Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Азық-түлік бағасын тізгіндеудің амалы қандай?

Азық-түлік бағасын тізгіндеудің амалы қандай?
ашық дереккөз
Азық-түлік бағасын тізгіндеудің амалы қандай?
Қарашаның тұтынар азығының бағасы көтерілмесе, арзандар түрі жоқ. Бұл үрдістің басталғалы соңғы айлар шегі емес, жылдар тоғысы болды. «Баға ауқымы шарықтап тұр, қымбатшылық қысып барады» деген секілді көкейтесті мәселе сан рет көтерілсе де оны көрер көз, естір құлақ жоқ! Ұзын құлақтан білсе де естімеген сыңай таңытады!  Әупірімдеп қана күнін көріп жүрген халықтың қарасы көп. Бейнетінің зейнетін тамақ пен жолақысына әрең жеткізіп, жан бағып, керегінен қыспаса, артылар емес. Көрсетілген деректерге сүйенсек, азық-түлік бағасы елде 15,4 пайызға артқан. Мәселен, астық бағасы – 50, картоп – 14,6, жеміс-жидектер – 9,3, сары май – 6,7, жарма – 6,3, жұмыртқа – 5,2, күріш – 4,3, ет және құс еті – 3, шұжық, кондитерлік өнімдер – 2,7, күнбағыс майы 2,5 пайызға қымбаттаған. Халық ең көп тұтынатын қант өнімінің бір келісі 500 теңгеге жуық сатылымға енді. Бұл әдеттегі бағасынан 10 пайызға көтерілген. «Magnum», «Фиркан», «Дәмді себет» секілді ірі сауда орындарының сөрелерінде қант тапшылығы байқалады. Қат болған қанттың құны бірнеше пайызға қымбаттағанына қарамастан, дүйім жұрт бірден қаппен сатып алып, аласапыранға салынып жатыр. Ресми мәліметтерге сенсек, қанттың 60 пайызы шет мемлекеттен тасымалданады, ал 40 пайызы өңірімізде өндіріледі. Көрші мемлекеттің саяси жағдайына орай қант өнімінің жүк тасымалын жеткізу қиынға соғуда. Сәйкесінше, жүк тасымалының бағасы 70 пайызға артқан. «Жалақы мөлшеріміз көтерілген жоқ, алайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы аспандап тұр. Дүкенге кіре қалсаң, қанттың жетіспеушілігі байқалады, бір адамға 2 келіден артық қант берілмейді. Үш айда азық-түлік тапшылығы болса, отбасымызды қалай азықтандырамыз деп ойымыз сан-саққа кетеді», деп халық өз наразылығын жеткізеді. Ал сатушыларға «Нарық құнының күннен-күнге өсуіне не себеп?» деген сауал жолдасақ, бағаның қымбаттауы өндіруші компанияның тауардың өзіндік құнын өсіруіне тығыз байланысты деп уәжін білдіреді. Қазақстан Дүниежүзілік даму банкінің жіктеуі бойынша, экономикасы орта деңгейден жоғары елдердің тобына жатады-мыс. Ендеше, неге жалақы мөлшері көтерілмей, шикізаттың бағасы асқақтап тұр? Себептерін саралап көрейік. Сарапшылардың айтуынша, еліміздің экономикасы көршілес орыс халқымен етене байланысты болғандықтан, Ресей мен Украина арасындағы соңғы ахуал Қазақстанды да айналып өтпеді. Мәселен, әлемдік тұрғыда әскери, саяси, қаржылық реттілікті қамтып отырған адуынды АҚШ мемлекеті Украина тарапын қолдағандықтан, Ресей елінің дүниежүзілік нарықтағы беделі құлдырау деңгейінде. Ресейлік мұнай экспорты төмендеп, рубль бағасының бәсеңдеуі теңге құнына кері әсерін тигізуде. Ресейге Батыс салған санкциялардың зардабынан Қазақстан үшін де импорттық тауарлардың бұғатталуы жүзеге аспақ! Салдарынан дағдарыс орын алып, шикізат бағамы күннен-күнге қымбаттай түседі. Сонымен, азық-түлік бағамын тізгіндеудің амалы қандай болмақ? Сұранысқа ие шикізат өнімдерінің қымбаттауына тосқауыл қою үшін үкімет бақылауында болуы шарт. Билік өкілдері қарашаны уайымдамауға шақырды. Тұрақтандыру қорларында әлеуметтік тұрғыдағы таңдаулы азық-түлік қорларының барлық түрі жеткілікті. Қант тапшылығы орын алмайды. Сақтау қорындағы қанттың мөлшері кемінде үш айға жеткілікті. Одан кейін де қант өндірісі жұмысын жалғастырып, қордың саны толықтырылып отырады. «Үш айдан кейін шикізат таусылып, дағдарыс орын алады» деген алып-қашпа сөздердің салмағы жоқ. Шетелдік импорт тасымалы жұмысын жалғастырып жатыр. Сондықтан да дүрлігуге негіз жоқ, – деп сендірді. Билік басындағы жауапты тұлғалар «шикізат құнымен қоса, жалақы мөлшері өсе ме?» деген сауалға мардымды жауап қайырмады, халықты дүрбелеңге салынбауға үгіттегенімен, арнайы мамандардың айтуынша, экономикалық тұрғыда Ресейге тәуелділігіміз бар болғандықтан осы елге қойылған шектеулердің ұшы Қазақстан үшін ұшан-теңіз болмақшы. Дегенмен қазіргі таңда Әзірбайжан, Грузия, Түркия мен Қазақстан арасында транскаспийлік сауда транзиті қарастырылуда. Бұл өз кезегінде Қазақстанның Еуропа нарығына шығуда Ресейлік үстемдіктен айырылуға себепкер болуы мүмкін дейді мамандар. Түйін: Біз зерделеген өзекті мәселенің қысқаша жай-жапсары осындай. Азық-түлік бағасының шарықтауы тек Қазақстанда ғана емес, күллі шартарапта көрініс тауып отырғанын ескеріп, аласапыранға салынбағанымыз жөн. Елді әуре-сарсаңға салған бұл дүрбелең де басылар күн алыс емес деп сенейік. Жақсы күннен үмітіміз үзілмесін!

Ажар НИЯЗБЕКОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің III курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар