Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қарызға кіру – құлдықтың алғашқы қадамы

Қарызға кіру – құлдықтың алғашқы қадамы
ашық дереккөз
Қарызға кіру – құлдықтың алғашқы қадамы
«Ақша табу – үлкен еңбек. Оны сақтай білу – кемеңгерлік, ал тапқаныңды орнымен жұмсау – өнер» деп Рим ақыны Луции Сенека айтқан екен. Шындығында адам баласы ақшаны тапқанымен оны қалай жұмсаудың жөн-жосығын білмеуі, ақшаның қадіріне жетпеуі мүмкін. Қызметкер айлығын, кәсіпкер табысын, студент шәкіртақысын дұрыс жұмсауды білмесе, қаржысын босқа шашса, онда бұл қадамдар сол адамды өз еркімен кедейлікке бастайды деген сөз. Жалпы, қаржылық сауаты жоқ адам қаржы үнемдеудің өзегі саналатын ұғымдарды пайымдай бермейді. Ондай адамдар өзіне не қажет екенін білу, жомарттық пен дарақылықтың аражігін ажырата алу деген сияқты мәселеде көп ойлана қоймайды. Сондықтан қаржылық сауат – адам өмірінде маңызды орын алар тақырыптардың бірі. Осы жолы біз басында қарызы көп адамның жай-күйі туралы сөз қозғамақпыз. Қарыз адамның күйі қиын болады. Кімге қарыз соның алдында именшіктеп, жүзін төмен салады. Қарыз берушінің алдында өзін қор санайды. Елімізде банктен бөлек жеке адамдарға қарызы барлар өте көп. «Қарызын сұрамаса екен» деп, кездесе қалса кібіртіктеп, екі сөзінің басын құрай алмай, әбігерге түседі. Көптеген адам үстемесімен қарыз алып, уақытында қайтара алмауда. Кейбірі дос-жаранға, туысқа, жалпы айналасына белшеден қарыз. Кейіпкеріміз Ырысбала Жайманаева (мақалада кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді) – білікті ұстаз. Облыстағы мектептердің бірінде сабақ береді. Ұстаздарға арналған біліктілік тестінде екі балл жетпей қалып, құлаған. Яғни, біліктілік санатын ала алмай қалады. Осылай қиналып тұрғанда білім саласына қатысы бар бір «жомарт жан» 600 мың теңге берсе, тесттен өткізіп беретінін айтады. Ол үшін тек бір өзі емес, жанына өзі секілді тесттен өте алмай жүрген мұғалімдерді табуын өтінеді. Қуанып есі шыққан ұстаз сол мектептен тесттен өте алмаған 3 ұстазды табады. Ойланбастан банктен құрбысы екеуіне 1 миллион 200 мың теңге онлайн несие рәсімдейді. Қалған екі ұстаз да ақшаларын қолма-қол ұстатады. Сөйткен алаяқ төрт мұғалімді де алдап, тақырға отырғызып кетеді. «Бүгінде ол алаяқ бас қалаға көшіп кеткен» дейді Ы.Жайманаева. Өзі болса тағы қарызға кіріп, екі ұстаздың ақшасын қайтарған. Құрбысы екеуіне алған несиесін өзі төлеп әлек. – Жаным қиналып кетті. Неге сендім? Дәлелдей алмай жүрмін. Сотқа берейін десем, мектеп директоры рұқсат бермей отыр. Мектеп басшысы «Өзіңмен бірге мені де сазға отырғызасың, мұғалімдер тестті сатып алады екен деген қауесет ергізесің, бәріміздің үстімізден қылмыстық іс қозғалады» деп қарсы болды. Ауылдағы үйімді де саттым. Аз-маз ақшаға өтті. Енді қалада тентіреп, үйсіз-күйсіз жүрмін. Бәрінен де балаларыма обал болды. Үйімнің тіреуі де, малтабары да өзім едім. Күйеуім қайтыс болған. Микрокредиттік мекемелерден қарыз алып, екі адамның ақшасын қайтардым. Ол қарыздар күн санап өсуде, – дейді ол. Екінші кейіпкер – Луиза Кеулімжаева. Осыдан 5-6 жыл бұрын кәсіп ашамын деп біреуден 300 мың теңге алған. Оның өзін үстемесі ай сайын өсетін 30 пайызбен алған. – Сол кәсібім нәсіп болмады. Бір жыл жүргіздім, есесіне миллион теңгеге жуық қарыздандым. Алатын айлығым – 90 мың теңге. Оның 50 мыңы қарызды жабуға кетеді, 40 мыңы үйдің керек-жарағына жұмсалады. Осылайша өмір сүріп жатырмын. Қарыз адамдарым үйге де іздеп келді. Былапыт сөздер де айтты. Ең сорақысы телефонға күнде маза жоқ. Жүрекке ауыр тиетін сөздер жазып, кейде намысымды таптайды. Сонда ойландым. Мен адаммын ғой. Неге қарыз болсам да бүгежектеп, төменшіктеп жүруім керек. «Бір миллион қарызға бола салым суға неге кетті?» деп өзімді қайрап, еңсемді тіктедім. Күйеуім бар. Кейбір қарыздарымды ол білмейді. Ортамызда үш бала өсіріп отырмыз. Шетінен, біртіндеп құтылып келемін. Енді қайтіп кәсіп ашпастай болдым, – дейді ол. Міне, жоғарыда айтқанымыздай қарыз адамның басындағы күйін ешкімге бермесін. Миллиондап қарызға кіргендер өз-өздерін құрбан етуге де бар. Тіпті, мұндайда өзін дүниедегі ең нашар адам сезініп, өзін-өзі табалап, ішкілікке не есірткіге тәуелді болуы да бек мүмкін. Қарыз аз уақыт ішінде материалдық қана емес, психикалық болмысты да өзгертіп жібереді. Біріншіден, мұндай жағдай адамды жалғыздыққа ұшыратады. Жиын-тойға, отырыстарға бармай, оқшауланады. Ешкімнің көзіне түскісі келмей, телефонды сөндіріп, ұшты-күйлі жоғалғысы келеді. Бірақ бұл дұрыс амал емес. Қарыз бәрібір адамның миында тұрады. Екіншіден, қарызы бар адамның көңіл күйі құбылмалы болады. Ешкімнің сөзін көтере алмай, жүйкесі жұқарып жүреді. Себебі ойында тек «Қарызды қалай жапсам екен?» деген ой тұрады. – Қарызға батқан жандар үнемі уайым мен депрессияда жүреді. Менің ұғымымда қарызға кіру – құлдықтың басы. Қанша жерден талантты бол, кәсіпкер бол, жоғары лауазымды адам бол, егер біреуге қарыз болсаң, ол адамның алдында бір саты төмен тұрасың. Өйткені сен оған қарызсың. Соның салдарынан адамның өзіне деген сыйластығы, құрметі төмендейді. Өзінің күшіне, қабілетіне сенуден қалады. Түсініп отырғаныңыздай қарыз материалдық жағдайға ғана емес, қоғамдағы орныңызға да әсер етеді. Абырой-беделіңізден айырады. Және келейін деп тұрған табыстан айырады. Орыстарда «карма» дейді. Қазақтарда «обал-сауап» деген сөз бар. Ниетіңе сай жасаған әр әрекетіңе әлем, материя жауап қатып отырады. «Не істесең алдыңа сол келеді» дейді халқымыз. Сондықтан бар күшіңді жиып, қарызды қайтарған дұрыс. Қашпай, жағдайды түсіндірген жөн, – дейді психолог Кәмшат Бекжігітова. Қазақта «Қарыз күліп барып, жылап қайтады» деген сөз бар. Бірақ соңғы кезде қарыздар «жылап та» қайтпайтын болыпты. Статистикаға сүйенсек, қарызға алынған ақшаның 50 пайызы иесіне қайтарылмайды екен. Сондықтан дос-жаранға, туған-туысқа қарызға ақшаны ойланып берген артық болмайды. Заңгер Айшат Уәлиолланың айтуынша, қарыз жақындардың, етене таныс жандардың, әріптестердің арасында жүреді. Бірақ бір-бірімен аралас-құралас болып жүрген жақындардың қаржылық міндеттемелерінің өзі күтпеген жағдаймен аяқталуы мүмкін. Өйткені адамның көбі жақындарынан қарыз алғанда оны қайтаруға асықпайды. Тіпті «қарыз қайда қашады дейсіз, бір ақша түскенде беремін ғой» деп, достығын, туыстығын бұлдап жүре береді екен. Қарызды қайтару – парыз. Әркім оң мен солына қарап, қарыз бен парызға абай болғаны жөн. Әлбетте, материалдық тұрғыдан да, адамгершілік-моральдық жағынан да ешкімге қарыз болмаған жақсы-ақ. Эльмира БАЙНАЗАРОВА elmira231284@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар