Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаржылық сауатың болмаса...

Қаржылық сауатың болмаса...
ашық дереккөз
Қаржылық сауатың болмаса...
Біреудің айтуымен еш уақытта смартфонға бағдарлама орнатпаңыз! Өйткені жұртшылық әлі де интернет-алаяқтарына алданып жатыр. Әлі аңғалмыз, әлі өзгеге өзіміздей сенеміз. Жамбыл облысы, Талас ауданының тұрғыны «Kaspi Bank» қызметкерімін деп қоңырау шалған бейтаныс бір әйелдің сөзіне сеніп қалған. Алаяқ алыста отырып-ақ оның атына 9 миллион теңге несие рәсімдеп жіберіпті. «Қалай істеген?» дейсіз ғой. Алаяқ: «Сіздің атыңыздан 15 миллион теңге несие алуға 4 рет әрекет жасалды. Бұл – алаяқтардың ісі. Олардың жолын кесу үшін телефоннан бір операция орындау керек» деп, «RustDesk» деген қосымшаны орнатуға көндірген. Бұл – телефонды қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін қосымша. Алаяқтар аңғал әйелдің телефонына еркін кіріп, жеке кабинеттерін басқарып, онлайн режимде бірнеше несие рәсімдеген. Жалпы шығын – 9 миллион 114 мың теңге. Көрдіңіздер ғой, бұл бәрімізге сабақ болатын жағдай. Есіңізде болсын, қандай да бір банктік операция еш уақытта да телефонмен жасалмайды. Ешкімге ешқандай дерек беруге, сенуге, карта деректерін сақтауға, смс-код жіберуге болмайды. Газетіміздің өткен сандарының бірінде біз «Қаржылық сауаттылық» айдарымен 6 миллион теңгеге алданған адам жайлы жазғанбыз. Қанша жерден жазылып, айтылып жатса да адамдар қаржылық сауатты меңгермегендіктен алданып қалып жатыр. Күлтай Сейтжанова да белгісіз бағдарламаны телефонына орнатамын деп алданған адамның бірі. – Өзім көпбалалы анамын. Кішкентайларым «You Tube» видеохостингінен мультхикаялар көріп жатқан. Бала тым кішкентай болған соң келген жарнамалардың бірінен «рұқсат етемін» деген батырманы басып жіберіпті. Содан кейін «WhatsApp»-ты, әлеуметтік желіні ашсам да, біреуге хабарласайын десем де белгісіз жарнамалар қаптап кетеді. Айтатыны бір бағдарламаны орнат дейді. Осыны орнатсам телефоным тазаланатын шығар деп орнаттым. Түннің бір уақытында баламның «TulparСard» жол жүру картасына ақша салайын деп шотыма кірсем, бүгін ғана түскен еңбекақым түгел жоқ. Сенбей қайтадан қарадым. Ішім бірдеңені сезді. Өз-өзіме есеп беріп қарасам, белгісіз бағдарламаны орнатқаннан солай болыпты. Оның үстіне интернет-сауданы жасау үшін лимитім ашық болатын. Не істеймін? Кімді сотқа беремін? Бәрі өзімнің аңқаулығымның салдары, – дейді күйінген ана. Енді алаяқтың кесірінен атына несие рәсімделген азамат қарызды жабуға міндетті ме? Осыны талқылайық. Ендігі жерде алаяқтың қолымен кредитке байланған азаматтар «зардап шегуші» деп танылады. Бірақ іс мұқият тексеруден өтеді. Қаржылық операциялар клиенттің еркінен тыс жасалды ма, жоқ па? Осы мәселе зерделенеді. Егер бөгде біреудің (алаяқтың) қолымен жасалған операция екені дәлелденсе, азаматтың қарыз алмағанын растайтын құжат күшіне енген күні қаржы ұйымы кредитті есептен шығаруы керек. Ал егер «зардап шегушінің» алаяқтарға несие рәсімдеуге өзі көмектескені, дербес деректерін, құпиясөзді өз еркімен бергені расталса, микроқаржылық ұйым ол қарызды азаматтың өзінен өндіріп алуға құқылы. Ол кезде кредитке өсімпұл, пайыз жүрмейді, тек негізгі сома жабылады. Адамдарды алдап келген алаяқтар енді үлкен компанияларға «ауыз сала» бастады. Бұл олардың шыңдала түскенін көрсетеді. Алып ұйымдардың ақшасын қағып алуды көздеген әккілер қорғансыз, тіпті кей жағдайда қаржылық сауаты жоқ қарапайым адамды оп-оңай торға түсіретіні белгілі. Алыста отырған алаяқ бар арам ойын смартфон арқылы іске асыруға тырысады. Өйткені қоңырау қабылдаған адам абдырап қалуға бейім. Алаяқтар көп жағдайда сол әлсіздікті ұтымды пайдаланып кетеді. Енді алаяқтар жай адамдарды қойып, компаниялардың есепші мамандарын мазалай бастаған. Бұл алаяқтық туралы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» (БЖЗҚ) мамандары хабарлап отыр. Олар қылмыскерлердің жаңа схемасын әшкерелеген көрінеді. Аталған қор тарапынан жарияланған ақпаратқа сүйенсек, олар өзін зейнетақы қорының қызметкері ретінде таныстырады екен. Яғни, қандай да бір компанияның бас бухгалтеріне қоңырау шалып, қатардағы қызметкердің зейнетақы шоты бұғатталғанын хабарлайтын көрінеді. Бұғаттан шығару үшін компания берешек соманың жартысын болса да салуға тиіс дегенді алға тартады. Басқа жағдайда зейнетақы жарналарын уақытылы есептемегені үшін компанияға айыппұл салынады деп қорқытады. Олжас Есжанов «Бірыңай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының төлемдерді ұйымдастыру және хабарландыру департаментінің бас маманы. Оның айтуынша, алаяқтар «зейнетақы қорындағы ақшаны шешіп алуға болады» дегелі адамдардың осы қордағы ақшасына ауыз сала бастаған. – Зейнетақы жарналарын төлеудің толықтығы мен уақытылы жүргізілуін қор емес, салық органдары бақылайды. Зейнетақы жарналарын ұзақ уақыт бойы төлемеген жағдайда аталған қор қызметкерлері салымшыларға төлем жасамау себебін анықтап, қажетті кеңес беру мақсатында ғана қоңырау шала алады. Қор қызметкерлерінің қаражатты белгілі бір шотқа аударуды талап етуге құқығы жоқ. Кез келген ақыл-кеңесті қор бөлімшелерінен де, қашықтан да алуға болады. Абырой болғанда, Қазақстанда мұндай алаяқтарға алданған компания жоқ екен. «Қаржылық сауат» БЖЗҚ-ға сауал жолдап, ел ішінде ондай фактінің тіркелмегенін білді. Бұл енді қисынға да келетін нәрсе. Себебі компанияларда жұмыс істейтін мамандар қаржылық тұрғыда сауатты келеді. Бірақ оларды алдауға әрекеттенген алаяқтарға қатысты фактінің тіркеліп жатқаны рас. Сондықтан кез келген жағдайда сақтық ережелерін ұстанған дұрыс. Белгілі бір соманы салғызу үшін бухгалтерге шот ұсынады, ал ол түптеп келгенде алаяқтардың шоты болып шығады, – дейді БЖЗҚ өкілі Олжас Есжанов. Тағы да қайталай кетсек, БЖЗҚ функциясы – қандайда бір компаниядан зейнетақы жарнасын төлеуді талап етуден тұрмайды. Мекемелер тарапынан зейнетақы жарналары уақытында төленіп жатыр ма, жоқ па, оны салық органдары бақылайды. Қосымша сұрақ туындаса, қордың ресми аккаунттары барлық әлеуметтік желіде бар. Байланысып, ақыл-кеңес түрінде көмек сұрауға болады. Интернет желісі арқылы алаяқтық жасайтындарға қатысты қолданылатын жаза қатаң. Ашық талқыға шығарылған ҚР «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында осылай жазылған. «Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – мүлкі тәркіленіп, 3 000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп, атап көрсетілген құжатта. Бірақ жаза қатаң болса да алаяқтар айылын жимай тұр. Тек өз-өзімізге абай болып, сауатты болсақ қана сақтанамыз. Оның үстіне «Сақтансаң сақтайды» деген бар. Әрқашан сақ жүрейік! Эльмира БАЙНАЗАРОВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар