Жамбыл облысында натрий цианиді шығаратын зауыт салынады
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің Сарысу ауданына жұмыс сапары «QAZAQSODA» ЖШС-нің жобасымен танысудан басталды.
2024 жылы іске қосылады деп жоспарланған зауыт жылына 400 мың тонна кальцийлендірілген сода өндіруге қауқарлы болмақ. Серіктестік басшысы Рамазан Ибраимов жоба құны 325 млн. АҚШ доллары немесе 123,5 млрд. теңгені құрайтынын жеткізді. Кәсіпорын толығымен жүзеге асқанда 250 адамды жұмыспен қамтымақ. Жобаны ұсынушы – Yildirim Holding Kazakhstan.
Жобаның екінші кезеңінде қуаттылықты 1 млн. тоннаға дейін аттыру көзделуде.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Ақкөл көлінен бастап аталған зауыт шекарасына дейін су таратқыш жобасының құрылысын көрді.
Мердігер «FORTIS» ЖШС құрылысын жүргізіп жатқан су таратқыштың өткізу қабілеті сағатына 1 000 текше метрді құрайды. Ұзындығы – 43 шақырым.
Бүгінге дейін траншея қазылып, су алуға арналған құбыр жеткізіліп, 36,2 шақырым монтаждау жұмыстары атқарылған.
Облыс әкімі инвесторларға жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық беру керектігін атап өтіп, мемлекет, жергілікті билік тарапынан қажетті қолдаулар жалғасатынын жеткізді.
Ербол Қарашөкеев ірі жобаның аумағынан шикізатты пайдалана отырып, жергілікті кәсіпкерлердің дайын өнім шығаруға бағытталған орта және шағын жобаларды жүзеге асыру маңыздылығын баса айтып, бұл тұрғыдағы мүмкіндіктер мен жоспарлы шараларға қанықты.
Зауыт маңынан құрылатын арнайы аймақта 10 шақты шағын жобаны жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігін алға тартқан аймақ басшысы бұл жұмыстарды үйлестіруді аудан басшылығына нықтап тапсырды.
Сонымен қатар, жауаптыларға су таратқыштың құрылысын сапалы әрі уақытылы жүргізу бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Бұдан соң аймақ басшысы Жаңаталап ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен кездесуге облыстық салалық басқарма және құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты.
Аймақ басшысы алдымен облыста атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.
– Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айыларының қорытындысымен экономикалық өсім 101,3 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнім көлемі 3,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібі – 3,2 пайызға, негізгі капиталға салынған өнімнің көлемі 2,0 пайызға артып, 50,2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Сарысу ауданында да бірқатар жобалар іске асырылып, ел игілігіне жұмсалуда. Атап айтқанда, 2022 жылы 6,7 миллиард теңгеге 26 жоба іске қосылса, биыл 13,7 миллиард теңгеге 38 жоба жүзеге асуда. Ал, Жаңаталап ауылдық округінде 2 жылда 297,0 млн. теңгені құрайтын 10 жоба іске асырылды,-деді Ербол Қарашөкеев.Бұдан соң ауылдық округ әкімі Темірлан Абдраев атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Оның айтуынша, ауылдық округте 92 шаруа қожалығы тіркелген, оның 12-сі мал шаруашылығымен айналысады, қалған 80-і егін шаруашылығы мақсатында тіркелген. Ауылдық округке 138 жеке кәсіпкер бар десек, оның 100-і «Ауыл аманаты» жобасы аясында беріліп жатқан 2,5 % несиеге өтінім берген. Өз кезегінде тұрғындар да көкейдегі өзекті сауалдарын жолдап, жауаптар алды.
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024