Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАРЫНАН АЙЛА АРТЫЛҒАН БА?

ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАРЫНАН АЙЛА АРТЫЛҒАН БА?
ашық дереккөз
ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАРЫНАН АЙЛА АРТЫЛҒАН БА?
Бүгінде ғаламтор қолжетімді болып, ақпараттық технологиялар жетілген сайын интернет алаяқтары да тайраңдап барады. Тіпті айылын жимай тұр. Мемлекет олармен қанша күресіп, құрықтап, жолдарына тосқауыл қойса да жымысқы тірліктерін тоқтатар емес. Күнделікті ақпарат құралдарын ақтарып отырсаңыз небір сұмдықты оқисыз. Біздің оқырмандарға да қажет болар деген оймен, яғни алаяқтардан сақтандыру мақсатында елдегі болған біраз фактілерге қысқа да нұсқа шолу жасап көрдік. Қаржы пирамидасының жетекшісі құрықталды Украина Бас прокурорының кеңсесі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының «LIDER» қаржы пирамидасын басқарды деген күдікпен іздеуде жүрген азаматты ұстап беру туралы өтінішін қанағаттандырды. Ол 2017-2019 жылдар аралығында бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында жалған жобаларға азаматтардың ақшалай салымдарын тартудың заңсыз схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде зардап шеккен 240-тан астам азаматқа 1,2 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген. Қылмыстарды жасағаннан кейін, ол қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, салдарынан халықаралық іздеу жарияланған. Осы жылдың тамыз айында күдіктіні Украинаның құқық қорғау органдары ұстады. Жуырда Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанға экстрадициялады. Қазіргі уақытта ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Жоғарыда аталған қылмыстарды жасағаны үшін оған 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. ИНТЕРНЕТ АРҚЫЛЫ ӨЗГЕНІҢ АТЫНАН НЕСИЕ РӘСІМДЕГЕН Кафеге телефонын кепілге қалдырған адамның атынан 3 миллионға жуық несие рәсімдеген. Тараз қаласының полициясына 37 жастағы жергілікті тұрғын шағыммен жүгінді. Ол шағымында белгісіз тұлға банктің мобильді қосымшасы арқылы оның атынан 2 840 000 теңге көлемінде несие рәсімдегенін, содан кейін осы ақшалай қаражатты букмекерлік қосымшаның есеп шотына аударғанын хабарлады. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі 1-тармағы (ірі мөлшерде жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жәбірленуші оқиға қарсаңында облыс орталығындағы кафелердің бірінде демалғанын айтты. Есеп айырысу үшін ақшасы жетпей, өзінің ұялы телефонын кепілге қалдырып, кейін оны ұмытып кеткен. Әйелінің телефоны арқылы банктің қосымшасына кіріп, ол өз атынан үлкен көлемде несие рәсімделгенін білген. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері осы кафенің 20 жастағы қызметшісін анықтап, ұстады. Ол өз кінәсін толық мойындады, тергеу амалдары жалғасуда. «INSTAGRAM»-НЫҢ КӨМЕГІМЕН ОҢАЙ ОЛЖАНЫ КӨЗДЕГЕН Рудныйда зейнеткердің қаржысын алаяқтық жолмен иеленбек болған студент ұсталды. Ол кәмелетке толмаған дроппер болып шықты. 17 жастағы жігітті полицейлер алданған зейнеткерге барған кезінде ұстады. Қарт әйел мен көршілердің қырағылығы 84 жастағы әйелдің жеке қаражатын алаяқтан сақтап қалуға көмектесті. Алаяқтардан қоңырау кешке келіп түседі. Ер адам өзін полиция майоры ретінде таныстырып, оның немересі адамды көлікпен қағып кеткенін хабарлайды. Сөйтіп сот алдында жауап бермеу үшін белгілі бір көлемде ақша төлеу қажет екенін айтады. Егде жастағы әйел алдымен абдырап қалады. Алайда әңгімені үзбестен кеңес алу үшін көршісіне жүгінеді. Көршісі полицияны шақырған. Осы уақытта тұрғын алаяқтармен 1 миллион теңгеден астам көлемде ақша беру туралы келісіп қойған. «Мекенжайға дереу полицейлер келді. Олар үйге жақындаған сәтте күдікті жас жігітті байқады. Кейінірек белгілі болғандай, бұл ақшаға келген дроппер екені анықталды», дейді мүліктік қылмыстар бөлімшесінің бастығы Мадияр Тәжин. Осылайша егде жастағы әйелдің қырағылығы қылмыскерді ұстауға көмектесті. Оның айтуынша, бір күн бұрын учаскелік полиция инспекторлары келіп, алаяқтар қандай схемаларды қолданатынын айтқан. «Бұл жұмысты тәртіп сақшылары «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде жүргізеді. Учаскелік полиция инспекторлары халықтың тұрғылықты жері бойынша тексеру жүргізіп қана қоймай, алаяқтық тәсілдері туралы да айтады», деп атап өтті М.Тәжин. Жас жігіт колледж студенті болып шықты. Ол қосымша ақша тапқысы келген. Жұмыс туралы ұсыныс «Instagram» арқылы келген. Кейінірек жұмыс беруші онымен «Telegram» арқылы хабар алмасқан. «Мен бұл ісімнің қылмыс екенін білмедім. Маған «Сіз мекенжайларға барып, ақша алып, оларды қайта есептеп, банк деректемелеріне жібересіз» деп айтты. Болжам бойынша, бұл адамдар өздері жасай алмайды, мен оларға осылай көмектесемін. Соманың 3 пайызын өзіме алдым. Осылайша, бір апта ішінде мен 300 мың теңгеден астам табыс таптым. Мен не істеп жатқанымды білсем, ешқашан осындайға бармас едім», дейді студент. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қостанай облысының ПД азаматтарды қырағы болуға және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырды. 22 ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫ АНЫҚТАЛДЫ ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларының тізімін жариялады. Міндетті түрде танысып шығыңыз. Капиталыңызды инвестициялайтын кезде белгілі бір компанияның қаржылық пирамидаға қатысы бар-жоғын тексеру үшін агенттіктің арнайы телеграм ботын пайдалануға кеңес бере аламыз. Ал қаржы пирамидасынан зардап шексеңіз Қаржылық мониторинг агенттігінің саll-орталығына хабарласыңыз. Телефон нөмірі: 1458. ЖОҚ ПӘТЕРЛЕРДІ ЖАЛҒА БЕРГЕН Елордада жоқ пәтерлерді жалға берген алаяқ анықталды. Елорданың бес тұрғыны полицияға алаяққа алданғандарын айтып, арыз жазған. Айтуларынша, белгісіз біреу пәтерлерді жалға беремін деген желеумен олардың ақшасын иемденіп кеткен. Жедел іздестіру шаралары барысында Байқоңыр аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 28 жастағы ер адамды анықтады. Ол жарнамалық веб-сайтта төмен бағамен және интерьердің әдемі фотосуреттерімен тұтынушыларды қызықтырған. Басты шарты соманың 50 пайызын алдын ала төлеуді ұсынған. Сөйтіп жарты соманы алғаннан кейін хабарландыруды өшіріп, телефон нөмірін ауыстырып жіберген. Қазіргі уақытта оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп, өзге де жәбірленушілер анықталып жатыр. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ 5 МИЛЛИОН ТЕҢГЕСІН ҚОЛДЫ ЕТКЕН Түркістан облысында кәсіпкерлерге субсидия алуға көмектесемін деп 5 миллион теңге алып, хабар-ошарсыз кеткен алаяқ әйел ұсталды. Бұл туралы Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті. Департаменттің мәліметінше, Жетісай аудандық полиция бөліміне үш кәсіпкер хабарласқан. Олар танысы бизнесті дамытуға мемлекеттен тегін субсидия алуға көмектесуге уәде беріп, ақшаны алып тайып тұрғанын айтып шағымданған. «Ол әрбір жәбірленушіден қомақты ақша алған, бірақ уәдесін орындамай, хабар-ошарсыз кеткен», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 5 миллион теңгеден асқан. Полиция ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдікті табылып, қамауға алынды. Белгілі болғандай, әйелдің субсидия алу ойында да болмаған, ал кәсіпкерлерден алған ақшасын несиесін өтеуге жұмсаған. Күдікті қамауға алынып, іс сотқа жіберілді. ИНТЕРНЕТ-ДҮКЕНДЕ ЕСІРТКІ САТҚАН Астанада есірткіні интернет-дүкен арқылы сатып келген азамат ұсталды. Елордалық полицейлер «Қарасора – 2023» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде есірткі заттарын ірі мөлшерде заңсыз өткізуге қатысы бар 22 жастағы астаналықты анықтады. Есірткі сатушының тұрғылықты жерін тінту кезінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кіреберістің жоғарғы қабатында жабдықталған қуысты тапты. Қуыста оралған және сатуға дайын 29 жиынтық алынды. Жеке тінту кезінде жігіттің қалтасынан есірткі ұнтағы бар 20 байлам табылды. Пәтерден пластикалық контейнерлер, есірткі заттары салынған пакеттер және 35 оралған байлам тәркіленді. Сараптама қорытындысы бойынша, алынған заттар жалпы салмағы 1 келі мефедрон есірткі құралы екені анықталды. 50 грамм және жалпы салмағы 300 грамм марихуана. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 2-бөлігі (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Жас жігіт кінәсін мойындап, полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер заңнамаға сәйкес есірткі заттарын өткізу не өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау бабы бойынша бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын еске салды.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар