Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ӨСКЕН ЖЕРГЕ СЫЙМАЙ КЕТІП БАРАДЫ...

ӨСКЕН ЖЕРГЕ СЫЙМАЙ КЕТІП БАРАДЫ...
ашық дереккөз
ӨСКЕН ЖЕРГЕ СЫЙМАЙ КЕТІП БАРАДЫ...
Кейінгі аптада әлеуметтік желілерде еліміздің аумағында киіктердің бей-берекет атылып жатқаны туралы алыпқашпа әңгімелер үдеп кетті. Жарияланымдардың бірінде киіктердің ішек-қарыны, басқа да қалдықтары қалай болса солай шашылып жатқаны көрсетілсе, тағы бір видеода 40-50 киікті көлікке тиеп алған азаматтарды полицияның тоқтатқаны байқалады. Әрине, киік санын азайту шаруалар мүддесін көздеген мәжбүрлі шара екенін көпшілік түсініп отыр. Алайда көлденең әңгіме көбеймес үшін жабайы жануарды аулау үдерісі ашық жүргізілуі қажет. Ақпарат ашық болуы тиіс Бүгінге дейін қанша киік ауланды? Оның еті кәдеге қалай жаратылады? Мүйізі қайда өткізіліп жатыр? Одан қанша қаражат түседі? Киіктің браконьер олжасына айналмайтынына қандай кепілдік бар? Өкінішке қарай, бұл сұрақтарға Экология және табиғи ресурстар, Ауылшаруашылығы министрліктері, құқық қорғау органдары тарапынан мардымды ақпарат болмай тұр. Киік мемлекеттің байлығы саналатындықтан, бұл мәселеге қатысты іс-шаралар айқын да ашық жүргізілуге тиіс. Сонда көпшіліктің көңілінде де күмән болмас еді. Яғни Үкімет киікті аулаудан бастап, іске жаратуға дейінгі тетікті халыққа көрсетіп, бұл істің осы талапқа сай жүргізілуін қатаң сақтауға тиіс. Тұран топырағы тұқымы тұздай құрып бара жатқан талай жануардың пана тұтар тұрағы, қолайлы қонысы, өрісі болып келді. Жолақ жон жолбарыс, тау еркесі қар барысы, кер даланың керқұланы, Алатаудың алып қоңыр аюы, Үстірттің қарақалы мен қарақұйрығы, Түркістан сілеусіні, Торғайдың құланы мен бұланы, қазақ тауларының арқар-құлжасы бүгінде Ұлы дала төсінде ғана ұшырасады. Айта берсек, бұдан өзге де аң-құстың түрі мен түршесі көп. Алайда олар да қазір жұртын сипатып кетудің аз-ақ алдында тұр. Осынау аң-құстың там-тұм бөлігі осы күнге аман жетуінің өзі халқымыздың Табиғат-Анаға деген болмысындағы экомәдениеттің көрінісі еді. Көшпелілердің жазылмаған заңында «Ысқырып атқан киіктің обалы жоқ» деген сөз бар. Аң мен құс адам игілігі үшін дегенімізбен, бабаларымыз аңның да құтылып кетуіне бір мүмкіндік қалдырыпты. Басқасын айтпағанда, біз сөз етіп отырған, бүгінде басына нәубет төніп тұрған киік туралы халқымыздың түсінігі қандай еді? Әлқисса, әңгіменің төтесіне көшсек, киіктерге төнген қатер 2019 жылдардан басталды. Әуелі Экология және табиғи ресурстар министрі болған Серікқали Брекешев еліміздегі киіктерді ақылы түрде атуға рұқсат беру мәселесін көтерді. Алайда эколог мамандар «дала санитары» қасқырды көбейтіп, табиғи реттеуді ұсынған еді. Экс-министр «қасқыр ауру жануарларды жеп, популяция құрамын жақсартып, киік санын керісінше көбейтіп жібереді» деп ашық қарсылық білдірді. Оның көкейін тескен дүние не екенін түсінбеген эколог мамандар бұдан кейін ләм демеді. Сөйтіп былтыр С.Брекешев «80 мың киікті жою керек» деген ұсыныс айтып, бұл қоғамның ашуын туғызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киіктер тағдыры төңірегінде түсініксіз әуре-сарсаң туғызғаны үшін министрге сөгіс жариялап, бұл мәселені эколог мамандармен ақылдасып, басқаша шешуді тапсырған еді. Алайда былтыр 80 мың киікті жоюға рұқсат етілмегенімен, биыл одан асып түсті. 300 мың киік «ату жазасына» кесілді. Айыбы – шаруалардың егінін таптағаны. Бұған қатысты шаруалардың шығынын есептейтін жергілікті жерлерде арнайы комиссиялар құрылды. Олардың есептеуінше, қазірге дейінгі шаруалардың шығыны 12 миллиард теңге болған. «Министрлік негізгі мәселелерді шешпей тұрып, киік атуды бастап кетті. Нәтижесі қалай болатыны әлі белгісіз. Себебі бұл жөнінде ақпарат өте аз. Сол себепті әртүрлі жалған ақпарат тарап жатыр. Әсіресе әлеуметтік желілерде қырылған, әр жерде өліп жатқан киіктердің фотолары, видеолары көбейді. Тіпті «киік еті жол бойындағы кафелерде 300 теңгеден сатылып жатыр» деген де сөздер шықты. Сондықтан алдымен ақпарат беру ісін ақсатпау қажет. Тағы бір мәселе – киіктердің ауылшаруашылығына келтірген зияны. Оны 12 миллиард теңге деп айтып жүр. Меніңше, бұл – дәлелденбеген дерек. Мысалы, шаруалардан «Киіктер нақты қанша егініңізді жеді, қанша жеріңізді таптады?» деп сұрасаңыз, нақты айта алмайды. Бұл жерде нақтыланбаған қаражатқа сүйенбей, шаруашылыққа келтірілген шығын нақты көрсетілуі керек. Сондай-ақ киіктер шаруалардың жайылымын, жерін таптаса, бұл олардың кінәсі емес. Себебі кейінгі жылдары киіктердің көші-қон жолдары жабыла бастады. Өрісі де тарылып кетті. Осы уақытқа дейін киіктер еркін көшіп-қонып, төлдеп жүрген өрісі оңды-солды пайдалануға берілді», дейді табиғат жанашыры Сәкен Ділдахмет. Заңдағы «Аңшылық шаруашылығы – аңшылық алқаптарда жануарлар дүниесi объектiлерiн орнықты пайдалану, жануарлар дүниесiнiң мекендеу ортасын сақтау, оларды қорғау және өсiмiн молайту» қағидаты бұзылып, бүгінде киік популяциясының жолдары жабылып, өрісі тарылғаны бұл жағдайға үлкен себеп болып отырғанын айтады мамандар. «Елімізде көптеген жер жыртылып, егін егіле бастады. Су шаруашылығы дамыды. Салдарынан бұрын тек киіктер тіршілік еткен орындарда фермерлік учаскелер пайда болды. Киіктің қорегі болған жайылымдарда мал жайылады. Киіктер су ішетін су қоймалары жеке қолдарға көшті, жаңа қожайындар оны қоршап, киіктердің суарылуына мүмкіндік қалдырмады. Ақбөкендердің миграциялық дәліздерін автомобиль және теміржолдар кесіп, бөгеп тастады. Оларды тұрғызу кезінде мемлекет жабайы аңдарға арналған өтпелер жабдықтауды қарастырмаған. Сонымен бірге жылда атуды ұйымдастыру салдарынан қасқырлар саны жаппай кеміді. Сөйтіп «киік-қасқыр» тандемі бұзылды», дейді Зоология институтына қарасты биоценология және аңтану зертханасының ғалымы Константин Плахов. Киіктің кегі Бұл ретте Алаш көсемі, орман шаруашылығының білгірі Әлихан Бөкейханның табиғат тепе-теңдігін сақтау, яғни Қытайдағы торғайлардың қырылуына қатысты жазғаны еріксіз еске түсіп отыр. Мәселенің бұл қырын да ескерусіз қалдыруға болмайды. Мәселен, тарихта 1957 жылы 18 ақпанда Қытай елінің басшысы Мао Цзэдун КСРО-ны даму жағынан басып озу үшін «Үлкен секіріс» деген бағдарламасын жариялады. Бұл үшін егіннің басты жауы «жемқор торғайларды» жою керек деген ұсыныс билік тарапынан қызу қолдау тауып, 1958 жылы бүкіл қытайдың тайлы-тұяғы қалмай «Ұлы Мао жасасын!», деп құс біткенге ұлы геноцид жасады. Бейжің мен Шанхай қаласында науқанның алғашқы үш күнінде-ақ 1 миллион торғай өлтірілсе, бір жыл ішінде 2 миллиард торғай, сарышымшық, тағы басқа құстар қырылыпты. Осыдан кейін 1958-1959 жылдары астық мол жиналғанымен, халық шегірткенің күрт көбейгенін көріп, өздеріне үлкен апат келе жатқанын кеш түсінеді. Шегіртке мен құжынаған құрт-құмырсқа қытай жерін тып-типылын шығарып, салдарынан 1960 жылы аштықтан миллиондаған халық қырылды. Ақырында қытайлар қол қусырып, Хрущевтен құс сұрады. Мұны тіпті жануарлардың киесі деп есептемеген күннің өзінде бұл табиғаттың тепе-теңдігін бұзу екенін жазды ғалымдар. Ал қытайлар мұны «табиғаттың кек алуы» дейді. Өйткені олар құстарды қырды, артынан өздері аштықтан қырылды. Сондықтан 300 мың киіктің де обалы қазақ халқын ойландырса керек еді... Бұл тіпті климаттық катаклизмдерді жеделдететін жағдай емес пе деген де ой туады. Өйткені киік зерттеуші Константин Плахов ақбөкендердің де табиғат тепе-теңдігін сақтауға үлесі бар екенін айтады. «Киіктер – өзге тірі дүниелер секілді биогендік айналымның негізгі құраушысы. Яғни киіктер әлденені жейді және оларды да басқалар қорек қылады. Әрине, қазір киік етін жейтіндер аз. Бірақ браконьерлер көп. Мүйізі алынған киіктің өлексесі топыраққа айналады. Биогендік айналым деген – осы. Бір-бірін толықтырып тұрады. Екіншіден, киіктер жөңкіліп жүріп жолында шегірткенің топырақтағы тұқымын тұяғымен мыжу арқылы табиғи тепе-теңдікті қалыптастырады. Мұны олардың табиғатқа деген «қосымша пайдасы» деген дұрыс», дейді Константин Николаевич. Қазақта «түлкінің өз терісі өзіне жау» деген сөз бар еді. Бұл қазір киікке де қатысты болып отырғанын Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығының (ҚБСҚ) ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренконың сөзінен де аңғаруға болады. «Киіктің басқа тағылардан айырмасы неде? Қытайда тұрақты сұранысқа ие мүйізінде. Мүйізі болмаса, киік кәдімгі елік, таутеке, қабан сияқты аулауға рұқсат етілген түз жануарының бір түрі болып қалар еді. Бірақ мүйіз – қып-қызыл ақша. Сондықтан оларды қолданыстағы қарапайым тетіктермен, мәселен, аулауға болатын хайуанаттар үшін, басқа да тұяқтылар үшін қолданылатын әдістермен аулауға рұқсат етсе, жер жүзінде киік қалдырмас еді. Ал оларға арнайы бақылау тетігі керек, бірақ бізде әзірге ештеңе дайын емес», дейді С.Скляренко. Маманның айтуынша, бақылауға қоса мүйіз жинау тетігін де енгізу керек. Расында, ондай тәжірибе АҚШ-та бар. Тіпті мына тұрған Моңғолияның өзінде бұғы мүйізін жинап алуға рұқсат етіледі. Сонымен қатар Скляренко қазақ даласындағы киік шамадан тыс көбейді дегенге келіспейтінін, қазіргі киік санын реттеу – шаруаларды тыныштандыру үшін ғана төтенше қабылданған шара екенін алға тартады. Сондай-ақ ол тіпті бәрі заңмен реттелсе, қазақ жері 5 миллионға дейін киікті өргізуге өріс жететінін айтады. Министрліктің жауабы Сонымен киік атылып жатыр. Алайда оның жүзеге асырылу барысы да қоғамның наразылығын туғызып жатқаны белгілі. Далада шашылып жатқан өлекселердің фото-видеолары тарады. Алыпқашпа әңгіме көп. Мұндай қаңқу сөздің түбі шаншу болатыны рас. Қоғамның көкейін тескен бұл мәселелердің анық-қанығын білу үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бірер сауал қойған едік. Осы сұрақтарымызға мынандай жауап алдық: «26 қазан сағат 12.00-дегі жағдай бойынша 4 001 бас киік ет өңдеу кәсіпорындарына жөнелтілді. Оның 797-сі корал әдісімен ауланып, 3 204 басы атылды. Киік ұшалары ет өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіледі. Бүгінде киік етін өңдейтін 8 ет комбинаты бар: Батыс Қазақстан облысында – 6, Ақмола облысында – 1, Қарағанды облысында – 1. Сондай-ақ Қостанай облысындағы ет комбинатымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Ал ішек-қарын көму жолымен жойылады. Әлеуметтік желілерде Батыс Қазақстан облысындағы киік ұшаларының фото және бейнематериалдарының таралуы бойынша қажетті шаралар жасалды. «Охотзоопром» ӨБ» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын қызметкерлеріне бекітілген алгоритмге және қолданыстағы заңға сәйкес ұйымдастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар алгоритмді бұзғаны үшін тиісті шаралар қабылданатынын хабарлаймыз. Киік популяциясын басқарудың негізгі мақсаты – олардың ауылшаруашылығына теріс әсерін азайту (ауылшаруашылығы алқаптарының тапталуын), өңірлердің аграрларының егіс дақылдарының өнімін жоғалту қаупін және жабайы жануарлар арасында пайда болатын жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу». P.S. «Келіссөз жүргізіліп жатыр», дейді аталған министрліктің баспасөз қызметі берген жауабында. Алайда киік санын реттеу туралы әңгіме басталғалы жануардың өнімдері өндірістік бағытқа жұмсалуы үшін әуелі дайындық жұмыстары жүргізіледі деп сендіріп келген. Әйткенмен тас-түйін дайын емес екені байқалып отыр. Бұл жауапты мекеменің маңызды іске немқұрайды қарағаны ма, түсініксіз? Бұл іске Халықаралық табиғатты қорғау одағы (IUCN), Франкфурт зоологиялық қоғамы (FZS), Fauna & Flora (FFI) секілді дүниежүзілік жануарлар дүниесін қорғау ұйымдары қалай қарайды екен? Өйткені жер бетіндегі жойылып бара жатқан жануарды қыру заңсыздық дейді экологтар. Екіншіден, экожүйе мен биоалуандықты сақтау, табиғат тепе-теңдігін бұзбау секілді қағидаттар жаһанға ортақ мәселе екені естен шықпауға тиіс. Айтпақшы, еліміздің зооқорғаушылары киіктер Батыс Қазақстан облысынан Ресейдің Астрахан облысының аумағына үдере көшіп жатқанын жазды. Олардың айтуынша, киіктер қазақ сахарасы сая болмай бара жатқанын түсінген. Расында, киік популяциясының бір бөлігі бар. Ресей мен Моңғолияда олар сирек кездесетін жануар түріне жатқызылып, атуға тыйым салынған. Бақытбек ҚАДЫР, журналист
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар