Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Болмысы бөлек венера

Болмысы бөлек венера
ашық дереккөз
Болмысы бөлек венера
Дана халқымызда аналар қауымына қарата айтылған «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» деген жақсы сөз бар. Арамызда осы сөздің жүгін көтеріп жүрген қазақтың қаракөз қыздары аз емес. Нәзікжандылар мемлекеттік органдардан бастап, қарапайым жұмысшы болып та әрбір істің басы-қасында жүр десек қателеспейміз. Мәселен біздің бүгінгі кейіпкеріміз – өрт сөндіру саласында қызмет атқарып, қатарластарының алды болып жүрген Венера Альханова. Ол қазіргі таңда Тараз қаласындағы №20 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисті болып қызмет атқарады. Венера Көпірбайқызы 1977 жылы Сарысу ауданында дүниеге келген. Жаңатас қаласында орта мектепті тәмамдаған соң 1994-1998 жылдар аралығында Тараз қаласындағы қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алады. Оқуын тәмамдағаннан кейін Тараз қаласындағы №50 орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Ал 2004-2005 жылдар аралығында Жер ресурстарын басқару агенттігінде қызмет атқарады. 2005 жылы өртке қарсы қызмет органына машинист-хатшы болып жұмысқа орналасады. Кейіпкеріміз 2008 жылы диспетчер қызметіне ауысып, қазіргі уақытқа дейін түрлі өрт сөндіру бөлімдерінде аталған лауазымда жемісті еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында талай жанның алғысына бөленген. Себебі, әрдайым сан түрлі жағдаймен хабарласқан адамдарға басу айта отырып, жедел түрде қызметке қажетті ақпараттарды қабылдап алып, оқиға орнына өртсөндірушілерді аттандырады. Диспетчердің ылдым-жылдым әрекетінің арқасында түрлі табиғи және техногендік сипаттағы апаттар дер кезінде жойылып, адамдар дін аман құтқарылған. Сонымен қатар ол әрдайым қызметінен тыс қоғамдық шараларға да белсене қатысып, бос уақытында өзге қызметкерлерге бар білгенімен бөлісуден ешқашан жалыққан емес. Атап өтер болсақ, мекемеде тіл туралы өткен байқауда команда капитаны болып, жүлделі орыннан көрінген. Жазғы, қысқы спорттық жарыстардан да бірінші және екінші орындарды иеленген. Венера қоғамдық шараларға жиі қатысу адамдардың санасын сергітіп, жақсы жұмыс істеуге қосымша энергия сыйлайтынын айтады. – Жұмыстан бөлек, қоғамдық іс-шараларға ұжыммен қатысқанды қатты жақсы көремін. Себебі қандай да бір іс-шара адамдарды бір-біріне жақындата түседі. Әрі бір-бірін жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жұмыстың жақсы жүруіне оң әсерін тигізеді. Бір салада еңбек етіп жүрген адамдар бір үйдің баласындай тату-тәтті болса тірлік алға басады. Береке мен бірліктің арқасында кез келген қиындықты еңсере аламыз, – дейді Венера Альханова. Қандай қиындықтар болса да мойымай, алға ұмтылып, өз мамандығын мақтаныш етіп жүрген Венера Көпірбайқызы атқарған еңбегіне орай ІІІ дәрежелі және ІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен, «Қазақстан полициясына – 25 жыл» мерекелік медалімен және түрлі сипаттағы алғыс хаттармен марапатталған. Ерлермен иық тірестіре еңбек етіп жүрген осындай мамандар бар еліміздің болашағы қашанда жарқын бола бермек. Шапағат Әбдір
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар