«ҮЗДІК ҚАРАУЫЛ» марапатталды
Жуырда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өрт сөндіру бөлімшелерінің жүргізушілері құрамының кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында «Жылдамдық маневрі бойынша үздік жүргізуші» байқау-конкурсы өтті. Өрт сөндіру автокөлігін дұрыс басқаруға дағдыландыру, тәжірибе деңгейін анықтау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа 16 жүргізуші қатысты.
Жүргізушілер өрт сөндіру автокөлігін қауіпсіз басқару негіздерін, тактика-техникалық сипаттамаларын, тағайындалуын, құрылысын, әрекет ету принциптерін, арнайы агрегаттарға қызмет көрсету мен жұмыс істеуін толықтай білуі шарт. Сонымен қатар оларға қойылатын талаптардың ішінде өрт сөндіру автокөліктерінде бекітілген аспаптар мен механизмдерді, олардың жарамсыздығын анықтау және қалыпқа келтіру әдістері, сондай-ақ өрт сөндіру автокөліктерінің барлық түрлерін басқара білуі, арнайы агрегаттар мен механизмдерде жұмыс атқаруы көрсетілген.
Аталған талаптардың барлық критерийлеріне сай келетін жүргізушілерді анықтау үшін ұйымдастырылған жарыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мемлекеттік өртке қарсы қызмет органының техникалық ұсыныс қосымшасына сәйкес алдын ала дайындалған және белгі салынған алаңда жылдамдық маневрі және өрт сөндіру автокөлігін басқару бойынша өтті. Ал екінші кезеңде жүргізушілер құрамы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мемлекеттік өртке қарсы қызмет органының теориялық ұсыныс қосымшасына сәйкес алдын ала дайындалған билет сұрақтары бойынша жауап берді. Онда автокөліктің техникалық сипаттамасына байланысты біршама мәселелерге ерекше көңіл бөлінген. Сондай-ақ, жолда жүру ережелері де қамтылған.
Байқау қорытындысы бойынша Шу қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөлігін жүргізуші, азаматтық қорғау сержанты Шерхан Қонысбекұлы ешкімге дес бермей, бірінші орынды иеленді. Ал Жаңатас қаласындағы №16 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөлігін жүргізушісі, азаматтық қорғау аға сержанты Ұлан Амангелдиев екінші орынды еншілесе, Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөлігін жүргізушісі, азаматтық қорғау сержанты Қайрат Егізбаев үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды.
Сонымен қатар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қалалық және аудандық өрт сөндіру бөлімшелерінің арасында өткен «Үздік қарауыл» байқауы да өз мәресіне жетті.
Аталған шараға барлығы 16 команда қатысып, өздерінің бақтарын сынады. Олар жауынгерлік киімді белгіленген уақытқа сай кию, оқу мұнарасының үшінші қабатына үш иінді сатымен көтерілу, жауынгерлік қанат жаю түрлері бойынша жарысқа түсті.
Нәтижесінде жалпы командалық есеп бойынша Мойынқұм ауданындағы №18 өрт сөндіру бөлімінің командасы жеңімпаз атанса, Т.Рысқұлов ауданындағы №10 өрт сөндіру бөлімінің және Тараз қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командалары екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті.
Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Әлібек Абсатов жеңімпаз командаларды бағалы сыйлықтармен, арнайы кубоктармен және алғыс хаттармен марапаттады.
Шапағат Әбдір
Келесі мақала