Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Несие жайлы дақпырт пен шындық

Несие жайлы дақпырт пен шындық
ашық дереккөз
Несие жайлы дақпырт пен шындық
Қоғамда «Атыңда кредит болса, жұмысқа тұра алмайсың», «Кредит иесі қайтыс болса, қарыз кешіріледі» деген секілді алыпқашпа әңгімелер, қисынсыз қауесеттер көп. Мұның бәрі қаншалықты рас? Осы сұрақтарға жауап іздеп, әңгіменің ақ-қарасын ажыратуға тырысып көрдік. Қазіргі уақытта «Кредитке байланбаған адам жоқ» деген де түсінік қалыптасқан. Шындап келгенде, әрине атына несие рәсімделмегендер де баршылық. Тек біз банктің бұл қызметін көп қолданатын болғандықтан, сырттай көзге солай көрінуі мүмкін. Жалпы бұған дейін де айтқанбыз, қаржыгерлер де кредитке шошына қарауға негіз жоқ екені туралы үн қосқан. Бұл – әлемде бар тәжірибе. Дамушы елдерде де, дамыған елдерде де халық банктен кредит алып, шаруасын шалқытып, тірлігін тіктей береді. Тек несие алушы кредиттік қаржыға қосылған пайызды төлеуге қабілетті болса, пайда мен шығынды теңдей есептей алса болды. Кей-кейде «Кредит – мемлекеттің халыққа қарсы құрған тұзағы» деп пікір айтатындар кездеседі. Біріншіден, мемлекет халқының әлеуетін арттыруға мүдделі. «Кредит – адамды тақырға отырғызады» деп ойлайтындай мемлекетке халқын шығынға ұшырату, кедейшілік қамытын кигізу қажет емес. Өйткені несие алған адам кәсіп ашса, жұмыс орындары құрылып, табыстың белгілі бір бөлігі салық арқылы қазынаға қаржы құйылады. Сондықтан іскер адамдарға көзін тапса бұл да бір көмек. Демек, бұл жерде халыққа «қарсы ешқандай да қастандық элементі жоқ» деп топшылауға болады. Екіншіден, ешбір мемлекет, болмаса қандай да бір ұйым, заңды тұлға азаматты несие алуға мәжбүрлей алмайды. Қарыз алушы мен банк арасындағы міндеттемелер екіжақты келісімшартқа қол қойылғаннан кейін ғана күшіне енеді. Яғни, несие алу – әр адамның жеке таңдауы. «Атыңда кредит болса – аяғыңа тұсау болады» деген ұғым да бұрмалаушылыққа тән түсінік. Мысалы, «Жұмысқа тұру үшін азаматтың атында кредит болмауы керек» деген міндетті талап жоқ. Әрине, жұмыс беруші тарап кредиттік бюродан алдына келіп отырған кандидаттың несие тарихын сұрай алады. Бірақ мұндай практика бізде бір ізге түсе қоймаған. Компания сұратқан жағдайда да ол процесс тек өтініш берушінің келісімімен ғана жүзеге асады. «Кредит иесі қайтыс болған жағдайда – қарыз кешіріледі». Бұл да кезекті қауесеттің бірі. Яғни, жалған пікір. Бұл жайында Азаматтық кодексте арнайы бап бар. Әдетте адам баласынан артына мұра қалады. Сол мәселе Кодекстің 1040-бабында көрініс тапқан. Онда: «Мұраға – мұра қалдырушыға тиесілі мүлік және оның қайтыс болуымен жойылмайтын құқықтар мен міндеттер жатады» делінген. Яғни, марқұмның мойнындағы қарыздар кешірілмейді, оны мұрагерлері төлеуі керек. Бірақ, мұрагер алты ай ішінде банкте кепілде тұрған мұрадан бас тартуға құқылы. Ол кезде мүлік иесіз саналады да, несие беруші тарап оны қарыздың орнына ала алады. Қайтыс болған адам сақтандырылған болса, сақтандыру компаниясы келісімшарт негізінде төлем жасауға міндетті. Яғни, несие бойынша төлем – не мұрагерден, не иесіз мүліктің құнынан, не сақтандыру төлемі есебінен жасалуы керек. Сымбат СЫРЫМ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар