Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Арманы асқақ Асылкүл

Арманы асқақ Асылкүл
ашық дереккөз
Арманы асқақ Асылкүл
Құрақ құрау бұрынғы уақытта мата қиындысын ысырап етпеу үшін жасалған екен. Ал бүгінде құрақтан әдемі етіп тігілген көрпелер әр шаңырақтың көркі болып тұр. Тігін тігіп, ісмерлікке ебі барлар құрақ құраумен қатар түрлі төсеніш, жапқыш, перде, қоржын сияқты бұйымдарды тіге береді. Осындай он саусағынан өнер тамған шебердің бірі – Асылкүл Берден. Ол бала күнінен тігіншілікпен айналысады. Жақында ғана Таразда өткен «Киіз Fest» фестивалінде ұмыт қалып бара жатқан дәстүрді жаңғыртып, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан мұраны бүгінгі жастар арасында насихаттады. Сол іс-шарада киіз басып, ұршық иірді. Осылайша ұршық иіруден екінші орын алып, 200 мың теңге ұтты. Осы жетістікті естіген бойда тігіншінің кәсібін білмекке өзіне жолығып, әңгімелестік. Кейіпкеріміздің қолөнермен айналысып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болыпты. Көрпе-көрпешелердің неше түрін тігетін шебердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы камзол, шапан, қоржыннан бастап перде, төсек жамылғысы, көйлек, жұмысшылар киімі, кестеге дейінгі бұйымдарға қызығушылар көп. Бірақ осының бәрін тіккен ол бүгінде перде мен көрпе тігуге ғана тоқтапты. Себебі кәсіпкер үшін бұлар өте өтімді тауар. Әркімнің үйіне керек зат. Әсіресе жаз уақытында қыз жасауына деген сұраныс көп болады екен. Сондайда құрақ құрап, қыздардың көзтартар түрлі көрпесін өз қолымен дайындап береді. Үйде отырып-ақ өз ісін дөңгелете білген Асылкүлдің елге де, жанұясына да пайдасы тиюде. Сұранысқа орай, оның үстіне бүгінгі заманның талабына сай «Instagram» әлеуметтік желісінен @shtory_taraz_kz парақшасын ашып, өзі тіккен перделердің сан алуан түрін салып, сатылымға қояды. Әрі тапсырыс қабылдайды. Алты баланың анасы Асылкүл күйеуіне сүйеу болып, нәпақасын сүйікті кәсібінен айырып отыр. Қазіргі кезде үй-жайды перде сияқты маңызды құрамды бөліксіз елестету мүмкін емес. Олар өзіндік әдемілігінің арқасында декордың өте функционалды және пайдалы элементтері саналады. Сонымен қатар қонақтарға арналған бөлмедегі перделер өзінің сыртқы сұлулығымен ерекшеленіп қана қоймай, дыбыс бәсеңдету, көше шаңы мен асүй ысынан және күн сәулесінен қорғау мақсатында қолданылады. Перде интерьердің артықшылықтары мен стилін айқындап, қонақтардың назарын аударып тұратын немесе керісінше бөлмедегі басқа да қалған заттармен сәйкестенетін элемент ретінде қарастырылады. – Бала күнімнен ең бірінші тоқыма тоқыдым. Сосын барып тігінге келдім. Әжем ісмер адам еді. 14 жастан 22 жасқа дейін тоқыма тоқып жүрдім. Бесінші баланы өмірге әкелген соң үйде отырып «қалай табыс тапсам екен?» деп ойландым. Тек үйде отырған әйел ретінде балаларымның есінде қалғым келмеді. Сол себепті бала күнгі армандарымды жүзеге асырдым. «Пайда табайын» деп емес, «қыздарыма үлгі болайын» деп бес баладан соң перде тігуді бастап кеттім. Ең бірінші өз үйіме перде тіктім. Үйге келген туыстар әр туындыма қызықты. Айына алатын жәрдемақыны тігінді жетілдіру курсына жұмсадым. Тіпті танымал ісмер Гүлшарат Жұбаеваның шеберлік сабағына қатыстым. Пердеге мата мен фасонды таңдамас бұрын бірнеше негізгі ережелерді ұстанамын. Перделердің түсі мен стилі бойынша берілген ғимарат интерьеріне сәйкес болуын қадағалаймын. Болашақта перденің қандай болып шығатынын көз алдыма елестетіп аламын. Содан соң, қағаз бетіне қаламмен эскиз жасаймын. Кейде перде тігуге мамандандырылған журналдар мен интернет сайттарынан дайын үлгілерді қараймын. Сәйкес модельді таңдап, қажетті матаны сатып алған соң, перделерді тігемін, – дейді ол. «Осы кәсіпті ашу үшін мемлекеттен грант немесе несие алып көрмеппін», деген Асылкүл алдағы уақытта өз бизнесін үйден емес, орталықтан ашқысы келеді. Оның өз кәсібін кеңейтуді ойлап отырғаны кей сөздерінен байқалып тұрды. Негізінде әйел адам үшін ас пісіре білу де, іс тігу де үлкен өнер ғой. Қазір қолөнерге ден қойып жатқан жас қыздар, келіншектер көбейіп келеді. Нарықтың пайдасы. Бәсекелестік бар. Көрпе-жастықтың түр-түрін көресіз. Тігін ательелері көп. Екі қолын алдына қойып бос отырғанша, осының өзі үлкен олжа емес пе? Өзі тумысынан олақ болмаса, әйел затына іс тіккен жарасады. Қазақта көрпенің екі түрі бар. Олар жамылғы көрпе және төсек не төсеніш көрпе деп бөлінеді. Жамылғы көрпе аты айтып тұрғандай жамылатын жылы көрпе. Ал төсек көрпе жерге не диванның үстіне жайылады. Шебердің айтуынша, көрпенің түрлері олардың ені мен ұзындығына, қолдану мақсатына байланысты жіктеледі. – Тігін тігу өнері адамды төзімділікке тәрбиелейді. «Қолданылған маталардың қиындылары рәсуа болмасын» деген оймен құрақ құрап жүрмін. Бұл іс үнемшілдікті білдірсе, әртүрлі әдемі құрақтар адам қиялын ұшқыр етеді. Мата қиындыларынан тігілетін құрақтағы түстерді үйлестіре білу де – үлкен өнер. Бұрынырақта ата-әжелеріміз құрақты тіл-көзден сақтайтын, жамандықтан қорғайтын тұмар ретінде де пайдаланған. Қазағымыздың көрпелерінің түр-түрі бар. Кейбір құрақ көрпенің түрлері қыз жасауына енеді. Мәселен, төр көрпе, махаббат көрпесі, күйеу көрпе, шәй көрпе, құдағи көрпе, жамылғы көрпелерді атап өтсек те болады. Көрпенің атауынан-ақ олардың кімге арналғаны айқындалып тұр. Махаббат көрпесі – екі жасқа арналған. Күйеу көрпе – күйеу жігіт отыратын көрпе, ал шәй көрпеге келін отырып, шәй құяды. Одан бөлек, қыз жасауына жамылғы көрпе де енеді. Алайда жамылғы көрпені бір адам тіге алмайды. Сондықтан оны қолға алған емеспін, – дейді шебер. «Талпынған жетер мұратқа» дейді дана қазақ. Таудай талабы арқылы табысқа кенеліп отырған ісмердің ісі көпке үлгі. Білімі мен біліктілігін арттырудан аянбайтын оның алда әлі талай биік белестерді бағындыра беретініне сенеміз. Эльмира БАЙНАЗАРОВА elmira231284@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар