Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Мейіріміңді биік қоям бәрінен!»

«Мейіріміңді биік қоям бәрінен!»
ашық дереккөз
«Мейіріміңді биік қоям бәрінен!»
Ақ періштедей болған аяулы анамды жиі ойлаймын. Жылдар жылжып, уақыт алға озған сайын асыл бейнеңді іздеп, мазасыз күй кешемін. Мендегі ұлы сағынышты тілмен жеткізу қиынның қиыны. Оны сезінген сайын ана алдындағы парызың мен қарызыңның парқын шындап түсінесің. Шыр етіп дүниеге келген күннен бастап ыстық ықыласы мен мейірбан жүрегін арнаған әлемдегі аса ардақты жанның аялы алақанын сағынасың. Перзенті үшін бәйек болып күн кешкен беймаза шақтарын, ақ сүтін беріп, ыстық құшағында аймалап аялаған сәттерін сағынышпен еске аласың. Бала жастан берген тәліміне, даналық ұлы қасиетіне басымды иіп, тағзым етемін. Анамның ақ жүрегімен жылындым, ыстық құшағынан қуат алдым, арманыма қанат қақтым, бақытыма талпындым. Осы талпыныс мені биіктерге жетеледі. Аялы алақанын ұстап перзенті марқайса, ұлының маңдайынан иіскеп, мауқын басқан қарт ананың жүзіндегі нұрлы шуақты көру қандай ғанибет. Баласын көргенде құрақ ұшатын менің анамдай аса қадірлі адам жер бетінде жоқ шығар. Қалбалақтап қарсы алып, жүрегінің төрінен орын беріп, немере-шөбересіне дейін бәрін құшағына сыйғызатын. Неткен кеңдік, неткен дарқандық, неткен теңдесі жоқ мейірімділік десеңізші! Жарықтық, қайран анам менің! Үйде ағарғаны бір үзілмеуші еді. Мен ес білгелі қорада мал ұстап, бие байлап, сиыр сауып, ағының молдығымен шаңырақтың берекесін келтіріп отыратын. «Ағы бар үйдің бағы бар» деп, сүт өнімдерін ерекше қастерлеп, оны кие тұтып, «Ағы жоқ үйден Құдай сақтасын» деп, ұрпағына сан мәрте қайталап айтудан жалықпайтын. Бұл сөз жадымызда сақталып қалғанын қалайша айтпасқа? Табалдырықтан аттап, малдас құрып отыра бергеннен-ақ, орнынан ұшып тұрып, үлкен кердең кесеге уыздай ұйып тұрған қою айранды құйып әкеп, алдыңа қойғанда қалайша риза болмассың? «Қартайса да ұрпағының қамын ойлап, несіне бәйек болып, қалбалақтай береді?» деп ойлайсың. Ана көңілі қашанда мазасыз, қашанда шыдамсыз. Перзентіне деген ұлы махаббат міне, осындай-ақ болар. «Мынауыңыз көп қой, тауыса алмаймын. Аздап құйсаңыз болмай ма, апа?», деймін өзімше бұртиып. «Тас үйде тұрасыңдар, қарақтарым. Бұл бір. Екіншіден көз майыңды тауысып, жұмыс істейсің. Газет, кітапты көп оқисың. Ағарған жақсы ғой. Пайдасы мол, бірден-бір ем ғой, қолдың айраны. Ішіп тауысып қой», дейтін менің тәбетіме тәбет қосып. Мұндайда қалай алмайсың? Мұздай, дәмі тіл үйіретін тұщы қою айранды сіміргенде жаның жай табатын. Көрген түстері жайлы айтар әңгімесі бөлек. Оны әдемілеп, тігісін жатқызып айтуға құмар еді. «Басқа балалар ренжи қоймас. Сен жайлы көбірек түс көремін. Түстерімнің бәрі жақсы. Ылғи ат үстінде жүресің, жолың жақсы болады, қарағым. Сенен үмітім көп, айтқаным болады. Құдай жолыңды оң қылады. Жақсылығың да, жетістігің де көп болады, балам» деп, маған күш-қуат беріп, демеп отыратын. Анам көрген түстерінің көбісін шынайы өмірде көріп, Құдайына тәубе айтып, шүкіршілік ететін. Мереке-мейрамда үлкен шаңырақта бас қосып, мәре-сәре болатын, шүйіркелесіп әңгіме-дүкен құратын кездер аз болған жоқ. Басқалардан кейіндеу келіп қалсам, «Сіздің жақсы көретін балаңыз келді. Жаныңыздан орын беріңіз, сақтағаныңызды алдына тосыңыз» деп, әзілдейтін өзге балаларға: «Бәріңді жақсы көремін, ешкімді бөлмеймін. Бәрің бірдейсің маған. Тас үйде тұратын балам ғой бұл. Қан-сөлін тас үй сорып алған. Сондықтан алдына тоссам тосамын. Бұның ағарғаны жоқ, сендерде бар. Ішетіні дүкеннің айраны, ол айран болып жарыта ма? Қолдың айранына жетері жоқ. Бәріңе жетеді, ішіңдер, қарақтарым» деп, бір тоқтайтын. Біз риза көңілмен анамызға асқан сүйіспеншілікпен қарап, аялы алақанынан дәм татуды үлкен мәртебе көріп отырушы едік. Анамыз Әсел Ысқаққызы Құдай қосқан қосағы, әкеміз Біләлбек екеуі ширек ғасыр бірге өмір сүрді. Сегіз перзентін дүниеге әкеліп, солардың қуаныш-қызығын көруді бір Алладан тілеп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей біздерді асырап, адам қылып, ел қатарына қосу үшін қаншама тер төкті десеңізші! Әкеміз елудің бел ортасында дүние салғанда анамыз қиындыққа қасқая қарсы тұрып, бар ауыртпалықты қара нардай көтеріп, нағыз ерлерше еңбек етті. Бақша өсіріп, айран-сүтін базарға саудалап, қабын арқалап, үйге азық-түлік тасыды. Шөмеле-шөмеле шөп тасып, мал бағып, сүтін сауды. Айран, ашымық, қымыз дайындап, күбі пісті. Арасында тамақ әзірлеп, бәріне үлгеріп, бала-шағасын асыраған менің шешемнің қайратындай қайрат ешкімде жоқ сияқты көрінетін. Білек пен жүрек қуатымен біздерді өсірді, жеткізді. Перзенттерінің қызығы мен рахатын көріп, өмірдегі барлық бейнетін артқа қалдырып, жаны шуақтанған шырайлы күндеріне жеткені үшін Құдайына мың да бір алғысын айтып отыратын. Анамыздың өскен ортасы мен шыққан тегі де айтуға тұрарлық. Діндарлығымен елге танылған текті әулеттің тәрбиесін көріп, көзі ашық, көкірегі ояу зерек қыз болып жетіліп өсті. Әкесі Ысқақ дін жолында аянбай қызмет еткен, Талас ауданындағы Үшарал мешітін ұстаған болмыс-бітімі бөлек, кесек тұлғалы кісі болған. Анамыз әкесінен ескіше сауат ашып, мектеп табалдырығын аттап, төрт кластық білім алып, оң мен солын таныды. Ата-анасынан жастай жетім қалып, заман ауыртпашылығы өздеріне түскенде оқудан қол үзеді. Кеңес өкіметі молда мен қожаға қырғидай тигенде әкесі Ысқақ пен оның інісі Нысанбай қария алты баланы ертіп, Ташкентке қоныс аударады. Әкесі сол жақта ауырып, көз жұмады. Нысанбай қария бұларды Әулиеатаға көшіріп алады. Нысанбай қария дүниеден қайтқаннан кейін бұлар панасыз қалып, нағыз жетімдікті бастан кешіреді. Алты баладан қалған төрт бала Нұрмағанбет, Мұхит, Гүлжәмила және анамыз Әселдің кейінгі өмірі туыстар отбасында және балалар үйінде өтеді. Мұхит ержеткенде соғысқа аттанып, қайтып оралмады. Қалған үшеуі ұрпақ өсіріп, балалы-шағалы болып, бейбіт өмірдің шуақты күндерін бастан өткереді. Дінге адалдықтың үлгісін бір кісі көрсетсе, оны менің анам көрсеткендей болып жанымды жадыратқаны анық. Ес білгелі Құдайын аузынан тастамай, бір Аллаға сыйынып, дін жолын хақ ұстаған қалпынан бір айныған емес. Дүние иманды адамдардың құдіретімен ұсталып тұратындығын жоққа шығара алмаймын. Дүние иманды адамдардың көптігімен сақталып, өмір жалғасын тауып келе жатқан сияқты. Алланың ақ адал жолымен жүрген адамның төңірегі де нұрлы болуы тиіс. Менің өмірімде анамыздың намазын бұзып, отыз күн оразасын ұстамай қалған кезі болған емес. Мұндай адамдардың ұзақ өмір сүруі де содан ба деп ойлаймын. Тоқсан жас ғұмыр кешуі де сол имандылықтың құдіреті шығар. Менде үлкен арман болғанын несіне жасырамын? Ержетіп, есейген шағымда бізді тәрбиелеп өсірген ардақты анамызды қасиетті Меккеге апарып, ана алдындағы қарызымды өтеуді армандадым. Ол арманым орындалмады. Апарамын деп жүргенде науқастанып, тоқсан жасында дүниеден қайтты. Пайғамбар жасынан асқанда Меккеге барып, қажылық парызын өтеу бақыты маған бұйырды. Құлшылық жасаған амалдардың бірінде анамды да ауызға алдым. Алладан анама дұға тіледім. Жаны Жәннатта болуын, алды пейіш, арты кеніш болуын тіледім. Жұмақтың төрінен орын тигізуді сұрап, Алладан медет тіледім. Анамыздың мейірімге толы жүзі көз алдымда. «Айналайын» деген жылы сөзін естіп, ыстық құшағына еніп, жан рахатына бөлену үшін жиі барып тұратын едік. Барған сайын сыйлығымызды тарту етеміз. Анамыз балаша қуанып, біздің арнаған сыйлығымызға мәз болатын еді. Маңдайымыздан сүйіп, ақ батасын беретін. Бізге одан асқан бақыт жоқтай болып көрінетін. Дастарқан басында ақ жаулықты анамыз әңгіме бастайды. «Мен сендерге аялдамамын, шырақтарым. Мен аялдама болған соң, келіп отырсыңдар. Мен бар кезде келіп тұрасыңдар, ол жағы анық. Мен жоқта келесіңдер ме, жоқ әлде, келмейсіңдер ме? Оны білмеймін, қарақтарым», деп отыратын ұрпағына өмірдің үлкен сауалын қойған ақылман анамыз. Менің анам неткен әулие кісі деп ойлап қоямын. Бұл күнде өзінің аялдамасында ақ жаулығын желбіретіп, бізді күтіп отыратын анамыз жоқ. Орны ойсырап қалған шаңыраққа оқта-текте бір барамыз. Жедел шайымызды ішіп, өз үйімізге асығамыз. Анамыз соңғы демі біткенше аузынан Алласын тастамаған кісі. Жүрегінің нұры сөнбеген қалпында біздерге күн болып шуағын шашты. Балаларына үнемі «Бес уақыт намаз оқыңдар. Ораза ұстап, Құдайға құлшылық қылып жүріңдер», деп тілегін айтып отыратын. Асыл дініміздің қасиеттерін бойына сіңіріп, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің /с.ғ.с/ хадистерін жүрегімен қабылдап, өзінің ортасында имандылықты дәріптеп, имани істерімен көрініп жүрген перзенттері мен немерелері бар. Мәуелі бәйтеректей жапырағын жайып, өсірген ұл-қыздарының қуаныш-қызығымен баянды ғұмыр кешті. 26 немере мен 14 шөбере көрген менің анам шын мәнінде бар қызығын, бар өмірін балаларының бақытына құрбан еткен батыр ана, қайсар ана, кемеліне келген кемеңгер ана, барлық мақтау мен марапатқа лайық ана! Тағдырдың талай сынағын бастан өткерген асыл анамыздың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Қайран, анам менің! Неткен көреген, неткен дана, неткен мейірімді едің! Мына дүниеден ренжімей риза көңілмен бақиға аттанып едің. Ұрпағыңа да ризалығыңды білдірген едің. Өмірдің қорытындысын әдемі аяқтаған едің, жан ана! Жүрегімнің төріндесің, анашым! Ана мейірімін талай мәрте көріп ем, Сізді ойлап өткен күнге шегінем. Қиындықты қанша жеңдім десем де, Сізге деген сағыныштан жеңілем. Перзент үшін теріңізді төгіп ең, Бұл өмірдің сынағын да көріп ең. Бар мехнатты мойымай-ақ көтердің, Сізді ойлап сағыныштан егілем. Ықыласыңды аямай-ақ беріп ең, Бір Аллаға жақын болдың, сеніп ең. Жүз жасыңа келіп тұрсың бүгінде, Жаратқанның нығметтерін көріп ең. Көрініңіз тек Жәннаттың төрінен, Өшпек емес асыл бейнең көңілден. Пейіште нұрың шалқи берсін, жан ана, Мейіріміңді биік қоям бәрінен! Мақұлбек Малдарбеков, ардагер-журналист
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар