Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отандық инвесткомпаниялардың олжасы ойдағыдай ма?

Отандық инвесткомпаниялардың олжасы ойдағыдай ма?
ашық дереккөз
Отандық инвесткомпаниялардың олжасы ойдағыдай ма?
Қазақстандағы инвестициялық компаниялар осы жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша өз есептерін мәлім етті. Байқауымызша, биылғы жылдың І тоқсанында шарықтап өскен активтердің қарқыны баяулап, тіпті тоқтап та қалса керек. Осы жылдың шілде-қыркүйек айларында сектор іші 4 пайызға шөгіп қалған. Жаһандық нарықтардың қалыпқа келуімен кіріс көрсеткіштері де өсе бастағаны байқалуда. Инвестициялық портфель басқарып отырған компаниялардың жиынтық активтері биылғы қазан айының басында 618,3 миллиард теңгені құрады. ІІІ тоқсанда бұл көрсеткіш 25,5 миллиард теңгеге қысқарып кеткен. Активтердің қысқаруына нарық ішіндегі ойыншылар санының азаюы және жекелеген компаниялардың көрсеткіштері ықпал еткен. Биылғы жылдың алғашқы алты айында компаниялардың өсуіне септік еткен төмен база әсері біртіндеп сейіле бастаған. Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың қаңтары мен маусымы аралығында отандық инвесткомпаниялар өз қоржындарына шамамен 200 миллиард теңгедей қоса алған (+43 пайыз). Мұндай елеулі көрсеткішті нарықтағы ойыншылар басқарушы компаниялардың активтеріндегі бағалы қағаздар құнының өсуімен (әңгіме өткен жылы құлдырап кеткен қағаздар туралы) және брокерлердің меншік капиталын инвестициялау барысында леверидж (қаржылық тетік) қолдануды шектейтін пруденциалдық нормативтердің жойылуымен түсіндіреді. Осы жылдың үш тоқсанын қоса алғанда инвестициялық компаниялардың меншік капиталының жиынтық көлемі 4,5 пайызға немесе 16,3 миллиард теңгеге азайып кеткен. Осы кезең аралығында міндеттемелер де қысқара түскен: 9,1 миллиард теңгеге, яғни 267,8 миллиард теңгеге дейін. Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 20 шақты инвестициялық басқарушы компания жұмыс істейді. Бағалы қағаздар нарығында жұмыс істеу лицензиясын жыл басынан бері екі компания алған. Олар – N1broker және Standard инвестициялық компаниясы. Биыл тамызда нарық ішіндегі ойыншылар қатарынан «Fincraft» инвестициялық компаниясы шығып қалды. Компания брокерлік-дилерлік қызмет пен инвестициялық портфельді басқаруға рұқсат беретін лицензиясы тоқтатылғаны туралы хабардар етті. «Fincraft» ең ірі басқарушы он компанияның қатарында болатын. Ашық көздердегі соңғы статистикалық деректерге сай, компания активтері 11,3 миллиард теңгені құраған. Осы жылдың шілдесі мен қыркүйегі аралығында сектор ішіндегі 12 компанияның активтері ұлғайып, өскен. Бұл өсімнің 73 пайызын бір ғана ойыншы қамтамасыз етіп отыр. Ол – «Фридом Финанс» акционерлік қоғамы. Соңғы тоғыз айда басқарушы компанияның түпкілікті активтері 144,2 миллиард теңгеге өскен (оның ішінде ІІІ тоқсандағы өсім көрсеткіші 32,8 миллиард теңге). Бұл, тіпті, сектор ішіндегі өзге ойыншылардың жиынтық активтерінен де асып түсетін көрсеткіш. Компанияның баспасөзге арналған мәліметінде: «өсім көрсеткішіне құнды қағаздар портфелін 114,8 миллиард теңгеге арттыру нәтижесінде (88,9 пайызғаға) қол жеткізілді», деп көрсетілген. Биылғы жылдың ІІІ тоқсанында жарғылық капитал 20 миллиард теңгеге ұлғайтылғаны туралы «Фридом банк» жария еткен қаржы есебінде де айтылады. Бұл қаражат компанияның бірден-бір акционері «Freedom Holding Corp» корпорациясынан тартылған. Жарғылық капиталды ұлғайту биылғы шілде айында және қыркүйекте 10 миллиард теңгені құраған екі транш негізінде жүзеге асырылған. «Halyk Finance» актив ауқымы бойынша екінші орынға қайта оралды. Бірақ компанияның көрсеткіштері соңғы тоқсанда айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Осы жылдың қазанындағы деректерге сай, басқарушы компанияның активтері 52,2 миллиард теңгені құрады, бұл бұдан үш ай бұрынғы көрсеткіштен 0,4 пайызға жоғары. «Халық» тобындағы тағы бір компанияның активтері ептеп төмендеп кеткен. Нақты айтқанда, бір тоқсан ішінде «Halyk Global Markets» (7-орында тұр) активтері 4,1 пайызға, яғни 18,4 миллиард теңгеге дейін қысқарған. Айта кету керек, былтыр «Halyk Finance» негізінде екі басқарушы компанияның клиенттік бизнесі біріктірілген болатын. Инвесткомпаниялардың актив ауқымы тізімінде «BCC Invest» екі позицияға жоғары көтеріліп, үшінші орынға жайғасты. Компания активтері ІІІ тоқсанда 15,2 пайызға – 48 миллиард теңгеге дейін, ал міндеттемелері 37,8 пайызға – 20,5 миллиард теңгеге дейін өскен. Қаржы көрсеткіштерінің жақсаруын компанияның баспасөз қызметі котировкалардың қалыпқа келуімен (өткен жылмен салыстырғанда), ел ішіндегі инфляцияның тұрақтануымен және базалық мөлшерлеменің көтерілуімен, сондай-ақ компанияның меншікті бағалы қағаздары портфелін 30,4 пайызға, яғни 45,7 миллиард теңгеге дейін ұлғайтумен түсіндіреді. Бұл тізімде «Jusan Invest» өз позицияларын қалыпқа келтіруде. Биылғы жылдың алғашқы алты айында компанияның актив ауқымы 29,6 пайызға қысқарған болатын, ал ІІІ тоқсанда компания активтері 4,7 пайызға, яғни 46,1 миллиард теңгеге дейін өсті. Бұл инвестициялық бағалы қағаздардың құнын ұлғайту мен кері РЕПО операциялары бойынша дебиторлық берешек есебінен мүмкін болған. «Jusan» холдингіне кіретін «First Heartland Capital» компаниясының ІІІ тоқсандағы нәтижелері де осы шамалас. Соңғы үш айда компания активтері 4,5 пайызға, яғни 29,7 миллиард теңгеге дейін өскен. Холдинг құрамында бағалы қағаздар нарығының тағы бір ойыншысы – «First Heartland Securities» акционерлік қоғамы брокекрлік компаниясы да бар. Биыл қазанда аталған компания топ құрылымын оңтайландырып, функциялардың қайталануын жою мақсатында Қазақстан қор биржасындағы бағалы қағаздарына өз еркімен делистинг жасап, лицензия күшін тоқтататыны туралы мәлім етті. 2023 жылдың алғашқы алты айында шарықтап өскен «NGDEM Finance» активтері артынша елеулі деңгейде құлдырауға жол берді. Бірінші жарты жылдықта компания 30 есе өссе: 3,5 миллиард теңгеден 102 миллиард теңгеге дейін, ІІІ тоқсанның қорытындысы бойынша компания активтері 2 еседей қысқарған: 44,2 миллиард теңгеге дейін. Қаржы есебіне жүгінсек, көрсеткіштердің бұлайша құлдырауы – әділ құны бойынша есепке алынатын бағалы қағаздар негізінде орын алған. Компания тарапынан өз нәтижелеріне қатысты түсіндірме мәлімет болған жоқ. Айта кету керек, басқарушы компанияның Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген «NGDEM Global Limited» атты еншілес компаниясы да бар. Биыл маусымда бұл компания «қор» және «деривативтер» санаттары бойынша KASE мүшесі болып қабылданды. Сектор ішіндегі жаңа ойыншылар да қарап отырған жоқ, салыстырмалы түрде алып қарасақ, олардың актив көрсеткіштері айтарлықтай деңгейде өсіп жатқанын байқай аламыз. Шілде айынан бері «N1broker» көрсеткіштері екі еседей өскен: 789,6 миллион теңгеге дейін. Инвестициялау бағытында технологиялық шешімдер ұсынатын бұл брокер өзін инновациялық «fintech» компания деп таныстырады. Компанияның негізін қалаған – «Bereke Bank» басқармасының төрағасы Андрей Тимченко. «Standard» инвестициялық компаниясының активтері 35,8 пайызға, яғни 3 миллиард теңгеге дейін артқан. Активтердің өсуіне бағалы қағаздар портфелін ұлғайту барысы әсер еткен. Нәтижесінде – актив ауқымы бойынша ҚР инвесткомпаниялары ішінде аталған компания 15-ші орыннан 10-шы орынға көтерілді. Басқарушы компанияның ірі акционері – Мақсат Әлжанов, ол сондай-ақ, өмірді сақтандырумен айналысатын «Standard life» компаниясында да үлеске ие. «Teniz Capital Investment Banking» (бұрынғы «YURTA қаржы үйі») өз көлемін ұлғайтуды әрі қарай жалғастыруда. ІІІ тоқсанда компания активтері 27,5 пайызға, яғни 2,9 миллиард теңгеге дейін ұлғайған (11-орын). 2023 жылдың сәуірінде компанияның бірден-бір акционері Сәкен Үсер екендігі жария етілді. Акционерлік қоғамның сайтында: «компания маркет-мейкер және андеррайтинг қызметтерін көрсету үшін өзінің клиенттік базасын ұлғайтуды жоспарлап отыр және ішкі облигациялар нарығында бәсекеге қабілетті позицияны иеленуге ниетті» деп көрсетілген. Қазан айының соңында компания қарапайым акцияларының 92 930 данасын орналастырғанын мәлім етті, қазір бұл компанияның үш ірі акционері бар. Сектор ішіндегі компаниялардың сегізінің актив ауқымы қысқара түскен. Активтерінің азаюы бойынша антилидерлер қатарында «N1broker»-мен бірге «Private Asset Management», «Орда Капитал» БК және «SkyBridge Invest» басқарушы компаниялары да бар. ІІІ тоқсанда бұл компаниялардың балансы, сәйкесінше, 11,9 пайыз, 8,6 пайыз және 5,9 пайыз дейгейінде қысқарып кеткен. Олар қазір актив ауқымы бойынша инвесткомпаниялар тізімінің соңында тұр. Биылғы жылдың үш тоқсанын қоса алғанда, сектор бойынша пайда көрсеткіші 30,1 миллиард теңгені құрады (былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде: 0,5 миллиард теңге). Қаржы нарықтарының қалыпқа келуімен, былтыр шөгіп қалған инвесткомпаниялардың табыс көрсеткіштері біртіндеп өсіп келеді. Айгүл ИБРАЕВА, журналист
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар