Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Даму» дамуға бастайды

«Даму» дамуға бастайды
ашық дереккөз
«Даму» дамуға бастайды
Бүгінде мемлекеттік қолдаудың шарапатына ие болған кәсіп саны артып келеді. Осы орайда кеше «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалы БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз турын өткізді. Басты мақсат – аймақта шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы жүзеге асқан бірнеше кәсіпорынның жұмысымен таныстыру. «Даму» қорының қолдауымен қанат жайған үш нысанның тыныс-тіршілігімен журналистер танысып қайтты. Бірінші кезекте аталған қордың аймақтық филиалының директоры Бақытжан Исаков баспасөз конференциясын өткізіп, тілшілердің сауалына жауап берді. – «Даму» қорының бағдармалары шеңберінде қаржылай қолдау құралының екі түрі бар. Біріншісі – сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау. Яғни, кәсіпкердің банктен алған несиесінің пайыздық үстемесін тегін субсидиялаймыз. Аталған құрал бойынша 250,76 миллиард теңгеден астам несие сомасына 4 769 жоба субсидияланды. Екіншісі – кепілдендіру. Бұл құрал бойынша жалпы несие сомасы 73,1 миллиард теңгені құрайтын 4 371 жобаға «Даму» қорының 38,3 миллиард теңгеден асатын кепілдігі берілді. Оның ішінде жыл басынан бері «сыйақы мөлшерлемені субсидиялау» құралы бойынша 15,5 миллиард теңгеден астам несие сомасына 540 жоба жүзеге асты. Сонымен қатар 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 3,8 миллиард теңге сомасына 537 жоба субсидияланды. «Кепілдендіру» құралы бойынша жалпы несие сомасы 12,8 миллиард теңгені құрайтын 500 жобаға 7,1 миллиард теңгеге кепілдік берілді. Айта кету керек, «Даму» қорының мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде көрсетілетін қызметтер тегін, – дейді Бақытжан Оразқұлұлы. Сұрақ-жауаптан кейін, бағытымызды облыс орталығындағы «KhanFitness» фитнес орталығына бұрдық. Спорт – денсаулық кепілі «KhanFitness» тренажер залы – үздік фитнес технология мекені мен жоғары деңгейдегі жайлы заманауи спорт кешені. Спорт кешені орналасқан ғимаратта 2 қызмет көрсету орталығы бар. Бірінші қабатта «Khan Авто сервис», яғни барлық қызмет түрі көлікке қатысты. Ал екінші қабатта қаланың әсем көрінісін тамашалап, спортпен айналысуға болады. Орталық директоры Абзал Нұрмаханның айтуынша, фитнес орталықтың ашылғанына небәрі 6 ай өткен екен. – Спорт кешені биыл наурыз айында ашылды. Ол 1200 шаршы метрден тұрады. 600 шаршы метрде фитнесзал орналасқан. Қазіргі таңда орталығымызға 250-ге жуық адам спортпен айналысуға келеді. Біз спорт кешенді ашу барысында, технологиялардың сапасына аса мән бердік. Мәселен, фитнесзалда орналасқан құрылғылар Италия елінде өндірілген. Біз оларды арнайы Алматы қаласынан алдырттық. Мұнда тек үлкендер ғана емес балалар да спортпен айналысады, – деген Абзал Мұхтарұлы мемлекеттік қолдаудың кәсіпкерлер үшін маңызды екенін жеткізді. Айта кету керек, компания 2019 жылы «ForteBank»-тен жылдық 14 пайызбен ғимарат салуға және жабдық сатып алуға несие алған. Жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, субсидиялаған. Кәсіпорын үшін несие мөлшерлемесі 8,4 пайызды құрайды. Жанашыр медициналық орталық «Neuro Vita» медициналық орталығы екі жыл қатарынан науқастардың жанына серпіліс, көңілдеріне үміт сыйлап келеді. Мұнда эндокринология, невролоия, кардиология, медициналық оңалту, анестезиология бойынша стационарлық, амбулаториялық-емханалық көмек көрсетіледі. Алғашында орталық Ниетқалиев көшесіндегі ғимаратты жалға алған. Бір жылдан соң емделушілердің саны көбейгеннен кейін жаңа ғимаратқа көшу қажет болады. Сөйтіп медициналық орталық «Аса» ықшамауданындағы бұрынғы «Аруана» мейрамханасын сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Осы сәтте олар «Даму» қорына жүгінеді. «Neuro Vita» «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында медициналық орталыққа негізгі құрал-жабдықтарды сатып алу үшін «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-нан жылына 19,5 пайызбен несие алып, оның 13,5 пайызын «Даму» қоры субсидиялаған. – Орталық барлығы 68 орынға (45 орын – тәуліктік, 23 орын – күндізгі стационар) арналған. Науқастардың барлығы дерлік портал арқылы келеді. Тегін және ақылы түрде ем алады. Мамандарымыздың барлығы білікті, әрдайым өздерінің біліктілігін арттырып отырады. Тіпті шет мемлекеттерде де тәжірибе алмасқан дәрігерлеріміз де бар, – дейді «Neuro Vita» медициналық орталығы директорының орынбасары Ильмира Амалбаева. Ем алуға шалғай ауылды мекендерден келетін науқастар да бар. Мәселен Сейітбек Ғалымбекұлы Жуалы ауданының Теріс ауылынан арнайы келген екен. – Өзім 62 жастамын. Жақында ғана инсульт алып, ауруға шалдығып қалдым. Ем алу үшін орталыққа келдім. Мамандардың барлығы бізге жақсы қарайды, электрофарез, ине арқылы ем-дом шараларын қабылдаймын. Кейде тілім күрмеліп, сөйлей алмай қалатынмын. Дәрігерлер еңбегінің арқасында бүгінде сауығып келемін. Мұнда біршама науқастар бар, орталық барлығының көңілінен шығуға тырысады, – дейді С.Ғалымбекұлы. Орталық мамандарының сөзіне сүйенсек, емдеу-денешынықтыру жаттығулары жүруге қажетті барлық бұлшықеттер мен ми қыртысының дұрыс қалыптасуына көмектесіп, науқастың тез оңалуына ықпал жасайды. Отандық өнімді қолдайық! Баспасөз турының соңында «BDA TRADE» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бардық. Орталықтың негізгі қызметі – алкогольсіз сусындар, минералды су және бөтелкедегі лимонадтар өндірісі. Орталық жұмысын енді ғана бастаған екен. Журналистер өндіріс орнының алғашқы жұмыс күнінің куәгері атанды. – Жұмысымызды енді ғана қолға алдық, сол себепті қазіргі кезде 3000 бөтелкені буып-түйеміз. Алдағы уақыттағы жоспар сұранысқа байланысты. Негізінен шикізатты арнайы Шымкент қаласынан алып келеміз. Осы арқылы отандық өнімді қолдаймыз. Шет мемлекеттен тек құрылғыларды ғана алып келдік. Өнімдерге келер болсақ, газдалған су мен тәтті сусындардан тұрады. Сусындардың мохито, барбарис сынды дәмдері бар, – деген Сәлім Шәдіманов журналистерге алғашқы өнімдерінен дәм татуды ұсынды. Айта кету керек, компания өткен жылы «Қазақстан Халық Банкінен» айналым қаражатын толықтыруға жылына 19,5 пайызбен несие алған. Жоба «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы аясында субсидияланған. Енді кәсіпорын үшін несие бойынша пайыздық мөлшерлеме 5 пайызды құрайды. Бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көрсету – өңірдің ғана емес, тұтас елдің кәсіпкерлік секторын дамытуда маңызды рөл атқарады. 3 сағатқа созылған баспасөз турына қатысқан БАҚ өкілдері бұған көз жеткізді. Аяулым ЖАМАНҚАРА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар