«Ақбереннің» алты үздігі
Жасөспірімдердің білім алуымен қатар тәрбиелі, өнерлі, жан-жақты болуына көңіл бөлу маңызды. Сонда оқушының мүмкіндігі ашыла түседі. Жеткіншектердің талабын ұштауға арналған республикалық «Ақберен» шығармашылық байқауы биыл оныншы мәрте өткізілгелі отыр.
Жақында Тараз қалалық «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында осынау айтулы байқаудың облыстық іріктеу кезеңі ұйымдастырылды. Өнер сайысының ашылу салтанатында ұйымдастырушы, «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының директоры Майра Есеналиева сөз сөйлеп, барлық жеңімпаздарға сәттілік тіледі. Ал белгілі ақындар Қасқырбай Нарбатыр, Айтмұханбет Исақ бастаған өңірімізге танымал өнер өкілдері қазылық жасады.
Аталған байқауға үміткерлер жақсы дайындықпен келіпті. Халқымыздың атамұра өнері «Айтыс» аталымы бойынша 6 оқушы бақ сынады. Бұл өнер додасында тараздық 9-сынып оқушысы Інжу Жаңабайдың шымыр шумақтары көптің көңілінен шықты. «Оқушылар қадамын тек білімге арнасын, мектеп артын жағалап төбелеске бармасын» деп толғануы да замандастарына ой салғандай. Сонымен қатар, Шу ауданынан келген 8-сынып оқушысы Жомарт Александр меркілік құрдасы Назгүл Ерланқызымен қызықты айтыс жасады. Біз Жомарттың бұрынғыға қарағанда біршама өскенін, ойы орныға түскенін байқадық.
Бұл аталым бойынша тараздық Інжу Жаңабай жеңімпаз деп танылса, Жомарт Александр мен Назгүл Ерланқызы екінші, таластық Нұрайым Боранбай мен құландық Қазына Оразбай үшінші жүлдені өзара бөлісті.
Сондай-ақ, тараздық Іңкәр Жаңабай «Мүшәйра», меркілік Жанайым Есенәлі «Шешендік білгірлік сайысы», Т.Рысқұлов ауданынан Алина Тойлыбай «Эссе жазу», облыстық Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназияның оқушысы Ахмет Зейін «Ұлттық аспапта өнер көрсету», таластық Алдияр Жүзбай «Көркемсөз оқу» аталымдары бойынша жеңімпаз атанды.
«AR-AI»-ақпарат
Келесі мақала