ЖҮРГІЗУШІ БОЛУДЫҢ ДА ЖҮГІ АУЫР
Өрт сөндіру қызметі туралы сөз қозғалса, әдетте тек өртсөндірушілердің жұмысы туралы ғана айтылады. Алайда, кезекші қарауылдың құрамында қызыл жалынмен күресетіндердің қатарында өртсөндірушілерден бөлек те өртті жоюға тікелей қатысатын азаматтар бар екенін біреу білсе, біреу білмес.
Солардың бірі – облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізуші-қызметкері, азаматтық қорғау аға сержанты Ербол Жарқынбеков. Ержан азаматтық қорғау органдарында 2021 жылдың шілде айынан бастап қызмет атқаруда. Бірақ бұған дейін ҚР Қарулы Күштерінде 10 жыл қызмет еткен. Ербол Жетпісбайұлы азаматтық қорғау органдарында санаулы жылдар қызмет еткендігіне қарамастан, өзінің кәсіби шеберлігімен және ерекше жоғары жауапкершілігімен өзгелерден дараланып келеді. Өрттерді сөндіру мен түрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жою барысында бірнеше рет өзінің кәсіби шеберлігін көрсеткен. Кейіпкеріміз автокөлік тізгіндеудің ауыр да аса жауапты іс екендігін айтады.
– Өрт сөндіру көліктерін жүргізу – жауапты әрі абыройлы іс. Біздің міндетімізге тек өртсөндірушілерді шақырту орнына жеткізу ғана кірмейді. Тізгіндеген темір тұлпарларымызды үнемі жауынгерлік дайындықта ұстауымыз керек. Әрі суды уақытында беруге де міндеттіміз.
Сонымен қатар, жүргізушілер өзіне тиесілі автокөлікті жүргізіп қана қоймай, бұзылған жағдайда өз қолдарымен жөндей білулері де маңызды. Себебі, өртсөндірушіге ең керегі су болса, оны жеткізетін техника, ал техниканы жүргізетін жүргізушілер, – дейді Ербол Жетпісбайұлы.
Әрдайым техниканы жарамды күйде ұстау бірнеше жанның өміріне төнген қауіпті жою деген сөз. Сондықтан жүргізушілерге жүктелген жауапкершілік жүгі салмақты. Өйткені өртсөндірушілер өртті сөндіріп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, жүргізушілер оқиға болған орынға соларды жеткізуді және керекті құрал-жабдықтармен жарақтандыруды мойындарына алады. Түйіндей айтқанда жүргізуші болу үшін де жүректілік керек.
Шапағат Әбдір
Келесі мақала