Тұзды емнің пайдасы мол
«Астың дәмін тұз келтіреді» деген халқымыз тұздың денсаулыққа пайдалы қасиетін ертеден-ақ байқаған. Көне көз қариялардың «Тұзды иығыңнан үш рет асырып сермесең, барлық аурулар мен жамандықтан аулақ боласың» деуі де оған деген сенімді білдірсе керек.
Тұздың созылмалы, вирустық ауруларға ем екені медициналық тұрғыда да әлдеқашан дәлелденген. Кәдімгі ас тұзы ауыз қуысы мен тұмауды емдеуге жақсы көмектеседі. Тіпті тұзды пайдаланып, буын мен тамыр, суық тию, тұмау секілді созылмалы аурулардан арылуға болады. Таразда осы тұзды еммен өкпе ауруларының алдын алуға өте пайдалы құрылғы жасап шығарған өнертапқыш жайлы көбі біле бермейді. Қаламызда жасалған емдік аппарат Қазақстанның бірнеше қалаларында сәтті қолданылуда.
Тұзды емнің адам ағзасына пайдалы екенін жақсы түсінген жанның бірі – Юрий Матюшков. Тараздық өнертапқыш осы тұз терапиясы қажет науқастарға «Бриз» ионды-аэрозольдік аппараттық кешенін құрастырып шығарған. Емдік құрылғыға ауқымды сынақтар жүргізіп, іске толық жарамды екені анықталған соң өз атына патенттеген.
Шебер өзі жасаған бұйымның пайдасы барына нақты көз жеткізген соң емдік аппаратты №1 Тараз қалалық балалар ауруханасына сыйға тартыпты. Бұл аталған медициналық мекеменің дәрігерлеріне аурушаң балалардың денсаулығын қалпына келтіруге және жақсартуға мүмкіндік беруде. Енгізілген жаңашылдықты қалалық №1 балалар ауруханасының бас дәрігері Райымбек Нұржанов та жоғары бағалап отыр.
– «Бриз» ионды-аэрозольді аппараттық кешенін емханамыздың бірнеше бөлімшелеріндегі емделушілерге бірден қолдануға болады. Әсіресе пульмонология бөлімшесінде жатқан бронх-өкпе патологиясы және пневмониясы бар балалардың емі үшін таптырмас құрал. Сондай-ақ құрылғы соматикалық бөлімнің дәрігерлерінің жұмысын жеңілдетуде. Себебі соматика бөліміне бронх-өкпе патологиясымен ауыратын бір жасқа дейінгі балалар жиі түседі. Баланың денесі үшін тұз процедураларынан өту теңіз жағалауына жасаған сапармен тең. Біз пациенттерді емдеудің кешенді тәсілінде бұл қондырғының пайдасы айтарлықтай дәрежеде болатынына сенімдіміз. Ұжым Юрий Матюшковқа сыйға тартқан құрылғы үшін үлкен алғыс білдіруде, – дейді Р.Нұржанов.
Қарапайым тұздың қасиеттерін пайдалана отырып, түрлі ауруларды емдеу және алдын алу әдісі бұрыннан бар. Мысалы, тұз шахталарында атмосфераның өзі адамға ем. Мақаламызда сөз етіп отырған тұзды үңгірлер алғаш рет Еуропада, яғни Польшада қолданыла бастаған. Сонау он тоғызыншы ғасырдың ортасында дәрігер Феликс Бочковский Краков қаласындағы «Величко» тұз шахтасының кеншілері арасында демікпе ауруының жоқтығын байқайды. Ол осылайша кеншілердің тұмау секілді дертпен ауырмауының себебін зерттей бастады. Барлығы да тұздың емдік қасиетінің арқасында екенін түсінеді. Осылайша 1859 жылы осы шахтада алғашқы «өкпе тұзы ауруханасы» ашылады.
Тыныс алу мүшелерін емдеуге арналған инновациялық тұз қондырғысы балалар ауруханасында ғана қолданысқа енгізілген жоқ. Өнертапқыш психофизикалық дамуы жағынан ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Dara Bala» дамыту орталығына да ион-аэрозольдік аппараттық кешенін сыйға тартты. Құрылғы- осында білім алып әрі педагогикалық және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетіліп жатқан балаларға нағыз керек аппарат. Жалпы адамның, оның ішінде әр баланың денсаулығы алдыңғы орында тұруы тиіс. Сондықтан тұз терапиясына арналған құрылғыны орталық қызметкерлері қуана қабыл алды. Қазір тұз үңгіріне әр топтағы балалар келіп, 10 минуттай ішінде ойнайды. Тәрбиешілер алдымен бөлмені желдетіп алады. Одан кейін тұз қоспасы бар арнайы құрылғы тоққа қосылып тұрады. Сол тұзды ауаны жұту балаларға өте пайдалы.
Бүгінде психологтар баланың саусақ ұшындағы ұсақ моторикасын дамытуда құммен ойнаудың маңызы зор екенін айтады. Бұл да сол секілді. Бөлменің қабырғалары түгел тұздан тұрады. Жерге төселген тұзда әртүрлі ойыншықтармен ойнау да балаларды зеріктірмейді. Мұндай бөлме түрлі респираторлық және тері ауруларына шалдыққандарға, жүрек-қан тамыр ауруларына ем екен. Тұз терапиясының тағы бір артықшылығы, көңіл күйді жақсартуға көмектесетін иондарға бай екені де дәлелденген.
– «Dara Bala» дамыту орталығында ерекше балалармен жұмыс істейтіндіктен, инсталляциямды сыйға тартқан жөн деп шештім. Бұл бүлдіршіндердің өкпесін, тыныс алу жолдарын тазартып, тұмау дертінің алдын алу үшін таптырмас ем. «Бриз» –
шетелдік қымбат және көлемді жасанды тұз үңгірлеріне тамаша балама. Құрылғының құны өзге елдерден сатып алынатын тұз үңгірлерінен он есе төмен. Алайда, бала өмірі үшін үлкен жауапкершілік арқалап тұрғанымды жақсы түсінгендіктен, аурухана мен дамыту орталығына жайдан-жай сыйға тарта салған жоқпын. Жаңашыл емдік аппарат облыстық денсаулық сақтау басқармасының рұқсатын алғаннан кейін ғана пайдалануға берілді, – дейді Юрий Матюшков.
Өнертапқыш бірнеше ай бойы өз құрылғысын жасау үшін аз уақыт кетірмепті. Негізінде бұл тұзды үңгірге қажет құрылғыны жасап шығару Юрийдің көптен бері ойында жүрген. Құрылғыға «Бриз» атауы тегіннен-тегін қойылмаған. Бриз деп теңізден соғатын тұзды желді атайды. Бұл атау құрылғының жұмысының мәнін айқын көрсетіп тұр.
Аппараттың қалай жұмыс істейтініне тоқталып өтсек, «Бриз» мөлшері 1.5 микрон болатын натрий хлоридінің жоғары дисперсті құрғақ аэрозолін шығарады. Құрылғы оны ауаға шашады да, табиғи тұз шахталарының микроклиматын жасанды түрде қалпына келтіреді. Тұзды шаң жай көзге көрінбейді. Дегенмен қондырғы жұмыс істейтін қараңғы бөлмеде жарық сәулесінде жеңіл тұманды байқай аласыз. Бұл –
натрий хлоридінің аэрозолі. Тұз үңгірі бөлмесінде компрессор ауаны механикалық және биологиялық тазартуды және нақты тұзды тұманды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бөлмені оттегі аэроиондарымен қанықтыратын және тыныс алу жүйесін емдеу мүмкіндіктерін кеңейтетін әрі дененің иммунитетін арттыруға көмектесетін қосымша «озон бұлты» құрылғысы жұмыс істейді.
Құрғақ аэрозольдің әсер ету механизміндегі ең негізгі тұсы – тыныс алу жолдарының шырышты қабығына тегіс бұлшықет аппаратына әсері. Натрий хлоридінің аэрозольі қақырықпен бірге патологиялық микрофлораның бір бөлігін және оның қалдықтарын тыныс алу жолдарынан шығаруға көмектеседі. Натрий хлоридінің құрғақ жоғары дисперсті яғни газ, сұйық не қатты ортада біркелкі таралған көптеген ұсақ бөлшектерден тұратын жүйелері тыныс алу жолдарына қабынуға қарсы әсер етеді және дененің жалпы қорғанысын жақсартады. Бұл әдіс физиотерапия және реабилитациялық медицина әдісі ретінде емдік қолданыста бұрыннан бар.
Юрий Матюшков Санкт-Петербургтегі Ресейдің пульмонология және курортология ғылыми-зерттеу институтын осы саланың көшбасшысы деп санайды. Әрі аталған оқу орнымен 30 жылдан астам уақыт бұрын әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Көпшілік біле бермейтін тараздық өнертапқыш өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері Қазақстан мен Ресейде тұз шахталарын салумен айналысады.
Ғылыми әдебиеттерде де спелеотерапияның жанама әсерлері жоқ екені айтылған. Сондықтан оны барлық жастағы адамдарға, соның ішінде жас балалар мен жүкті әйелдерді де емдеуге болады.
Сәулелік емдеу әдісінің тиімділігі ересектерде 85 пайызға дейін, ал балаларда 96 пайызға дейін жетеді. Тұзды емдеу әдісі ауруға қарсы дәріні азайтуға мүмкіндік береді.
– Тұз шахталарының микроклиматы аллергендер мен патогенді микроорганизмдердің болмауын толықтай қамтамасыз етеді. Тұз бөлмелеріндегі стерильділік деңгей операциялық бөлмелерге қарағанда әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. «Бриз» қондырғысы гало камераларына қарағанда әлдеқайда тиімді деп айта аламын. Ол микроклимат параметрлерін реттеуге мүмкіндік береді. Шипалық құрылғым шығыны мол материалдары қажет етпейді. Аппараттық кешен қарапайым ас тұзы арқылы жұмыс істейді. Тұзды емдік мақсатта қолдану тәжірибесі ғылыми дәлелденген, – дейді Ю.Матюшков.
Өнертапқыш өзінің құрылғысына пайдалы, қолданысқа қолайлы тетіктер қосып, оны үнемі жетілдіріп отырады. Ең маңыздысы Юрийдің сатылымдағы барлық құрылғылары екі жылдан бері Астана, Алматы, Қарағанды және басқа қалалардағы түрлі білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде ешбір шағымсыз жұмыс істеп келеді.
Айтпақшы, Юрий Матюшков «Бриздің» механикалық басқаруы бар бірінші нұсқасын жетілдіріп жатқанда, өнертапқыштың Томсктегі ұлы Сергей осы құрылғының цифрлық басқаруы бар нұсқасын құрастырумен айналысып жүреді. Бұл нұсқада аппаратты дербес компьютерден де, «iPhone» маркалы смартфоннан да басқаруға болады. Кейіпкеріміздің ұлы Сергей Матюшков «TUSUR»-да (Томск мемлекеттік басқару жүйелері және радиоэлектроника университеті) осы құрылғы жайындағы жобаны сәтті қорғап шыққан. Нәтижесінде ойын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грантты жеңіп алады. Сонымен қатар жеке зертханасын ашады. Сергей құрастырған «Бриздің» цифрлық нұсқасын әртүрлі режимдер мен жұмыс уақыттарына қарай бағдарламалауға болады. Кешенді тіпті бала да басқара алады. Кейіпкеріміздің ұлы жеткен жетістік мұнымен тоқтамайды. Ол университетте оқып жүргенде онкологияның ең күрделі түрі – саркоманы емдейтін аппаратты жасап шығаруға белсене атсалысқан. Окнология дертіне ем болатын құрылғы клиникалық сынақтардан өтіп, жақсы нәтиже көрсеткен. Өнертапқыштар әулетіндегі ұрпақтар сабақтастығы осылай жалғасуда.
Өкінішке қарай, жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауыратындар саны, әсіресе қаламыздағы білім беру ұйымдарында жоғары деңгейде қалып отыр. Әсіресе мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлері жиі ауырады. Дегенмен, мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде «Бриз» орнатылып, емдеу процесі аптасына екі рет бүкіл сыныптар мен топтар бойынша жүргізілсе, онда өкпе инфекциясы 96 пайызға төмендеуі мүмкін. Әрі бұл бұл қомақты қаржыны үнемдеп, балалар мен ересектердің денсаулығын жақсартуға септігін тигізер еді. Мектепте немесе университетте пилоттық жоба арқылы тұз терапиясы іске қосылса, жерлесіміздің өнертабысы қаламызға үлкен пайда әкелетіндігі сөзсіз.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала