Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ХАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІНің ҚАЛҚАНы

ХАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІНің ҚАЛҚАНы
ашық дереккөз
ХАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІНің ҚАЛҚАНы
Құдайға шүкір, буынды шөптің үстінде, бұлтты аспанның астында биыл еліміз тәуелсіздіктің 32 жылдығын тойлайды. Ал Республика күні көп жылғы үзілістен кейін ұлттық мереке ретінде екінші рет атап өтілді. Жалпы өмірде Отаныңның туған күнін тойлағаннан артық қандай бақыт бар дейсің? Шын мәнінде Республика күнінің тарихы сонау 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «ҚазССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған күннен бастау алады. Бұл тәуелсіздігіміздің ең алғашқы қадамы еді. Асылында Республика күні 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізілген. Ал 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде тойланды. 2009 жылдан бастап Республика күні атаулы күндер қатарынан түсіп қалғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бірінші жиынында: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», деген болатын. Осылайша, ел Президенті өткен жылдың 29 қыркүйегінде 25 қазанды ұлттық мереке ретінде бекіту туралы заңға қол қойды. Жалпы тәуелсіздікке қол жеткізгелі елімізде қаншама өзгерістер болды. Қаншама қиын-қыстау сәттер мен азабы ауыр күндер болғанын да естен шығармаймыз. Сондай халықтың қауіпсіздігіне қатер төнген сәттерде аяғынан тік тұрып қызмет ететін төтенше жағдай қызметкерлерінің еңбегін атап өтпеуге болмайды. Ал биыл еліміздің азаматтық қорғау органдарының құрылғанына да 28 жыл толды. Осыдан тура 28 жыл бұрын 1995 жылғы 19 қазанда еліміздің Президентінің Жарлығымен Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Тәуелсіздік жылдарында азаматтық қорғау жүйесі елеулі өзгерістерге ұшырады. Орталық атқарушы органдардың құрылымын жетілдіру шеңберінде Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет Төтенше жағдайлар комитеті, содан кейін Агенттік, 2004 жылы министрлік болып қайта құрылды. 2014 жылдың тамызынан 2020 жылдың қыркүйегіне дейінгі кезеңде министрліктің бөлімшелері Ішкі істер министрлігінің құрамына кіріп, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті болып қайта құрылды. Табиғи және техногенді апаттар санының артуын ескере отырып, 2020 жылы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды. Жылдан-жылға республикамыздың аумағында техногендік, экологиялық, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар жиі орын алуда. Салдарынан адамдар зардап шегіп, үлкен материалдық шығын келтірілуде. Сондықтан халықты және ұлттық игіліктерді төтенше жағдайдан, авариялардан, апаттар мен басқа да дүлей зілзалалардың салдарларынан қорғау – министрліктің алдындағы маңызды мемлекеттік функция. Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшесі бола отырып, азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау, халықты және аумақтарды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау, өрттердің алдын алуды және сөндіруді, су объектілеріндегі адамдардың қауіпсіздігін ұйымдастыру жөніндегі функцияларды жүзеге асырады. Бүгінгі таңда облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесіне 25 өрт сөндіру және құтқару бөлімшесі (2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі, 14 өрт сөндіру бөлімі, 1 өрт сөндіру бөлімдеріне техникалық қызмет көрсету бөлімі, 4 өрт сөндіру бекеті, 4 құтқару стансасы) қарайды. Қазіргі таңда тәулік сайын жауынгерлік кезекшілікте шамамен 130 өртсөндіруші-құтқарушы, 30 арнайы өрт-құтқару техникасы қызмет атқаруда және резервте 45 техника бар. Биыл жыл басынан бері өрт сөндіру қызметінің бөлімшелері 3 071 оқиғаға қатысқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20,54 пайызға көп. Тарқатып айтар болсақ, өрт оқиғалары кезінде 466 адам құтқарылған. Ал қауіпсіз орынға 572 адам көшірілген. Оқиға кезінде зардап шеккен 14 адамға дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетілген. Өрттің қауіпті факторларынан 9 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алса, 15 адам қаза болған. Жалпы өрттен келген материалдық шығын 161 миллион 804 мың теңгені құрап отыр. – Өртті сәтті сөндіруге және келетін зиянды азайтуға әсер ететін маңызды фактор – өрт сөндіру бөлімшелерінің шақыру орнына уақытылы баруы. Биыл облыс бойынша өртті сөндіру уақыты орта есеппен 38 минутты құрады. Облыс бойынша өрт орнына жету уақыты 1-5 минутқа дейін. Жалпы облыста тіркелген өрт оқиғаларының тоқтатылу уақыты ең ұзақ болғанда екі сағаттан аспаған. Сонымен қатар өрт сөндіру жұмыстары бойынша үнемі өрт-тактикалық оқу-жаттығулары мен практикалық сабақтар өткізіп тұрамыз. Онда қызметкерлерге облыс аумағында орналасқан өндірістік объектілердің тізімі, сондай-ақ өндірілетін өнімдердің ерекшеліктері (немен сөндіруге болады, қандай қауіп төндіреді және тағы да басқа) туралы кеңінен мәлімет беріледі. Жыл басынан бері 62 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті. Сонымен қатар ірі объектілер мен адамдар жаппай жиналатын объектілерде 232 өрт-тактикалық сабағы ұйымдастырылды. Мекеменің материалдық-техникалық базасы да жыл санап жақсарып келе жатқанын айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда өрт сөндіру қызметінің техника паркінде 133 автокөлік бар. Алайда қолданыстағы автокөліктердің көп бөлігі ескірген. 14 техниканың пайдалану мерзімі 20 жылдан асып кеткен, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Жақсылық Бекбергенов. Айта кету керек, Тараз қаласында күштер мен құралдарды жедел басқару орталығы және аудандық өрт сөндіру бөлімдерінде сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу жүйесі жұмыс істеп тұр. Онда «101», «112» желілеріне түскен барлық қоңырау ай сайын талданады. Жыл басынан бері «101» желісіне 435 415 қоңырау түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға артқан. Сондай-ақ күзгі-қысқы маусымдық түзету жұмыстарын жүргізу нәтижесі бойынша облыстың елді мекендерінде барлығы 8 505 өрт гидранты және 147 өрт су айдындары анықталған. Оның ішінде 2 130 өрт гидранты мен 43 өрт су айдындарының ақауы бар деп танылған. Жалпы облыс орталығында барлығы 2 217 өрт гидранты болса, 632 өрт гидранты және 24 өрт су айдындары шаруашылық объектілерінде орналасқан. Ал Тараз қаласы әкімдігінің «Жамбыл-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны балансындағы 1 585 өрт гидранттарының 529-ы ақау себебінен пайдалануға жарамсыз. Алайда Тараз қаласында өртке қарсы сумен жабдықтау жағдайын жақсарту үшін осы жылдың екінші тоқсанына 24 миллион 600 мың теңге бөлініпті. Бұл қаржы ақауы бар өрт гидранттарын жөндеуге және жаңа өрт гидрантын орнатуға жұмсалатын болады. Сонымен қатар Тараз қаласының аумағында өртті сөндіру тиімділігін арттыру мақсатында өрт гидранттарының күзгі-қысқы түзету қорытындысы «Яндекс» онлайн картасына енгізілетінін айтқан Жақсылық Жарылқасынұлы қоғаммен байланыс жөніндегі топ халықтың азаматтық қорғау органдарының қызметі туралы хабардар болу деңгейін арттыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында 716 ақпараттық материал жарияланғанын жеткізді. Сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы да жұмыстар өте қарқынды жүргізілуде екенін де айтты. Ал өртсөндірушілердің жеке құрамы толық нысанды киіммен және өртсөндірушінің жауынгерлік киімімен қамтамасыз етілген. Күн сайын кезекшілікті қабылдау-өткізу барысында бөлімше басшылары барлық жеке құраммен қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау талаптарын сақтау бойынша ауызша нұсқамалар өткізеді. Жедел құтқару жасағының жұмысы да жүйелі деуге толықтай негіз бар. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы оқиға орнында тәулік бойы авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару, биіктікте жұмыс атқару, сондай-ақ террористік көріністер қаупі төнген кезде жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерді құтқаруға байланысты жұмыстарды атқарады. Сондай-ақ облыстың су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және басқа да көптеген жұмыстарды орындайды. Бүгінгі таңда отрядтың штат саны 74 құтқарушыны құрайды. Отрядта құтқару бөлімшелері, сүңгуір-құтқару және кинологиялық бөлімшелер, сондай-ақ автокөлікке, жүзу құралдарына қызмет көрсету жөніндегі топ жұмыс істейді. Жыл басынан бері жедел-құтқару жасағының қызметін ұйымдастыру және төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою саласында 919 жағдай тіркелген. Сонымен қатар олар авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстар барысында 216 адамды құтқарып, қаза тапқан 59 адамның денесін іздестіріп тапқан. – Есептік кезеңде 22 рет іздестіру-құтқару жұмыстары, оның ішінде су айдынында іздестіру-құтқару жұмыстары 17 рет жүргізілді. Бұл ретте суға батқан 9 адамның, оның ішінде 4 баланың денесі шығарылды. Сонымен қатар құтқарушылар жол-көлік оқиғалары кезінде апаттық-құтқару жұмыстарын өткізуге 38 рет барды. Нақтырақ айтқанда, 12 адамды құтқарып, қаза тапқан 16 адамның денесін шығарды. Сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар күрежолдарда қалың қар мен дауылды боран кезінде апаттық құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 21 рет жолға шықты. 68 адам құтқарылды, оның ішінде 10 бала, 74 жәбірленуші эвакуацияланды. Және қар үйінділерінің құрсауынан 7 автотехника шығарылды. Құтқарушылар учаскелерді су басуды және пәтерлерді су басуды жою жұмыстарына да барды. Жануарларды босатуға, аралар мен жарғанаттарды ұстап, аулаққа шығаруға және үй-жайлар мен учаскелерде жыландарды аулауға 21 рет шықты. Ал өзге шығулар, негізінен, үй иелеріне немесе олардың туыстарына тұрғын үй-жайларға кіруді қамтамасыз ету үшін атқарылған. Отряд қызметінің басты басымдықтарының бірі – облыс су айдындарында қаза болудың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыс атқару. Профилактикалық жұмыс мақсатында жасақтың құтқарушылары облыс аумағындағы су айдындарында қысқы кезеңде мұзасты балық аулау әуесқойларымен, жазғы кезеңде су айдындарында шомылушылармен және демалушылармен кездесіп, оларға судан келетін қауіп-қатерлерді ескертті. Және оқу орындарында арнайы сабақтар өткізіліп, рейдтер жүргізілді. Сондай-ақ жасақтың құтқарушылары «Дирд» бассейнінде 32 мүгедектігі бар баланың шомылу кезіндегі қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуге көмек көрсетті. Ал шомылу маусымына дайындық кезінде облыстың 3 ауданында 5 жағажай зерттелді. Қызметкерлердің біліктілік деңгейін арттырудың үздіксіздігін қамтамасыз ету және олардың кәсіби білімі мен іскерлігі мен қызметтік міндеттерін тиімді шешу үшін жалпы теориялық, медициналық, психологиялық, сүңгуір-құтқару және өртке қарсы дайындық бойынша тұрақты сабақтар өткізіледі, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының басшысы Юрий Салагаев. Ал қызметке жаңадан қабылданған құтқарушыларға тәрбие жұмысын бекітілген тәлімгерлер жүргізетінін, автотехникаға, авариялық-құтқару және сүңгуір жабдықтарына сапалы және уақытылы техникалық қызмет көрсету қамтамасыз етілгенін де айта кеткен жөн. Сонымен қатар төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында отряд қызметінде, жеке құрамға қатысты бөлімшелердің күштерімен және өзара іс-қимыл жасайтын қызметтермен оқыту және бөлінген бюджет қаражаты шегінде жасақты заманауи құтқару құралдарымен толық жарақтандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Одан бөлек облыс су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық және үгіт жұмыстарын жүргізумен қатар облыс аумағында төтенше жағдайлар кезінде адамдардың қаза болуына жол бермеу сияқты іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Айта кету керек, қазіргі уақытта отрядтың қызметі кез келген төтенше жағдайларға уақытылы ден қоюға, адамдардың қаза болуына жол бермеуге бағытталған. Шапағат ӘБДІР
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар