ӘУЛИЕАТА ЖАСТАРЫ БАҒДАРЛАМАСЫ 1 ШІЛДЕДЕ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожамен мен сұхбат
– Серікбол Қайратұлы, өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай болды, бөлісе отырсаңыз?
– «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» демекші, былтырғы жыл облыс жастары үшін табысты болды. Өңірімізде өткен жылы жастар саясатын жүзеге асыруға тиісті мүдделі органдармен 767,2 миллион теңге қаржы қарастырылды.
Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 55,4 миллион теңгеге 32 әлеуметтік маңызы бар жоба қаржыландырылды.
Бағдарламаның басым бағыты жастарды жұмыспен қамту болып табылады. Есепті кезеңде 19 808 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,8 пайыз немесе 7 146 жасты құрады. Бұл басқа өңірлер арасындағы ең төменгі көрсеткіш.
Жұмыссыз, оқымайтын NEET санатындағы жастардың үлесі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,3 пайыз немесе 18 632 жас.
Осы бағытта жұмыстарды жандандыру мақсатында облыстық жастар ресурстық орталығының жанынан NEET және жас отбасылармен жұмыс істеу бөлімі ашылып, «NEET және пробация тізімінде тұрған жастармен жұмыс туралы» іс-шаралар жоспары бекітіліп, нақты индикаторлық көрсеткіштер көрсетілді.
Жергілікті бюджет есебінен бөлінген 54,5 миллион теңгеге 1 010 жұмыссыз, NEET санатындағы жастар маусымдық жұмыстарға тартылып, табыс табуына септігін тигізді.
Жастардың кәсіпкерлік әлеуетін шыңдауға тиісінше мән берілді. Жастардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға бағытталған «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1 648 жас оқытудан өтіп, жоба аясында 2 345-і қайтарымсыз грант алып, 299-ы шағын несие алды.
«Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау тетігі бойынша 166 жас кәсіпкердің жобасы қаржыландырылды. «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы бойынша 176 жас кәсіпкердің жобасы кепілдендірілді.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 418 маманға 122,1 миллион теңгеге көтерме жәрдемақы және 248 маманға тұрғын үй сатып алуға 1,1 миллиард теңге қаржы берілді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Жамбыл облысының жастары арасында халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастыру бағытында «30 игі іс» жобасы аясында «Тегін такси», «Рақмет сізге», «Менің бастамам» сияқты жобалар іске асырылды.
Облыс көлемінде жас ақындарды қолдау мақсатында басқарманың қолдауымен жас ақындардың «Жамбылдың жауқазын жырлары» антологиясы, Табиғат Абаилдаевтың «Миллениум», Жанғазы Ахметтің «Мен сондаймын», Арайлы Жақсылықтың «J.A.S» атты жеке жыр жинақтарының тұсаукесері өтті.
Әртүрлі салаларда жетістікке жеткен жастарды көтермелеу және қолдау мақсатында облыс әкімінің «Әулиеата үміті» жастар сыйлығы тапсырылды.
– Жамбыл жастары үкіметтен, аға буын ағаларынан жылулық сезіне алып жүр ме?
– Әлбетте. Жамбылдық жастарға әрдайым қолдау бар. Облыс әкімдігі тарапынан өңір жастарын қолдау мақсатында мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы қабылданған.
Жастардың кәсіппен айналысуына, белсенді жұмыспен қамтылуына, сапалы білім алуына, бос уақытын тиімді ұйымдастыруына барлық жағдай жасалған.
Жастармен жұмыс жасайтын ұйымдарға қолдау қомақты. Өңір басшылығының бастамасымен жастар ресурстық орталықтарына арналған дербес ғимараттар берілуде. Мәселен, 2021 жылы Шу қаласынан, ағымдағы жылы Жаңатас қаласынан жастар бастамаларын қолдау мақсатында жастар ресурстық орталықтары ашылды.
Аға буын өкілдері «күміс» волонтерлікті ілгерілету, жастарға ұлттық тәлім-тәрбие беру мақсатында Тараз қаласы мен аудандарда «Енелер клубы», «Әжелер клубы», «Әкелер мектебі», «Жылдар мен жолдар», «Қоғамдық лекция» жобалары аясында бейресми кездесулерде, шеберлік сағаттарында жастарға өнегелі өсиетін айтып, өз білімі мен тәжірибесімен бөлісуде.
– Жоғарыда еріктілер туралы айтып қалдыңыз. Қазір елімізде еріктілерге ерекше көңіл бөлініп жатыр. Жалпы еріктілердің еңбегі қай салаларда сұранысқа ие? Айтыңызшы, өңірде еріктілер қозғалысын дамыту мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Облыста волонтерлікпен құрамында 10 мыңнан аса волонтері бар 33 ұйым айналыcады.
Өңірде 2019 жылы «Қамқор» әлеуметтік-қайырымдылық дүкені іске қосылып, бүгінде 15 дүкен жұмыс істеп келеді. Жоба аясында 13 мың отбасыға 42 мың тонна киім-кешек үлестірілді.
Волонтерліктің 12 бағыты бойынша жалпы саны 547 шара өткізіліп, оған 6 286 жас қатысты.
Еріктілердің еңбегіне әлеуметтік, мәдениет-тарих салаларында сұраныс жоғары. Қазіргі таңда жастар осы бағытта көп жұмыстар атқаруда. Қарияларға көмек көрсету, «Ардагерлерді ардақтайық» жоболары табысты атқарылуда.
Бұл бағытта арнайы жол картасы бекітіліп, еріктілерді дамытуға бағытталған арнайы оқыту жұмыстары жүргізілуде.
– Осы орайда жастар кәсіпкерлігі жайлы сұрағым келіп отыр. Жамбылдық жастарды ынталандыру үшін қандай жобалар жүзеге асуда?
– Есепті кезеңде 3 379 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде 1 163-і ваканттық жұмыс орындарына орналасса, 415 түлек жастар практикасына, 136 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 582 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Биыл «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында барлығы жиырма екі мыңға жуық жасты белсенді шараларға тарту жоспарланып отыр.
Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 12 638, қысқамерзімді курстарға – 450 «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту – 1 622, гранттар беру – 1 893 (қаржыландыру – 2,3 миллиард теңге), жастар практикасы – 2000, әлеуметтік жұмыс орындары – 897, ақылы қоғамдық жұмыстар – 2000, шағын несие – 338 жас (қаржыландыру – 1,3 миллиард теңге).
Жалпы бүгінде Тараз қаласы мен аудандарда кәсіпкерлікпен айналысатын 5 358 жас бар.
– Жастардың құқықбұзушылығы, суицидке баруы, нашақорлыққа бой алдыруы секілді проблемалар біздің өңірде ғана емес, жалпы елімізде күн тәртібінен түспей тұрғаны рас. Облыстың соңғы кездегі көрсеткіштері қандай?
– Биылғы жылы 1 572 қылмыс тіркелсе, оның ішінде 14 пен 29 жас аралығында қылмыс жасаған 208 адам тіркелген.
14 пен 29 жас аралығында өз-өзіне қол салуға жасалған әрекет (суицид) саны – 23 адам. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 адамға артып отыр. Өліммен аяқталған суицид саны – 15. (2021 жылы – 11 адам (14-18 жас – 2, 19-29 жас – 9).
– Жамбыл облысында баспанасыз жүрген жастар аз емес. Өңір жастарына арналған «Әулиеата жастары» атты жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы қолға алынған еді...
– «Әулиеата жастары» деген 5 жылға арналған бағдарлама қабылданған болатын. Соның ішіндегі басым бағыттардың бірі – тұрғын үй мәселесі. Аталған мәселені біз бір жарым жылға жуық уақыт талқыладық. Барлық аудан, қала, ауыл жастарының арасында сауалнама жүргіздік, жеке кездесулер, қоғамдық тыңдаулар өткіздік. Мәслихаттың тұрақты комиссиясында, қоғамдық кеңесте қарадық. Сонымен қатар жастар саясаты жөніндегі Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері жанындағы кеңестің отырыстарында да бұл мәселе қаралып, сүзгіден өтті. Бағдарламаға білім, әдебиет, денсаулық, журналистика, спорт секілді 5 категорияны кіргіздік. Оның ішінде мемлекеттік бюджеттік мекеме есебінен қаржыландырылатын мекемеде жұмыс істемейтін, яғни «Отбасы Банкі» арқылы мемлекеттік бағдарламаға қатыса алмайтын азаматтар ғана қатыса алады. Мектеп мұғалімдері, мемлекеттік қызметшілер, квази-мемлекеттік секторда жұмыс істейтін азаматтардың барлығы мемлекеттік қаржыландыру жүйесінде бюджеттен айлық алатындықтан олар «Отбасы Банктің» кез келген бағдарламасына қатыса алады. Яғни қысқаша айтқанда айлықты мемлекеттен алмауы керек. Қазір жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Орта есеппен есептегенде 10 миллион теңгеге үй алса, биыл 50 жасты баспанамен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл жерде сәл-сәл ауытқулар да болуы мүмкін. Себебі қатысушы қай жерде тіркелген, сол жерден ғана үй ала алады. Байзақтан тіркелген болса, Сарыкемерден ала алады. Жамбыл ауданында тіркелсе, Асадан ала алады. Тараз қаласынан тіркелгендер тек Тараз қаласынан ғана ала алады. Аудандық жердегі үйлер 5-7 миллион теңге көлемінде бағаланады. Сондықтан біз 50-ден де көп адамға баспана беруіміз мүмкін. Немесе қалада үй қымбат, сол күйінде қалуы да мүмкін. Тағы бір ерекшелігі, алдымен 5 пайыз алғашқы жарнасын төлейді, 13 миллионның 5 пайызы – 750 мың теңге. Алғашқы 8 жылында 5 пайызбен төлейтін болса, қалған 11 жылында 3,7 пайызбен төлейді. Алдына ала төлемін жауып тастаса да болады. Егер үй алам деуші азамат жалғызбасты болса айлық-жалақысы 140 мың теңгеден аспауы керек. Егер отбасылық жағдайында жолдасы, бала-шағасы болса, онда біз орта табысын қосып, бөлеміз. Бастысы 1 адамға шаққан кезде 140 мыңнан аспауы керек, екі адам болса 280 мың теңге. Тағы мұнда отбасының болуына, некеде қанша уақыт тұрғанына, бала санына балл қойылады және жұмыс өтіліне яғни соңғы жұмыс орнындағы өтілі 5 жыл немесе 8 жыл болатын болса, соған да балл қойылады. Қатысушылардың барлығын осы балл арқылы сүзгіден өткізіп, елу адамға жолдама береміз деп шешім қабылдап отырмыз. Бұл жерде осы маусым айында облыс әкімі мен «Отбасы Банкі» төрағасы арасында екіжақты меморандумға қол қойылатын болады. Қол қойылған уақыттан кейін 1 айды түсіндіру жұмыстарына жұмсаймыз. Яғни барлық елді мекендерге, жастарға шарттарын талаптарын, қатысу механизмдерін түсіндіреміз. Сосын шілде айынан бастап біз жеке құжаттарды кезек арқылы қабылдаймыз. Ол арнайы электронды портал арқылы жүргізіледі. Бұл жерде іріктеу 100 пайыз әділ өтеді деп айта аламын. Себебі бұл электронды, автоматтандырылған. Балдың көрсеткіші де өзінің салған көрсеткішіне байланысты автоматты түрде шығарылады.
– Бүгінде қай қазақты алсаңыз да кемінде басында 1 несиесі бар. Аталмыш бағдарламаға қатысушы жастардың несие тарихына қарай ма?
– Баспана «Отбасы Банкі» арқылы берілетін болғандықтан несие тарихы міндетті түрде назарға алынады.
– Серікбол Қайратұлы, сіздің кітап жазып жатқаныңыз жайлы естіп қалған едік...
– Негізі мамандығым бойынша заңгермін. 2014 жылы магистратурада қорғаған магистрлік диссертациямның негізінде қазір шағын кітап жазу үстіндемін. Кітаптың негізгі мазмұны қазіргі қоғамдағы кәмелеттік жасқа толмағандардың арасындағы қылмыстың алдын алу туралы болмақ. Қазір кітаптың мазмұнын, кіріспесін, бағыт-бағдарын қарастырып жатырмын. Жалпы үлгісі, материалдары дайын, тек статистикалық мәліметтерді жаңғырту керек.
Қазіргі балалардың психологиясы мүлде бөлек. Бұрынғымен салыстыра алмаймыз. Олардың ойлау қабілеті зор, білімдері жоғары, өз құқықтарын жақсы біледі. Мәселен, 6 жасар қызым мектепке дейінгі дайындық сыныбын бітіріп жатыр. Соның өзінде маған «Мені бір рет қана кафеге апардың, бір рет саябаққа апардың, неге сен бізге көп уақыт бөлмейсің?» дейді.
Бала не үшін қылмысқа барады? Баланы қылмысқа не итермелейді? Оның алдын алу жолдары қандай деген мәселелер себепке байланысты ғой. Ал біз көбіне салдарын жоямыз да, себебі қалып кетіп жатады. Оқиға болған соң салдарын қараймыз, заң бойынша жазалаймыз. Ал түбегейлі шешімі себепте болып тұр. Ол ата-ананың қолайсыздығы болуы мүмкін немесе әлеуметтік жағдайдың төмендігі болуы мүмкін. Баланың білімге деген құштарлығының төмен болуы да себеп болуы ықтимал. Міне, сол себептің барлығын жинап, мән беретін болсақ, сол мәселелерді түбегейлі шешуге болады деп ойлаймын. Яғни осы күнге дейін білген-түйгенімді осы жинаққа жинасам ба деген ойдамын. Қазір енді кітапқа байланысты ғалымдармен де, ұстаздарымызбен де ақылдасып, құрастырып шығатын дүние болып тұр. Бұл енді жұмысымнан бөлек, бос уақытымды пайдаланып, пайдалы дүние жасайын деген ойдың бірі.
– Облыс жастарына бойтүзер, үлгі болатын азаматтар деп кімдерді атар едіңіз?
– Жастар әлемдік деңгейдегі спортшыларға, меценаттарға, өнер адамдарына қызығады. Олардың бойында қарапайым жұмысшы азаматтарға, ел қорғаны болған, сондай-ақ бейбіт күнде халқына жәрдемі тиген, ұлтты ұйыстыратын, қоғамды біріктіретін халық батырларына деген құрметі мол.
– Сұхбатымыздың соңында, заманауи және табысты, қоғамға пайдалы болғысы келетін жамбылдық жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең бірінші тәрбиелі болу, әрдайым өзін жетілдіру, санасын өсіру, адами қасиеттерін орнықтыру, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, бала тәрбиесіне үлкен мән беру, жалпы жауапты адам болу – жастар ескерер ең басты қасиеттер.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала