Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Цифрлық теңге» қолданысқа енеді

«Цифрлық теңге» қолданысқа енеді
ашық дереккөз
«Цифрлық теңге» қолданысқа енеді
Қазақстанда цифрлық теңге қолданысқа енетін уақыт жақын. Ол қандай жаңалықпен, қандай мүмкіндіктерімен келмек? Осы күнге дейін «Цифрлық теңге» жобасы аясында зерттеу жүргізіп келген Ұлттық Банк өкілдері биыл байыпты бастаманың алғашқы кезеңін сынақтан өткізгелі отыр. Жобаны іске асыратын жол картасы дайын. Ол 2025 жылдың соңына дейін есептелген. Яғни, сол аралықта цифрлық теңгенің жұмысы 3 кезең бойынша сынақтан өтеді. Бәрімізді мазалайтын басты сұрақ – «Цифрлық теңге» деген не? Валютаның немесе криптовалютаның бір түрі ме, әлде төлем жүргізуге арналған жай ғана қосымша ма? «Цифрлық теңге» жобасының жетекшісі Айнұр Кенжаеваның айтуынша, бұл – смартфонға арналған қосымша емес және валюта түріне де жатпайды. Криптовалютамен де шатастырмау керек. Цифрлық теңгені төлем құралы деп қабылдаған дұрыс. Оны қолдану үшін қазақстандықтар бөлек қосымша орнатып, әуре-сарсаңға түспейді. Цифрлық теңгенің шоты сіз қолданатын екінші деңгейлі банктің мобильдік қосымшасында ашылады. «Яғни, цифрлық теңгені жасап шығарушы – Ұлттық Банк те, оны әрі қарай азаматтарға тарататын, өз қосымшасында арнайы әмиян ашатын екінші деңгейлі банк» дейді жоба жетекшісі. Осы орайда Айнұр Кенжаева: «Біз «Цифрлық теңгені» екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) мобильдік қосымшалары арқылы ашамыз деп қарастырамыз. Сол жерде «Цифрлық әмиянды ашу» деген батырма болады. Соны басқанда цифрлық теңгеге арналған шотты көреміз. Болмаса цифрлық теңгенің карточкасын да ашуға болады. Яғни, онлайн да, карточкамен де төлем жасай береміз» деген ойын жеткізді. Біз бұдан не ұқтық? Цифрлық теңгенің мүмкіндіктерін онлайн да, карточка арқылы да пайдалануға болады екен. Біз күнделікті қолданатын банк қосымшасындағы ақшалар мен «Цифрлық теңге» әмиянындағы ақшалар бір-бірімен өзара конвертация жасала береді. Ол үшін ешқандай пайыз ұсталмайды. – 2025 жылдан бастап барлық азаматтарға цифрлық теңге қолжетімді болады деп жоспарлап отырмыз. Кредит алуда немесе депозитке ақша салуда цифрлық теңге қолданылмайды. Себебі цифрлық теңгеде пайыз есептелмейді. Бұл макроэкономикалық тәуекелдерге байланысты қабылданған шешім. Цифрлық теңге – ол заңды төлем құралы. Оны барлық азаматтар қандай да бір шектеусіз қолдана алады. Яғни, біз қолданып жүрген смартфон арқылы сондағы мобильдік қосымшалармен, карточкалармен төлемдер жүргізе береміз, – дейді жоба жетекшісі. Бұл жобада да «токен» деген термин бар. Оған әлемдік деңгейде әртүрлі сипаттама берілген. Көп жерде цифрлық ақшаның виртуалды белгісі деп түсіндіріледі. Біздің жағдайда токеннің миссиясы мүлдем басқа. Ол – жүйеде кім қанша ақшаны қолдана алатынын көрсететін реестрдегі ақпарат. Бүкіл Қазақстан күтіп отырған цифрлық теңгенің бір маңызды ерекшелігі бар. Ол – интернетсіз де төлем жасауға болатын мүмкіндігі. Бірақ, цифрлық теңгенің өзі екінші деңгейлі банктердің қосымшасында орналасатын болса, олар интернетсіз ашылмайтынын білеміз. Сонда қалай жұмыс істемек? Жобаны жасаушылар сол үшін екі түрлі цифрлық әмиян қарастырып жатыр. Біреуі интернетпен жұмыс істейді. Қазіргі күнделікті цифрлы әмияндар секілді. Ол кезде токендер банк жағында сақталады. Екінші түріне «салқын әмиян» атауы берілген. Интернет жоқ кезде токендер банк жағында емес, пайдаланушының құрылғысында сақталуы керек. Сол үшін 2025 жылға дейін еліміздегі екінші деңгейлі банктер осы бағытта да еңбектеніп, өз қосымшаларын соған сай жетілдіруі керек. Ұлттық Банк өкілдері трансшекаралық төлемдерге қатысты да механизмдерді зерттеп жатыр. Себебі, шетелде төлемдер қалай орындалатыны ол тек Қазақстанға ғана байланысты емес. Өйткені шетелде орталық банктер ұстанатын өзінің дербес саясаты болады. Пайыз мәселесі бар дегендей. Әзірге «Цифрлық теңге» – пилоттық жоба. Қажеттілік туындаған жағдайда әлі де өзгерістер енгізіліп, жетілдіріле бермек. Тоқтар БІРЖАН, журналист
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар