Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ана мен бала құқығы – басты құндылық

Ана мен бала құқығы – басты құндылық
ашық дереккөз
Ана мен бала құқығы – басты құндылық
Мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыты – халыққа, оның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жағдай жасау, оларға қолдау көрсету. Сондықтан қоғамда қорғансыз қалған ана мен балаға қамқорлық таныту күн тәртібінен түспейді. Бұл тұрғыда қоғамда жүйелі жұмыстар жүргізу ісі жолға қойылған. Өңірімізде қиын жағдайға тап болған ана мен баланы қамқорлыққа алу, оларға қолдау көрсету арнайы мекемелер арқылы жүзеге асады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық соңы – ауыр қылмыс 2014 жылы Тараз қаласынан Жамбыл облыстық қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығын ашудағы басты мақсат – отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерді балаларымен бірге жанжал шығарғыш тараптан арашалап алу, оларды әлеуметтік жағынан қорғау. Мекеме директоры Жамал Қалыбекова әу баста 25 төсек-орындық болып ашылған орталық 2018 жылы бюджеттік бағдарламаға негізделіп, 27 төсек-орынға ұлғайтылғанын айтады. Мекеме ашылған уақыттан бастап бүгінге дейін 1187 қызмет алушыны қабылдаса, оның ішінде 365-і әйел, 822-сі бала екен. – Дәл қазіргі уақытта Жамбыл облыстық қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығын пана тұтып, отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 27 адам жатыр. Оның ішінде алтауы әйел, 21-і бала. Олардың барлығына күнделікті ас-суы уақытылы беріліп, тиісті арнаулы қызмет түрлері көрсетілуде. Оның ішінде 5 әйел-ана біздің көмегімізбен жұмысқа орналастырылса, 17 бала №10 орта мектепте білім алып жатыр. Жыл басынан бері орталықты 118 қызмет алушы пана тұтса, оның 33-і әйел, қалғаны кәмелет жасына толмағандар. Бекітілген стандартқа сәйкес орталықта әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік- еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық секілді 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет ұсынылады. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға көмек көрсетумен қатар, оның ішінде күйеуі әйеліне айтарлықтай зорлық-зомбылық көрсетпесе, ұдайы қорлап, құқығын таптамаған болса екі тарапты татуластырып, отбасылық өмірге қайта оралуына күш саламыз. Ал жағдай басқаша болса, заңдық тұрғыда көмек беріп, қолдау көрсетеміз. Мұның барлығы ана мен бала орталыққа түскеннен кейін зерделеу жұмыстарын жүргізу арқылы анықталады, – дейді Жамал Дүйсембайқызы. Қазақта «Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген сөз бар. Ерлі-зайыптылардың арасындағы ұрыс-керіс, бірі ашуға мінгенде екіншісінің сабыр сақтауы, табан астында жанжал туғанымен, артынша тіл табысып, ымыраға келуі көптеген отбасында кездесетін жайт. Ал күйеуінің ішіп келіп, әйеліне жұдырық ала жүгіруі, келін мен ене арасындағы бітпейтін дау-дамай, қайын әпке немесе қайын сіңлілерінің келінді түртпектеуі бұл бөлек әңгіме. Мұндай жағдайда күйеуі әйелін ұрып-соқпаса да балағаттап, нұқуы немесе бірге тұратын отағасының туыстарының түртпектеп, кекетіп-мұқатып, өздерінен төмен санауы оған көрсетілген қысым болып есептеледі. Мұндайда жағдайдың жақсы жағына қарай ойысуы сирек. Қайта уақыт өте келе ушығады. Әйел отбасындағы күштілерден зәбір көрсе, айналасындағы адамдар бұл іске бас ауырта қоймаса, онда мәселе заңмен реттеледі. Мысалы, осы жылдың қыркүйек айына дейін біз сөз етіп отырған орталықта арнаулы әлеуметтік қызмет алушыларға көрсетілген әлеуметтік-құқықтық қызмет түрі бойынша ішкі істер органдарына 16 арыз жазылыпты. Осылайша, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бап және 73-1-бабы бойынша 7 қызмет алушының жолдасы және отбасындағы мүшелері әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Бір қызмет алушының күйеуі 3 тәулікке әкімшілік қамауға алынса, тағы бірінің жолдасы 15 тәулікке жатып шыққан. Бір отағасы 1 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін айыппұл арқаласа, тағы бірінің қайын әпкесі 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеген. 8 қызмет алушының күйеуіне, біреуінің енесіне өз кінәсін мойындағаны үшін ескерту беріліпті. Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа неке бұзу туралы – 12, сот бұйрығымен алимент өндіру үшін – 16, баланы 3 жасқа толғанға дейін асырап-бағу мақсатында алимент өндіру бойынша 12 талап-арыз жазылыпты. Осы деректерден-ақ қоғамда қорғансыз бала мен әлсіз әйелге күш көрсету тыйылмай тұрғанын аңғаруға болады. – Мекемеде қызмет алушыға заңдық тұрғыда көмек дер кезінде көрсетіледі. Мәселен, А. есімді қызмет алушының 2019 жылы туған баласына әкелікті анықтау және алимент өндіріп алу үшін «Сот кабинеті» арқылы облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа талап-арыз жазылды. Сотқа дейін сот отырысына жауапкер белгілі себептерімен қатыспағандықтан, қазан айында болатын сотқа дейінгі ұйғарыммен қызмет алушы таныстырылды. Сот отырысына қызмет алушының мүддесін қорғау үшін кеңсе бөліміне сенімхат тапсырылды. А. есімді тағы бір қызмет алушының 2019 жылы алимент өндіру туралы сот бұйрығы шыққан. 2023 жылдың наурыз айында жолдасымен татуласып, алимент өндіру туралы сот бұйрығын және жеке сот орындаушының алимент өндіруді уақытша тоқтату туралы қаулысын жойып тастаған. Борышкерден қайта алимент өндіру үшін Жамбыл аудандық сотына «Сот бұйрығымен алимент өндіру» туралы 2019 жылы шығарылған сот бұйрығының дубликатын алу үшін Жамбыл аудандық сотына қызмет алушының тарапынан арыз «Сот кабинеті» арқылы жолданды. Г. есімді қызмет алушыға 2018 жылы Түркістан облысы, Бәйдібек аудандық соты алимент өндіру туралы сот бұйрығын шығарған. Бір жылдан кейін қызмет алушының өтініші бойынша борышкермен татуласып, отбасын сақтап қалу үшін алимент өндіру туралы сот бұйрығын уақытша тоқтатқан. 2018 жылдың 23 қазанынан бастап алимент өндіру туралы шығарылған сот бұйрығына сәйкес 5 баланы кәмелетке толғанға дейін күтіп-бағу үшін және ай сайын табысының бірден екі бөлігін осы жылдан бастап өндіріп беру туралы Түркістан облысы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасына арыз жазылып, «Қазпошта» мекемесі арқылы арнайы тапсырыс хатпен жолданды. Э. есімді бір қызмет алушының ақшасын өндірту үшін Н. есімді азаматқа қатысты Тараз қалалық сотына талап-арыз берілді. 700 000 теңге қарыз сомасынан 600 000 теңге өндірілді. Қалған қарыз сомасын қайтару туралы екі тарап өзара келісімге келді. «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орын­басары-Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы №263 бұйрығының 6-қосымшасы бар. Онда халықты әлеуметтік қорғау саласында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің стандарты атап көрсетілген. Аталған стандарттың 4-тарау, 19-тармағына сәйкес, көрсетілетін қызметтерді алушылар ішкі істер органдарына өтініш беруден бас тартқан жағдайда уақытша болу және тұру ұйымдары өз бетінше үш жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметтерді алушылардың дербес деректерінің құпиялылығын ескереді. Осыған сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты заңға қайшы әрекет фактісі бойынша келіп түскен қызмет алушы туралы ішкі істер органдарына екі ақпараттық хат жолданды. Жамбыл аудандық әкімшілік сотында бір қызмет алушының енесіне қатысты сотқа дейінгі татуласуға мүмкіндік беріліп, сот отырысында екі тарап бір-біріне кешірім беріп, жауапкерге әкімшілік ескерту жазасы қолданылды. Екінші қызмет алушы күйеуінің үстінен арыз жазудан бас тартып, жергілікті полиция қызметкерлеріне шара қолданудан бас тарту туралы түсініктеме берді, – дейді мекеме заңгері Айдана Биғабылова. Айдана Сатылғанқызының айтуынша, орталықта қызмет алушыларға қатысты 8 қатынасхат, бір шағым жазылған. Қорғау нұсқамасы 30 тәулікке қойылған қызмет алушылар саны – 18. Сенім телефоны арқылы 56 азаматқа құқықтық кеңес беріліпті. Дағдарыс орталығында қызмет алушының бірі – Тараз қаласының тұрғыны Гүлдерай Уақ (аты-жөні өзгертілді). Ол бізбен тілдесу барысында заңды некеде болған 8 жылда бес бала тапқанын, тұрмыс құрғалы күйеуі күн бермейтінін, үнемі ұрып-соғып, күш көрсететінін, өмірі қорлықпен өтіп жатқанын сөз етті. – Күйеуім өте қызғаншақ. Не болса содан қызғанып, маған кінә артудан, әйтеуір ілік тауып, қол жұмсаудан танған емес. Соңғы туындаған жанжал кезінде қатты соққыдан қабырғам сынып, тыныс алуым ауырлап кетті. Ауруханаға жатып, тиісті ем-дом қабылдап үйге барғанымда қайтадан таяқтың астына алып, тағы да 5 қабырғам сынды. Осылайша ауыр дене жарақатын алдым. Денсаулығыма, өміріме қауіп төнгеннен кейін амал жоқ, осы орталықты арқа тұтып келдім, мұнда келгеніме бір айдай уақыт болды. Балаларымның алды мектеп жасында, кенжем бір жаста. Солардың болашағы үшін осы күнге дейін төзіп келдім. Қазіргі таңда орталық мамандарына айтар алғысым шексіз. Ондағы түрлі сала бойынша қызмет ұсынушы мамандардың көмегімен мәселем біртіндеп шешімін тауып жатыр. Мысалы ауыр дене жарақатын алған мен денсаулығымның қайта қалпына келетініне күмәнданған едім. Өйткені қабырғамнан бөлек, денем, ішкі ағзаларым да қатты ауыратын. Қазіргі таңда дәрігерлерге әлі қаралып жүрмін, жағдайым біршама түзелді. Сонымен қатар орталықтың заңгері неке бұзу туралы өтінішіме орай қолынан келген көмегін беріп жатыр. Мұнда келгеннен бастап тегін тамақ беріліп, мені жеке бөлмемен, жеке гигиеналық заттармен, жатын орынмен қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта жолдасымның маған жасаған іс-әрекетіне қатысты тергеу амалдары жүргізілуде, оның ішінде күйеуімнен алимент өндіру үдерісі жүзеге асырылуда. Жұбайымның ағайын-туыстары жанжалдың үстінен түсіп қалып немесе менің шағымым бойынша ісімізге араласқан емес. Өйткені мен оларға көмек сұрап барған емеспін. Себебі арамыз бұдан әрі суып кетіп, одан сайын таяқтың астында қаламын ба деп қорықтым. Бір жағынан «Бес баламен қайда барамын, оларды жетілдіре аламын ба, балаларым әкесіз өсе ме?» деген сұрақтар отбасыммен айырылысып кетуіме ырық бермеді. Соңғы мәрте қатты таяқ жегенімде жылап, анама хабарластым. Шешем мән-жайдың қалай болғанын тәптіштеп сұрады. Анама ғана жаз айында алдыңғы төрт тісімді сындырғанын, одан да басқа уақыттарда қол жұмсаған кездерін жасырмай айттым. «102» нөміріне де көмек сұрап хабарласқан емеспін. Анам жағдайымды білген соң: «Бір жеріңді майып қылып немесе өлтіріп қоймай тұрғанда айырылысып кет» деген сарында кеңес берді. Мұндай қадамға өзім де амал жоқ барғалы тұрғанымды айттым. Сегіз жыл шыдадым, маған ешкімнің өкпесі жоқ деп ойлаймын, – деді ол. Кейіпкеріміздің күйеуінен қанша қорлық көрсе де оны жасыруға тырысқанын кейбір сөздерінен ұққандай болдық. Өйткені тісі сынып, сөздерді анық айта алмай қалған кездерде сұраулы жүзбен қараған адамдарға «Баланы босанғаннан кейін дұрыс күтінбегендіктен, уақыт өте келе тістерім түсіп қалды» деп жұбайының қылығын өзі жасырып-жапқан. – Менің таңғалатыным күйеуім мені өзгелерден еш қисынсыз қызғанады. «Сені түрің айтып тұр, бәрі де тегін емес, Құдай біледі, сен біреумен әуейісің» деп балағаттайды, ұрады, ар-намысымды таптайды. Тіпті туған-туыстарыма қоңырау шалып: «Сендердің қыздарың жүргіш, ол ондай, ол мұндай» деп, ортақ абыройымызды айрандай төккен кезі де болды. Соның барлығына көз жұма қарадым. Бір жолы күйеуім екеуміз тойға бардық. Сол тойда мен аздап ішімдік іштім. Абысын-ажындармен жарасымды көңіл көтердік, биледік. Сол кезде қасымызда отырған жиеніміз күйеуімді қинап, оған да арақ ішкізді-ау деймін, өзім көзбен көрген жоқпын, бірақ ішкенін үйге таксимен келгенде байқадым. Көліктен түсіп, үйге кіргенде төсекке сүйреді. Жыныстық зорлық-зомбылық көрсетуіне қарсылық білдіремін деп таяқ жедім. Ішкіліктен масайса ол не істеп, не қойғанын білмейді. Өзін-өзі басқара алмай қалады. Жалпы, балаларымның сабағы жақсы, оқу үлгерімі ойдағыдай. Мемлекеттен 5 балаға берілетін жәрдемақыны уақытылы алып отырмын. Өзім жұмыссызбын, негізі осы уақытқа дейін бала күтімімен үйде отырған жанмын. Қазір дәрігерлер денсаулығым түзелгенше жұмысқа шығуыма болмайтынын айтып отыр, – деді біз тілдескен кейіпкер. Айдана Биғабылова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрі көп екенін, оның бірі экономикалық зорлық-зомбылық, яғни әйелінің табысын өзі жұмсау немесе керегіне қаржы бермеу болса, одан бөлек күш көрсету, психологиялық, жыныстық зорлық-зомбылық секілді түрлері бар екенін сөз етті. Заңгер әйелді күйеуі еркінен тыс жыныстық қарым-қатынасқа тартса, жалпы кез келген отбасылық зорлық-зомбылықтың соңы қылмыстық жауапкершілікке, оның ішінде ауыр қылмысқа алып келетінін тілге тиек етті. Маман кейіпкерімізге қатысты істе күш көрсетумен қатар, жыныстық қарым-қатынасқа қатысты зорлық-зомбылық сипаты да бар екенін жеткізді. Медициналық қызметтің маңызы зор Өткен қыркүйек айының соңына дейін аталған орталықта әлеуметтік-медициналық қызмет түрі бойынша көмек алғандар да жетерлік. Мысалы, Тараз қалалық көпбейінді балалар ауруханасына 10 бала жатқызылса, 6 бала ауруханаға жеткізіліп, мамандардан кеңес алыпты. Облыстық перинаталдық орталыққа 1 әйел жөнелтіліп, мамандар кеңесі берілген. Жедел жәрдем 31 мәрте шақыртылса, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына 8 бала жатқызылған. №1 қалалық көпбейінді ауруханаға 1 әйел қабылданған. Орталыққа қабылданған қызмет алушылардың 20 пайызы ауыр дене жарақаттарымен түседі екен. Аталған дағдарыс орталығының мейірбикесі Айнұр Пернебек түрлі дене жарақаттарымен келген қызмет алушыларға мекеме мейірбикесі ретінде алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсетіп, жарақатын қарап, ауырсынуды басуға арналған дәрілер беретінін айтады. Ашық жарақаттары болса дәкемен таңып, одан кейін жедел жәрдем көлігін шақыртып, ауруханаға жеткізеді екен. Орталық жартылай жабық мекеме болғандықтан қызмет алушылардың денсаулық жағдайына көп көңіл бөлінеді. Түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында қызмет алушыны қабылдау кезінде жеке бас тазалығына назар аударылып, менингит, дифтерия және бак-пасев бактериологиялық зерттеулерден, АИТВ қан талдауынан және кеуде қуысы флюорографиясынан өткізіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары көп жағдайда қоқан-лоқы көрсетушінің еркіндігін шектеуінен (емханаға жібермеу) және экономикалық қысым көрсету салдарынан өз денсаулықтарына ғана емес, кәмелет жасына толмаған балалардың да денсаулығы өте ауыр жағдайда болатын көрінеді. Орталық көмегіне жүгінген қызмет алушылар №9 қалалық емханаға тіркеліп, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға толықтай жағдай жасалыпты. Осы жағдайға байланысты мейірбике бірнеше оқиғаны мысал ретінде айтып берді. Мәселен, 2022 жылдың 21 қыркүйегінде орталыққа келген қызмет алушы Тараз қаласынан келген Ж. есімді тұрғын кәмелет жасына толмаған 3 баласымен қабылданған. Балалардың екеуінің денсаулығы өте ауыр жағдайда болыпты. Денсаулықтарында өмірге аса қауіпті белгілердің бар екенін біле тұра, емханалардың көмегіне жүгінуге қызмет алушының күйеуі мүлде мүмкіндік бермеген. Ж. есімді қызмет алушының кәмелет жасына толмаған А. есімді бұрнағы жылы туған қызына «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығында» ашық артериалдық канал диагнозы бойынша ота жасалыпты. – Ж. есімді тағы бір қызмет алушының кәмелет жасына толмаған З. есімді қызы туабітті ақаумен дүниеге келген. Бала өз бетінше тамақтанып, отыру, аунау сияқты физикалық мүмкіндіктерінен айырылған және баланың иммунитетінің әлсіз болуынан жиі инфекциялық аурулармен ауырып, дене қызуы көтерілген жағдайда ұстама (судорога) ауруы жиі қайталанатын. Дәрігерлердің бастапқы қойған диагнозы «Эпилепсия» болатын. Орталыққа қабылданған соң №1 қалалық емхананың дәрігерлері қолға алған жұмыстың арқасында жағдайы түзелді. Оның денсаулығының қалыпты болуына, жалпы жағдайының жақсаруына ауруханаға жиі жатқызылуы септігін тигізді. Бойында талма немесе ұстама ауруы бұрынғыдай жиі қайталанбайтын болды және жүйелі жүргізілген емнің арқасында балада оң өзгерістер байқалды. Аунау, қолын аузына апару және басын бұрып қарау сияқты физикалық белсенділік пайда болды. Дәрігерлердің қабылдауында болып, ауруханада жүргізілген тексерулердің нәтижесінде мүгедектігіне байланысты жәрдемақы тағайындалып, «Бұлшық ет астониясы» және «Эпилепсия» диагнозы қойылды. 2023 жылдың ақпанында қабылданған Меркі ауданынан келген Ж. есімді азаматша тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан болған жанжал әсерінен сол құлағының естуі нашарлап, 2010 жылдан бастап есту құрылғысымен жүрген. Орталыққа келген сәтте тіпті құрылғы арқылы да құлағының естуі қиын екеніне шағымданып, менің көмегіммен есту аппараттары бойынша маманның қабылдауында болды. Ол маман қызмет алушының есту қабілетін құралдар арқылы тексеріп, ауруы алғашында қойылған «Есту қабілетінің жоғалуы I сатысынан», «Есту қабілетінің жоғалуы III сатысына» нашарлағанын анықтады. Осы жылдың 13 ақпанында қабылданған Меркі ауданынан келген Л. есімді азаматшаның жағдайы аса ауыр күйде еді. «Туабітті есту қабілетінің жоғалуы» диагнозымен орталыққа келгенге дейін ешбір емханада денсаулығына байланысты тексеруден өтпеген. Бір ғана есту жүйесі емес, екі бірдей құлағының есту қабілеті тексеру нәтижесінде III және IV деңгейде екені белгілі болды. Жағдайының ауыр болғаны соншалықты, тіпті жанында сәбиінің жылап жатқанын да естімейтін халде еді. №9 қалалық емханаға тіркеліп, профилактикалық тексеру кезінде жатыр ішілік ісіктің де бар екені анықталды. Осыншалықты жағдайының ауыр екенін көрген орталығымыздың директоры Жамал Дүйсенбайқызының қолдауының және «Анаға тағзым» орталығы ұжымының көмегінің арқасында Меркі ауданынан келген Л. есімді азаматшаға қаржы жиналып германиялық есту аппараты сыйға тартылды. Туабітті есту ақауы бар қызмет алушы алғашында түрлі дыбыстарды естіп, таңғалып, көз жасына ерік берген сәттеріне куә болдық. Осы оқиғаларды негізге ала отырып қызмет алушылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан медициналық ұйымдардың көмегіне зәру екендігін айта аламыз, – дейді Айнұр Нұрланқызы. Мәдени іс-шараның мәні бөлек Аталған дағдарыс орталығында қызмет алушылар үшін әдеби, мәдени, рухани іс-шаралар да тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Орталықта жатқан қызмет алушылар жыл басынан бері А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында қойылған «Мұғалім», «Беу, қыздар-ай!» драмасын тамашалаған. Сонымен қатар орталықта «Ананың аялы алақаны» атты тренинг ұйымдастырылған. Тренингке қонақ ретінде кәсіпкер, «Шебер шаңырақ» ұйымының басшысы Анар Бексұлтан мен облыстық полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Диляфруз Кенжеханова шақырылыпты. – Алғыс айту күні мерекесіне орай «Алғыс айту – парызым» атты мерекелік ертеңгілік өтіп, қызмет алушылар мен олардың балалары орталық қызметкерлерін құттықтап, алғыстарын білдірді. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Қыз – гүл, ана – өмір шырағы!» атты мерекелік концерттік бағдарлама өтті. 18 наурыз күні «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты тақырыпта концерт өтіп, онда мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың «Бозторғай» үлгілі ән-би ансамблі өнерпаздарының өнерлері назарға ұсынылды. Көктемде Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен «Жүрейік, жүрек ауыртпай» атты трагикомедиясына қызмет алушылар қатыстырылса, 28 наурыз-24 маусым аралығында қызмет алушылар «Домалақ ене» атты символикалық драманы тамашалап, сәуір айында «Сыған серенадасы» атты қойылым назарға ұсынылды. Зейнеткер аналардан құралған «Ретро» ансамблі мекемеге келіп, өнер көрсетті. «Бірлігі жарасқан Қазақстан», «Елін қорғау – ерге серт» атты тәрбие сағаты мен «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты концерттік мерекелік іс-шара, Халықаралық отбасы күніне орай, «Отбасы – өмір аясы» атты спорттық эстафеталық сайыс өткізілді. «Жас қанаттар» жастар ұйымы орталықтағы балаларды Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай «Kids park» ойын-сауық орталығына және «Yusha» аяқкиімдер дүкеніне апарып, сыйлықтар үлестірді. Сондай-ақ «Бар мейіріміміз балаларға» атты ойын-сауық концерттік бағдарламасы өтті. Біз сөз еткен облыстық қазақ драма театрында өткен «Жандауа» атты трагедиялық көріністі жаз айында да қызмет алушылар тамашалап қайтса, келесі кезекте «Төрткүл ханзадасы» атты ертегіні балаларымен бірге көрді. Сол секілді «Астана – көркем қала» атты тәрбие сағаты өтті. Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай «Ардың шыңы – Ата Заң» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды, – дейді мекеме басшысы. Орталықтағы сенім телефоны арқылы 101 азамат консультация алыпты. Жыл басынан бері Жамбыл ауданында, сәуір айынан бастап Т.Рысқұлов ауданы мен Байзақ ауданында, 15 маусымнан бастап Талас ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік-психологиялық кеңес беру кабинеттері ашылыпты. Осы жылдың қыркүйек айында Шу ауданындағы кеңес беру кабинетінде 88 қызмет алушыға, Жуалыда – 54, Меркіде – 50, Сарысуда – 79, Жамбылда – 61, Т.Рысқұлов ауданында – 65, Байзақта – 72, Таласта 46 қызмет алушыға консультациялық көмек көрсетілген. Сенім телефондары арқылы Шу ауданында – 108, Жуалыда – 29, Меркіде – 76, Сарысуда – 41, Жамбыл ауданында – 75, Т.Рысқұлов ауданында – 55, Байзақта – 78, Талас ауданында 32 азаматшаға кеңес берілген. Тараз қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық кеңес беру кабинетіне кеңес алуға келген 71 әйелге осы қызмет түрі ұсынылып, сенім телефоны арқылы 187 адам психологиялық кеңес алған. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар