Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАЗА ҚАТАҢ БОЛСА ДА, БРАКОНЬЕРЛІК ТЫЙЫЛАР ЕМЕСБРАКОНЬЕРЛІК ЕМЕС

ЖАЗА ҚАТАҢ БОЛСА ДА, БРАКОНЬЕРЛІК ТЫЙЫЛАР ЕМЕСБРАКОНЬЕРЛІК ЕМЕС
ашық дереккөз
ЖАЗА ҚАТАҢ БОЛСА ДА, БРАКОНЬЕРЛІК ТЫЙЫЛАР ЕМЕСБРАКОНЬЕРЛІК ЕМЕС
«Орман мен даланы мылтықпен емес, фотоаппаратпен аралайтын уақыт жеткен секілді», деген орыс ғалымы Климент Тимирязевтың сөзі арада бір ғасырдан аса уақыт өтсе де мән-маңызын жойған жоқ. 1843-1920 жылдары өмір сүрген табиғат зерттеушісі айтқан жағдайға жеткізбеу үшін елімізде талай жылдардан бері саладағы әкімшілік құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және анықтау, браконьерлік фактілердің жолын кесу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіліп-ақ жатыр. Алайда орман-тоғайды отап, өзен-көлдегі балыққа қырғидай тиіп, далада жортқан аң-құсты заңсыз атып, баға жетпес байлығымызға қасақана қиянат жасаушылар әлі де азаймай тұр. Сондықтан да облысымызда Табиғат-Ана сыйлаған ерен байлығымыз ұстағанның қолында, тістегеннің қолында кетпес үшін браконьерлікпен күрес жыл санап күшейе түсуде. Мәселен, Жамбыл облысы әкімінің 2019 жылдың 29 қазанындағы №241 қаулысымен «Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, республикалық және жергілікті маңызы бар табиғи аумақтарда құқықбұзушылықтарды болдырмау және жолын кесу міндеті жүктелді. Сонымен қатар облыс көлеміндегі орман қоры аумағында және еркін аймақтарда орман мен жабайы жануарлар дүниесін қорғау да аталған мекеменің негізгі қызметіне жатады. Бүгінгі таңда мекемеде 21 маман қызмет етеді. Сондай-ақ инспекторлар барлық техникалық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Аз уақытта-ақ ауқымды жұмыс атқарып, жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап жүрген «Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Әліби Сағындықов 2022 жылдың басынан бері облыс аумағында 42 рейдтік іс-шара жүргізіліп, заңды белден басқандарға 97 әкімшілік хаттама толтырылғанын айтады. Ал өткен жылдың қаңтар-сәуір айларында табиғат заңнамасын қорғау мақсатында 32 рейд жүргізіп, 52 әкімшілік хаттама түзілген екен. – Жамбыл облысы табиғат байлығына кенде емес. Алайда сайын даламыздың жортқан аңы мен ұшқан құсына қиянат жасаушылар аз емес. Сондықтан браконьерлікпен күрес бір сәтке де босаңсыған емес. Мемлекеттік органдармен бірлесе рейдтік іс-шаралар өткізіп, табиғат қаскөйлерімен күрес қарқын ала түсті. Сөз басында айтып өткенімдей, 42 рейдтік іс-шара өтіп, 97 әкімшілік хаттама толтырылды. Саралай айтар болсақ, 51 әкімшілік хаттама жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзғандарға (қоян, үйрек, қырғауыл), 33 хаттама балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзғандарға толтырылды. Балық аулаудың 4 фактісі бойынша акт толтырылып, екі острога (темір шанышқы), төрт қайық, 1 000 метрге жуық қытай торы, 80 кило балық тәркіленіп, полиция бөлімшелеріне өткізілді. Бір факті бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Салынған айыппұл мөлшері 336 930 теңгені құрап, толығымен өндірілуде. Мұнан бөлек орман қоры жерлерiнде, орман билетінсіз саңырауқұлақ және дәрiлiк өсiмдiктер жинағандардың үстінен 12 әкімшілік хаттама толтырылып, жауапкершілікке тартылды. Кеспеағаш қорын пайдаланудың, сүрек дайындау мен әкетудiң, орман материалдарын алудың белгiленген тәртiбiн бұзудың 1 фактісі (сексеуіл) анықталды. Әртүрлі деңгейде айыппұлдар салынып, ескертулер берілді. Салынған айыппұл мөлшері 1 091 959,5 теңгені құрап, толығымен өндірілуде. Сонымен қатар әкімшілік хаттама толтырылған азаматтардан 24 аңшы мылтығы тәркіленіп, оның ішінде 16 заңсыз еш жерде тіркелмеген аңшы мылтығы аудандық полиция бөлімшелеріне өткізілді, – дейді Әліби Сағындықов. Сондай-ақ жануарларды заңсыз аулау фактісі бойынша ерекше қорғалатын табиғи аймақтардан 7 әкімшілік іс қозғалып, аудандық соттарға жолданыпты. Ал Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мемлекеттік инспекторы Нұржамал Көлбаева 2022 жылдың басынан бері инспекция қызметкерлері облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, полиция департаментінің табиғатты қорғау полиция қызметкерлерімен бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес рейдтік шаралар жүргізіліп, 58 құқықбұзушылық анықталғанын айтады. 52 хаттама инспекциямен қаралып, 6 хаттама сотқа жолданып, оның 5-еуі сотпен қаралып, 1-еуі қаралу үстінде екен. Сондай-ақ инспекция маманы жылдағы жоспарға сәйкес «Уылдырық» іс-шарасы өткізілгенін жеткізді. – «Уылдырық» іс-шарасы кезінде 1 наурыз-25 мамыр айлары аралығында инспекция қызметкерлерімен барлығы 41 әкімшілік құқықбұзушылық дәлелдері анықталды. Барлығы 830 070 теңге айыппұл салынып, 585 030 теңгесі өндірілді. «Уылдырық» іс-шарасы барысында облыстың су айдындарының жағаларында жалпы алғанда ұзындығы 60 шақырым иесіз жатқан балық аулау торлары тәркіленіп, акт жасалып, өртелді, – дейді Нұржамал Көлбаева. Қазақстанда табиғатты қорғау саласындағы заңбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қатаңдатылғанын жақсы білеміз. Соған қарамастан табиғатқа қарсы қастандық әрекеттері тыйылар емес. Жоғарыда мамандар келтірген деректер осы сөзіміздің айғағы. Сондықтан сала мамандарының ардақты атамекеніміздің қасиеті де, киесі болып табылатын байлығымызды қорғау мақсатындағы жанкешті жұмысы қарқынды жалғаса бермек.

Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар