Ұлттық статистика жүйесі жаңғыруда
Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың бір тармағы ұлттық статистика саласына да қатысты. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Осы орайда Президентке ұлттық статистиканы реформалау жөніндегі бағдарламаның іске асырылу барысы және Ұлттық статистика бюросын цифрлық ведомствоға айналдыру жөніндегі тапсырмасының орындалуы туралы мәлімет берілді. Агенттік төрағасы мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері бойынша заң жобасы әзірленгенін баяндады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына Қазақстан экономикасындағы құрылымдық және институционалдық реформалардың жүзеге асырылуына жасалған сараптама жұмыстары таныстырылды. Кездесу соңында Президент әлеуметтік-экономикалық реформаларды сапалы әзірлеу маңызды екенін атап өтіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Қазіргі таңда Президенттің Ұлттық статистика бюросын цифрлық ведомствоға айналдыру жөніндегі тапсырмасы жүйелі жүзеге асуда. Жуырда Ұлттық статистика бюросы «Demoday» іс-шарасы аясында Цифрлық трансформацияның алғашқы нәтижелерін таныстырды. Цифрлық трансформация жобаларының портфелі 71 жобадан тұрады және 2026 жылға дейін іске асырылады деп есептелген, оның 23-і биыл жасалды.
Цифрландырудың негізгі жобаларының бірі – цифрлық статистикалық тіркелімдер. Трансформацияның алғашқы жылында білім, денсаулық сақтау және ауылшаруашылығы салаларында 3 цифрлық статистикалық тіркелім енгізілді. Мысалы, денсаулық жөніндегі тіркелім Денсаулық сақтау министрлігінің деректерін бірыңғай жүйеге біріктіруге және пациенттер, медициналық мекемелер, дәрілік заттар бойынша статистиканы, ал Білім беру тіркелімі – мектепке дейінгі оқыту, жоғары білім беру, «болашақтықтар» және тағы да басқа бағыттар бойынша деректерді бір жүйеде көруге мүмкіндік береді. Барлығы 13 қосымша цифрлық статистикалық тіркелімдерді құру жоспарланған.
«Статистикалық тіркелімдердің болуы неғұрлым егжей-тегжейлі статистиканы жасауға мүмкіндік береді. Мысалы, оны облыстар, аудандар, экономикалық қызмет түрлері, меншік нысандары және басқа да бөліністе көрсетуге болады. Осылайша, біз мемлекеттік органдардың 150 дерек базасының және 3 000-нан астам анықтамалық пен классификаторлардың құрылымдарына талдау жасап, Smart Data Ukimet арқылы интеграциялау жұмыстарын жүргіздік. Тіркелімдер респонденттерге түсетін салмақты азайтуға септігін тигізеді», деп атап өтті жобаны таныстырған Бюро басшысының орынбасары Жаннат Дүбірова.
Сондай-ақ іс-шара аясында «Ұлттық анықтамалық ақпарат» жобасы да көпшілік назарына ұсынылды. Бұл – әртүрлі азаматтық қоғам ұйымдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының анықтамалық деректерін құруға, құрылымдауға және басқаруға арналған кешенді жүйе. Жоба анықтамалық деректерді құруды, әртүрлі ұйымдардың деректерін салыстыруды қамтамасыз етуді және ұзақ мерзімді сақтаудың қауіпсіз әрі сенімді жүйесін құруды қоса алғанда, көптеген міндеттерді шешуге бағытталған.
Сонымен қатар «Demo day» аясында бюро инфляцияны есептеу үшін деректерді жинаудың жаңа әдістері, сондай-ақ әкімшілік деректердің сапасын тексеретін Дата-аудитор институтын құру туралы айтылды.
«AR-AI»-ақпарат
Ұқсас жаңалықтар
Саясат
Мемлекет басшысы Үндістан Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады
- авторAR-AY
- 16 тамыз, 2024