Асқар тау аласармайды
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың ұйытқы болуымен «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» жобасының «Сиясы кеппеген кітап» бағыты аясында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Әбдрахман Асылбековтің туғанына 85 жыл толуына орай «Поэзия әлемінің әуезді Әбдрахманы» атты еске алу кеші ұйымдастырылды.
Ақынның шығармашылығын оқырмандарға насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара барысында Әбдрахман Асылбековтің шығармаларының сиясы кеппеген 10 томдық жинағының тұсаукесері өтіп, кітаптарды кітапхана қорына тарту етілді. Сонымен қатар орыс жазушысы И.Крыловтың мысалдарының аудармалары да көпшілік қауымға таныстырылды.
Иван Крылов мысалдарының мазмұнын жоғалтпай, өлең құрылымын сақтай отырып, аударған ақынның сатиралық шығармаларының өзі бір төбе екенін жазушы Елен Әлімжан, ардагер журналист Болат Жаппарұлы және басқалары атап өтті.
Қонақтар ақынның сонау 1955 жылы «Бейбітшілік бақшасы», «Жауды аяған жаралы» сияқты тырнақалды туындылары басылса, балаларға арналған алғашқы өлеңдер жинағы 1961 жылы «Жапырақтар» деген атпен жарық көргенін әңгімеге арқау етті.
Сонымен қатар Ә.Асылбековтің көзін көрген замандастары мен әріптестері, шәкірттері баламен балаша тілдесіп, жүрегі үндесіп жыр жазған ақынның 30-дан астам кітаптарының 18-і осы бүлдіршіндерге арналғанына тоқталып өтті. Және де балалар әдебиетінің негізгі міндеті отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу екенін тілге тиек етіп, ақынның жары Фатима Бақтайқызы, қарындасы Пернайым Сағынбекқызы және бауыры Асылбек Әбдімәжітке өздерінің жылы лебіздерін жеткізді.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала