Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дешті-Қыпшақтан шыққан даңқты қолбасшы

Дешті-Қыпшақтан шыққан даңқты қолбасшы
ашық дереккөз
Дешті-Қыпшақтан шыққан даңқты қолбасшы
«Мәмлүктердің төртінші сұлтаны Бейбарыстың тұлғасы өте қызықты әрі қарама-қайшылыққа толы. Ол 1223 жылы дүниеге келді, содан кейін оны бала кезінде Аюби әулетінің сұлтаны Салық Нажим-ад-дин жеке жасағына жауынгерлікке тіркелген өзге түркі-қыпшақ құрамаларымен бірге сатып алды. Бейбарыс Сириядағы әскери дайындықтан өткеннен кейін, мәмлүктердің жасағына қосылды. Онда асқан қабілеттілігін танытып, әскери дәрежесі тез көтерілді. Ал Мансұр түбіндегі шайқаста талантты әскербасы ретінде көзге түсті». «Әз-Захир Бейбарыс Сұлтанның өмірнамасы» Сұлтан Бейбарыс – қазақ халқы мен Мысыр тұрғындарына ғана емес, әлемге танылған кемеңгер. Оның мемлекет құру ісіндегі табандылығы, ерен еңбегі мен мұрасы адамзат қадір тұтатын ортақ құндылыққа айналуы тиіс. Мысыр елін 17 жыл билеп, Мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған даңқты бабамыз Бейбарыс туралы көптеген ғалымдар құнды зерттеу еңбектер қалдырған. Кезінде жазушы, ғалым Т.Жұртбай өзінің «Дулыға» атты ғылыми еңбегінде: «Шындығында да, дүниені дүр сілкіндірген әйгілі адамдардың ішінде дәл Бейбарыстай тағдырдың тәлкегіне ұшырап, құлдық пен хандықтың арасында қатігез ғұмыр кешкен, өмірінің ақыр соңында Жер шарын шеңгеліне алуға ұмтылған моңғол шапқыншыларына да, «крест жорығын» бастағандарға да тойтарыс беріп, араб елін тұтас мемлекетке айналдырып, төрткүл елге әмірін жүргізген, таңғажайып аңызға айналған екінші тұлға жоқ. Қасіретімен де, қайшылығымен де, адалдығымен де, қатігездігімен де, ақыл-парасаттылығымен де өзгелерден дараланып тұрады. Ал қыпшақ даласында киіз үйде туып, есін білер-білместен құлдыққа сатылып, темір шынжырды сүйретіп Египеттің аралына барып, мәмлүктердің ұрып-соққанына шыдай жүріп, ақ түскен кемтар көзіне қарамастан, араб елінің тағына отырған қазақ баласы бұрын-соңды болған емес» деп жазды. Расында да ол қазақ баласы. Бұл сөздің растығына қазір ешкім де күмән келтірмейді. Бейбарыстың беріш руынан шыққандығы, жеті-он жасында моңғолдар мен византиялықтардың арасындағы сауда арқылы құлдыққа сатылғаны ғылымда дәлелденген, мойындалған шындық. Иә, араб елдерінің «Мың бір түнмен» қатар қоятын халық романы «Бейбарыстың» өзінде оның Хорезм, Дербент қыпшақтарынан тарағанын, әкесінің аты Жамақ, шешесі Әйек екені айтылады. Әрине, «Мәмлүктер» деген кімдер және Бейбарыстың осыншама тағдыр тәлкегіне ұшырауына қандай тарихи жағдай мәжбүр етті, оған жат жерде жүріп мемлекетті билеуіне қандай құдіретті күш қолтығынан демеді? Оны білмей, Бейбарыстың тағдырын түсінуіміз мүмкін емес. Мәмлүктер – мемлекет құлдары деген мағынаны білдіреді. Тарихқа үңіліп қарайтын болсақ, мәмлүктердің тарихы сонау ертеден бастау алады. Мәмлүктердің қалыптасуы Мұхаммед с.а.с. кейінгі ислам саясатына байланысты еді. Арабтар «газауат» – қасиетті соғыс жариялап, дүниенің төрт құбыласына аттанды. ІХ ғасырда пайғамбардың сахабалары Орта Азия мен Жетісу бойына да жетті. Алайда ислам дүниесінің ішінде пайғамбардың мұрагерлігінен үміткерлердің таласы жүріп жатты. Ақыры пайғамбардың қызы Фатима мен күйеу баласы Ғали-Арыстанның тұқымдары билікке ие болды. Олар жергілікті халықтан сескеніп, судандық қара зәңгілерді сатып алып, әскери өнерге үйретіп, оларды мәмлүктер – мемлекет жасағы деп атады. Бірте-бірте Ғали-Арыстанның әулеті сол мәмлүктердің ықпалынан шыға алмады. 1171 жылы түркі текті күрд елінен шыққан әскербасы Салах-ад-дин Аюби халифті тақтан ысырып, сүннет бағытын ұстанды. Ол енді түркі тектес халықтың өкілінен жасақ құрды. Ал моңғол шапқыншылығы кезінде нояндар тұтқынды өлтіруден гөрі, ақшаға сатқанды пайда көрді. Бұл кезде христианның уағызшы тақуалары «крест жорығын» бастап, «қасиетті жер» – Сирия мен Палестинаны жаулап алуға кірісті. Пайғамбардың жиені Фатима аш-Шаджрат-аддүрге үйленген Салық Нажим-ад-дин кәпірлерге қарсы үлкен күш жиды. Зерттеуші И.Фильштинский: «Оның әскерінің негізі көшпелі түркі қыпшақтары еді, бұларды Қаратеңіз жағалауында тұтқынға алған моңғолдар итальян көпестеріне құлдыққа сатты, ал олар мұны Египет сұлтандарына жөнелтті. Жас тұтқындарды ислам дініне енгізіп, мұсылмандарға ортақ ат берді, әскери өнерге баулып, сарай жасағына алды» деп жазды. Біз мәмлүктердің тарихына тағы да сәл кейінірек толығырақ тоқталатын боламыз. Міне, Бейбарыс та он жастан асқанда, Үстірт өңіріндегі қыпшақтардың беріш руы шапқынға ұшырағанда тұтқынға түсіп, Дамаскіде 800 дирхамға сатылған. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, 1253 жылы Онон өзенінің жағалауында моңғол әскер-халқының кезекті құрылтайы өткен. Онда Қытайдағы соғысты аяқтап шығу жөнінде шешім қабылданып, ол үшін ханзада Құбылай тағайындалды. Иерусалимді мұсылмандардан азат ету көзделіп, бұл ханзада Құлағуға тапсырылды. Бұның да өз тарихи, саяси себебі бар болатын. Батыстағы Рим папасы мен котолик шіркеуінің өкілдері, христиан әулиелері мен монахтары Плано Карпини мен Гильом Рубрук сынды бірнеше миссионер мұсылмандардан қасиетті жерді азат ету үшін және «крест жорығын» қуаттау үшін Қарақорымға бірнеше рет арнайы келіп-кеткен. Құбылай оңтүстік Қытай империясын бағындыру үшін қыпшақ пен алан әскерлерін алды, ал Құлағуға өздерінің туған елдерімен және олардың әміршісі ұлы хан Мөңкемен етене байланысты болған будда монахтары – ұйғырлардан, тибеттіктерден және қытайлықтардан құралған нөкерлер берілді. Әйтсе де, екінші жағынан, әскердің жергілікті халықпен байланысының жеткіліксіздігі салдарынан жеңіліске ұшырап қалу ықтималдығын болдырмау шаралары да қарастырылған-ды. Құлағу ханның әйелі керейттік Тоғызқатын христиан әрі солардың қамқоршысы болды. Штаб бастығы найман Кетбұқа ноян шын берілген несториан еді және ол да өз көмекшілерін діні бірлерден іріктеп алды. Ең ақырында Кіші Армения патшасы Гетум І де моңғолдармен одақ жасасты. Әскери экспедицияны даярлау барынша ыждаһаттылықпен жүргізілді. Жайылымдарды ешкімге тигізбей сақтап қалу үшін әскердің өтетін жолынан көшпелі халық қуылып тасталды, өзендер арқылы понтон көпірлер салынды, азық-түлік қоры әзірленіп, тас лақтырғыш машиналар үшін Қытайдан бір мың маман шақырылды. Құлағу әскері асықпастан жылжып отырды, сөйтіп тек 1256 жылдың қаңтарында ғана Әмударияның сол жағалауына өтті. Оның есесіне 1257 жылдың аяғына таман ол Ирандағы исмаилдықтардың барлық бекіністерін жойып жіберді, сөйтіп 1258 жылдың ақпанында Бағдатты басып алды. Сөйтіп, «жарты әлем астанасы» құлады. Гоби шөлінен келген көшпенділер бес күн бойына мұсылман әлемінің қақ төрінде білгендерін істеп, әбден ойран салды. Аббас әулетінің соңғы халифы қолға түсіп, өлім жазасына кесілді. Моңғолдарға Сирияға барар жол ашылды. Месопотамия мен Сириядағы Аюбидтер әулетінің сұлтандары шүбәсіз ерліктеріне қарамастан моңғол-христиан одақтарының құрбаны болды. 1187 жылы крест тағушылардан Иерусалимді тартып алған және 1192 жылы Арыстан Жүрек Ричардтың бетін қайтарған айбынды Юсуф Салах-ад-диннің арабтарға айналған күрдтері осы әулеттің негізін қалаушының қабілетіндей мықты қабілетке ие бола алмады және көп уақыттарын өзара соғыстармен өткізді. Бұл орайда тіпті бір дін жолындағыларға және туыстарына қарсы крест тағушылармен одақтасты. Бұл соғыста қатігездік қай кездегіден де күшейіп кетті, себебі моңғолдар тұтқындарын жазалаған кезде мейлінше азаптап өлтіру тәртібін қолдана бастады. Алепподағы, Дамаскідегі, Хамдағы, Хомстағы, Баниястағы мұсылман мешіттері жанып жатты, ал христиан шіркеулері жаудан қолға түскен мүліктермен безендірілді. 1259 жылдың көктемінде моңғол әскерлері Газа түбінде тұрды. Көпшілікке ислам үстемдігінің күні санаулы қалғандай көрінді. 1259 жылы шын берілген мұсылмандардың соңғы паналаған жері Мысыр болды. Ол жақта заңды басқарушылар Салах-ад-диннің ұрпақтары деп есептелді, ал іс жүзінде олай емес еді. Мысыр бай ел болатын, бірақ шаруалар немесе Каир базарындағы араб саудагерлерін әскери қызмет үшін жұмылдыру құр бекершілік еді. Олар Сұлтан қазынасына салықтар төлеуді білді, бірақ соғысуды білмеді және соғысқылары да келмеді. Сондықтан Аюбидтер судан мен Қырымнан әскери тұтқындарды сатып алатын да, оларды соғыс өнеріне үйретіп, әскери қызмет үшін пайдаланатын. Ал бұл құлдар мемлекет қарамағына жататын болғандықтан, оларды мәмлүктер (мемлекет құлдары) деп атаған. Олар елдегі ұйымдасқан, топтасқан және бірден-бір нақтылы күш еді. Олар исламның қас жауы – крест тағушыларды талай рет жеңді, дәл солар Людовик ІХ-ды жеңген жақтың еркіне көнуге мәжбүр етті. Бірақ билік жүргізушілер өздерін нашар басқарған сияқты болып көрінгеннен кейін, олар өкімет билігін өз қолдарына алды. «1250 жылғы 2 мамырда мәмлүк Бейбарыс өзінің жолдастарын бүлікшілік жасауға көтереді де, сұлтан Тұран-шахтың сарайын басып алып, осы ақылсыз баланы өлтіреді. Мәмлүктер сол баланың тағына Камилді отырғызады, бірақ ол үшін елді сұлтанның әйелі Шеджерет ад-дүрмен оның күйеуі болған мәмлүк, түркімен Айбек басқарады. 1257 жылы сұлтанның қызғаншақ әйелі опасыздық жасаған күйеуін у беріп өлтіреді, сол үшін мәмлүктер оны түрмеге отырғызады. Сөйтіп 1259 жылы Құттұз атты мәмлүк елді басқаруға ант береді. Және бұл титтей де ел ішінде күңкіл тудырмаған, өйткені елді моңғолдардан тек мәмлүктер ғана аман сақтап қала алатыны Мысырдағы жұрттың бәріне де әбден айқын еді» деп жазады зерттеуші А.Мюллер «Ислам тарихы» атты еңбегінде. Расында да ортағасырлық араб тарихшылары «Мәмлүктердің Отаны – Қара теңізден Хазар теңізі арқылы Түркістанға дейін созылып жатқан Қыпшақ даласы» деген деректер қалдырғанын біз жақсы білеміз. Атақты ғалым Лев Гумилевтің: «Мәмлүктердің моңғолдардан ала алмай жүрген жеке өштері бар болатын. Кезінде олардың бәрін де моңғолдар тұтқынға түсіріп, еріксіздердің базарларында басқаларға сатқан-ды. Өздерінің сатылғанын олар дәл бір азаттыққа қолдары жеткендей қабылдайтын әрі осының өзі мейлінше дұрыс еді. Мысырда олар соның алдында ғана сатылып, кәдімгідей жайғасып үлгерген өз жерлестеріне – қыпшақтарға, шеркестерге, түркімендерге тап болатын. Жаңадан келіп жатқандарға солар қолдау көрсетіп, барлықтары өздерін отанынан және еркіндіктен айырған моңғолдарға қарғыс айтатын» деуі қисынсыз пікір емес еді. Моңғол түмендері сол аласапыран кезеңде сансыз мұсылманға пана болған Мысыр шекарасына ешбір кедергісіз таяп келді. Құлағу хан Каирге елшілерін жіберді. Олар Құтыз сұлтанға хат әкелді. Сұлтан Құтыз хатпен танысқан соң он алты елшіні өлтіріп, тек біреуін ғана тірі қоя берді. Елшілер өлтірілген соң, енді соғыстың болатыны анық еді. Моңғолдардан төнген қауіп мәмлүктердің дүрдараз екі үлкен тобын біріктірді. Оның бірін Құтыз сұлтан, екіншісін өте беделді әмір Бейбарыс басқаратын. (Жалғасы бар) Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар