Сыртқы сауда айналымы 80 миллион долларға өсті
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Уалихан Алибековтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Ол департаменттің осы жылдың 9 айында атқарған жұмысы туралы баяндама жасап, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Спикердің айтуынша, жергілікті бюджет кірістері бойынша жоспардың орындалуы есепті мерзімде 118,4 пайызды құрап, қазынаға нақты 106 342,4 миллион теңге түскен. Ал сыртқы сауда айналымы 1 380,9 миллион доллар болса, тауар айналымының жалпы салмағы 742 616 тоннаны құраған.
Өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда, сыртқы сауда айналымының жалпы көлемі 80 миллион долларға өскендігі байқалған. Жеке тұлғалардан жергілікті салық қарызын өндіріп алу мақсатында жыл басынан бері жеке сот орындаушыларға мәжбүрлеп өндіріп алу үшін 576,4 миллион теңгеге 17 537 салықтық бұйрық жіберіліпті. Жеке сот орындаушылар жүргізген жұмыс нәтижесінде бюджетке 13 439 жеке тұлғадан 376,4 миллион теңге өндірілген.
– Іс-шаралар жоспары аясында облыстық полиция департаменті және жеке сот орындаушыларының қатысуымен көлік құралдары салығы бойынша берешекті өндіріп алу бойынша жұмыстар жүргізіліп, өткізілген бірлескен рейдтер нәтижесінде 1962 жеке тұлғадан 53,1 миллион теңге бюджетке өндірілді.
Қазақстан Республикасының экономикасының қауіпсіздігін сақтау және өзге мемлекеттерден келетін заңсыз тауар айналымын болдырмау мақсатында Қырғыз Республикасымен шекаралас аумақта облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің 6 өткізу пункті жұмыс істеп тұр. Олар –
«Айша-Бибі», «Сыпатай батыр», «Қордай», «Қарасу», «Аухатты» өткізу пунктері мен «Сартөбе» автокөлік өткізу пункті.
Жыл басынан бері 1494 тақырыптық тексеру жүргізіліп, 723 бұзушылық анықталды. Осы заңсыздық бойынша 55 миллион теңге сомасына айыппұл салынды және бюджетке өндірілді. Сыртқы экономика қатысушыларының әкімшілендіру жұмысы бойынша бюджетке қосымша 307,2 миллион теңге қосымша құн салығы өндірілді, – дейді Уалихан Құланқадырұлы.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету бойынша ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен өзара іс-қимыл жоспарын іске асыру барысында мұнай өнімдерін, сондай-ақ тауарлардың басқа да атауларын заңсыз әкетудің 273 фактісінің жолы кесілген. Есепті мерзімде барлығы 658 792 мемлекеттік қызмет ұсынылыпты. Оның ішінде электронды түрде – 656 910 қызмет, қағаз жүзінде – 1 648, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы 234 қызмет көрсетілген.
Сонымен қатар салық төлеушілерге мемлекеттік қызметтерді көрсетуді одан әрі жақсарту мақсатында барлығы 175 миллион теңге бөлінсе, оның ішінде облыстық бюджеттен 25 миллион теңге қаралған. Биылғы жартыжылдықта 90 млиллион теңгеге қажетті материалдық-техникалық база жасақталған.
Эльмира Байназарова
Келесі мақала