Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сенімге кіріп, сан соқтыруы мүмкін

Сенімге кіріп,  сан соқтыруы мүмкін
ашық дереккөз
Сенімге кіріп, сан соқтыруы мүмкін
Әккі алаяқтар жұрттың әлсіз тұсын біледі. Себебі, цифрлық теңге әзірге пилоттық жоба болғандықтан, қазақстандықтар бұл тақырыпқа жетік емес. Алаяқтар қалай алдайды? Қалай сақтану керек? Сол туралы айтып көрейік. Алыста отырып жұрттың ақшасын жымқыратын алаяқтардың айласы көп. Бірсыпырасын жұрт біледі. Сондықтан әркім өзінше «күресіп» жүр. Біреуі – өзіне қоңырау түссе, телефон тұтқасын қоя салады, енді бірі – қазақша сөйлеп құтылған болады. Өйткені алаяқтар әдетте елдің сыртында отырып телефон шалатынын олардың сөйлеу мәнерінен ұғып тұрамыз... Бұған дейін қылмыскерлер аңғал халықтың ақшасын алдап алу үшін қитұрқы әрекеттер ойластыратын. Бірі – құзырлы органның өкілі болып қоңырау шалса, енді бірі – Ұлттық Банктің қызметкері болып та алдайды екен. «Арнайы операция жүріп жатыр, банк қызметкерін ұстаймыз, соған көмектесу керек» деген желеумен азаматтарға кредит алғызып, үшінші тұлғаның шотына ақша аудартып алғандар да болды. Алданып, сан соғып қалғандар бар. Сол себепті Ұлттық Банктің баспасөз хатшысы Асан Ахметжан азаматтарды барынша сақ болуға шақырады. «Ұлттық Банк қызметкерімін» деп бейтаныс біреу қоңырау шалса, әңгімені сол бойда үзген дұрыс. Себебі Ұлттық Банк жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді, кредит рәсімдемейді, халықпен ақшалай есеп айырыспайды. Сондықтан қазақстандықтар белгісіз біреуге телефон арқылы дербес деректерін жарияламағаны дұрыс. Қосымша сұрағы болса, 1477 нөмірі бойынша Ұлттық Банктің байланыс орталығына немесе құқық қорғау органдарына жүгінгені жөн», дейді Асан Ахметжан. Соңғы кезде алаяқтар «Цифрлық теңге» жобасының айналасына шоғырланып жүр. Себебі бұл – қазір қоғамда өте жиі көтеріле бастаған тақырып. Алаяқтар көпшіліктің бұл тақырыпқа жетік емес екенін жақсы біледі. Соны ұтымды пайдаланып жүрген әккілер «Цифрлық теңгеге инвестиция салыңдар» деген желеумен түрлі сайттар ашқан. Қазақстандықтар бұл жағынан абай болғаны дұрыс. Себебі «Цифрлық теңге» жобасы – ел азаматтарынан инвестиция тартпайды. «Азаматтардың жеке деректері мен қаражатын қолды қылу үшін алаяқтар «Цифрлық теңге» жобасы бойынша жалған веб-сайттар мен әлеуметтік желілерде парақшалар ашып жатыр. Ұлттық Банк мұндай интернет-ресурстарға сенбеуге, жеке бастың байланыс деректері көрсетілген кез келген бланкті толтырмауға кеңес береді. Егер жеке деректерді жіберіп қойған болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу керек» деді А.Ахметжан. «Цифрлық теңге» жобасы – төлемдер мен ақша аударымдары саласында Қазақстанның ұлттық валютасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған. Цифрлық теңге қазір сынақтан өткізу кезеңінде. Ал «.kz» домендік кеңістігінен тыс тіркелген сайттардың бұл жобаға еш қатысы жоқ. Алдағы уақытта цифрлық теңге туралы толық мәлімет беруге тырысамыз. Ол не жоба? Қашан қолдана бастаймыз? Қандай артықшылықтары бар? Цирфлық теңге мен криптовалютаның айырмашылығы неде? Осылар жөнінде әлі де тарқатып, кеңірек түсіндіруге тырысамыз. Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар