Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚАЗАҚСТАН – БАҚЫТ ОРДАСЫ

ҚАЗАҚСТАН – БАҚЫТ ОРДАСЫ
ашық дереккөз
ҚАЗАҚСТАН – БАҚЫТ ОРДАСЫ
«Біз – бір елдің перзенті, бір халықтың ұл-қызымыз! Ұлы даланың ұлан-ғайыр жерінде бәрімізге орын жетеді. Осы киелі мекенде бәріміздің де көздің қарашығындай сақтайтын және сол үшін еңбек етіп, өмір сүретін қастерлі дүниелеріміз бар. Қазақстанның болашағы, балаларымыздың тағдыры, ата-баба мұрасы – бәрі өз қолымызда. Біз уақыттың кез келген сын-қатеріне еңсемізді тік ұстап қарсы тұрамыз. Біз – біртұтас халықпыз, біз барлық сынақты еңсереміз. Әрбір отандасымның бойынан шынайы патриотизмнің, жоғары азаматтық жауапкершіліктің, өз ісіне деген адалдықтың үлгісін көремін. Дәл осы қасиеттер – Әділетті Қазақстанды сәтті құрудың кепілі!». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде осылай деп атап көрсеткен болатын. Расында да берекелі бірлік бар жерде мерекелі тірліктің салтанат құратындығы сөзсіз. Татулықтың арқасында тасымыз өрге домалап, табысымыз да еселеніп арта бермек. Бұл тұрғыда патриотизм мен парасаттылық үлкен мәнге ие. Әрбіріміз Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлей білсек, мәртебеміз де биіктей түседі. Президент патриоттық сезімнің мән-маңызын Ұлттық құрылтайдың Түркістан қаласында өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде де жан-жақты тарқатып берді. «Отанға деген сүйіспеншілік бұл – үлкен жиындарда ұран тастау немесе тек ән шырқау емес. Отаншылдық бұл – шынайы патриоттық сезім. Тұратын үйіңді, аулаңды, қалаңды таза ұстау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, ұқыпты болу, яғни әр жерге қоқыс лақтырмау, түкірмеу деген сөз. Өкінішке қарай, қазіргі таңда елордамыздың өзінде азаматтарымыз қоршаған ортаға бейқам қарап, әсіресе, жаз кезінде саябақтарды қоқысқа толтырып кетіп жатады. Мұны жасап жатқан бөтен біреу емес, өз азаматтарымыз. Астанаға келген шетелдіктер, көптеген қонақтар соның бәрін көреді, таңғалады. Әрине, бұл – ұят нәрсе. Өйткені өз Отанын шын сүйетін адам оның табиғатын қорғайды, әр гүліне, әр ағашына жанашырлықпен қарайды, бір сөзбен айтқанда, нағыз патриот екенін нақты іс-әрекетімен көрсетеді» деді Мемлекет басшысы. Осы орайда ондаған этномәдени бірлестіктерді біріктіріп, бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырушы және ұлт құрылысының үлгісі, азаматтық бірегейліктің тетіктері мен құралдарын зерделеп, қоғамды әрі қарай біртұтастыққа біріктіру жолдарын қарастырып, ұлттық идеология құндылықтарын әлеуметке сіңіруде тікелей қызмет атқаратын құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясының елдің тыныштығы мен мамыражай өмірін сақтауда атқаратын рөлі мен алатын орны ерекше. Қазіргі таңда Жамбыл облысында 87 этнос өкілі татутәтті ғұмыр кешіп, 40 этномәдени бірлестік, қоғамдық аккредитациядан өткен 31 этностық ұйым өз жұмысын лайықты жалғастыруда. Әулиеата өңірі бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлік пен ұлтаралық келісімді нығайту бағытында ауқымды істер атқаруда. Бұл тұрғыда мысал ретінде ақпараттық-түсіндіру, зерттеу, жобалық жұмыстары, мәдени-қоғамдық және тағы да басқа этносаралық бағытта жүргізілетін көптеген шараларды атап көрсетуге болады. Мысалы, қазіргі таңда Жамбыл облысының барлық аудандарын қамтитын «Достық керуені» аймақтық жобасы жүйелі жүзеге асуда. Жобаның мақсаты – коммуникацияны қалыптастыру және ҚХА этномәдени бірлестіктері мүшелерінің халықпен кездесулерін өткізу, диалог алаңдарының жұмысына жиі қатысып, этностар көп шоғырланған аймақтардың саяси ахуалын зерделеу. Аталмыш жоба аясында Ақсақалдар мен Аналар кеңесі, жастар қанатының мүшелері, ҚХА медиаторлары, ғылыми-зерттеу тобы сарапшыларының қатысуымен ауыл тұрғындарына арналған бірқатар шаралар өткізілді. Атап айтқанда ақпараттық-түсіндіру, консультативтік-әдістемелік, этнос өкілдерінің медиасауаттылығын арттыру жұмыстары, фокус-топтық, әлеуметтік зерттеулер қолға алынды. «Менің елім – менің Қазақстаным» атты жастар тимбилдингі, «Бірлік – әралуандықта» балалар сурет байқауы, «Өнерім саған, Қазақстан!» фестивалі және түрлі ұлттық спорттық жарыстар ұйымдастырылуда. Мұның барлығы этностар жиі орналасқан Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Қордай, Жуалы, Байзақ аудандарында облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы мен «Қоғамдық келісім» мекемесі басшылығының, облыстық прокуратура, полиция департаменті, этномәдени бірлестіктер, Жамбыл облысы ҚХА құрылымдары өкілдерінің және жергілікті тұрғындардың қатысуымен өтуде. Сондай-ақ, облыста «Бейбітшілік пен келісім», «Бір ел», «Әралуандылық – бірлікте», «Мектепке жол» республикалық, өңірлік жобалары мен басқа да іріліұсақты шаралар сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестіктерден құралған консультативтік-кеңесші ұйым бар. Ол – беделді тұлғалық сипаты бар қоғамдық пікір көшбасшыларынан тұратын ақпараттық топ. Консультативтік-кеңесші ұйым саяси-идеологиялық жұмыстар жүргізіп, мемлекеттік саясатты насихаттауға негізделген, халықтың әлеуетін көтеретін жобаларға ұйытқы болып келеді. Аталған топ қызметі Жамбыл облысындағы этностар аз шоғырланған аймақтарда жүзеге асырылуда. «Қоғамдық келісім» мекемесінің қоғамдық қатынастар саласында ғана жұмыс істеумен шектеліп қалмайтындығы баршаға мәлім. Ассамблеяға ең бастысы – сөз, насихатпен ғана емес, азаматтар арасындағы құқықтық қатынастарды жетілдіру, яғни, құқықтық сауаттылыққа шақыру міндеті жүктелген. Атқаратын жұмыстарымыздың имиджін өзгертудегі жаңа бағыттардың бірі – мемлекеттік тілді меңгеруде де тілдікнәсілдік кемсітушілікке жол берілмеу керек. Дегенмен де, Ассамблея жөніндегі қоғамда дүрдараздық туғызатын жағымсыз, жалған ақпараттары арқылы таратылатын келеңсіздікте түйткілдер түйінін тарқататын дұрыс шешімдердің бірі — мемлекеттік тілді үйрену. Сондай-ақ, Мемлекеттік Ту, Әнұран сияқты мемлекеттік құндылықтарға құрметпен қарау да әр қазақстандық азаматтың парызы. Азаматтық әскери борышты өтеу де осы міндеттердің біріне жатпақ. «Қоғамдық келісім» мекемесі медиация институтын ілгерілету және этномедиацияны дамыту бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр деп сенімді айта аламын. «Достық үйінде» медиация кабинеті ашылып, сенім телефоны орнатылды. Қоғамдық қабылдау бөлмесі де өз тиімділігін дәлелдеп отыр. Бүгінде тұрғындарға практикалық және медиациялық көмек көрсету мақсатында облыс бойынша 40 медиация алаңдарында түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биылғы тамыз айында «Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация кабинеттерінің «ашық есік» күні республикалық ісшарасы өтуі де осы сөзіміздің бір дәлелі. Іс-шара ҚХАның қоғамдық құрылымдарының қызметі, этносаралық қақтығыс деңгейін төмендету мәселелерінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге мүдделі уәкілетті тұлғаларды біріктіру және халық арасында қазақстандық бірегейлік пен этносаралық келісім мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілді. Этносаралық шиеленістерді жедел анықтау, дер кезінде әрекет ету, қажет болған жағдайда этномедиаторлар пулын қалыптастыру және туындайтын дауларды оқшаулау, алдын алу тәрізді іс-қимылдар Тараз қаласында жергілікті медиациямен қалыпты деңгейде іске асырылып отыр. Жуырда медиация кабинеті мен ҚХА медиаторлары Қордай, Т.Рысқұлов, Байзақ аудандарының Ақсақалдар және Аналар кеңесінің өкілдерімен, жергілікті тұрғындармен консультативтік-әдістемелік жұмыс жүргізді. Онда қазіргі қоғамдағы отбасы құндылықтарын сақтау, әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықты жою, алдын алу бойынша бағыт-бағдар берілді. Жалпы, мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жасау мақсатында мақсатты түрде 36 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Осы орайда осы айдың басында Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында өткен ҚХА республикалық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысына Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали екеуміз тәжірибе алмасу мақсатында барып, қайттық. Қазақстанның түкпір-түкпірінен Аналар кеңестерінің өкілдері жиналған ауқымды шарада «Әжемнің ертегісі», «Анаға сәлем», «Ана көрген тон пішер», «Ынтымақ» сынды жобалар таныстырылды. Сонымен қатар біздің Аналар кеңесінің тәжірибесі өзге өңір аналарына таратылып, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында қандай тың шаралар жүзеге асырылып жатқандығы сөз болды. «Мәдениетті ұлт», «Жасыл сертификат» және дәріханалық нашақорлықпен күресуге бағытталған да бірқатар іс-шаралар қызу талқыланды. Келелі ұсыныстар мен пайымды пікірлер ортаға салынды. Біздің өңірдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталған имидждік жобаларды жүзеге асыратын құрылымдардың бірі – «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің белсенді жастар қанаты бар. Қазіргі уақытта бірлестік алты бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда «Қоғамдық Ассамблея» бағыты жастарды әлеуметтік қолдау, білім деңгейін көтеру және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге негізделсе, «Бірлік тілі» бағыты мемлекеттік тілді оқытуды мақсат еткен. Сол сияқты «Ел мұрасы» бағыты тарихи-мәдени мұраны сақтауға шақырса, «Таза орта» бағыты экология мен қоршаған ортаны қорғауға үндейді. Ал «Қасиетті парыз» бағыты әскерипатриоттық тәрбиені насихаттаса, «Jastar media» бағыты медиажобаларды дамыту және медиасауаттылықты арттыруды көздейді. Бұдан бөлек жастар дәстүрлі түрде жылда қан тапсыруға шақыратын «Өмір сыйла!» және халықтың осал топтарына көмек ретінде «Біз біргеміз!» қайырымдылық акцияларын өткізеді. «Жастар Ассамблеясының» өкілдері түрлі байқауларға да белсенді қатысады. Жақында «TARAZ UNITED» командасы Алматы облысында өткен республикалық зияткерлік ойынға қатысып, жартылай финалға дейін жетіп, ойын қорытындысы бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Облыстық «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің өкілдері мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше көңіл бөлуде және қазақ тіліндегі «Мәміле» пікірталас клубына тұрақты түрде қатысады. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыру мақсатында бірнеше жастарымыз Жетісу ауданындағы тіл мектебі жанындағы жазғы демалыс лагеріне де қатысып келді. Этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі де былтырғы жылға қарағанда едәуір өсті. Мемлекеттік тілді дамытуға арналған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі», «Мың бала» жобалары мен «Менің таңдауым – қазақ тілі», «Ұстазыма мың алғыс» тәрізді тек мемлекеттік тілде өтетін челлендждері де жүзеге асырылып, этнос балалары белсенділікпен атсалысты. Сондай-ақ, этнос өкілдерінің үлкен-кішісі облыстық тілдерді дамыту орталығы ұйымдастырған «Достық үйіндегі» қазақ тілін тегін үйрену курстарына қатыса алады. Осы орайда айта кету керек, жуырда Павлодар қаласында өткен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» жобасының республикалық кезеңіне мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері – Мухаббат Әлиханова мен Кристина Маслова қатысып келді. Сондай-ақ, Ассамблея жастарының ізгі істерінің қатарына жыл басынан бері «Таза қала», «Менің қалам, менім аулам» экологиялық акцияларына қатысуын қосуға болады. Сондай-ақ, күні кеше ғана Алматы қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен «Өнеріміз саған – Қазақстан!» атты республикалық фестиваль өтті. Этностар арасында ұлттық өнерді дәріптеу, Қазақстан халқының бірлігін сақтау мақсатында өткен шарада өңірімізден «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігі жастар қанатының мүшесі Ариф Шамсутдинов қазақтың қара домбырасымен өнер көрсетіп, «Ең үздік қатысушы» деген номинацияға ие болды. Қазақстан Республикасының Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде жастар театрларын ашудың маңыздылығы туралы да айрықша атап өткен болатын. Осы орайда, облыстағы этнос жастарынан құралған «Достық» театры ашылды. Тұсаукесері биылғы жылдың жаз айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI облыстық сессиясы барысында өтті. Жақында Шерхан Мұртаза шығармасының желісі бойынша «Интернаттың наны» қойылымымен «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» фестивалінде аталған жастар театры драмалық көріністен бірінші орын алып, жеңімпаз атанды. Қойылымның қоюшы-режиссері мен рөлдерді үйлестірушісі – Жамбыл облысы ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, «Әулие ата» қазақ мәдени орталығы Ақсақалдар алқасының төрағасы Асқарбек Сейілханов. Сонымен бірге «Қоғамдық келісім» мекемесінде өңірлік Ассамблея жанынан құрылған Журналистер клубы да жұмыс істейді. Қазіргі таңда Жамбыл облысы ҚХА Журналистер клубы 30-ға жуық БАҚ өкілдерін біріктіріп отыр. Олардың арасында журналистер, фототілшілер, бейнеоператорлар, СММ мамандар, радио тілшілері мен тележүргізушілер де бар. Клубтың қазіргі таңдағы төрағасы – республикалық «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі, облыстық «Коре» кәрістер этномәдени бірлестігінің мүшесі Михаил Тё. Жылына бір рет өткізілетін Журналистер клубының отырысында Ассамблеяға қатысты өзекті мәселелер мен жаңа міндеттер талқыланады. Журналистер клубының өкілдері облыстағы этномәдени бірлестіктердің жұмысын, іс-шараларын және этносаралық бағытта ұсынған бейбітшілік пен келісімді дәріптейтін материалдарын баспасөз беттерінде, сайттарда, әлеуметтік желілерде, теледидарда кеңінен жариялануын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар этножурналистика саласында «Бір шаңырақ астында» атты шығармашылық байқау жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Аталған байқаудың биылғы облыстық кезеңі алдағы қараша айында өтеді. Оған клубтың барлық мүшелері мен республикалық, облыстық, қалалық, аудандық БАҚ өкілдері қатысады деп күтілуде. Бұдан басқа, республикалық «Қазақтану» жобасы да қолға алынған болатын. Жоба аясында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің базасында Жамбыл облысының «Өшпес мұра» қолөнершілер бірлестігі әртүрлі этностардың тігіншілері мен қолөнершілерін дайындау бойынша жыл бойына 10 шеберлік сабағын өткізді. Дәстүріміз дәріптелген дәрістер барысында қазақтың киіз басу қолөнері мен жүннен жасалған бұйымдарды ұлттық ою-өрнекпен әрлеу, қошқар мүйізді текеметтер дайындау, камзолдардың оюларын киізден басу, сондай-ақ, басқұрлармен киіз үйді безендіру және әшекейлеу әдістері таныстырылды. Тәжірибелі шеберлер мен халық дәстүрін құрмет тұтар мәдениет қайраткерлері қазақ халқының бұл салт-дәстүрінің қырсырын талмай үйретіп, көне қолөнердің өміршеңдігін қазіргі өмірімізде сақтап қалып, тыныс-тіршілігін жалғастыруға тырысады. Шеберлік дәрістеріне барлығы 150-ден астам қолөнер сүйер қауым қатысып отырды. «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйытқы болуымен Жамбыл облысындағы этностардың сәндік-қолданбалы өнер және аспаздық көрмелері де жиі ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар жыл ішінде Жамбыл облысындағы этностардың сәндік-қолданбалы өнерлерін паш ететін үлкен көрме көпшілік назарына ұсынылды. Атаулы көрмеге «ANK Masters Club» және «Достық үйіндегі» тағы бір ұйым 2 халықаралық, 3 облыстық және 2 қалалық көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысты. Жалпы, этномәдени бірлестік өкілдері облыстағы барлық әлеуметтік маңызы бар мәдени-қоғамдық ісшараларға қатысып, этностық мәдениет күндерін, қайырымдылық шараларын және «ашық есік» күндерін өткізіп отырады. Бұған қоса, мемлекеттік және ана тілдерін үйренуге ықпал ететін ғылыми-тәжірибелік конференциялар, көрмелер, акциялар, байқаулар, фестивальдер, челлендждер, мерекелік салтанатты ісшараларға тыңғылықты атсалысады. Олардың ішінде «Алғыс айту күні», «Наурыз», «Қазақстан халқының бірлігі күні», «Масленица», «Ханука», «Рождество», «Чхусок», «Этнос күндері», Қазақстан халқы ойындарының спартакиадасы және басқа да бірқатар іс-шаралардың орны бөлек. Әрине, тағы бір тоқталуды қажет ететін іс-қимыл, Ассамблея мен «Қоғамдық келісім» ұйымдары қызметтерінің басым бағыттарының бірі – қайырымдылық пен волонтерлік шаралар. Ассамблея жастары жылда «Қоржын», «Ерікті донор», «Жылу» және тағы да басқа көптеген қайырымдылық шараларға белсене қатысып келеді. Олар мұсылмандардың Рамазан айындағы оразасы мен мереке күндерінде де қайырымдылық шараларын өткізеді. Халықаралық жастар күні қарсаңында тағы бір «Qamqor» үлкен қайырымдылық акциясы өтіп, оны іске асыру барысында көпбалалы отбасыларға ірілі-ұсақты көмектер көрсетілді. Сол сияқты Жеңіс күні қарсаңында қайырымдылық акциясы өткізіліп, соғыс ардагерлері мен тыл еңбекерлеріне бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, осы мереке қарсаңында аз қамтылғандар мен көмекке мұқтаж жандардың әрқайсысына 1 пакеттен «форель» қызыл балығы таратылды. Қайырымдылық қызметін үйлестіру Қазақстан халқы Ассамблеясының дәстүрлі бағыттарының біріне айналды. Қазірдің өзінде аз қамтылған және қиын жағдайда қалған отбасыларға жалпы сомасы 432 миллион 200 мың теңгені құрайтын қайырымдылық көмек жасалып, барлығы 33 100 адам қамтылыпты. Мысалы, қыркүйек айында «Тараз қаласының Өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мұқтаж және мүмкіндігі шектеулі жандарға, халықтың осал топтарына, 35-ке жуық отбасыға азық-түлік пакеттерін таратса, оның 15-і мүмкіндігі шектеулі жандарға берілді. Қайырымды іске Тараз қалалық «Мырқалық» өзбек мешіті демеушілік жасады. Облыстық Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері, меценаттар мен ҚХА мүшелері барлық қайырымдылық шараларға белсене араласады. Республикалық акция аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына «Мектепке жол» қайырымдылық көмегі көрсетілді. Мәселен, «Жамбыл облысының «Вынхуа» дүнген мәдени орталықтарының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі 70 баланы 2 миллион 500 мың теңгеге оқу құралдарымен толық қамтамасыз етті. Игі іс жасаушылардың қатарында Жамбыл облысының «Ахыска» Түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі 50-ден астам балаға барлық кеңсе тауарлары, мектеп формасы мен спорттық костюмдері салынған мектеп сөмкелерін сыйға тартты. Сонымен қатар, балалардың ата-аналарына да қаржылай материалдық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаты, ҚХА мүшесі, «Ахыска» түріктер этномәдени бірлестігінің төрағасы Жалил Аббосов Байзақ ауданындағы қиын өмірлік жағдайдағы көпбалалы отбасынан шыққан 30 балаға мектеп формасы, сөмке және қажетті оқу құралжабдықтарын сыйлады. Әр мерекеге орай этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдары тарапынан көптеген қайырымдылық шаралары өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Жамбыл облыстық «Полонез» поляк тілі және мәдениеті орталығының, «Қазақстан дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығының», Жамбыл облысындағы М.Қашқари атындағы «Ұйғыр» этномәдени бірлестігінің және «Радонеж» орыстар қауымдастығының өкілдері де қайырымдылық жасап жарысудан кенде қалмады. Сонымен бірге, Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ҚХА Аналар кеңесінің мұрындық болуымен де бірқатар қайырымдылық шаралар өткізілді. Әр этномәдени бірлестіктің аналары қолдау орталығының тәрбиеленушілерін, балабақшаларға, мектептерге, мамандандырылған емханаға бекітілген ерекше зейінді, ынталы, денсаулығынан үміт күттірер балаларды арнайы құттықтады. Бұл тұрғыда жетім балалар да назардан тыс қалмады. Мәселен, Жамбыл ауданы, Гродиково ауылында «Қазақстан Республикасы күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыс бойынша филиалы Аналар кеңесінің төрағасы Айша Қарахметоглы қайырымдылық ұйымдастырып, жетім балаларға тәтті-дәмділер және киім-кешектер таратты. Сондай-ақ, Рамазан айындағы қайырымдылық шараларда да облыстық «Ахысқа» түрік этномәдени орталығы» және Жамбыл облысы «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестіктері, «Наурыз» мейрамы қарсаңында «Қазақстан татарлар мен башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалы қайырымдылық акциясын өткізіп, 15 аз қамтылған отбасына жалпы сомасы 45 000 теңге көлемінде көмек көрсетілді. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Радонеж» орыс қоғамдастығының өкілі Оксана Дьяченко «Мектеп оқушыларының қолынан жаңа туған нәрестелерге арналған киім» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, нәтижесінде сәбилерге арналған 36 жаңа сәби жиынтығы дайындалып, таратылды. Міне, осындай ауқымды жұмыстардың барлығы да өзара түсіністік пен қоғамдық келісімнің арқасында жүзеге асуда. Лайым, ел іргесі тыныш болсын! Жалпықазақстандық бірегейлік пен ұлт бірлігі – тұрақты, бірбеткей, тыныштығы мен бейбітшілігі мәңгі мемлекеттің негізі. Ендеше, қолда бар тұрақтылығымыз бен бірлігіміздің өміршеңдігін көздің қарашығындай сақтап, ұлттық рухани құндылықтарымызды зор сеніммен табыстай алатын ұрпақ тәрбиелеу және береке мен тыныштығымызды қадір тұту, сақтау жолында Әділетті Қазақстанды бірге дамытып, бірге гүлдендірейік, отандастар! Барша облыс тұрғындарын Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Мүбәрак ЖИНАҚБАЕВА, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар