СҰЛТАН БЕЙБАРЫС ЖӘНЕ ТҮРКІ-МҰСЫЛМАН ӘЛЕМІ
Жуырда Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында тұғыры биік тарихи тұлғалардың бірі – Заһир-ад дин Бейбарыс Сұлтанның туғанына 800 жыл толуына орай «Сұлтан Бейбарыс және Түркі-мұсылман әлемі» атты «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Жиынға студенттер мен оқушылар қатысты.
1223 жылы қыпшақ даласында туған, Египеттегі Мәмлүк мемлекетінің төртінші сұлтаны атанған Рукн ад-дин Бейбарыс-Әл-Мансури Әл-Мысридің өте қызықты да қарама-қайшылықтарға толы тағдырлы өмірбаяны туралы Тараз қаласындағы №9 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ержан Рапилбеков, тарих ғылымының магистрі Гүлмира Қамысбаева және Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі Асылжан Дулати баяндама жасады.
Іс-шараны ұйымдастырушылар «дөңгелек үстелдің» негізгі мақсаты – түркі-мұсылман әлемінің ұлы тұлғасы, құлдыққа сатылып, одан мемлекет билеушісі дәрежесіне дейін көтеріліп, мұсылман әлемін крестшілер мен моңғол шапқыншылығынан құтқарып қалған Сұлтан Бейбарыстың саяси-рухани ерлігі мен батырлығын насихаттау және әлем тарихында түркілердің алатын орны мен қазақ даласынан шыққан тұлғаның өзге елдің әміршісі бола жүріп, туған жерге деген ыстық сезімі мен сүйіспеншілікке толы ғұмырлы өмірбаянын баяндай отырып, жастардың туған өлкеге деген патриоттық сезімін ояту екенін айтады.
– Биыл Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толып отыр. Ол 1223 жылы Дешті-Қыпшақ даласында дүниеге келген тарихи тұлға. Тарихи деректерге сәйкес, Бейбарыс қыпшақ тайпасының беріш руынан шыққан, туған жері – қазіргі Атырау облысы. ХІІІ ғасырдың қырқыншы жылдарында моңғол әскері Дешті-Қыпшақ мемлекетіне шабуыл жасап, болашақ сұлтанды тұтқынға алып кетеді. Ол кезде құл саудасы өркендеп тұрған кезең. Әлемде көшпенділерден артық шабандоз болмады. Жас қыпшақтар құлдыққа сатылып, әскери дайындығын жақсарту үшін Ніл өзенінің ортасындағы аралға жіберіліп отырған. Мысыр билеушілері мемлекетті қорғау үшін жергілікті халықты емес, көшпелі түркі жасақтарын қолданған. Түркі және кавказ текті тұтқындар Ислам дінін қабылдап, сарай әскерінде қызмет еткен мысырлық әскердің негізгі қаймағы болды. Арабтар оларды «мәмлүк» деп атаған. Тіпті оның әскери жаңалықтарын Еуропа мемлекеттері пайдаланды. Міне, сондай ұлы қолбасшы бола тұра ол өмір бойы туған жерін аңсап өтті. Өкінішке қарай сол кезде оның бұл ынтызар тілегі орындалмады. Бейбарыстың Мысыр сұлтаны атанған уақыты Алтын Орда мемлекетінде Батудың бауыры Берке ханның таққа отыруымен тұспа-тұс келеді. Бұл кезде ұлы жиһангердің тағы бір ұрпағы Құлағу Алтын Орда әміршісі Берке ханмен бітіспестей өш еді. Бірде ол «Берке хан отбасының үлкені болғанымен ұят, ынсап дегенді білмейді, тым дөрекі» десе, ал Берке хан да Құлағуға: «Ол барлық мұсылман қалаларын қиратып, жау мен досты ажыратпай, мұсылман патшалардың отбасы мүшелерін түгел қырды. Шыңғыс хан тұқымдарымен ақылдаспай, халифті өлтірді. Тәңірі қолдау білдірсе, одан күнәсіз жандардың қаны үшін құн сұраймын» деп қаһарын төгіпті. Олар мұсылмандарды сақтау үшін емес, негізінен жер үшін талас-тартысқа барды. Өйткені Құлағу Алтын Орда жерін бөлшектеп билеген басқыншы еді. Деректерге қарағанда, Құлағу христиан дінін қабылдап, мұсылмандарға жойқын шабуылдар жасап отырды. Бұл империяға қауіп төндірді. Құлағу Бейбарыстың да жауы болатын. Әмір кезінде Құлағуға қарсы соғысты. Моңғол әскерлерін Кетбұға басқарды. Кетбұғаны Бейбарыс табандылығының арқасында мәмлүктер қолының күшімен жеңіп, сол кездегі Каир билеушісі мәмлүк Құтыз сұлтанның алдына жеткізеді. Міне, содан билікке масайраған Құтыз ата-бабасын қырып, халқын құлдыққа сатқан моңғолдардан кек алуды ұмытып, керісінше, Бейбарыстың барлық өтініштерін жүре тыңдап, мәмлүктерді олжадан қалдырып отырды. Ақыр соңында Құтыздан билікті Бейбарыс алады. Сөйтіп ол 1261 жылы Сарай-Беркеге елшілер жібереді. Беркеден оң жауап келген соң, Бейбарыс Алтын Ордамен тығыз қарым-қатынас орнатып, дипломатиялық байланыстарды күшейтуді жолға қояды. 1263 жылы Берке елшілері Мысырға келіп, екі-жақты келісім орнайды. Тіпті кейіннен Бейбарыс Беркенің қызына үйленіп, ұлының есімін Берке ханның құрметіне Берке қойды. Осылайша Бейбарыс пен Берке Ніл мен Еділдің арасына алтын көпір тұрғызды.
Ал Бейбарыспен одақтасу Берке үшін де пайдалы болды. Алтын Орда жұрты мұсылманданды. Өйткені Беркенің кезінде ел түгелдей Ислам дініне көше бастады. Бірақ Алтын Ордада Беркеге дейін де Исламды қабылдаған жұрттардың болғаны көптеген деректерде жазылған. Алайда Берке Ислам дінін мемлекеттік дін ретінде жоғары көтерді. Ислам стилі бойынша Сарай қаласын салдырып, ол қалада көптеген мешіттер мен моншалар тұрғызу жалғасын тапты. Бейбарыс пен Берке Құлағу қолын жеңгеннен кейін, Ніл мен Еділ арасы одан сайын жақындай түсті. 1266 жылы Берке қайтыс болғаннан кейін, өзінен тараған мұрагер болмағандықтан, тақ мұрагері болып Батудың немересі Мөңке (Меңгу) Темір отырады. Берке өмірден өткеннен кейін де Алтын Орда мен Мысырдың арасы алшақтаған жоқ. Мөңке Темір де Беркенің ізін жалғады. 1273 жылы Мысыр елшілері Сарайшыққа (Мөңке тұсында Сарай-жұқ деп аталды) келеді. 1277 жылы Бейбарыс қайтыс болып, орнына Берке сұлтан отырады. Ол да Мөңкемен байланысты үзбеді. Демек Бейбарыс Мысырды билегенмен оның қазақ даласына бір бүйрегі бұрылып тұрды қашанда, – деді Асылжан Дулати.
Іс-шараға келген студенттер өздерінің тарихи білімдерінің толыға түскенін, бұдан кейін де осындай кездесулердің көп болуын қалайтындықтарын айтып, тарады.
Шапағат ӘБДІР
sapagat.abdir@mail.ru
Келесі мақала