Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАСТЫРҒАН РАУАН

ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАСТЫРҒАН РАУАН
ашық дереккөз
ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАСТЫРҒАН РАУАН
Өртсөндіруші – жауапкершілігі мен қатері көп мамандық. Алайда тілсіз жаудан қауіп-қатер төнген кезде басын бәйгеге тігіп, ерлік көрсететін сала мамандарының еңбегін бағалай бермейтініміз анық. Сондықтан біз жыл басынан бері азаматтық қорғау саласындағы мамандардың еңбегін кеңінен дәріптеу мақсатында тұрақты түрде мақалалар топтамасын жариялап келеміз. Шын мәнінде өртсөндірушілердің еңбегі мақтауға тұрарлықтай. Өйткені отпен арпалысқан оғландардың мойнында тұтас халықтың тағдыры мен өмірінің қауіпсіздігі тұр. Ауыр міндеттерді арқалап, «Отан үшін отқа түссең күймейсің» деген ұстанымды ұстанған азаматтың бірі – Рауан Күзенбаев. Рауан Жуанышбекұлы қазіргі таңда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің Ақпараттандыру, цифрландыру және байланыс бөлімінің бастығы болып қызмет атқарады. – 1982 жылы Тараз қаласында дүние есігін аштым. 2004 жылы Тараз институтын бітіріп, алғашқы еңбек жолымды 2007 жылы өртсөндіруші-құтқарушы болып бастадым. 2008 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтының сырттай оқыту бөліміне түсіп, 2011 жылы тәмамдадым. Ал өртсөндіруші мамандығына қызығушылығымды оятқан – әкем. Әкем 26 жыл өртсөндіруші болып қызмет атқарып, зейнетке шықты. Бала кезімде күніге таңертең әкемнің форма киіп жұмысқа кетіп бара жатқанын көріп өскендіктен болар, «әкем секілді қызметкер боламын» деп армандап өстім. Сол арманның жетегінде жүріп қарапайым өртсөндіруші қызметінен басшы лауазымына дейін көтерілдім, – деген азаматтық қорғау подполковнигі Рауан Жуанышбекұлы басшы болудың да оңай емес екендігін жеткізді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, әкесінің жолымен жүрген Рауан Күзенбаев балаларының да тәрбиесіне аса назар аударатынын айтады. – Құдайға шүкір, отбасымызда 5 баламыз өсіп келеді. Бос уақытым болса, барынша көңіл бөлуге тырысамын. Әрі ұрпағымызды халықшыл, көпшіл қылып тәрбиелеуге жұбайым екеуміз баса назар аударудамыз. Жалпы бала тәрбиесінде осалдық танытпауымыз керек деп ойлаймын. Қазіргі кезде жастарға ата-ананың көңіл бөлуі жетіспей жатады. Өйткені ата-анасы жұмыста, балалары оқуда болады. Ал ата-ананың тәрбиесін толыққанды ала алмаған бала теріс қылықтарға баруы мүмкін. Сондықтан әр ата-ана бала тәрбиесінде аса жауапты болуы керек. Балаларымның ертең қандай мамандық таңдайтыны емес, қандай адам болатыны маңызды. Сондықтан да әрқайсысының талғамына құрметпен қараймын. Болашақтағы мамандықтарына байланысты ешқандай шектеу қоймаймын. Өртсөндіруші болып, ізімді жалғағандары аса маңызды емес. Өйткені өртсөндіруші болу – тағдырыңмен бетпе-бет келу. Біздің қызметте тәжірибе және жедел әрекет етіп, шешім шығара білу үлкен рөл ойнайды. Сондықтан да біздің мамандық қатерлі мамандықтардың қатарына жатқызылса керек, – дейді Р. Жуанышбекұлы. Қызметтің маңызды міндеттерінен бөлек отбасының да жауапкершілігін мойнына көтеріп, үйде әке болып, жұмыста басшы болып қызмет атқарып жүрген Рауан сияқты азаматтарымыз көп болсын дегіміз келеді. Шапағат Әбдір
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар