Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отбасы құндылығы – ортақ мүдде

Отбасы құндылығы – ортақ мүдде
ашық дереккөз
Отбасы құндылығы – ортақ мүдде
Қазақта ер адамдар әйелдерге асыл жар, отбасымның ұйытқысы, балаларымның анасы деп қараған. Сол секілді ақ жаулықты әжелерді отбасының ақылманына, ұлттық тәрбиенің қайнар көзіне балаған. Әйелге құрмет көрсету, олардың құқығының тапталуына жол бермеу қазіргі қоғамда да айқын көрініс тауып отыр. Одан бөлек мемлекетіміз де әйелдердің ерлермен бірдей тең дәрежеде болуын, олардың білім алып, елге, ұлтқа, Отанға қызмет етуін, қызметте басшылыққа келуін, білім-ғылымда, өнерде, кәсіпте, жалпы кез келген салада көшбасшылық дәрежеге көтеріліп, өз-өзін көрсете алуын назарда ұстайды. Жалпы Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевың «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту» туралы Жар­лығы бар. Сол құжатта бірқатар нысаналы индикаторларды орындау атап көрсетілген. Осы мәселе бойынша да ауданда бірқатар жұмыстар жүргізіліп, өз кезегінде ол айтарлықтай нәтиже беріп отыр. Өңірімізде биыл аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комис­сияның екі отырысы өткізілді. Комиссия құрамы жергілікті атқарушы орган, полиция бөлімі қызметкерлері мен азаматтық сектор өкілдерінен құрылған. Комиссия жылдық жоспарына сәйкес жұмыс істейді. Былтыр түрлі форматты қамтыған 12 іс-шара өткізіліп, аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінде отбасы институты туралы 55 материал жарияланды. Жыл сайын отбасы институты және гендерлік саясатқа бағытталған мемле­кеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік жоба іске асырылады. Жоба аясында жиырмаға жуық іс-шара өткізіліп, аудан орталығында екі банер орнатылған. Сонымен қатар, отбасындағы зорлық-зомбылыққа байланысты бейнероликтер түсірілді. Жуалы ауданында жалпы халық саны 54 367 адамды құрайды. Оның ішінде әйелдердің саны – 26 461. Статистикалық мәліметке сәйкес, ерлердің өмір сүру ұзақтығы – 67 жас, ал әйелдерде 74 жасты қамтып отыр. 2022 жылы 198 неке қию тіркелсе, 27 неке бұзу дерегі есепке алынған. Яғни, қоғамда өз некесін бұзушы отбасылар санының әлі де азаймай отырғанын байқауға болады. Бұзылған некелер үлесінің 14 пайыз екені анықталып отыр. Ал 2023 жылдың қаңтар айы бойынша 10 неке қию тіркеліп, үш отбасы некесінің бұзылғандығы халықты алаңдатпай қой­майды. «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында отбасы мәселелерін шешуге бағытталған «Бастау» жұмысшы тобы құрылған болатын. Олардың нақты жұмыс жоспары жасалған. Жуалы аудандық сотынан 71 іс түссе, оның 23-і өзара бітім­гершілікпен шешілген, 42 іс нәтижесіз қалып отыр. Ал қалған 6 іс әлі де қаралу үстінде. Сонымен қатар, аудандық сот төрағасының, аудан прокурорының, ювеналды полиция, аудандық билер кеңесінің, психологтардың қатысуымен аталған топ отбасы құндылықтарына, отбасылық дау-жанжалдың алдын алуға бағытталған 91 іс-шара өткізді. «Бастау: Ізгілік қалсын әр ізде…» айдары аясында «Ақ отауға – ақ бата», «Қасиетіңнен айналайын, қара шаңырақ», «Отан отбасынан баста­лады» тақырыптарында жас отбасы­ларға арналған танымдық кештер ұйымдастырылды. «Отбасы құндылығы – сарқылмас қазына» тақырыбындағы аудандық семинар-кеңес, «Әр бала – ең қымбат қазына, сондықтан әр баланы сақтауға қоғам болып атсалысуымыз қажет» тақырыбында бала қауіпсіздігін күшейту мақсатында аудандық тәжірибе алмасу семинар-практикумы өткізілді. Аудандағы 39 орта және негізгі мектепте «Отбасындағы бала тәрбиесі мен ата-аналардың міндеттері» тақыры­бындағы жалпы ата-аналармен кездесу іс-шаралары жүргізілді. Сонымен қатар жас отбасылар арасын­дағы ажырасудың алдын алу жұмыстарына медиаторларды тарта отырып, он екі іс-шара өткізілді. Сондай-ақ әлеуметтік тапсырыс аясында «Тұрғындардың жас отбасылардың ажырасуына көзқарасы» тақырыбымен 250 адамнан сауалнама алынды. 2022 жылы медициналық көрсет­кіштеріне байланысты 160 репродуктивті әйелдің жүктілігі жасанды үзілгені анық­талып отыр. Осы жылдың қаңтар айында жасанды жүктілікті үзу ақпараты тіркелген жоқ. Бойжеткен қыздармен саламатты өмір салтын қалыптастыруға, ерте жүктіліктің алдын алуға арналған «Репродуктивті денсаулық – өзекті мәселе» атты «дөңгелек үстел» отырысы, «Қызды тәрбиелегенің – ұрпақты тәрбиелегенің» атты ойтолғау, «Бой түзеу – әдемі ой түзеу», «Қыз бала – ұлттың ұяты, халықтың шырайы», «Қызым, саған айтамын…!» тақырыптарында бойжеткен қыз балалармен кездесулер өтті. Жуалы ауданында әйелдерге және балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері тіркелмеген. Отбасында зор­лық-зомбылық көрген әйелдерге және балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында 39 іс-шара өткізілді. Жуалы аудандық кеңес беру кабинетінің қызметкерлері 2022 жылы 74 қызмет алушыны қабылдап, 60 психологиялық, 72 әлеуметтік көмек көрсетті. «Сенім» телефоны арқылы 43 қызмет алушыға 38 әлеуметтік және 23 психологиялық кеңестер берілді. Материалдық активтері бар әйелдердің ерлерге қарағанда үлесі бойынша талдау жүргізілген. Ауданда жалпы 11 532 тұрғын үй бар. Оның 3 155-і әйелдердің иелігінде. Жалпы – 27,4 пайыз. Көлік саны – 7000, оның 840-ы әйелдердің атына тіркелген. Бұл бойынша көрсеткіш – 12 пайыз. Тіркелген 8000 жеке кәсіптің 3500-і әйелдерге тиесілі, көрсеткіш – 44 пайыз. Әйелдер арасында нарықтық білік­тілігін арттыруға бағытталған «Әйел. Қоғам. Бизнес», «Отбасы ма, қызмет пе?», «Ұлттық құндылықтарды жаңғырту және заманауи кәсіптерді игеру» семинар-тренингтері, «Әйел бейнесі – қоғам бейнесі» атты аудандық әйелдер форумы өткізіліп, әр салада жемісті, жеңісті еңбек етіп жүрген әйелдер қауымы өз ой-пікірлерімен, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, болашақ қоғамның айнасына айналған әйел азаматтарына мотивация­лық кеңестер берілді. Қазіргі таңда атқарушы билік орган­дарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларда шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдердің үлесі 49 пайызды құрап отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында «Мерейлі отбасы», «Жас ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы», «Гендерлік теңдік», «Ана мен бала», «Әйелдер зорлық-зомбылығына жол жоқ!» тақырыптарында арнайы айдарлар ашылып, биыл жыл басынан бері аудандық газетте бес мақала жарияланды. «Әйел бір қолымен әлемді тербетсе, бір қолымен бесікті тербетеді» дейді дана халқымыз. Әйел-ананың таным-түйсігі, еңбекқорлығы, білімділігі, парасаттылығы қоғамның дамуына тікелей әсер етеді. Сөз соңында жастарды отбасылық татулықты сақтауға, жеке бас жауапкер­шілігін сезінуіне, қоғамның дамуына, ұлтымыздың өсіп-өркендеуіне барынша үлес қосуға шақырамын. Айсұлу Арынова, аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы, Жуалы ауданы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар