Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДАҒЫ АҚЫНДАР МЕКТЕБІ

ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДАҒЫ АҚЫНДАР МЕКТЕБІ
ашық дереккөз
ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДАҒЫ АҚЫНДАР МЕКТЕБІ
Халқымыздың «Талант Тәңірден» деген тәмсіліне сүйене отырып, біз қашанда шын талантты танып, бағалай білуіміз керек. Ата-бабадан мирас болған ұлттық болмыс пен ұлттық өнерді ұмыт қалдырмаудың бір жолы – кейінгі толқын жастарға үйрету. Бүгінгі таңда елімізде қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, қадірін арттыру мақсатында аз жұмыс істеліп жатқан жоқ. Мәселен, қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде халықтық өнеріміздің бастауы айтысты жаңғырту, кеңінен насихаттау, жастарды қолдау мақсатында ақындар мектебі ашылуда. Соның бірі – Жамбыл ауданындағы айтыскер, талай мықты сөз зергерлеріне ұстаз болған ақын-сазгер Айтмұханбет Исақовтың ақындар мектебі. Аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған ақындар мектебі 2016 жылдың қараша айында жұмысын бастаған. Төл өнерімізді төрге сүйреуді мақсат еткен өнер мектебі бүгінде оннан аса жас айтыскерді тәрбиелеп келеді. Ұстаздары оларды айтыс өнеріне, ақындыққа, шешендік өнерге баулып, мақам үйретіп, сахна мәдениетінен дәріс беруде. – Мектеп оқушыларына арналған шығармашылық үйірмелер бұрыннан бар. Халыққа таңсық емес. Алғаш рет «Жырдан тарту етемін Елбасыға» атты ақындар арасында аудандық іріктеу айтысы өтті. Мектептерден айтысқа қабілетті жас ақындар іріктеліп алынды. Дәстүрлі облыстық «Жыр алыбы – Жамбылым» атты айтысқа 2 оқушы қатысып, республикаға жолдама алды. Осылайша үлкен сахнаға шыға бастады. Мектеп қабырғасында жүріп аудандық, облыстық, республикалық сайыстардың жүлдегерлері шықты. «Халықаралық ақындар мен жыршы-термешілер» одағына екі шәкіртім мүше болды. Келесі топ – мектеп оқушылары. Олар да бүгінде аудандық, облыстық айтыстар мен мүшәйраларда жүлдегер болып жүр. Мақсатым – ақындық өнерді бүгінгі ұрпаққа жеткізу және салт-дәстүрімізді дамыту. Өрелі де өнерлі шәкірттер тәрбиелеп, зиялы қауымның қатарына қосу, – дейді ақындар мектебінің жетекшісі Айтмұханбет Исақов. Орталықта айтыскер ақын боламын деген балалар домбыра ұстап, жетекшісімен, кейін өзара айтысып, жекпе-жек өткізеді. Өлең-жыр жаттап, айтысудың қыр-сырын меңгереді. 9-сынып оқушысы Талап Құдайбергеннің қатысып жүргеніне биыл 3 жыл болыпты. 12 жасынан бастап айтысқан оның суырыпсалмалылығы бар. Оны байқаған ұстазы айтыс мектебіне дәріс алуға шақырған. – Айтысқа бала кезімнен құмармын. Үйдегілер айтыс көріп жатса теледидарға жақын отырып алып, ақындардың мақамына, отырысына қызығып, оңашада қалғанда қайталайтынмын. Өсе келе аудандық оқушылар айтысына қатыса бастадым. Ұстазым Айтмұханбет ағаның үмітін ақтағым келеді, – дейді Талап. Айта кетейік, жалпы ұстаздық деген Айтмұханбет Исақов үшін тың кәсіп емес. Айтыс әлеміне ұстаз ретінде талай дүлдүлді тәрбиелеген оның қазіргі шәкірттері де талай айтыстан топ жарып жүр. Солардың бірі – Шапағат Сәбитқызы. – 2016 жылдың қараша айынан бастап асыл арманын арқалап туған Айтмұханбет ағаға шәкірт атандық. Айтыс сахнасында қаймағы қатпаған қазақтың қасиетті қара сөздерін, өңі айналған ел қазынасын өзіміздікіндей еркін айтуға үйрендік. Сағағынан үзіліп түскен қызыл алма өзі өскен ағаштың түбіне құлайды. Біз де сол қызыл алмадай болып өз жеріміздің атынан шығып, намысын соңына дейін қорғаймыз. Себебі сөз өнеріне деген махаббатымыз шешенің махаббатындай шексіз. Тілдің қадірін білмеген, кімнің қадірін білер. Мінекей, аламандағы жылжыған жылдарымыз, күркіреген күндеріміз өтуде. Батырды екі долы қатынның бірі туады, ал ақынды ілуде біреу туса, сол мәртебені мәңгілік көтеруге дайынбыз! – дейді ақындар мектебінің шәкірті, жас ақын Шапағат Сәбитқызы. Айтыс жайлы Ахмет Байтұрсынұлы: «Айтыс екі палуан күрескені сияқты, екі ойыншы ұтысқаны сияқты, екі батыр жекпе-жек ұрысқаны сияқты, екі ақынның бірін-бірі сөз жүзінде аңдып, бірінің-бірі қапысын тауып жеңу үшін айтатын өлеңдері. Ақындар әдісін сөз арқылы жұмсап, бірін-бірі сөзбен шаншып, жеңеді. Әрқайсысы сөзбен шаншуға қолайлы,осал-оңтай жерін іздейді. Басында, ісінде, жұртында, ұлтында болған осалдық, кемшіліктерді айтып, сөзбен ұялтып, яки сөзбен қамап, жан-жағын бөгеп, тоқтатады», деген екен. Ұлт көсемінің бұл теңеулері ақындар мектебінің жас өрендерінің бойынан табыларына бек сенімдіміз!

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар