әлібеков,
облыс бойынша мемлекеттік
кірістер департаменті
басшысының орынбасары
Келесі мақала
Әл-ауқатты арттырудың бағыттары
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылында білімнің жаңа нұры жарқ етті!
- авторAR-AY
- 11 желтоқсан, 2024