ПАЛЕСТИНА МЕН ИЗРАИЛЬ ҚАҚТЫҒЫСЫ:
7 қазан таңертең Израильге палестиналық ХАМАС қозғалысы шабуыл жасағаны белгілі. Зымырандармен соққы жасағаннан кейін олар ел аумағына басып кірген-ді. Елді мекендер мен музыкалық фестиваль шабуыл нысанына айналды. 11 қазанда Израиль әскерінің өкілі Джонатан Корникус 1200 адам қаза тауып, 2700 тұрғын жарақат алғанын мәлім етті. Жаңа деректер бойынша, мерт болғандар саны 1300-ге жетті. Оған жауап ретінде Израиль Газа секторына контртеррорлық операцияны бастады. 2700 адам қаза тауып, 9 мыңнан астам тұрғын жараланғаны хабарланды. Соғыс қимылдары болып жатқан кезде желіде көптеген фейк пен деректерді бұрмалау пайда болды. Factcheck.kz олардың кейбірін талдап, ақ-қарасын анықтап көрді.
Торда отырған Израиль балалары
Шабуыл кезінде ХАМАС адамдарды тұтқынға алды, олардың қатарында балалар да бар. 8 қазанда әлеуметтік желілерде торда отырған балалардың видеосы тарап кетті. Бұл – ұрлап әкеткен израильдік балалар делінген.
Түпнұсқа видеоның авторы ролик ХАМАС Израильге шабуыл жасағанға дейін түсірілгенін, ал онда бейнеленген балалар туыстары екенін мәлім етті. Ол әзіл ретінде түсірілген тәрізді.
Ролик тарап кеткеннен кейін израильдік «FakeReporter» порталы видеоны «TikTok» желісіне @user6903068251281 атты қолданушы ХАМАС Израильге шабуыл жасағанға дейін (4-5 қазанда) салғанын анықтады.
Бір қызығы, екінші тарап осы фактіні пайдаланып, видеодағы палестиналық немесе сириялық балалар деп сендіргісі келді.
Видеорастауды ешкім жарияламағанымен, видео авторы өзі мәлімдеме жасауды жөн деп шешкен.
«kashif.ps» аудармасы бойынша, ер адам роликтегі Израиль балалары емес, өзінің туыстары екенін мәлімдеген. Онда тағы не айтылғаны толық түсінікті емес. Әңгіме пранк жайлы болып отырған тәрізді. «Leadstories» фактчекерлері түпнұсқа видеода «#الشعب الصيني_ماله_حل» хэштегі бар екенін атап өтті. Қолданушылар оны «TikTok»-тағы әзіл видеоны белгілеу үшін қояды.
Египеттіктер Газа секторына су
тасуда
Газадан кетіп қалудың жалғыз жолы – Египетпен шекараны кесіп өту, бірақ өткізу-бақылау пунктіндегі жағдай қиын. БАҚ-та жалғыз өткізу пунктінің жұмысы туралы сенімді ақпарат жоқ, ал кейбірі Египет босқындарға гуманитарлық дәліз ұсынудан бас тартқанын хабарлады. Осы оқиға аясында желіде «Оқиғаға бейжай қарамаған Египет тұрғындары Газаға тамақ пен су жеткізіп жатыр» делінген видео пайда болды.
Видео желіге жанжал ушыққанға дейін жүктелген. Мәселен оны «X» әлеуметтік желісінің қолданушысы @BlazianP 2023 жылдың 7 қыркүйегінде жариялаған. 11 қыркүйекте арабтық «Misbar» платформасының фактчекерлері видеоны тексеріп, ол Ливия-Египет шекарасында түсірілген, ал ондағы адамдар контрабандамен айналысып жатыр деген қорытындыға келді.
Гуманитарлық көмек жеткізіп жатыр
Сонымен қатар Египет пен Газа шекарасындағы дағдарысқа байланысты Газаға кіру үшін рұқсат күтіп отырған гуманитарлық көмек тізбегі бейнеленген ролик тарады.
Ролик израильдік 12 арнасы 2021 жылы көрсеткен видеоның үзіндісі болып шықты. Сюжетте Газаға Египет шекарасы арқылы өтетін бақылаусыз, белгісіз жүктер туралы айтылған. Жүк ХАМАС-қа арналған болуы мүмкін, сол себепті телеарнада Египет тарапынан дұрыс тексерістің жоқ екені талқыланған.
«Х» әлеуметтік желісі (бұрынғы «Twitter») контентті «жасанды немесе арнайы өңделген медиафайл» деп белгілеген. 12 арнасының скриншоттарынан біз, шынында, тізбектелген біркелкі жүк көліктерін көреміз, сол себепті клондалған тәрізді көрінеді. Дегенмен сурет өңделген деп нақты айта алмаймыз, себебі тасымалдауға бірдей көліктер жиі пайдаланылады.
Жаһандық
газ тапшылығы бола ма?
Израиль контртеррорлық операция жариялағаннан кейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та «Қатар әмірі Тамим ибн Хамад әл Тани Газаға шабуыл жасалса газ тапшылығы болады деп қорқытты» деген хабарлама тарады. Кейбір жариялымдарда бейнеролик қоса берілген.
Dohanews басылымы бұл мәлімдемені алғаш Х әлеуметтік желісінде @Qattar_Affairs есімді пайдаланушы жариялағанын анықтады. Туит қандай да бір аудио немесе видео дәлелсіз жүктелген. Сөз сөйлеген тұсы әлеуметтік желілерге кейінгі нұсқаларында қосылған. Сонымен бірге Қатар әмірі жаһандық газ тапшылығын тудырамын деп қорқытқанына еш дәлел жоқ. Кейбір жариялымдарға қоса жүктелген ролик 2017 жылы жарияланған. Онда Әл Танидің «Тұрақтылық, даму және босқындар мәселесі» тақырыбындағы 17-ші Доха форумында сөйлеген сөзі таспаланған. Видеоның қазіргі қақтығысқа мүлдем қатысы жоқ.
Қазіргі @Qattar_Affairs тіркеу жазбасының жұмысын Х әкімшілігі тоқтатты, бірақ интернетте архив жазбалар сақталған.
Хамад бин Халифа университетінің таяушығыс зерттеулері доценті Марк Оуэн Джонстың Dohanews журналистеріне айтуынша, @Qattar_Affairs аккаунты күдікті. Ол үнемі Қатарға қатысты фейк ақпаратты ойлап тауып, шығарып отырады.
«Еврейлерге
көмек беру ақша шашумен тең»
Баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілерде Helping jews = burning money («Еврейлерге көмек = ақша шашу») және Stand with Ukraine («Украинаны қолда») деген жазуы бар көше жарнамасының видеосы тарап кетті. Оның Нью-Йоркте шыққаны, контентке украиндар, Украина шенеуніктері және Владимир Зеленскийдің өзі тапсырыс бергені айтылып жүр. Төменде баннер байқалатын роликтің скриншоты және «Telegram» желісіндегі пост скриншоты тұр.
«Factcheck.kz» сайтының редакциясы мұндай жарнама расымен АҚШ көшелерінде пайда болды ма деген сұраққа жауап іздеп көрді.
8 секундтқа созылатын видео шын мәнінде Нью-Йоркқа жасалатын виртуалды жаяу турдан қиып алынған. Ол желіге 2023 жылғы 23 тамызда жарияланған және фейк баннер салынып редакцияланған. Видеоның түпнұсқасында экранда басқа бейнежарнама шығады.
Толығырақ айтсақ... Негізінен видео желінің орыс тіліндегі сегментінде, сонымен қатар Кремль пропагандасын насихаттайтын шет тілде шығатын әлеуметтік желілердің аккаунттарында жарияланған. Одан бөлек, оны VOBLYA, Царьград ТВ, КУЧЕРА, ZERGULIO, Шейх Тамир, Кот Костян – ресми канал, ТалипоV Online Z, Саня во Флориде, Анатолий Урсида, Александр Семченко секілді каналдар да салған. Осы ресурстардың өзінде постты 1 миллионнан астам рет қараған. Видео «LiveJournal», «YouTube» платформаларында да кездеседі. Фейк хабарламаны пропагандалық сипаттағы жаңалық порталдары да жариялаған. Постардың көбі 13-15 қазанда шыққан, алайда ертерек шыққан жазбалар да бар. Мысалы, VOBLYA «Telegram»-арнасы видеоны 12 қазан күні кешке шығарған.
Бұл жағдайда сурет бойынша іздеу нәтиже бермегендіктен, редакция «YouTube» желісінде қолмен іздеу әдісіне жүгінді. Бұған бізге тәжірибеміз бен басқа фактчекерлердің тәжірибесі көмектесті. Мұндай фейк роликтердің көбі көбіне «YouTube»-те танымал жаяу турларда жасалады және әрекет расымен Нью-Йоркте болғаны болжанады. Соны біліп, біз мегаполистегі жаяу турларды зерттеп шықтық. Біз қажет серуенді жылдам таптық. «New York City Virtual Walking Tour – Billionaires’ Row New York City 4K Walk» деп аталатын видео «The NYC Walking Show» деген арнада осы жылғы 23 тамызда жарияланған. Онда 6:03 уақытта тура сол фрагмент бар және ондағы баннерден басқасының бәрі әлеуметтік желіде тараған 8 секундтық роликтен аумайды.
Түпнұсқада экранда Монреал туралы жарнамадан соң Stand Up To Cancer ракпен күрес қайырымдылық ұйымы өткізетін іс-шараның жарнамасы шығады. Шара 19 тамызда өтуі керек болған. Ұйым сайтында ивент туралы ақпарат та бар.
Келесі мақала