Руханият
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: «Халық ардақтысын ешқашан ұмытпайды»
- author AR-AY
- 1 қараша, 2023
- 492
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: «Халық ардақтысын ешқашан ұмытпайды»
– Доқтырхан аға, Таразға қош келіпсіз. Өткен жылы қатты сырқаттанып қалды деп естіп едік. Қазір хал-жағдайыңыз қалай? Күйлі-қуаттысыз ба?
– «Бірінші байлық – денсаулық» деп дана халқымыз қазақ бекер айтпаған ғой. Расында да денсаулық адамның баға жетпес байлығы, қайталанбас құндылығы екеніне өткен жылы тағы бір мәрте көзім жетті. Аллаға шүкір, алтын қолды дәрігерлердің арқасында дендеген дертті жеңіп шықтым десем де болады. Ауруханада үш айға жуық уақыт ем-дом қабылдадым. Бастапқыда диагноздар өте нашар болды. Бір жаман аурудың белгілері табылды. Дегенмен Құдай тілеулерін бергір, дәрігерлер жанымды аман сақтап қалды. Қазіргі таңда денсаулығым жақсы. Медициналық талдаулар қорытындысы дұрыс шығып, көңіл де жайланды.
– Қазір Алматы қаласының тұрғынысыз. Туған жерге жиі ат басын бұрып тұрасыз ба?
– Мүмкіндік бола қалса кіндік қаның тамған ауылға барып, аунап-қунап қайтқанға не жетсін?! Сондықтан қарбалас тірліктен қол қалт ете қалса ауылға жетуге асығып тұрамын. Туған жерді бір көріп, топырағына табаным тисе, бәрі-бәрі ұмытылып, иығымнан бір ауыр жүк түскендей бойым жеңілдеп сала береді. Менің түсінігімде ауылсыз қазақ жоқ. Өйткені мықтылар да, ұлылар да ауылдан шыққан, шыға береді де. Ауыл – алтын қазығымыз, алтын бесігіміз.
Негізі туған жерім – Жуалы ауданының Қарасаз ауылы. 1949 жылы дүниеге келдім.
«Қатарым-құрбым өсіпті,
Кимей-ақ киім пүліштен.
Тұсауды біздің кесіпті,
Соғыстың өзі қылышпен.
Балалық жасап, бүлінсек,
Бұқтырып уақыт алыпты.
Күрек пен айыр сүрінсек,
Құлатпай сүйеп қалыпты» деп ойшыл ақын Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі қиын кезеңге тұспа-тұс келді. Қиыншылық қыспаққа алған, елден ес, ерден дес кеткен қиын уақыт еді ғой. Сондықтан да еңбекке ерте араласып, ерте есейдік.
Орта мектепті бітірген соң Қаратау қаласындағы техникалық училищеге оқуға түсіп, электрмен дәнекерлеуші мамандығын алдым. Отан алдындағы әскери борышымды өтеп келгеннен кейін қазіргі Тараз қаласындағы үлкен құрылыстың бірінде жұмыс істеп жүргенмін. Ойламаған жерден Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетіне жұмысқа шақырылып, қуанғаннан төбем көкке жеткендей болды. Алдында газет-журналдарға жазған-сызғанымды жіберіп тұратынмын. Сол жылдары «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас Алаш») бірнеше очеркім, мақалаларым жарияланды. Көп ұзамай-ақ көршілес Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданындағы «Село жаңалығы» газетіне бөлім меңгерушісі болып жұмысқа ауыстым. Ал, 1977 жылы облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Аq jоl») газетіне жұмысқа шақырылдым. Облыстық газетте 7 жыл жұмыс істеп, талай жақсының жақсылығын, шапағатын көрдім. Ағаларымның қамқорлығын ешқашан ұмытпаймын.
Азды-көпті тәжірибе жинап, 1984 жылы талай жастың арманына айналған Алматы қаласына аттандым. Сол жылы Қазақ теледидарында редактор болып жұмысқа орналасып, Бас редактор, Бас директордың бірінші орынбасары, «Қазақтелефильмнің» Бас директоры сияқты жауапты қызметтерді атқардым. Қазіргі таңда Халықаралық «Түркі әлемі» телекомпаниясының Бас директорымын.
– Білуімізше, сіз жетекшілік ететін телекомпания қазіргі таңда Дінмұхамед Қонаев туралы деректі фильм түсіруде. Халқымыздың ұлы тұлғасына арналған туынды туралы тарқатып айтып берсеңіз...
– Халықаралық «Түркі әлемі» телекомпаниясының басты мақсаты – түркітілдес халықтардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, өнерін, тарихын, тарихи тұлғаларын насихаттау. Сондай-ақ туысқан халықтардың жоғалтып алған небір інжу-маржандарын тауып, осы мұралар арқылы жақындату, табыстыру. Осы мақсатта бірнеше жылдан бері ауқымды жұмыстар атқарылуда. Отыздан аса деректі фильм түсірілді.
Кезекті деректі фильм Алаштың ардақты перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа арналды. Жалпы бағасын халықтың жүрегінен әлдеқашан алып қойған ұлы тұлға, қарашадан хан дәрежесіне дейін көтерілген саясаткер Димекең жайлы түсірілген деректі фильмдер аз емес. Бірақ инкубатордан шыққан балапан секілді бәрі бірдей. Бірін-бірі қайталаған. Қазақстанды 40 жыл басқарғаны, 47 қала салғаны, қарапайымдылығы және басқа да жұртшылық бес саусағындай жақсы білетін деректерден ары аспайды. Сондықтан мән-мазмұны бөлек, көрерменге берері мол деректі фильм түсіруді көптен бері ойлап жүретінмін. Дегенмен түрлі себептермен мойным жар бермей жүрген. Күндердің күнінде Дінмұхамед Ахметұлының «Өтті дәурен осылай» деген кітабын оқып отырып деректі фильм түсіруге белді бекем буып, тәуекел етіп бастап кеттім.
– Ал «Түркі әлемі» телекомпаниясы түсіріп жатқан деректі фильм арқылы көрермен қандай тың деректерге қаныға алады?
– Халықаралық деңгейде түсіріліп жатқан деректі фильмнің аты – «Дінмұхамед Қонаевтың жеті ерлігі, жеті қасиеті» деп аталады. Әрине тізбелей берсек, Дінмұхамед Ахметұлының қасиеті де, ерлігі де таусылмайды. Бәрін қамту әсте мүмкін емес. Біз ең негізгілеріне, көпшілікке бәймәлім деректерге басымдық беріп отырмыз. Осы орайда бірнеше қасиетін, ерлігін айта кетейін. Мәселен қасиет қонып, құт дарыған қазыналы Маңғыстау өңірінің дамып, өркендеуіне зор үлес қосқан бірден-бір тұлға Дінмұхамед Қонаев екенін біреу білсе, біреу білмейді. Тарқатып айтар болсам, 1951 жылы Кеңес үкіметі атоммен қарулануды тездетуді қолға алады. Сөйтіп атом күшін сынау үшін өте үлкен көлемді, халық сирек тұратын жер іздеп, сынақ полигонын орналастыруға Маңғыстау өлкесі өте қолайлы деген шешім қабылдайды. Шұғыл іске кірісіп, тіпті алғашқы сынақ жасап та үлгереді. Сонда айдалада қой бағып жүрген қойшы 500 қойымен бірге жердің астына түсіп кетеді. Осыдан кейін полигон толық іске қосылғанда зардабы қалай болатынын көз алдыңызға елестете беріңіз. Ойлаудың өзі қорқынышты. Димекең табандылық танытпағанда Маңғыстау өңірінде тағы бір ядролық полигон салынып, қаншама мыңдаған адам дәрменсіз күйде ажал аждаһасының аузында қалып, миллиондаған адам азабы мен зардабын жылдар бойы тартатын еді. Сол жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүрген Дінмұхамед Ахметұлы қазақтың қазыналы өлкесіне полигон салуға қарсы шығып, шұғыл Маңғыстауға аттанады. Сөйтіп Манғыстау ауданының партия комитетінің бірінші хатшысы, өмірінің соңына дейін сыйласып өткен досы Төлеген Қағазовпен бірге өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, даму әлеуеті, болашақтағы мүмкіндіктері жайлы толық зерделейді. Бірнеше күнде жинаған құжаттарын қаттап, екі дос – Қонаев пен Қағазов арнайы комиссияның төрағасы Лаврентий Берияның қабылдауына барады. Дінмұхамед Ахметұлы Маңғыстаудың барлық мүмкіндігін, келешекте жер байлығын қалай игеруге болатынын, Одаққа тигізетін пайдасын Лаврентий Павловичке толық дәлелдеп береді. Шынымен-ақ Маңғыстау өңірінің жерінің асты да, үсті де қазынаға толы екеніне көзі жеткен Лаврентий Берия: «Маңғыстауларың өздеріңде қалды, байлығын тез игеру шараларын қолға алыңдар», дейді.
Қонаев пен Қағазов Алматыға келген бойда Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке сапарлары жөнінде толық мәлімет береді. Маңғыстаудың табиғи байлығын тез игеру жөнінде тапсырма алғанын айтады. Жағдайға қаныққан бірінші хатшы Маңғыстау байлығын игеруді тездетуді Дінмұхамед Қонаевтың жеке өзіне тапсырады.
КСРО басшысы Никита Хрущевтің Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған бірнеше әрекеті болғанын тарихтан жақсы білесіздер. Сондай сын сәттерде Қонаев өзінің емес, халықтың мүддесін қорғады. Осылайша сан мәрте одақ басшысы Хрущевтің өктемдігіне қарсы шығады.
Хрущев ойына алған мақсатына жету үшін нақты іс-шараларды жүзеге асыруға кіріседі. Əуелі «Маңғыстаудың мұнайын қазақтар игере алмайды» деген желеумен Маңғыстаудың мұнайлы аудандарын Түркіменстанға қосу туралы мəселені көтереді. ҚКП ОК бірінші хатшысы Д.А.Қонаев өктем өкімге батыл қарсы шығады. Сөйтіп Түркіменстан мен Қазақстанның мұнай өндіру ісі мен геологиялық-барлау жұмыстарына ғылыми сараптама бере отырып, бұл бағыттағы жұмыстардың барлық салалары бойынша Қазақстанның басқалардан көш ілгері екендігін, сондықтан да Маңғыстаудың мұнайлы аудандарын Түркіменстанға қосуда ешқандай экономикалық тиімділіктің жоқтығын, болмайтынын дәлелдейді. Қонаевтың тұжырымдарының негізділігі, дәлелділігі Никита Хрущевті өз ұсынысын кері қайтарып алуға мәжбүр етеді.
Сондай-ақ бір кездері Өзбекстан құрамына берілген Қазақстанның мақта өсіретін оңтүстік аудандары Д.А.Қонаевтың табандылығы, саяси мәмілегерлігі, қажырлы еңбегінің арқасында Қазақ Республикасының құрамына қайтарылғанын да ешқашан ұмытуға болмайды. Бес облысымыздың Ресейге қосылып кетуіне қарсы шығып, ұлан-байтақ жерімізді бөлшектеніп кетуден сақтап қалған да Қонаев еді. Бұл ретте Жұмабек Тәшеновтің еңбегін айтпай кетуге болмайды.
Деректі фильмде Димекеңнің осы және басқа да елдің игілігіне бағытталған ерлік істері және әрбір қазаққа үлгі боларлық қасиеттері қамтылатын болады.
– Өзіңіз Дінмұхамед Ахметұлымен кездестіңіз бе?
– Қазақ теледидарында 1984 жылдары «Алатау» бағдарламасы ашылып, редакторы болып тағайындалдым. Жұмыс барысына байланысты бір күні алғаш рет Дінмұхамед Ахметұлының қабылдауына кірдім. Шыны керек, оған дейін талай аудандық партия комитетінің бірінші хатшыларын көрдік қой. Шіренгенде жер қайысып кете жаздайтын. Ал Қонаевтың қарапайымдылығы қайран қалдырды. Аумағы ат шаптырым бөлменің есігінен кіргенім сол еді, орнынан тұрып, алдымнан қарсы шығып, өте жылы амандасты. Алдымен хал-жағдайымды сұрап, одан кейін әңгімеміз жұмыс барысына ауысты. Сонда маған: «Алатау» бағдарламасын ашыпсыздар. Қытайдағы, Моңғолиядағы қандастарымыз қазақтың ән-күйіне, өнеріне сусап отыр. Сондықтан ұлттық ән-жырымызды насихаттауға назар аударыңыздар» деп, бірқатар көкейінде жүрген ойларын айтқан болатын.
Кейін Қостанайға сапары кезінде де кездесіп қалдық. Әлі есімде, Қонаевпен дидарласып, қолын алуға ынтық халықтың қарасы көп болды. Сырттай бақылап тұрдым. Бір кезде жас жігіт келіп амандасты. Әлгі жігіттен амандық-саулықтан кейін: «Ауылдарыңызда қария бар ма?» деп сұрады. Тұс-тұстан «әрине, бар» деген дауыстар естіліп жатты. Сол кезде Димекеңнің: «Егер ауылдарыңызда қария болса береке бар, ынтымақ, ырыс бар» дегенін әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын.
Қостанайдағы сапарымызда Дінмұхамед Ахметұлының мінезінің сабырлылығына, қарапайымдылығына, әр нәрсеге ойлы көзбен қарай отырып, түйінін бір ауыз сөзбен шешетініне, жалпы адамшылық қасиеттерінің бәрі бір бойына жинақталғанына куә болдым. Сондықтан да шығар, халықтың Димекеңе деген махаббаты ерекше. Ағамыз дүние салғанда Қазақстанның көпұлтты халқы қалай қайғырды?! Үйінен шығарылған мәйіт Кеңсайға жеткенше көшенің екі жағында тұрып қоштасқан жұрттың тастаған гүл шоқтарынан асфальт көрінбей қалған. Бұл – халықтың шынайы махаббатының бір көрінісі. Бәрін алдауға болады. Әкімді де, ақынды да, бәрін-бәрін. Бірақ халықты алдай алмайсыз. Халық ардақтысын, асылын ешқашан ұмытпайды.
Деректі фильмді түсіру барысында халықтың Қонаевқа құрметінің тым ерекше екеніне көз жеткіздім. Қай өңірге бармайық, облыс әкімдіктері, жекелеген азаматтар қолдан келген көмектерін аямады. Халықаралық Қонаев қорының Жамбыл облыстық бөлімшесі де көп қолдау көрсетті.
– Деректі фильм көрерменге қашан жол тартады?
– Қазіргі уақытта соңғы түсірілімдері жүріп жатыр.Түсірілім жұмыстары аяқталғаннан кейін монтажы басталады. Алла қаласа барлығы сәтімен аяқталса, Алматы, Шымкент, Ақтау және Тараз қалаларында туындының тұсаукесері болады. Алдағы уақытта деректі фильмді түрік немесе ағылшын тіліне аударсақ деген де ойымыз бар.
Кім біледі, мүмкін Қонаев туралы деректі фильм өмірімдегі соңғы жобам шығар. Әйтеуір, Димекеңнің әруағы үшін халыққа сапалы дүние ұсынсақ деген ниетте жарғақ құлағым жастыққа тимей шапқылап жүрмін.
– Жасыңыз жетпістен асты. Соған қарамастан шаршауды білмей, үлкен жобалармен айналысып жүрсіз. Күш-қуатты қайдан аласыз?
– Табиғатымнан қол қусырып жұмыссыз отыра алмаймын. Әйтеуір бір нәрсемен айналысуым керек. Әйтпесе еш жерге сыймай, жарылып кете жаздаймын. Зейнетке шыққаннан кейін бірнеше жыл Түркияда жұмыс істеп келдім.
Осыдан бес жыл бұрын жұмыстың бәрін қойып, демалу туралы ойымды айтып едім, қасымдағылар қарсы шықты. «Қазір 69 жастасыз. Әлі тыңсыз, тағы 5 жыл жұмыс істеп беріңіз» деді. Көзді ашып-жұмғанша айтқан 5 жылдары да өте шықты. Енді демалатын шығармын. Орнымды басатын шәкірттерім, жастар жеткілікті.
– Ал жеке шығармашылығыңызға қалай уақыт табасыз?
– Кино мен жазуды қатар алып жүру оңай емес. Жеке шығармашылыққа кедергісін тигізген кезі де болды. Бірақ қанша қиын болса да жазуды тастаған жоқпын. Уақыт табамын. Кино түсіруден шаршаған кезде жазуға көшемін. Жазуды өндіріп жазып тастап, шаршағанда қайтып киноға барамын. Бір сөзбен айтқанда, жылқының қос тізгініндей қатар ұстап жүрмін.
Бүгінге дейін жиырма шақты кітабым жарық көрді. 2017 жылы «О дүниеден келген өкіл» атты сатиралық кітабым үшін Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атандым. Алла денсаулық берсе, әлі де жазатын, ойда жүрген дүниелер көп.
– Сөз соңында қазіргі қоғамдағы сізді алаңдататын мәселелер туралы білсек...
– Жанымды жегідей жейтін мәселелер аз емес. Әсіресе дін мен тіл жайы қатты толғандырады. Ескі көзқарастағы адамдар үш жүзге, ру-руға бөлінеді. Енді дін-дінге бөлінсек не болады?! Пайғамбарымыз іргесін қалап берген исламның ізгілік жолынан айнымауымыз керек. Дін мәселесіне байланысты көршілес Өзбекстан мемлекеті ерте қимылдап, діни ағымдардың жолын кесу мақсатында нақты жұмыстарды қолға алды. Бізде енді-енді көңіл бөліне бастады. Алайда ел ішін алатайдай бүлдіруге ниеттілер тамырын тым тереңге жайып алды. Енді мемлекет, қоғам болып күреспесек, зардабы жаман болады. Қазір қайраткерлік көрсетпесек, кейін кеш қаламыз.
Одан кейін ана тіліміздің жағдайы да алаңдатпай қоймайды. Байқасаңыз, қазір өзге ұлт өкілдерінің көбі балаларын қазақ сыныптарына береді. Ал керісінше өзіміздің қаракөздер балаларын орыс мектебіне, балабақшада орыс топтарына беруде. Себебін сұрасаң, қазақ мектебінде білім жоқ екенін айтады. Құй келісіңіз, құй келіспеңіз, әлі де осындай көзқарастағы адамдар бар. Енді бір 10-20 жылдан кейін бүгін орыс сыныбына барып жүрген қазақ балаларының жағдайы не болады? Дүбәра болып қалады ғой.
Жақында Алматыдағы қарттар үйінде жұмыс істейтін қарындасым жылап келді. «Көке, қарттар үйінде бұрын 80 пайыз орыс ұлтының өкілдері болушы еді, қазір қазақтар көбейіп келе жатыр» дейді. Кейін осы мәселені зерттеп көрдім. Сөйтсем, ата-аналарын қарттар үйіне өткізетіндер орысша білім алған, орысша ойлайтын өзіміздің қаракөздеріміз екен.
Ана тілдің мәртебесін көтеру мақсатында мемлекет тарапынан жұмыс істелмей жатыр дей алмаймын. Көңіл бөлініп-ақ жатыр. Дегенмен ана тілдің мәртебесі қандай да бір заңмен, жарлықпен, өткізіліп жатқан түрлі іс-шарамен өсіп кетпейді. Тіліміз тұғырына нық қонуы үшін қоғамдағы әрбір адам жанашырлықпен, жауапкершікпен қарап, атсалысуы керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала