Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сақтандыру компаниясы қайткен жағдайда өтемақы төлейді?

Сақтандыру компаниясы қайткен жағдайда өтемақы төлейді?
ашық дереккөз
Сақтандыру компаниясы қайткен жағдайда өтемақы төлейді?
Cақтандыру компаниясы төлейтін өтемақыға қалай қол жеткізуге болады? Оның да өзіндік талаптары бар. Сақтандыру керек жағдай туындай қалса да, тиісті өтемақы барлық кезде төлене бермейді. Сақтандыру полисі көп салада қолданылады. Көлік, үй секілді жылжитыны, жылжымайтыны бар мүліктерді, тіпті алған кредитіміз бен өзіміздің қара басымызды да сақтандырып жатамыз. Себебі өмірде тосын жағдайлар кездесуі мүмкін. Біз сондай жағдайдан өзіміз бен мүлкімізді қорғаймыз. Сақтандыру полисі сол үшін қажет. Бұл тәсіл күтпеген жағдай орын ала қалса, қаржылық тұрғыдан қорғайды. Бірақ, қолымызда қанша жерден сақтандыру полисі тұрса да тиісті өтемақыны сақтандыру компаниясынан өндіріп алу оңайға соға бермейді. «Fingramota.kz» порталы да бұл тұрғыда сақтанушыға арналған жадынама әзірлеген. Сақтанушының іс-қимыл алгоритмін құрған. Соған сүйене отырып, сақтандыру өтемақысын алу үшін нені білу керек, не істеу керек деген сауалдарға бірге жауап іздеп көрейік. Қандай да бір мүлікті немесе банктен алған қарызды сақтандыру үшін екіжақты шарт жасалады. Оған қатысатындар –сақтандырушы компания мен сақтанушы азамат. Сол құжат жүзіндегі шарт күтпеген тосын жағдайларда сақтанушыға белгілі бір мөлшерде төлем жүргізуді көздейді. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде де бұл жайында арнайы анықтама берілген. Бұл ретте сақтандырылатын жағдай мен сақтандыру тәуекелін ажырата білу керек екен. Яғни, сақтандыру полисі – түрлі тәуекелдерден қорғау үшін рәсімделеді. Ал өтемақының өзі сақтандыру жағдайы басталған кезде төленеді. Сақтандыру жағдайы қай кезде басталады және оның талаптары қандай? Мәселен, белгілі бір оқиғаға байланысты сақтандыру полисі жұмыс істеуі үшін ол бірнеше өлшемшартқа сәйкес келуі керек. Оқиғаның өзі кездейсоқ әрі тосыннан болғанына мән беріледі. Мүлікке немесе сақтанушыға зиян келген болса, бүлінген дүниенің бәрі бір уақытта, бір оқиға кезінде болды ма, соған назар аударылады. Мысалы, жол-көлік оқиғасы болды делік. Соның салдарынан автокөліктің бамперіне зақым келді. Ал, оның алдында айна сынған. Сақтандыру компаниясы сізге бампердің өтемақысын ғана төлейді, ал айна үшін жауап бермейді. Себебі сақтандыру компаниясы өз ережесіне сай, болған жайды ақшалай бағалайды. Сол арқылы сақтандыру сомасын есептеп шығарады. Сақтандыру полисіне жүгінетін жағдай туындаса, сақтандыру компаниясына сол бойда хабар берген дұрыс. Бұл өте маңызды қадам. Компаниямен арада жасасқан шартта сақтанушының оқиға туралы хабар беру мерзімі де көрсетіледі. Сол аралықты жіберіп алсаңыз, өтемақыдан құр қалуыңыз мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, сақтандыруға жатпайтын оқиғалар да бар. Оны да біліп жүрген маңызды. Себебі Қазақстан заңнамасының өзі ол жағдайларды сақтандыруға тыйым салады. Мысалы, азамат құмар ойындардан ұтылуы мүмкін. Ондай тәуекелдерге сақтандыру компаниясы тартыла алмайды. Сосын, «жәбірленушінің» теріс пиғылынан қасақана немесе абайсызда пайда болған зиян болуы ықтимал. Азаматтық кодекстің 935-бабы сондай жағдайларда да сақтандырушыны өтемақы төлеуден босатады. Сондықтан, сақтандыру шартын мұқият оқып шыққан дұрыс. Э.Тлеубердіқызы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар