Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ИГЕРІЛМЕГЕН ЖЕР – ЕЛДІҢ ИГІЛІГІНЕ

ИГЕРІЛМЕГЕН ЖЕР – ЕЛДІҢ ИГІЛІГІНЕ
ашық дереккөз
ИГЕРІЛМЕГЕН ЖЕР – ЕЛДІҢ ИГІЛІГІНЕ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылдардағы Жолдауларында ерекше назар аударатын өзекті мәселенің бірі – иесіз және пайдаланылмай жатқан жайылым мен шабындықты мемлекет меншігіне қайтару. Президенттің тапсырмасына сәйкес, «Жер аманаты» комиссиясының құрылуы жерге байланысты қордаланған мәселелерді оңынан шешуге айтарлықтай ықпал етуде. «Жер аманаты» республикалық комиссиясы құрылған кезде бастапқы мақсат заңсыз берілген 3 миллион гектар жерді мемлекет иелігіне қайтару болатын. Бүгінге дейін Жер ресурстарын басқару комитеті, Бас прокуратура, жер инспекциялары, Парламент депутаттары, «AMANAT» партиясының бірлесе атқарған жұмысының нәтижесінде мемлекетке қайтарылған жер көлемі 8 миллион гектарға жетті. Облысымызда да пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Карентаевтың айтуынша, жалпы өңірдің жер қоры 14,4 миллион гектарды құрайды (республика аумағының 5,3 пайызы). Талдай айтсақ, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер – 4,6 миллион гектарды, елді мекендердің жерлері – 845,2 мың, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс мақсатындағы жерлер – 174,8 мың, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері – 11,6 мың, орман қорының жерлері – 4,4 миллион, су қорының жерлері – 356 мың, босалқы жерлер 1,4 миллион гектарды құрайды. – Облыс аграрлық-индустриялық аймақ саналады. Қолда бар жер қорының 72 пайызы егін және малшаруашылығын дамытуға қолайлы. Яғни аграрлық саланы дамыту мүмкіндіктері жоғары. Өткен жылы 14 конкурс өткізіліп, 47 мың гектар ауылшаруашылық жері рәсімделсе, есепті мерзімге 13 конкурс өткізіліп, 45,1 мың гектар жер рәсімделді. Жер заңнамасымен мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын сату жөніндегі сауда-саттық аукциондары мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында электрондық түрде ұйымдастырылып, өткізілуде. Өткен жылы 44 аукцион ұйымдастырылып, 34 жер учаскесі 112 миллион теңгеге сатылды. Есепті мерзімде 29 аукцион өтіп, 60 жер учаскесі 163,1 миллион теңгеге сатылды. Облыс тұрғындарының жерге кезектілігі электрондық жүйеге көшіріліп, сайт арқылы қолжетімділік қамтамасыз етілді. Сайтқа кез келген азамат өзінің жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы кіре алады. Қазіргі кезде кезектіліктің электрондық жүйесі жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алушылардың бірыңғай республикалық реестріне 205 мың азаматтың кезектілігі және 36 мың азаматтың жер учаскесін алғаны туралы тізім енгізілді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауылшаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауы тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторийдің де күші жойылды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын» деген болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес, былтыр облыс бойынша мемлекет меншігіне қайтаратын ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 200 мың гектар болып белгіленіп, 203 мың гектар қайтарылды. Биылға жоспар 200 мың гектар болып белгіленіп, 10 айдың қорытындысымен 137,5 мың гектар жер қайтарылып, жыл қорытындысымен толық орындау жоспарлануда, – деген басқарма басшысы жайылымдарды пайдалануды реттеу мақсатында прокуратура органдарымен бірлесіп зерделеу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Нәтижесінде облыс тұрғындарының меншігінде тіркелген мал басынан бордақылау алаңдарында бағылып отырған мал санын шегеріп тастағанда облыс бойынша 683,6 мың гектар жайылым жер жетіспейтіні анықталған. Осы бағытта нәтижелі жұмыстар атқарылып, қажеттілік 164 мың гектарға төмендеген. Жетіспеушілікті жүйелі түрде шешу мақсатында 5 бағыт айқындалған. – Бірінші бағыт – босалқы жер қорындағы жайылым жерлерді елді мекендерге қосу. 2021 жылы елді мекен жайылымы 363 мың гектар болса, қазіргі таңда 741 мың гектарға ұлғайды. Яғни 378 мың гектар елді мекен жайылымына бекітіліп берілді. Екінші бағыт аясында елді мекендерге жақын орналасқан 50,1 мың гектар жайылым жер елді мекендерге қайтарылды. Үшінші бағыт – мал басы көп тұрғындардың малдарын орман қоры жеріне шығару ұйымдастырылуда. Орман қорындағы 1,1 миллион гектар жайылымға 247 мың мал басы шығарылды. Төртінші бағыт бойынша жер пайдала­нушылармен кедергісіз мал жаюға меморандум жасау жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте 2095 шаруа қожалықпен меморандум жасалды. Бесінші бағыт шеңберінде 2021 жылы 106,3 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер қайтарылса, 2022 жылы 201 мың гектар, осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 137,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, – деген Ермек Амангелдіұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында құрылған ауылшаруашылығы кооперативтері жер ресурстарымен қамтамасыз етіліп жатқанын атап өтті. Құрылған 55 кооперативке 11 мың гектардан астам жер табысталған. Жалпы жер қатынастары саласында кейінгі жылдарда үлкен өзгерістер орын алуда. Дегенмен сала ардагерлерінің айтуынша, әлі де мән беретін мәселелер аз емес көрінеді. – Жер қатынастары саласындағы көптеген мәселені түбегейлі шешу үшін әкімдіктерге, Ауылшаруашылығы министрлігіне емес, Президентке тікелей бағынатын дербес мемле­кеттік орган – Жер ресурстарын басқару агенттігін қайтадан құру ұсынылады. Мұндай орган кезінде біраз жыл жұмыс істеген. Мемлекеттік жер кадастрын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі құрамынан шығарып, барлық функцияларымен жаңа Агенттікке беру қордаланған мәселелерді шешуге жол ашады. Жалпы бір министрлікте көптеген саланы топтастыру жақсы нәтиже бермейтіні бұрыннан белгілі. Пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Дегенмен сол жер учаскелерінің қайтадан кімге, қалай және қандай негізде беріліп жатқаны көп­теген сұрақ туғызады. Заңда ауылшаруашылығы мақса­тындағы жер учаскелері тек жалға конкурс арқылы беріледі деп көрсетілген. Жер кодексінің 43-1-бабында аталған жерлердің беру шарттары белгіленген. Алайда заңнамада және оны жүзеге асыратын қағидасында (ережеде) кейбір кемшіліктер орын алған. Жер учаскесінің құнарлылық жағдайы ескерілмейді. Тек инвестиция көлемі есепке алынады, оның қанша салынғанын кейін тексеріп жатқан жағдайлар аз. Бұрынғыдай тиянақты жоспарланған жерге орналастыру жобасынсыз, жердің табиғи жағдайын, агротех­ни­калық мүмкіндігін, құнарлылығын жан-жақты ескермей (көп аймақта топырақтың құнарлылы­ғының картасы болатынын ұмытқан), жыл сайын орташа алғанда 3 миллионнан астам гектар жер учаскелері шаруаларға конкурс арқылы беріліп жатқаны жөнінде ақпарат құралдары бетінен оқып жүрміз. Әрине, бәрі мақсатты түрде пайдаланылып, өнім алынып, ол жерден жемшөп дайындалып жатса ешкімнің сөзі жоқ. Өкінішке қарай, жоғарыда аталған жағдайда берілген көптеген жер учаскесінің шаруаларға пайдасы аз, өнімділігі төмен. Қайтадан берілген көп жерлердің пайдаланылмай жатқаны да жасырын емес, – дейді Қазақстан Республикасының Құрметті жерге орналастырушысы, жер саласының ардагері Тұрғанбай Тәжмағамбет. Әрине әлі де күрмеулі мәселелер жоқ емес. Дегенмен ең бастысы сең қозғалып, жоспарлы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Нәтиже де көңіл көншітеді. Сондықтан мамандар айтып, көтеріп жатқан мәселелерді Үкімет пен Ауылшаруашылығы министрлігі ескеріп, көпшілік күткендей оң нәтижелер шығарады деген сенімдеміз. Талғат Нұрханов    
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар