Жаңалықтар
Облыс әкімі Жаңатас қаласындағы бірқатар нысандарды аралады
- author AR-AY
- 9 қараша, 2023
- 167
Облыс әкімі Жаңатас қаласындағы бірқатар нысандарды аралады
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің Сарысу ауданына жұмыс сапары жалғасуда. Аймақ басшысы Жаңатас қаласының орталық қазандығының жұмысын көріп, ағымдағы жылыту маусымының өту барысын тексерді.
Қазандыққа мазут зауыттан темір жол арқылы жеткізіледі. 8 темір жол цистернасын қабылдайтын мазут қабылдап құю эстакадасы жұмыс істеуде.
Қазандықты газға ауыстыру бойынша ағымдағы жылға 620,4 млн. теңге (жалпы жоба құны 4,2 млрд.тг.) қаралған. Ол бойынша мемлекеттік сатып алу ашық конкурсын өткізу бойынша тиісті басқармаға өтінім беріліп, қазіргі уақытта тиісті мердігер анықталған. Келісім-шарт жасалынып, тіркелген.
Облыс әкімі тиісті отынның жеткізілу барысын сұрап, жылыту маусымы еш кедергісіз өту керектігін, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер қажетті жылумен үздіксіз қамтылуын баса назарда ұстауды тапсырды.
Келесі кезекте Ербол Қарашөкеев аудандық орталық аурухананың жұмысын көріп, жаңа ғимараттың құрылыс жобасымен танысты.
Дәрігерлермен, емделушілермен сөйлескен аймақ басшысы мекеме басшылығы мен қызметкерлеріне келушілерге сапалы қызмет көрсету керектігін баса айтты.
Бас дәрігер Айнұр Каликова нысан ескіргеніне назар аудартты.
500 келушіге арналған аурухананың жаңа ғимаратын салу үшін Жаңатас қаласы, Әулие ата көшесінің бойынан талапқа сай жаңа ғимарат соғуға
5 га жер учаскесіне тұрақты жер пайдалану құқығы беріліп, акт толығымен алынған. Аудандық аурухана тарапынан, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу бойынша облысқа бюджеттік өтінім берілген.
Облыс әкімі М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясына да басын бұрып, жұмысын тексерді.
1600-ден астам бала оқитын білім ордасы 1977 іргесі қаланса, ағымдағы жылы күрделі жөндеуден өткен.
Аймақ басшысы оқу кабинеттерін аралап, оқушылармен әңгімелесіп, ыстық тамақтың сапасына айрықша көңіл бөлді. Жауаптыларға балаларға берілетін тағамның құнарлылығы мен сапасы, қауіпсіздігі тұрақты түрде жіті бақылауда болу керектігін қатаң ескертті.
Келесі мақала