Мамандар үшін маңызы зор САБАҚ
Жуырда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің оқу сыныбында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының аға оқытушысы, магистр Шерхан Бахытжанұлының қатысуымен семинар-сабақ өтті.
Шара департаменттің кадр және тәрбие жұмысы басқармасының тәрбие жұмысы тобының бас маманы, азаматтық қорғау майоры Нұрдәулет Асылханның құттықтау сөзімен басталды. Сонымен қатар тақырыптық бейнероликтер көрсетілді. Барлық қызметкерді Республика күнімен құттықтаған Нұрдәулет Қайратұлы ұлттық мерекенің халқымыз үшін мән-маңызы жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ тәуелсіздіктің қадірін білу әр сала мамандарының және әрбір ел азаматының борышы екенін жеткізді.
Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы Шерхан Бахытжанұлы ұлттық мерекенің өміріміздегі орнына тоқталды.
– Республика күнінің еліміз үшін маңызды екені ақиқат. Өйткені 1990 жылы, 25 қазан күні Қазақстанның егемендігі туралы декларациясы қабылданғанын білесіздер. Ел тәуелсіздігіне жасалған ең алғашқы қадам болды. Мереке еліміздің тәуелсіздігі, беделі, мемлекет ретіндегі басты принциптерін ашып көрсете алады. Ал бұл күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтару Қазақстанның орнықты даму, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту қағидаттарын ұстанатынын растайды, – деді Шерхан Бахытжанұлы.
Сонымен қатар сала мамандарының біліктілігін арттыруға арналған семинар-сабақтың жалғасы «дөңгелек үстел» отырысына ұласты.
«Дөңгелек үстел» облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Ералы Ақылбековтың төрағалығымен өтті.
Отырысты ашқан Ералы Нұрғалиұлы жергілікті атқарушы органдарда, азаматтық қорғау қызметтерінде, сондай-ақ санаттарға жатқызылған объектілерде азаматтық қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу бойынша жүйелі және прогрессивті жұмыстар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң түрде жүргізілуге тиіс екенін атап өтті.
Жиында «Азаматтық қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2015 жылғы 6 наурыздағы №190 бұйрығына, азаматтық қорғау саласындағы ұйымдардың құқықтары мен міндеттеріне азаматтық қорғаныс мәселелері жөніндегі іс-шараны орындау туралы енгізілген өзгерістер талқыланды.
Іс-шара соңында тыңдаушылар азаматтық қорғаныс саласындағы нормативтік-құқықтық талаптармен танысқаны үшін алғыс білдірді.
Шапағат ӘБДІР