Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҰМЫТЫЛМАС ЕСІМДЕР

ҰМЫТЫЛМАС ЕСІМДЕР
ашық дереккөз
ҰМЫТЫЛМАС ЕСІМДЕР
Мемлекет және қоғам қайраткері, ірі әдебиеттанушы ғалым Мырзатай Жолдасбеков халық ақыны Кенен Әзірбаев туралы «Кенен – қайталанбайтын, кешегі ұлылардың сарқытын ішкен, Жамбылдың соңына ілескен, қырық жыл үзеңгілес досы, інісі болған, Жамбылдың қасиетін, өнегесін алған өнер иесі еді. Кенен – ақын. Кенен – әнші. Кенен – жырау. Кенен – композитор. Кенен – ғұлама. Кенен – шешен, Кенен көсем еді» дейді. Ұзақ жыл Кененнің өз аузынан сөз мәйегін алып, оны шығармашылығына арқау еткен ғалым ағамыздың Алатаудың асқақ өнерпазы туралы айтқанына алып-қосар ештеңеміз жоқ. Төменде Кенен атамызға байланысты бір естелікті көпшіліктің назарына ұсынуды жөн көрдім.

Кененмен болған соңғы кездесу

Тау алыстаған сайын биіктей түседі деген тәмсіл дұрыс айтылған. Уақыт көші алға озған сайын халқымыздың маңдайалды танымал тұлғалары ерекшеленіп, елдің зор құрметіне ие болуда. Кенен Әзірбаев – солардың бірегейі, қазақтың сал-серілерінің соңғы тұяғы. Міне, сол қарт абызбен ертеректе болған кездесуім әлі күнге көз алдымда. 1976 жылдың наурыз айы болатын. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінің Красногор және Қордай аудандары бойынша меншікті тілшісі Тұрар Кенжетаев бастап, біз Красногор аудандық (кейін Қордай ауданына қосылған) газетінің журналистері Малдыбек Әбдіқасымов және мен қоштап, Ұмтыл ауылындағы (кейін Кенен ауылы болып аталды) қазақ өнерінің абыз қариясына сәлемдесіп қайтуға жолға шықтық. Бұл бір жағынан газет редакциясының тапсырмасы да болатын. Ауыл орталығындағы Кенен атаның үйіне кірген кезде бізді ауызғы бөлмеде ақынның жұбайы Насиха апа қарсы алды. Ол кісімен амандасып, келген шаруамызды айттық. – Балаларым, аталарың қатты науқастанып жатқан кезде келдіңдер ғой, – деп абыржығандай кейіп танытты ол кісі. Біз болсақ не істерімізді білмей состиып тұрып қалдық. – Жарайды ендеше, аталарыңа барып бірауыз айтайын, – деді Насиха апа біздің жайымызды түсінгендей болып. Өзі төргі бөлмеге кіріп кетті. – Әй, атасы, өзіңе сәлемдесуге балалар келіп қалыпты, газеттенбіз дейді. Қаттырақ сөйлегендіктен ол кісінің сөзі бізге естіліп тұрды. Бір кезде Насиха апа шығып: – Аталарың «Кіре берсін» деді. Кіріңдер, айналайындар, – деді. Жайлап басып Кенен ата жатқан бөлмеге кіріп, жағалай кезектесіп сәлем беріп, өзімізді таныстырдық. – Е-е, сенің әкеңді білемін, бір атадан қалған жалғыз ғой ол. Кісілігі мол жан, – деді маған қарап. Бөлменің төр жағында бірнеше қабаттап төселген көрпенің үстінде жатыр екен. Басына екі құс жастықты қатар жастанған. Ол бізбен көтеріліп, отырып сөйлескісі келгендей ыңғай танытты. Біріміз атаның қолынан демеп, екіншіміз жастықтарын ретке келтіріп, кеудесін көтеріңкіреп жатуына көмектестік. Қимылдаған кезде Кенен ата сырқаты жанына қанша батқанымен шыдамдылық танытқандай болды. Біздің сұрақтарымызға шаршаңқылау үнмен жауап беріп отырды, сәлемдесе келгенімізге ризашылығын білдіруді де ұмытпады. – Қарақтарым, жан қартаймайды, тән қартаяды. Өткен өмірімдегі көрген-білгенім кеудемде сайрап тұр. Бала кезімнен боз даланың бозторғайы болып ән салдым, ғұмыр бойы Отанымды, халқымды жырға қосып еліме қызмет еттім, соған қарай құрметке бөлендім. Мен бақыттымын, балаларым, – деді ол сөзін қысқаша қайырып. Әйтеуір ренжімей бізбен суретке түсуге келісті. Сол тарихи сапарда түскен мына суретте Кенен ата, Насиха апа, мен және Тұрар Кенжетаев бейнеленген. Кенен атаның ауырып жатқанына қарамастан бізді қабылдағанына үшеуміз де қатты риза болдық. Бірақ дәл осы күні халық ақынымен біздің соңғы кездесуіміз екендігін білмедік. Ол сол сырқатынан 1976 жылдың 12 сәуірінде қайтыс болды. Туған жері күңіреніп, үлкен-кіші тегіс көзіне жас алды. Өмірлік жан серігі– домбырасы иесіз «жетім» қалды. Бірақ Кенен ақын арамыздан кетсе де оның қазақ руханияты үшін екінші ғұмыры басталды. Халық ақынының кейінгі ұрпаққа өз жанынан шығарған соңында 107 әні, 6 күйі, бірнеше айтыстары мен дастандары мұра болып қалды. Кенен Әзірбаевтың өлмес мұрасы ұрпағының рухани игілігіне айналды.

Шәмші ауылға келгенде...

«Ауылға Шәмші келіпті. Кенен атасына сәлем бере келген екен. Ол ауылдың мәдениет үйінде жұртшылықпен кездесу де өткізетін болыпты» деген сөз көпшілікке лезде таралып, адамдар үлкен демей, кіші демей орталыққа қарай ағылды. Солардың қатарында мен де әйгілі композиторды көруге асықтым. Бұл ұмытпасам 1975 жылдың жаз ортасы болатын. Үлкен жолмен ауыл іргесінен өтіп бара жатып Шәмші аға тоқсанның біріне келіп отырған қарт ақынға сәлем бермей кетуді әбестік деп білген ғой. Әсте өнер дүлдүлін құрметтеген адам осылай істесе керек-ті. Әне-міне дегенше мәдениет үйінің үлкен залы ауыл тұрғындарына лық толды. Залды кернеген көрермендерге Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің осында ғылыми тәжірибеден өтіп жүрген студенттері де келіп қосылды. Бәріміз қадірменді қонақты тағатсыздана күтіп отырмыз. Бір кезде мәдениет үйінің үлкен есігі ашылып, Шәмші Қалдаяқов пен өзіміз тұрып жатқан Киров атындағы колхоздың (қазір Кенен ауылы) партком хатшысы Өкен Әдимолдаев ішке кірді. Осы сәтте залда отырған жұрт дуылдата қол соғып құрмет көрсетті. Олар сахнадағы орындықтарға жайғасып отырған соң партком хатшысы келген қонақты таныстырып оған сөз берді. Тыңдармандарымен ашық әңгіме-дүкен құрған композитор өзінің сөз мәйегін тамылжыта сөйлейтін шешендік қырын да көрсетті. Қойылған сұрақтарға ұтымды жауап беріп, кейде жұртты жеңіл әзілдерімен күлдіріп те отырды. «Әннің естісі бар, есері бар» демекші, өнер туындыларының сапасына атүсті қарауға болмайды. Ән айтқанның бәрі әнші емес, ән шығарғанның бәрі Шәмші емес қой» деді ол әзілдей сөйлеп. Өзінің алдағы шығармашылық жоспарлары туралы сұраған студентке: – Бұл ауылға Кенен атамның кенен өнері жұғысты болсын деп арнайы келдім. Бұйыртса келешекте жаңа әндер дүниеге келе жатар, – деді өнер саңлағы. Композитормен кездесу өте әсерлі өтті. Одан шыққан адамдардың әрқайсысының жүздерінен көтеріңкі көңіл күйді байқауға болатын еді. Әсіресе жастар жағы Шәмші ағаны қаумалап, сөзге тартып, сұрақтарын қойып, еркін сұхбаттасып жатты. Ол бізбен ескерткіш суретке түсуге де келісті. Кәсіби фотограф болмағандықтан түскен суреттің сапасы оншалықты жақсы болмай шықты. Дегенмен бүкіл елімізге «Қазақ вальсінің королі» атанған әйгілі композитормен ауылдағы кездесу кезінде түскен осы бір сарғайған фотосурет мәңгілік шежіре болып қалды. Ол кезде Шәмші аға Қалдаяқов 45 жаста екен. Қамал бұзар жас қой бұл. Кейін Шәмші ағаны теледидардан көрдім. Бұл оның ауырып жүрген кезі болуы керек, өңі жүдеу көрінді. Сол сырқаттан ол 62 жасында дүниеден озды. Қазақтың маңдайына біткен ерекше дарын иесі халқына мәңгілік ескірмейтін, өлмейтін тамаша әндерін мұраға қалдырып кетті. Әр қазақтың жүрегінен берік орын алған Шәмші әндері әлі талай ұрпақты рухани жағынан қанаттандырып, өмірлерін қуанышқа бөлей бермек.

Әскен БӘТІШЕВ, еңбек ардагері. Кенен ауылы, Қордай ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар