Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Қазатомөнеркәсіп» акциялары неге арзандады?

«Қазатомөнеркәсіп» акциялары неге арзандады?
ашық дереккөз
«Қазатомөнеркәсіп» акциялары неге арзандады?
KASE мен Лондон қор биржасындағы таяудағы сауда-саттықта «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлік қоғамының акциялары біршама арзандады. Осы орайда Freedom Broker сарапшылары ұлттық атом компаниясы бағалы қағаздарына не әсер еткенін айтып өтті. Сарапшылар компанияның жақында жарияланған өнеркәсіптік есебі аса жаман емес деген пікірде. Бұл есепте компания өндірісі 1 пайызға қысқарғанын хабарлағанымен, алдағы уақытқа арналған өндірістік болжамы жақсы. «Қытай компаниясымен жасалған келісімге келер болсақ, бұл жаңалықтың әсері қатты сезілмеді. Бұл ұзақ мерзімді келісім үлкен көлемдегі шикізат сатуға бағытталған. LSE-де GDR бағасы 0,5 пайыз жоғалтты. Бұл ретте URA және URNM уран ETF-тері де 2,7 пайыз және 4,2 пайызға төмендеді. Дегенмен техникалық тұрғыдан алғанда, «Қазатомөнеркәсіптің» де, ETF-тердің де жағдайы бір», дейді мамандар. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық акционерлік қоғамы акцияларының 75 пайызы «Самұрық-Қазынаға» тиесілі, қалған бағалы қағаздары еркін айналымда. Мысалы, KASE-де 0,67 пайызы және Лондон қор биржасында (LSE) 24,33 пайызы депозитарлық қолхаттар арқылы айналымда жүр. Жалпы, «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамының акциялары жыл басынан бері өсім көрсетіп, KASE индексін алға сүйреген еді. Қазақстан қор биржасының есебінде KASE индексі осы жылдың шілдесінде былтырғы құлдырауын толық жеңіп, кейіннен ұзақ мерзімді өсуді жалғастырғаны жазылған. Жыл басынан бері KASE индексі 26,2 пайызға немесе 852,19 пунктен 4 103,83 пункке дейін өсті. Осы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша KASE индексі 13,8 пайызға немесе 499,08 пунктке артты. Қазақстан қор биржасы осы өсімнің негізгі тегершігі ретінде «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамын атайды. Мәліметте: «Өсімнің негізгі драйвері «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның 51,5 пайыз бағасына қосқан жай акциялары болды. Компанияның негізгі шикізаты – уранның бағасы жыл басынан бері 43,4 пайызға өсіп, атом энергетикасына әлемдегі қызығушылықтың жандануы және Канада мен Нигер Республикасы тарапынан уран ұсынысының төмендеуі аясында бір фунт үшін 48,8 доллардан 70 долларға дейін өсті», делінген. Сонымен қатар компания 2023 жылдың ІІІ тоқсанындағы қорытынды есебінде тұтынушылардың қолданыстағы келісімшарттар бойынша жылдық жеткізу көлемін ұлғайту туралы қосымша өтініштеріне байланысты, сондай-ақ 2023 жылғы жеткізумен жаңа ұзақ мерзімді шарттарға байланысты сату көлемі ұлғаяды деп болжайды. Тиісінше, сату көлемі мен кіріс бойынша күтулер жоғары көрсеткіштерге негізделіп, қайта қаралмақ. Жақында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлік қоғамы Францияның ірі уран өндіруші компаниясы «Framatome» компаниясымен де келісімге келген. Сонымен қатар компания француздың «Orano» компаниясынан уран байыту технологиясын алуды жоспарлап отыр. Үмітжан БАКЕЛЕКОВА, журналист
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар