Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Коллектор борышкердің шотын бұғаттауға құқылы ма?

Коллектор борышкердің шотын бұғаттауға құқылы ма?
ашық дереккөз
Коллектор борышкердің шотын бұғаттауға құқылы ма?
Қарыз өндіруші компания борышкердің банк шотын бұғаттауға қаншалықты құқылы? Екінші деңгейлі банктерге берешек несиесінің төлеу мерзімін өткізіп алғандарды, банк борышкерден қарызды өндіру ісін коллекторлық агенттікке өткізгенде сол тізімнің арасында бар азаматтарды дәл осы сұрақтың толғандыратыны анық. Өйткені көп жағдайда коллекторлар қаржы ұйымдарынан несие алып, оны өтемей жүргендермен жұмыс істеуде борышкерді қорқытып-үркітуге дейін баратыны шындық. Олар «Қарызды қайтармасаң, басшыңызға телефон соғамыз» немесе «Үйіңізге барамыз» деген секілді сарында қоқан-лоқы көрсетіп жатады. Коллекторлардың осы іс-әрекеті қаншалықты дұрыс? Тіпті әдептілікті ысырып қойып, «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып» жататын коллекторлар да кездеседі. Ел арасында «Коллектор мерзімі өткен несиесі үшін борышкерді түрмеге жаптыра алады» деген де пікір бар. Бұл, әрине, шындыққа жанаспайтын ақпарат. Рас, коллекторлық компания – қарыз өндіруші мекеме. Сондықтан қаржы ұйымынан алған қарызды борышкерден өндіру мақсатында онда жұмыс істейтін қызметкерлер қитұрқы әрекеттерге баруы мүмкін. Түрлі айла-шарғы қолданып, «Қарызыңды жаппасаң, түрмеге жаптырамын» деп те қорқытуы ғажап емес. «Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасының» төрағасы Назгүл Естеусізова коллекторларға мұндай құқық берілмегенін айтады. – Қазақстанда «Коллекторлық қызмет туралы» арнайы Заң бар. Сол Заңның 5- бабында: «Коллекторлық агенттікке қарыз бойынша өзі жұмыс жүргізетін борышкердің құқығы мен бостандығына нұқсан келтіруге, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіндей және сол адамға мүліктік, болмаса, басқа да зиян келтіретіндей заңсыз әрекеттерге баруға құқық берілмейді», деп тайға таңба басқандай жазылған. Демек, бұл қарыз өндіруші тарапқа азаматтардың бостандығын шектеуге, яғни өтелмеген қарызы үшін оны түрмеге қаматуға құзырет берілмеген деген сөз. Жалпы борышкерден қарыз өндіру ісінде реттелмей қалған мәселелер болуы мүмкін. Ондай істер Азаматтық кодекс арқылы ғана қаралады. Ол да жоғарыда айтылған «Коллекторлық қызмет туралы» Заңның 4- бабында көрсетілген. «Мерзімі өткен несиеге байланысты коллектор борышкердің банк шоттарына шектеу қоя ала ма?» деген сұраққа келсек, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің таратқан ақпаратында қарыз өндіруші компанияға ондай құзырет берілмегені айтылған. Азаматтың банктегі шоттарына шектеу қою үшін сот орындаушысының немесе тергеу судьясының қаулысы керек. Заңмен тікелей уәкілеттік берілген адамдарды есепке алмағанда, сот орындаушысының ісіне араласуға ешкімнің құқығы жоқ, – дейді ол. Яғни, коллекторлық компания уәкілетті ұйымға жатпайды. Қаржылық сауаттылық бойынша пікір білдірген Н.Естеусізова еліміздегі қарыз өндіруші ұйымдардың екі түрлі бағытта жұмыс жүргізетінін сөз етті. Ол: «Коллекторлық агенттіктер екі түрлі бағытта жұмыс жүргізеді. Біреуі – уақытша өндіру мақсатында, яғни микроқаржы ұйымдарынан болсын, банк тарапынан болсын солардың талабы бойынша жұмыс істейді. Борышкерге қаржы ұйымының талабын жеткізеді. Ал кейбір коллекторлық агенттіктер борышкердің берешегін сатып алып жатады. Ол кезде, әрине коллекторлық агенттік мәселені шешудің жолын өзі қарастырады. Мұндай жағдайда коллекторлық компания қарызды борышкерге бөліп төлеттіре ме, әлде басқалай жолын таба ма, оны өзі шешеді», дейді. Коллекторлар қарыз өндіру кезінде заңға қайшы әрекеттерге баруы мүмкін. Мұндайда борышкер болсаңыз өз құқығыңызды білген жөн. Мәселен, банк алдындағы қарызыңыз коллекторға өтті ме, ол ұйымды да тексеріп алыңыз. Заң аясында жұмыс істейтін қарыз өндіруші компаниялар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде тіркелген болуы шарт. Сізге телефон шалғанда коллектор өзі жұмыс істейтін агенттіктің атауын, тіркеу нөмірін және мекенжайын көрсетуге міндетті. Егер коллекторлық агенттік өкілімен арада келіспеушілік туындаса, қызметінде заңсыздыққа жол берсе, «Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасының» https://stop-collector.kz/ сайтында арыз қалдыруға болады. Э.Тілеубердіқызы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар