Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кірсабын кіріс көзіне айналды

Кірсабын кіріс көзіне айналды
ашық дереккөз
Кірсабын кіріс көзіне айналды
Жұмыссыздық – қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі. Жалпы жұмыссыздық – еңбекке қабілетті адамдардың бос жүруі­нен немесе лайықты жұмыс таба алмауы­нан туындайтын түйткіл. Осы орайда мемлекетіміз халықты жұмыспен қамту ісіне барынша назар аударып келеді. Жергілікті мансап орталықтары арқылы жұмыс іздеген не кәсіп ашқысы келген адамдарға елімізде әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы барынша қолдау көрсетілуде. Соның ішінде бойында іскерлік қабілеті бар тұрғындар мемлекеттің демеуі және өзінің қарым-қабілеті арқылы кәсіп ашып, жұмыссыздықтың азаюына барынша үлес қосып жатыр. Бүгінде облысымызда бизнес бастамаларын ілгерілетіп, өзін де, отбасын да жұмыспен қамтып отырған азаматтар қатары артқан. Бұл тұрғыда кәдуілгі кірсабын өндірісіне ден қойып, кіріс көзін арттырып жатқан жандар да жетерлік. Біз бүгін осындай кәсіпкерлер жайында сөз қозғамақпыз. Солардың бірі – Мырзабек Қошманов. Ол мемлекеттік қолдауға ие болуының арқасында Аса ауылында өз ісін дөңгелетіп отыр. Кәсіпорынның иесі санаулы ғұмырын теміржол саласына арнаған. Көлқайнар ауылдық округі, Тастөбе ауылының тұрғыны сабын шығару цехын әу баста өз ауылынан ашқысы келген екен. Алайда үш фазалы электр желісі болмағандықтан, Аса ауылынан нысан жалдап, ойға алған ісін бастапты. Ол жергілікті атқамінерлер үш фазалы электр жүйесі мәселесін шешіп берсе деген ниетте. – Кез келген елде жұмыс орны аз немесе жұмыс күші тапшы болса, бұл қоғам үшін қауіпті. Жұмыс күшінің жетіспеушілігін шетелден келетін гастербайтерлер арқылы шешуге болады. Ал ең қиыны жұмыс көзінің аздығы. Жалпы біз «Әділетті Қазақстан» идеясын ілгерілетуге қадам бастық. Әрине, ол өте дұрыс шешім. Мемлекеттің әр бастамасын қолдаймыз. Еліміз қарыштап дамуы қажет. Сол арқылы біз ұрпаққа жарқын болашақ сыйлаймыз, мүмкіндігі мол елде еркін, азат өмір сүруді ұғындырамыз. Бірақ мен әрқашан өткен тарихқа көз жүгіртіп отырамын. Осы жетістікке жетудегі ата-бабамыздың басынан өткізген әрбір қиын сәттерін бағалаймын, құрметтеймін. Қазақстан азаматы ретінде бас иемін! Тарихқа тағзым етуді өсіріп отырған ұл-қызыма, немерелеріме үнемі айтып, насихаттап жүремін. Біздің ата-бабаларымыз да кезінде кәсіппен айналысқан. Қазақ қолдан сабын қайнату технологиясын білген. Осы мақсатта өз кәсібіме «Қазақия» деген атау бердім. Жалпы қазақ қоғамындағы жұмыс орны тапшылығын көзіміз көріп тұрып, кәсіппен айналысып, елді жұмыспен қамтуға қарым-қабілетіміз, біліміміз жетіп тұрып, «мұны мен емес, одан да менен кейінгілер жүзеге асырсын» дейтін болсақ, онда біздің орта және шағын бизнестегі даму қарқынымыз кейінге шегеріле беретіні анық. Сол үшін зейнет жасына шықсам да үйде бос қарап отырғанша «өзіме де, қоғамға да пайдам тисін» деген ниетпен осы кәсіпке бет бұрдым. Жасым алпысты алқымдаса да әлеуметтік желінің «тілін» меңгердім. Сабын шығарудың қыр-сырына, ол үшін қандай құрал-жабдық қажеттігіне интернет арқылы қанықтым, – дейді Мырзабек Қошманов. Өз кәсібі арқылы баласын, келінін жұмыспен қамтып отырған зейнеткер тауарды өндіру үшін түрлі химикаттармен қатар, сүйектің майын, малдың ішек-қарынын, ошақтың күлін қолданады екен. Бұл негізінен отбасылық бизнес. Сабын шығару жұмысына қажетті құрал-жабдықты Өзбекстаннан 2,5 миллион теңгеге алдырыпты. Айына 700 келі сабын өндіретін шағын цех өнімді Тараз қаласындағы ірі сауда нүктелеріне арзан бағада өткізеді. Сонымен қатар тұрғындар да қалағанынша тапсырыс бере алады. Адам қандай іспен айналысса да алдымен одан түсетін қаржыға емес, тауардың сапасына мән беруі керек. Сонда ғана адамның абыройы артып, жұмысы жүреді. Осыны жақсы білетін М.Қошманов шығарып жатқан өнімінің сапасына жіті көңіл бөлуде. Кәсібі жаңадан ашылып, өнімі нарыққа енді ғана жол тартқан шағын цех тауарына тапсырыс беру тұтынушылар тарапынан күн санап артуда. Сондықтан кейіпкеріміз алдағы уақытта кәсіп аясын кеңейтіп, қосымша жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Қордай ауылының тұрғыны Еркебұлан Метхан да осыдан бір ай бұрын кірсабын шығаратын шағын кәсібін ашқан еді. Еркебұланның негізгі мамандығы – мал дәрігері, Ноғайбай ауылшаруашылық колледжінің түлегі. Оқуын аяқтап, Отан алдындағы борышын өтеп келген азамат тұрақты түрде табыс әкелетін кәсіп бастауға бел буады. – Бұл істе оған жақындары ерек­ше қолдау көрсеткен. Ол: «Жеке ісімді бастамас бұрын ұзақ ойландым, ата-анаммен ақыл­дас­тым. Әсіресе, қайын атам көп қолдау көрсетті. Ол кісі өзі кәсіпкер болғандықтан маған бағыт-бағдар көрсетіп, осы кәсіпті таңдауға кеңес берді. Кірсабын – үй шаруасында қолданылатын әрі бағасы да тиімді дүние. Сонымен қатар ол «жазда өтеді, қыста өтпейді» дейтін маусымдық тауар емес. Басқа заттармен салыстырғанда шығыны да аз. Осылайша саланы әбден зерттей келе кірсабын шығару кәсібін қолға алдым, – дейді. Жас кәсіпкер кірсабын дайын­даудың әдісін, технологиясын Алматы қаласына барып, сол жақтан арнайы үйреніп келіпті. Өз бетімен интернет желісінен көргені де бар. Көп ұзамай Өзбекстаннан 600 000 теңгеге сабынды нығыздап, пішініне келтіретін арнайы құрылғы сатып алып, жұмысына үлкен құлшы­ныс­пен кіріседі. Айтпақшы, дайын­да­ған өнімін Бішкек қала­сын­дағы зертханадан өткізіпті. Яғни, өнім барлық талаптарға сай жасалады. – Кірсабынның құрамы өте қара­пайым. Малдың кәдімгі ішмайы мен өсімдік майынан және дайын химия­лық қоспадан тұрады. Ішмайды сатып алып, өзім шыжғырамын. Сондай-ақ, дәмханалардан пайдаланылған өсімдік майының қалдығын ала­мын. Осы майларды қайнатып, қос­па­лар­ды қосып, ең алдымен жайма түрінде кептіріп қоямын. Ет тартқышқа ұқсас арнайы құрыл­ғы бар. Екінші күні жайманы содан өткізіп аламын. Ол да бір тәулік тұруы тиіс. Сосын үшінші күні станоктың көмегімен пішініне келтіріп кесіп, дайын сабын қылып шығара­мын, – деп сабын дайындаудың әдісін кәсіпкер бізге кеңінен түсіндірді. «Алға» деген сауда белгісімен сатыла бастаған жергілікті өнім­нің сапасы сырттан келетін сабын­дар­дан кем түспейді. Дүкен сөрелерін­дегі өзге кірсабындардай өткір жағымсыз иісі де жоқ. Іскер жігіт әр сабынды 200 теңгеден сатуда, ал көтерме бағасы – 180 теңге. Еркебұлан бастапқыда күніне 100-200 дана сабын дайындаса, қазір сұраныс артып, 400 данаға дейін өнім өндіреді. Әзірге негізгі тұтынушылары – аудан тұрғын­дары. Кәсіпкер ірілі-ұсақты сауда нүктелерімен келісіп, өнімін өткізу жолдарын да ойластырып қойған. Еркебұланның сабын шығаратын бөлек цехы жоқ, әзірге кәсібін үйінің ауласында-ақ дөңгелетуде. Бойында күш-қуаты тасыған 24 жасар жігіттің бұл ісі «Бір іспен айналысу керек еді...» деп жүре беретін кейбір жандарға үлгі десек қателеспейміз. Бизнес әлеміндегі тәуекелдер мен кедергілерден қорықпайтын азаматтың болашаққа қойған мақсаты да айқын. – Кез келген жұмыс – береке бастауы. Ең бастысы ісіңе адал болып, талмай еңбектенуің қажет. Сонымен қатар, әр бастамаңды қолдайтын, саған сенім артатын жанұяң болғаны үлкен демеу. Келешекте кәсібімді кеңейтіп, кірсабынмен қатар сұйық сабын, антифриз, терезе-әйнек жууға арналған сұйықтық шығару ойымда бар, – деп алдағы жоспарларымен бөлісті ол. Кірсабын – жарнаманы қажет етпейтін тауар. Оның пайдасын ел бұрыннан біледі. Сондықтан табиғи таза өнімге деген халықтың сұранысы артпаса, азаймасы анық. Ендеше жас кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, «Алға» атты отандық өнім алға бассын деп тілейміз! Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Арманы асқақ Асылкүл
Алдыңғы мақала
Арманы асқақ Асылкүл

Ұқсас жаңалықтар