Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балаңа қара, АТА-АНА!

Балаңа қара, АТА-АНА!
ашық дереккөз
Балаңа қара, АТА-АНА!
Бала – ұлт болашағы. Сондықтан өмірге ұрпақ әкелген әрбір ата-ана үшін баласының білімді, тәрбиелі, саналы, денсаулығы мықты, отаншыл, еңбекқор, мейірімді, парасатты азамат болып қалыптасу жолында күш салуы – аса маңызды міндет. Мемлекет қамқорлық көрсетуде Қоғам алдында осындай жауапкершілік арқалаған ата-аналар баласының бойына ұлттық болмысымызға сай рухани, мәдени құндылықтар мен қоғамдық қағидаға негізделген тәрбиені сіңіргенде ғана үдеден шыға алатыны хақ. Осы ретте мемлекетіміздің отбасы құндылықтарын дәріптеу, отбасылық институтты нығайту, әрбір отбасыны, оның ішінде ана мен баланы қолдау, қорғау саясатын ұстануының да басты мәні осында екенін айта кеткен жөн. Мемлекет сонымен қатар әр баланың құқығы тапталмауын, азамат ретінде жан-жақты дамып, өсіп- жетілуін, әр баланың өзінің туған ата-анасымен бірге өмір сүруін, жастайынан спортпен, өнермен, ғылыммен айналысуын назарда ұстайды. Нақтысын айтқанда, нәресте дүние есігін ашқаннан бастап мемлекеттің қамқорлығында болады. Баланың мектепке дейінгі тәрбие мен білім алуы, орта мектепті аяқтағаннан кейін жаны қалаған мамандығы бойынша оқуға түсуі, лайықты жұмыспен қамтылуы мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Жалпы балаларға лайықты жағдай жасау, оларға қамқорлық көрсету ісі өңірімізде жүйелі жүзеге асып келе жатқан шаруа. Мәселен, биыл Тараз қаласында табысы кедейлік шегінен аспайтын 14 969 адамнан тұратын 3 057 аз қамтылған отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліпті. Осы аталған отбасылардың 1-6 жас аралығындағы 4 762 баласына 5 175 теңгеден, яғни 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша төлем тағайындалып, үлестірілген екен. Балаларды қолдау, қорғау ісінде мүгедектігі барларға да жағдай жасау маңызды міндеттің бірі. 2023 жылы Тараз қаласы бойынша 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 2 796 бала тіркелсе, оның ішінде 317-сіне үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі екен. Мүгедектігі бар балалар абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес техникалық көмекші құралдармен, атап айтқанда ортопедиялық аяқкиіммен, сурдо-тифотехникалық, міндетті гигиеналық құралдармен шетінен қамтамасыз етілуде. – Мемлекет тарапынан 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, яғни І топ бойынша 77 889 теңге, ІІ топ бойынша – 64 502 теңге, ІІІ топ бойынша 56 794 теңге жәрдемақы тағайындалып, төленуде. Сонымен қатар мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-анаға қосымша 56 794 теңге жәрдемақы беріліп жатыр. Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу мақсатында жергілікті бюджет есебінен қаражат қарастырылып, төленуде. Аталған әлеуметтік көмек Тараз қалалық мәслихатының шешіміне сәйкес жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, осы жылы қала бойынша мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу үшін 263 ерекше қажеттілігі бар баланың ата-аналары өтініш білдірді. Аталған көмекке осы жылға 24041 мың теңге қаражат қарастырылды. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында 150 мүгедектігі бар балалар үшін өңіріміздің киелі жерлеріне (Тектұрмас баба, Қарахан баба, Айша бибі кесенелеріне) саяхат ұйымдастырылды. Бұл қызметті мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша «Болашақ» жеке кәсіпкерлігі ұсынды. Келісімшарт сомасы 780 мың теңгені құрады. Табысы төмен отбасылардың 2-6 жас аралығындағы балалары мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтануда. Ол үшін 450 балаға 4554 теңгеден төленді, – дейді Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүгедектігі бар адамдармен және ардагерлермен жұмыс жүргізу секторының меңгерушісі Гүлбахрам Дүйсекова. Жасөспірімдердің уақыты тиімді пайдаланылуда Тараздық бүлдіршіндердің дені мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемелеріне барып жүрсе, шаһардағы 62 мектепте 77 490 оқушы білім алуда. Сонымен қатар жекеменшік мектептерде 7 029 бала бар. Осы оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану, оларды түрлі үйірмелерге тартып, зейінін ашу, талантын шыңдау – басты мақсат. Тараз қаласы білім бөлімінің әдіскері Алуа Уалиханова жаз маусымында аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларына қала сыртындағы лагерьлерге демалыс ұйымдастырылғанын айтады. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қарастырылып, қала сыртындағы лагерьлерде 2 803 бала демалыпты. Сондай-ақ 62 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істеп, оған аз қамтылған және көпбалалы отбасының 10 828 баласы барған. Бұл ретте бюджеттен 46 миллион 377 мың теңге қаражат жұмсалған. – 2023-2024 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 1-4-сыныпта оқитын барлық оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Бүгінгі күні 62 мектепте 1-4-сыныптарда білім алып жатқан 30 369 бала күніне бір мәрте ыстық тамақ ішіп жүр. Жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізу үшін осы мектептерде сан түрлі үйірмелер жұмыс істеп жатса, білім бөліміне қарасты 4 мектептен тыс мекемелер де балаларды үйірмелермен қамтып отыр. Жалпы үйірмемен қамтылған бала саны – 66 182, бұл оқушылардың 86 пайызын құрайды. Тарқата айтқанда, мектепішілік үйірмелерге 42 783, мектептен тыс мекемедегі үйірмелерге 13 258 бала қатысуда. Сонымен қатар жекеменшік мекемелерге 725, спорт мектептеріне 11 502 бала тартылған. Мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары 13 983 оқушыны қамтыған. Оның ішінде мемлекеттік мекемелер 13 855 оқушыны қамтыған, яғни көрсеткіш 17,8 пайызды құрайды. Мәселен оқушылар сарайы 7 752, техникалық шығармашылық орталық 2 972, балалар көркемөнер мектебі 686, балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы 448, «Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін «Жамбыл дарыны» облыстық орталығы 1997 баланы қамтып отыр. Ал жекеменшік мекемелерде 725 бала болса, оның 15-і «Юный музыкант», 462-сі «Парус» балалар шығармашылық орталығы, 15-і «Өнер мектебі», 135-і «Қарақат» мектебі арқылы қамтылған. Бұдан бөлек, №5 мектеп-гимназияда жүзу сабағы ұйымдастырылып, бұл бойынша 984 бала тартылған. Мектептердегі спорттық үйірмелерге 28 541 бала барып жүрсе, қала аумағында орналасқан спорт мектептеріндегі спорттық секцияларға 13 004 бала қатысуда. Жалпы мектептердегі спорттық үйірмелермен оқушылардың 36,8 пайызы қамтылды, – дейді Алуа Уалиханқызы. Кәмелетке толмағандардың құқығы қорғалуда Осы күні қоғамда отбасылық тәлім-тәрбиенің, тағылымның осалдығынан жасөспірімдердің қатігез болып өсуі, олардың қолымен жасалатын қылмыстардың немесе балалардың бір-біріне әлімжеттік көрсетуі секілді келеңсіздіктер орын алып жатқанын мойындауымыз керек. Балаға, әсіресе үйде «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаса, жеткіншектердің «өзім білермендікке» салынып, тәртіп бұзатыны белгілі. Олардың үйден бөлек түздегі жүріс-тұрысын, қандай ортамен араласатынын ата-ана қадағалап отырмаса, соңы бармақ тістетерлік жағдайға ұрындыруы мүмкін. Жалпы Тараз қаласында 2023-2024 жылдарға арналған «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы іске асып жатқаны белгілі. Осы жоба аясындағы іс-шаралар жоспарының орындалуы жасөспірім қылмысы мен оларға қарсы жасалатын, яғни баланың зорлық-зомбылыққа және басқа да жағдайға ұшырауын болдырмауда маңызды рөл атқарады. – Шаһарда жасөспірімдердің арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бағыты бойынша ҚР Ішкі істер министрінің «Ішкі істер органдарының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, жұмыс бірнеше тармақ, яғни жекелеген бағыттар бойынша атқарылады. Бұл тұрғыда Тараз қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімшесі (ПБ ЖПҚБ ЮПБ) әр айдың 8 жұлдызына дейін криминалдық полициямен, тергеу және анықтау мамандарымен, қалалық білім бөлімімен бірлесе жұмыс істейді. Сондай-ақ тоқсан сайын есепте тұратын кәмелетке толмағандардың нақты есебін қалыптастыру және әрі қарай олармен профилактикалық деңгейдегі жұмыстарды жалғастыру мақсатында жағдайды зерделеу, деректерді салыстыру, істі тексеру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді. Осы жылдың 9 айында жүргізілген салыстыру-тексеру актісіне сәйкес, Тараз қаласы полиция басқармасы жалпы орта мектептерде оқитын 54 оқушы мен 63 колледж студентін, еш жерде оқымайтын 27 немесе аудандарда оқитын кәмелетке толмағандардың нақты санын анықтады. Кәмелетке толмағандарды есепке қою және есептен шығару, сондай-ақ оларға қатысты алдын алу, бақылау істерін жүргізу ҚР Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 15 шілдедегі №432 бұйрығының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Жоғарыда көрсетілген қағиданың 11,12-қосымша­ларына сәйкес оларға қатысты жеке профилактика шаралары қолданылатын адамдарға қатысты профилактикалық шаралары есепке алу электрондық нұсқада тіркеледі. Оларды есепке қою үшін негіз болатын материалдар келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде нақты шешім қабылданады, – дейді Тараз қаласы ПБ ЖПҚБ ЮПБ бастығы, полиция майоры Айбек Асабаев. Былтыр 9 айда Тараз қалалық полиция басқармасы жалпы 197 кәмелетке толмағандарды есепке алса, биыл есепті мерзімде бұл бағыт бойынша жүргізілген жұмыс бойынша есепке алынған жеткіншектер саны 249-ды құрапты. Қазіргі таңда жалпы полиция басқармасы бойынша 162 жасөспірім есепте тұрған көрінеді. Шаһар бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипатта қылмыс жасағандар ретінде есепке қойылғандармен жеке алдын алу жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Осы іс нәтижесінде Тараз қаласы бойынша есепте тұрғандар саны 60-ты құраған. Осы адамдар бойынша учаскелік полиция инспекторлары оларды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріп, өмір салтын қадағалайды. Сонымен қатар оларды Тараз қалалық полиция басқармасының әкімшілік ғимаратына жеткізіп, жеке басын айқындайтын белгілер бойынша, яғни фото, бейне, дакто есебі алынып, мәліметтер жаңартылады. Биыл 9 айда республикалық электрондық деңсаулық орталығы тарапынан берілген тізім бойынша Тараз қаласы емханаларында 32 жасөспірім қыз бала тіркеліпті. Оның ішінде біреуі кешкі мектеп оқушысы болса, колледж білімгерлері саны – 15. Тарқата айтсақ, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі мен теміржол колледжінен екі-екіден, Тараз гуманитарлық-техникалық колледжінен, «Тараз-Ғасыр» колледжінен, «Білім» колледжінен, Тараз мамандандырылған колледжінен, «ALEM» кәсіби білім беру колледжінен, Тараз инновациялық көпсалалы колледжінен, Жаңатас көпсалалы колледжінен, Жамбыл медициналық жоғары колледжінен, «Аспара», «Қайнар», «Парасат» колледждерінен және Шымкент университеті мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінен бір-бірден студенттер мен еш жерде оқымайтын жасөспірім аталған медициналық ұйымның тіркеуіне алынған. Осы 32 дерек бойынша Тараз қаласындағы полиция органдарының ақпараттарды есепке алу кітабына тек 26-сының мәліметі тіркеліп, процессуалдық шешім қабылданған екен. Оның ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне біреуі енсе, 25-і номенклатуралық іске қараусыз қалдырылған. Тараз қаласы емханаларына жасөспірім қыздардың есепке тұрған мезгілінде жастары 18-ге толғанына байланысты хабарлама берілмеген екі және мүлдем хабарлама берілмеген 4 дерек бар. – Полиция департаменті тарапынан барлық қалалық және аудандық ішкі істер органдарына арнайы нұсқау жолданған болатын. Сол нұсқауда балалардың құқықтары түрлі жағдайда бұзылуы ықтимал отбасылармен жұмыстың бұрынғы өлшемдерін өзгерту көзделген. Сондай-ақ олардың өмірі мен денсаулығына қарсы қылмыстар мен құқықбұзушылықтарда, осы санатта жасалған қылмыстардың себептері мен жағдайларын тексерудің нәтижелері көрсетілген. Аталған нұсқауда негізінен кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұқпаушылығына қарсы қылмыстарды уақытылы ескерту және болдырмауға бағытталған профилактикалық шаралар қабылдау ұсынылған. Осы жылдың 9 айының қорытындысымен кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы 19 қылмыс дерегі тіркелген болса, өткен жылдың 9 айының қорытындысымен 11 қылмыс дерегі анықталған. Яғни жағдай 8 қылмысқа артып отыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабы бойынша 13 жағдай, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16-ға толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипатттағы өзге де әрекеттер жасау 160 пайызға, 120-бап бойынша – 4, яғни зорлау 300 пайызға өскен. Ал 121-бап бойынша былтырғы жылмен салыстырғанда сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысты бір дерек орын алып, 124-бап бойынша да, яғни жас балаларды азғындаудың бір дерегімен жағдай 300 пайызға төмендеп отыр. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша балаларын тәрбиелеу, оқыту бойынша міндеттерін орындамайтын 100-201 жайсыз отбасы анықталып, есепке қойылды. ҚР Ішкі істер министрлігінің 2014 жылғы №432 «Ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұратын адамдармен профилактикалық бақылауды жүзеге асыру қағидасы» туралы бұйрығын орындау мақсатында биыл Тараз қаласы полиция басқармасы кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту қарау бойынша өздерінің міндеттерін орындамайтын, сондай-ақ баланың мінез-құлқына теріс әсер ететін заңды өкілдерімен жұмыс жүргізуде. Мұндай отбасындағы бала өміріне жауапты адамдар, яғни «144» санатымен есепке алынған азаматтардың жұмыссыз болуына байланысты аталған тұлғаларды жұмыспен қамтамасыз ету – басты мәселе. Осы мақсатта профилактикалық есепте тұрған кәмелетке толмағандардың, олардың заңды өкілдерінің тізімдері Тараз қалалық әкімдігіне жолданды. Сондай-ақ осы жылдың 18 мамырында Тараз қалалық полиция басқармасында жайсыз отбасы ретінде есепте тұратын тұрғындардың тізімі жаңартылып, ҚР 2004 жылғы №591 Заңының 19-бабы, 6 тармағы бойынша медициналық-әлеуметтік есепке алып, алдағы жылы медициналық психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетуге ықпал етуін сұрап, хат жолданды, – дейді Айбек Ердосұлы. Баласының білімі мен тәлім-тәрбиесіне немкет­тілікпен қараған, баласының болашағына жауапты екенін сезінбеген ата-ана ата-аналық құқығынан айырылатыны белгілі. Жоғарыда көрсетілген заңға сүйене отырып және полиция қызметкерлері тарапынан жүргізілген профилактикалық іс-шаралардан нақты шешім қабылдамаған 51 ата-ананың жауапкершілігі Тараз қаласы әкімдігінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия отырысында қаралған екен. Оның ішінде 46 заңды өкілге қатысты ата-аналық құқығынан айыру үшін іс-құжаттары қамқорлық кеңесіне ұсынылып, сот шешімімен ата-аналық құқығы шектеліпті. Ал қалған 18 ата-анаға сынақ мерзімі беріліп, бүгінде олардың іс-әрекеті бақылауға алыныпты. Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша, 76 азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылыпты. Жүргізілген талдау нәтижесі бойынша 9 ай ішінде ҚР ӘҚБтК 409-бабы (ҚР білім беру, денешынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша құқықбұзушылық анықталмапты. «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұ­зушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Заңының 12-бабы, 3-тармағына сәйкес, қалалық білім бөлімі дәлелсіз себептермен жалпы білім беретін оқу орындарына бармайтын кәмелетке толмағандарды анықтайды және есепке алатыны белгілі. Балалармен және олардың ата-аналарымен немесе заңды өкілдерімен жеке профилактикалық іс-шараларын жүргізеді деп көрсетілгеніне қарамастан өткен жылдың 11 қарашасында Тараз қаласындағы №26 орта мектептің әкімшілігі Ш.Садированың 9-сыныпқа қабылданғаны туралы ата-анасына талон берумен шектеліп, оны оқумен қамту мәселесіне мүлдем көңіл бөлмеген екен. Аталған мектеп әкімшілігі оқушының сабаққа келмеу себебін анықтауға қатысты шара қабылдамаған және тиісті құзырлы органды бұл туралы хабардар етпегені ескеріліп, қалалық полиция басқармасы тарапынан заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында ұсыныс жолданыпты. Сондай-ақ осыған ұқсас кемшіліктер Тараз сервис және технологиялық, «Болашақ», «Тараз-Ғасыр» колледждерінде, Шымкент өнеркәсіп колледжінде, кешкі және №18 орта мектепте де орын алып, аталған білім беру мекемелерінің басшыларының жауапкершілігін ҚР ӘҚБтК 127-1 бөлігімен саралау үшін полиция басқармасы тиісті орынға ұсынымдар жіберген. Жыныстық сипаттағы қылмыстардың жасалуы мүмкін орындардың тізімі үнемі полиция басқармасы тарапынан жаңартылып тұрады екен. Мұндай орындарға негізінен адам тұрмайтын, бұзылған немесе құрылысы аяқталмаған ғимараттар, қаланың шеткі аумақтары, жасыл алқаптар, саябақтар жататыны белгілі. Тараз қаласында орналасқан орта білім мекемелері өкілдерінің қатысуымен шаһар аумағында қараусыз қалған, құрылысы аяқталмаған және эстетикалық талаптарға сай келмейтін, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстың жасалуына жол берілуі мүмкін объектілерге талдау жүргізіліп, олардың нақты саны анықталған. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында болуын, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін сатуды бақылау бойынша ПБ ЖПҚБ ЮПБ тарапынан жүйелі түрде 1133 рейд өткізілген. Осы жұмыстар барысында әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін 2823 жасөспірім құқық қорғау мекемесіне жеткізілген. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 228 жасөспірім орналастырылыпты. Рейдтік іс-шаралар барысында балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін (ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы) 76 ата-ана анықталып және жауапқа тартылса, кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде көңіл көтеру орындарында болуына жол бергені үшін 131 мекеме иесі немесе әкімгерлер жауапқа тартылған екен. Сондай-ақ мұндай жауапкершілікке тартылған ата-ана саны 218-ді құраған (442-бап 1-бөлік). Кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде қасына өзінің заңды өкілін ертпестен өзі тұратын тұрғын үйден тыс жүргені үшін 2 239 ата-ана жауапқа тартылыпты. Полицияның кешенді күштеріне нұсқама жүргізу кезінде және жеке құрам қызметкерлері өз міндетін орындау барысында кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын және оларға қатысты қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтардың жолын кесуде бар қажыр-қайратын жұмсайтыны белгілі. Бұл тұрғыда күнделікті негізде барлық полиция бөліністерін тарта отырып, қару және тесіп-кесетін заттарды алып жүру фактілерін анықтауға көңіл бөлініп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған жергілікті рейдтік жұмыстар үнемі жүргізіп отырады. Тараз қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімі мен учаскелік полиция инспекторлары азаматтар жаппай жиналатын жерлерге, сондай-ақ құқықбұзушылықтар жасалуы мүмкін орындарға, оның ішінде жастар жиналатын жерлерге күнделікті Тараз қаласы полиция басқармасының орнықтыру кестесіне сәйкес профилактикалық деңгейдегі жұмыстарды жалғастыру мақсатында түнгі және күндізгі рейдттік іс-шараларды үздіксіз ұйымдастырып келеді. Дегенмен бұл істе ата-аналар да белсенділік танытқаны жөн. Баласын күнделікті қадағалап, тәртіп бұзбауына, түн қатып көше кезбеуіне, баласының неғұрлым көз алдында болуына мән берсе, «көңіл де тоқ, уайымда жоқ» болады. Біреудің баласы бұзықтығынан бәлеге ұшырап жатқанда оған қосыла еріп кетпей, өз баласының қасында болғаны кез келген ата-ана үшін үлкен бақыт. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар