ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМ – ТУАБІТТІ ҚАСИЕТ
Қазіргі қоғам дамуы тұлғаның жаңа әлеуметтік типін қалыптастыруды талап етеді. Біздің қоғам өзіне сенімді, жарқын тұлғалы, өзіне тән белсенді азаматтық ұстанымы бар, саналы шешім қабылдай алатын және өз ісіне жауапкершілікпен қарай алатын іскер адамдарды қажет етеді. Мұғалімдердің, философтардың, психологтардың, саясаткерлердің жіті назарындағы азаматтық-патриоттық тәрбие – білім беру жүйесінің маңызды бөліктерінің бірі, объектісі.
Қазіргі жағдайда заң мен қоғамды құрметтейтін, Отанын сүйетін, іскер, жасампаз, бәсекеге қабілетті азаматтарды тәрбиелеу үшін патриоттық білім мен тәрбиені тиімді ұйымдастыру міндеті тұрғаны кездейсоқ емес. Бұл кез келген адамның жеке басымен қатар, мемлекетке де, қоғамға да өзекті болып танылады. Азаматтық-патриоттық мәселелерді шешу бірқатар іс-шаралар жүргізу арқылы жүзеге асады. Дегенмен патриотизмді мемлекеттік идеологияның бір бөлігіне айналдыруға қанша тырысқанымызбен, нақты нәтиже әлі де күтілетін деңгейге сәйкес келмей жатқан кездерге де куә болып жатамыз. Жастарды, нақтылап айтсақ, патриот жастарды тәрбиелеуде маңызды саналатын – ең алдымен орын оқу орындары, оның ішінде мектеп. Азаматтық-патриоттық мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру білім беруден басталған кезде тамыры терең болады. Азаматтықпатриоттық тәрбиенің табысты болуы – тікелей біртұтас білім беру жүйесіне, мұғалімдерге байланысты. Мазмұнды жаңарту шарттарының бірі – оқушыларды азаматтық-патриоттық тәрбиелеу, педагогикалық кадрлардың кәсіби деңгейін арттыру. Патриоттық тәрбие беру барлық пәндерге қатысты. Оқушылардың пәнге деген ынтасын, қызығушылығын арттыру үшін түрлі жаңа әдістемелік технологияларды пайдалана отырып, сабақ өткізу арқылы тәрбиені еселей түсуге болады. Бұл өз кезегінде оқушылардың орынсыз мінез-құлық танытпауына, әр тапсырмаға мұқият және жауапкершілікпен қарауға, мұқият ойлануға, бағдарламалық материалдарды оңай және тез меңгеруге, сабақта жалықпауына, зейіндерінің шоғырлануына көмектеседі. Патриотизм – Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның әл-ауқаты қоғамдық және мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланысты екенін сезіну және мемлекеттің нығаюы жеке тұлғаның нығаюы екенін мойындау қарым-қатынастарын білдіреді. Осыған байланысты оқытудың үш негізгі міндетіне танымдық, тәрбиелік, дамытушылыққа жету үшін оқушыларды өз бетімен жұмыс істеуге үйрету жатады. Сондықтан баланың шығармашылық қабілетін дамыту, ізденушілік, білімдерін практикада пайдалана білуге үйрету бағытында жұмыс істелгені дұрыс. Балаларға патриоттық, ата-анаға деген сүйіспеншілік, Отанға деген сүйіспеншілік тақырыбына өз пікірлерін, қандай шығармалар оқығанын, қандай шығармаларды оқу керектігі жөнінде нұсқау беріліп отырады. Өйткені, ғаламтор бетінде ақпараттың көптігі сондай, оқушы түгілі, ересек адамдардың өзі неден бастап, нені таңдау керектігінен шатасады. Расында, ұлтына деген сүйіспеншілігі жоқ адамнан адамгершілікті де, қамқорлықты да, адалдықты да, мәдениетті де күтуге болмайды. Осы тұрғыдан алғанда патриоттық тәрбие тәрбиенің негізгі бағыттарының бастауы десек қателеспейміз. Қазір бұрынғыдай буржуазиялық немесе пролетарлық патриотизм жоқ. Әр мемлекет өз мүддесін қорғайды. Өз халқымыздың өткеніне көз жүгіртсек, отаншылдықтың ұлы үлгілерін көреміз.Тәуелсіздік алғаннан кейін қоғамда жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген жаңа идеологияны қалыптастыру қажет болды. Бұл идеологиялар отансүйгіштік, қазақ патриотизмі және ұлтшылдық ұғымдарына негізделген. Грек тілінен шыққан «патриот» сөзі дүниежүзілік қауымдастықтың даму тарихы мен мемлекеттердің саяси жағдайына байланысты әртүрлі сипаттар мен мағыналарға ие. Ежелгі грек ғалымдары Платон, Цицерон, Аристотель, Еуропа фил ос офтары, демократтары, қазақ ағартушылары Ш.Уәлиханов, Абай, Ы.Алтынсарин және тағы басқалар патриоттық туралы түрлі толқынысты ойларын қалдырды. Олардың шығармаларында ұлтын шын беріле сүю, елге, жерге деген отаншылдық махаббат көрініс тапты. Ұлт батыры Бауыржан Момышұлының сөзіне жүгінсек: «Патриотизм – Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы қоғамдық-мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзінің мемлекетке тәуелді екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз – мемлекет деген ұғымды, оны жеке адам мен барлық жағынан өткені мен бүгінгі күнімен және болашағы мен қарым-қатынасын біріктіреді». Патриоттық сезім – туабіткен қасиет. Бала кезден негізі қаланатын бұл сезім, ең алдымен, ата-анасына, жанұясына, туысқандарына, өсе келе достарына, одан кейін туған еліне, туған жеріне деген ыстық ықыласпен, адам есейген сайын бірте-бірте ұлт, халық, қоғам, мемлекет деңгейіне көтеріліп, өмір бойына жалғасады. Қазақстандық патриотизм – дербестігімізбен қатар, еліміздің тұрақтылығын, дамуын саясиәлеуметтік жағдайдың ерекшеліктерін көрсететін жаңа ұғым. Жастарды патриоттыққа тәрбиелеу – еліміздің мемлекеттік жастар саясатының бір бөлігі. Өз елінің патриоты болу – мақтаныш пен абырой кез келген адам үшін қашанда үлкен мәртебе. Әрбір адам баласы туа сала емес, жүре келе, көре келе, ести келе, тәрбиелене келе патриотқа айналады. Мәселе дер кезінде оң бағыт пен тура жолды нұсқай алуда жатыр. Оның үстіне, тұрақты дамып келе жатқан мемлекетте патриоттық тәрбие беруге үлкен мән бере отырып қадағалау керек. Қалай алып қарасақ та, тиімді патриоттық саясатты жүзеге асырудың арқасында бүгінде елімізде тұрақты қоғамдық келісім орнаған. Әрбір азамат күнделікті өмірде көрініс табатын патриотизмнің сөзсіз қажеттілігін бірауыздан мойындаған. Қай мемлекеттің болсын даму тарихына үңілсек, патриоттық саясат дұрыс жүргізілмесе, түрлі қиындыққа тап болғанын көруге болады. Ал біздің елімізде ең бастысы бейбітшілік пен келісім орнап отыр. Бұл елімізде жүргізілген отансүйгіштік идеологияның дұрыс жүзеге асқанының жемісі, қазақ жерін мекен еткен әрбір ұлт пен ұлыстың, әр азаматтың таңдауы. Патриоттыққа үндейтін сарабдал саясаттың арқасында еліміз тәуелсіздікті алған жылдардағы қиын кезеңнен жұтылып кетпей, керісінше азаматтық пен патриотизмге тәрбиелеуді мақсат етіп, бір жұдырық болып ұйысып шықты. Ең маңызды идеологиялық міндет – қазақстандық патриотизмді қалыптастыру болып айқындалып және отансүйгіштік Әділетті Қазақстанды құрудың маңызды факторларының бірі болып танылды.
Балмира МЫРЗАБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы
Келесі мақала