Қазіргі мұғалімдер қандай болуы керек?
Жуырда Астана қаласында алғашқы педагогтер саммиті өтті. Қазақстан тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған бірегей іс-шараға еліміздің 700-ден астам ұстазы жиналды.
Педагогтер саммиті мұғалімдерге, ата-аналарға және мектеп басшылығына арналған кәсіби білім беру платформасын құруға бағытталған бастама болды. Саммит «Nobel Fest» фестивалі аясында өтті. Жиынға әлемдік ғылымның ең мықтылары – Нобель сыйлығының лауреаттары, «Прорыв» сыйлығының иегерлері, зерттеушілер, әзірлеушілер, футурологтар және басқа да өнертапқыштар қатысты.
Басқосудың мақсаты – «Nobel Fest» фестивалі аясында білім саласын айшықтау. Саммит ең алдымен мектеп мұғалімдері мен орта білім беру менеджментіне арналған, сондықтан негізгі бағдарлама да мектептегі білім беру жүйесіне бағытталған. Алайда іс-шараның есігі білім берудің болашағы мен тенденцияларына қызығушылық танытатын көпшілік үшін де ашық болды.
Еліміздің әр аймағынан жиналған білім саласының қызметкерлері үшін балаға білім мен тәрбие беруде кедергісіз жағдай жасау мәселелері өзекті. Сондықтан педагогтерге озық тәжірибелермен танысудың кәсіби танымдық тұрғыдан тиімділігі мол болды. Материалдардың мазмұны қазіргі қазақстандық мектептердің сұрақтарына жауап беруге бағытталды: мектептер үшін оқытудың әлемдік білім беру тәжірибелері мен әдістемелерін қолдануға, үздік халықаралық мұғалімдер мен сарапшыларды дайындау арқылы педагогтердің кәсіби даярлығын арттырудың маңызына назар аударылды.
Саммитке қатысқан отандық педагогтерге шетелдің тәжірибесі ой салды. Десек те өз тәжірибеміздегі педагог тұлғасының жаңа қырына мән беруге бағытталды.
Бәріміз білетіндей, ХХІ ғасыр –
ақпараттық технологияның және ғылымның дамыған заманы. Жаhандану деген жедел индустриялық-инновациялық даму дәуірінде, әсіресе, қазіргідей бәсекелестік заманында мұғалім образы бұрынғыдан да шыңдала, шыныға түскендей. Заман кез келген адамнан әмбебеп болуды талап етеді. Оның ішінде мұғалімдер де заман ағымымен бірге өзгеруі керек. Мұғалім заман ағымына ілесуі қажет. Өз жұмысында инновацияларды, әртүрлі әдістерді қолданып, материалды еркін меңгеруі тиіс. Сырттағы негативті мектепке кірерде табалдырықта қалдырып, балаларға мейірімділік пен жылулық сыйлауы жөн. Ел болашағы бүгінгі мұғалімдерге тікелей байланысты.
Жиында әлем педагогтерінің назарына мәдениетаралық құндылық, сыни ойлау, ауыл балаларын оқытудағы мәселелер, инклюзивті білім беру және жоғары ойлау, жасанды интеллект сияқты ауқымды тақырыптар аясында үздік идеялар ұсынылды. Осы тақырып отандық білім беру жүйесінде де өзекті бола түскенін тәжірибеде кездестіріп жүрміз. Сондықтан бүгінгі педагог құзыреттілігін қалыптастыруға, жаһандық құзыреттіліктерін дамытуға да жаңаша көзқарас қажет.
Қазіргі мұғалім қандай? Ол – шығармашылық қабілеттерді дамытуға жағдай жасай алатын, оқушылардың білімді қабылдауға деген құштарлығын дамыта білетін, өз бетінше ойлауға үйрететін, материалды оқыту барысында өз бетінше сұрақтар құрастырып, өз білімін толығырақ іске асыруға қабілетті адам. Сонымен қатар баланың түрлі пәндерді оқуға деген ынтасын арттырып, олардың жеке бейімділігі мен талантын көтермелейтін тұлға. Қазіргі мұғалім үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүреді, ол «Мектеп оқушыларға не үйрету керек?» деген өзекті проблемалық сұраққа жауап іздеумен келеді. Заманауи, жаңашыл мұғалім кәсібіне және оқушыларға деген сүйіспеншілікті біріктіреді, олар балаларды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, сонымен бірге өз оқушыларынан да үйрене алатын маман иелері. Қазіргі заманғы мұғалім әр баланың жан дүниесіндегі ең жақсы қасиеттерді анықтап, балаларды алған білімін ұнатуға ынталандыруы керек, сонда ғана оқушылар мектепті бітіргеннен кейін өздерінің қоғамдағы орнын анық түсініп, оның пайдасына жұмыс істей алады.
Қазіргі мұғалім – ол кәсіби маман. Мұғалімнің кәсіби шеберлігі оның кәсіби қажеттілігімен анықталады. Қазіргі мұғалімнің айрықша ерекшеліктері –
оның үнемі өзін-өзі жетілдіруі, өзін-өзі сынауы, эрудициясы және жоғары жұмыс мәдениеті. Өзін-өзі тәрбиелеу қажеттілігінсіз мұғалімнің кәсіби өсуі мүмкін емес. Қазіргі мұғалім қол жеткізген нәрсеге ешқашан қанағаттанбауы керек. Бұл өте маңызды. Сондай-ақ алға ұмтылу да өте маңызды, өйткені мұғалімнің жұмысы – шексіз шығармашылықтың көзі. Егер мұғалім өз айтарынан қайтарымды шәкірт тәрбиелей алса, ескен желдің ығында кетпей, алдында отырған шәкіртінің кемшін жерінің шоқтығына көңіл мен көзін бірдей қадап, білім берсе, мұғалімдіктің шын рахаты осы дер едім. Осындай мұғалімнен білім алар ма едіңіз? Әлбетте.
Бүгінгі таңда мұғалім білім көзі ғана емес, сонымен қатар оқу-тәрбие процесінің белсенді қатысушысы болуы керек. Мұғалімнің міндеті – әр баланы оқу процесіне қатыстырып, оны тыңдай білу, көмекшісіне айналдыру, оқушының көзімен оны мазалайтын мәселеге үңілу. Өмірге келген әрбір адамның үлгі тұтар, құрмет көрсетер жандарының бірі мұғалім болуы тиіс. Мұғалім тәрбиесін көрмеген, білім нәрімен сусындамаған адам жоқ шығар, сірә?!
Ұлт ұстазы, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «Мұғалім – мектептің жаны» деп баға берсе ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсарин «Мұғалім –
мектептің жүрегі» деген екен. Осы ұлыларымыздың айтқанынан-ақ «Ұстаздық – ұлы қызмет» екенін ұғуға болады. Өмірдің қатал сынына шыдай білетін шәкірт тәрбиелеп, қанатын кеңге жаятын қыран құстай баптау, жаны мен тәнін рухтандырып өсіру ұстаздың қолынан келетін қасиеттер.
Мұғалімді бала тәрбиесінің рухани сәулеткері десек те артық емес. Уақыт ағыны жылжыған сайын мұғалімге қояр талап қашан да биіктей бермек. Мұғалім өз рухы мен қабілетін көтеретін қасиеттерге ие болып, сол қасиеттерге жанын әдеттендіре беретін болса, бала бойына сапалық тұрғыдан өзгеріс енгізе алса, бүгінгі сіз сұраған мұғалім бейнесі толық ашылары анық.
Сағадат ҚАРЫМБАЕВА,
«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы облыс бойынша Кәсіби даму институты «Инновациялық оқыту және педагогикалық технологиялар»
кафедрасының меңгерушісі
Келесі мақала