Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БУЛЛИҢ ЖӘНЕ БАЛАНЫҢ ҚАТІГЕЗДІКТЕН ҚОРҒАНУ ҚҰҚЫҒЫ

БУЛЛИҢ ЖӘНЕ БАЛАНЫҢ  ҚАТІГЕЗДІКТЕН ҚОРҒАНУ ҚҰҚЫҒЫ
ашық дереккөз
БУЛЛИҢ ЖӘНЕ БАЛАНЫҢ ҚАТІГЕЗДІКТЕН ҚОРҒАНУ ҚҰҚЫҒЫ
Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназияда ұстаздардың қатысуымен буллиңнің алдын алуға бағытталған тренинг өтті. Ондағы мақсат – оқушыларға буллиңнің түрлерін таныстырып, оның себептерін анықтау, буллиң туралы ақпаратты кеңірек насихаттап, оқушылардың осы бір заман «кеселіне» ұшырамауын қамтамасыз ету. Тренингте мектеп-гимназияның психологі Махаббат Диханбаева «Буллиң. Баланың барлық қатігездіктен қорғалу құқығы» тақырыбында баяндама оқыды. Психолог жалпы буллиң ұғымына түсінік беріп, біраз пайдалы ақпаратпен бөлісті. – Буллиң (bullying) – ағылшын тілінен аударғанда «қорлау», «қудалау», «мазалау» дегенді білдіреді. Адам үйде, мектепте, автобуста немесе интернетте, жалпы айтатын болсақ, кез келген жерде буллиңге ұшырауы мүмкін. Бұл кез келген адамның басында болатын жағдай. Бірақ есіңізде болсын, ешкімнің сізді ренжітуге немесе өзіңіз жайлы жаман ойлауға мәжбүрлеуге құқығы жоқ. Буллиңнің шабуылына қалған кезде мәселелерді шешуге көмектесетін әлеуметтік-психологиялық тренингтер, өзін бағалауын көтеретін, өз тұлғасына шынайы қатынас, эмпатияны дамытатын топтық психокоррекциялық сабақтар ұйымдастыруға болады. Егер қауіп-қатер айналып өтіп кеткен жағдайдың өзінде босаңсуға болмайды. Одан да қауіптісі алда болуы мүмкін. Ауру адамның психикалық белсенділігінің жоғарылауын жағдайының жақсарғаны деп ойлап қалуға да болады. Бірақ кейде депрессивті адамдар өзіне-өзі қол салу қарсаңында іс-әрекетке басымен кіріп кетеді. Яғни ренжіткен адамдарының барлығынан кешірім сұрайды. Осыны көріп, сіз арқаңызды кеңге саласыз және қырағылықты бәсеңдетіп алуыңыз мүмкін. Бірақ бұл қылықтар барлығының алдындағы қарыздары мен міндеттерінен құтылып, содан кейін өзіне қол жұмсау керек деген шешімге келуінің хабаршысы болуы мүмкін. Шындығында, суицидке барушылардың тең жартысы психологиялық кризистің басталғанынан үш айдан кем емес уақыттан кейін өзіне-өзі қол салады дейді психолог ғалымдар, – дейді М.Диханбаева. Тренингтегі түрлі тәсілдер арқылы мұғалімдер тақырыпты талқылауға қатыстырылып, арттерапияның көмегімен проблеманы шешудің жолдарын қарастырса, LED-экраннан көрсетілген бейнероликтен буллиңнің қоғамда қаншалықты өзекті болып тұрғанын сезіне алды. Қысқасы бұл іс-шарада педагогтің буллиң жағдайында жүрген балаға көмек көрсету жолдары, зорлық-зомбылық түрлері туралы кеңінен айтылып, тақырыпқа қатысты сауалдарға жауап берілді. Ботагөз МҰХАНОВА, Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназияның психологі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар