Қазақ күресінің сайыпқырандары
Қазақ күресі – қазақтың ұлттық күрес түрі. Жалпы, қазақ даласында балуандық өнердің ежелден келе жатқаны көпке мәлім. Және де біздің қазақ күресі басқа күрес түріне ұқсамайтындығымен ерекше. Қазірде Қазақстанда қазақ күресі кеңінен тараған және сұранысқа ие спорт түрі.
Осынау қазақ күресін жанына серік еткен Талас ауданы, Ойық ауылының тумасы Ботбаев Ғалымжанды әңгімеге тартып, аз-кем сұхбаттасқан едік. 1986 жылы 10 қазанда Ботбаевтар отбасында дүниеге келген Ғалымжан бала кезінен бастап қазақ күресіне ден қойғанын айтады.
– Ең алғаш бала кезімізде «Ойық ауылдық спорт клубында» Серікқали Ыдырысұлы есімді бапкердің шәкірті болдым. 1998 жылы қалаға көштік. Кейіннен 1999 жылы мені Досан Танбиев атты ағамыз базарда жұмыс істеп жүргенімнен сырттай бақылап, қазақ күресінің алғашқы табалдырығын аттатып, Ермек Әлжанов атты бапкерге табыстаған болатын. Осылайша қыркүйек айында «Выставка» атты спорт клубына барып, сол жерде дайындалдым, – дейді Ғалымжан Ботбаев.
2000-2005 жылдар аралығында өз қарқынын жоғалтпай, Қазақстанда болған барлық чемпионаттарда 60 келі салмақ дәрежесінде жастар арасында чемпион атанып, Ұлан-Баторда өткен Азия чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінеді. Ташкент қаласында өткен чемпионатта да жоғары дәрежелі чемпион атанған екен. Ал 2006 жылы Ғалымжан Ботбаев қазақ күресіндегі спорттық жолын аяқтапты.
Қазір ол өз отбасының барлығы спортты жанына серік еткенін айтады. Ғалымжанның қызы волейбол ойнағанды ұнатса, екі ұлы әкелері секілді қазақ күресімен және дзюдомен айналысады. Ғалымжан ағамыз Бейбіт Ыстыбаевпен бірге жүріп, арттарынан ерген талантты спортшы Елдос Сметовтің бір залда, көз алдарында өскенін айтады. Осынау үлкен дәрежеге жеткен Ғалымжан ағамыз қазір өзі де шәкірт тәрбиелеп жүр. Шәкірттерінің ішінде Нұрдәулет Қабілетұлын ерекше атады. 2006 жылы дүниеге келген Нұрдәулетті әкесі Қабілет Қалтайұлы 2-сынып оқып жүргенінде Жақсыбек Дүйсенбиевке өз қолымен табыстағанын айтады. 4 жылға жуық уақыт Нұрдәулет Ж.Дүйсенбиевтің қолында тәрбиеленіп, бүгінде қазақ күресі бойынша бапкері Ғалымжан Ботбаевтың қарамағында жаттығып жүр.
Жас Нұрдәулет облыстық дәрежеде 2005-2006 жылғы жастар арасында «Түйе балуан» атанған. Ол 2015 жылы Шу қаласында өткен жарыстан алған қола медалінің өзіне ыстық екенін айтады. Себебі ол медаль – бала кезінен демалыссыз дайындалған еңбегінің жемісі, өзін-өзі сынаған, ауылдан алғаш жыраққа шыққандағы алған тұңғыш жүлдесі екен. Жалпы, осыған дейін Нұрдәулет Қабілетұлы кезінде бапкері Жақсыбек Дүйсенбиевпен бірге Талас ауданын мойындатқан нағыз күрескер жас балуан ретінде танылған.
Биыл Нұрдәулет облыста өткен қазақ күресінен жасөспірімдер арасында 82 келі салмақ дәрежесінде 3-орын алды. Ал Талас ауданы аумағында Нұрдәулет қамшы салдырмай-ақ тек бас жүлде мен 1-орынды қанжығаға байлап жүрген жас балуан. Бала кезінен күреске бейім өскен ол болашақта «Қазақстан Барысы» болуды мақсат етеді.
Назира ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, Б.Әлменұлы атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы. Ойық ауылы, Талас ауданы
Келесі мақала