Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Фатима АХЫМБЕКҚЫЗЫ, ақын Әбдрахман Асылбековтің жары:«Әбекең өмірге де, өлеңге де адал еді»

Фатима АХЫМБЕКҚЫЗЫ, ақын Әбдрахман Асылбековтің  жары:«Әбекең өмірге де,  өлеңге де адал еді»
ашық дереккөз
Фатима АХЫМБЕКҚЫЗЫ, ақын Әбдрахман Асылбековтің жары:«Әбекең өмірге де, өлеңге де адал еді»
Биыл қазақтың белгілі ақыны, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әбдрахман Асылбековтің туғанына 85 жыл. 1938 жылы 1 мамырда Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген Әбдрахман Жүнісбекұлы Алматыда ҚазПИ-дің «Тарих-филология» факультетін бітірген соң, саналы ғұмырын қазақ әдебиетіне арнады. Әр жылдары аспирантурада білім алды, облыстық газетте, «Qazaq radiosy»-ында, ҚазақССР Министрлер Кеңесінің Баспа, полиграфия және кітап сауда істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде қызмет атқарды. «Жалын», «Жазушы» баспаларында, Қазақстан Жазушылар одағы көркем әдебиетті насихаттау бюросында, Жазушылар одағының Жамбыл облыстық бөлімшесінде хатшы, «Әділет», «Мәдениет», «Заң», «Көзқарас» газеттерінде, «Заңгер» журналында бөлім басшысы, редактордың орынбасары, ҚР Бас прокуратурасының «Құқықтық Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. Түрлі басылымдарда еңбек ете жүріп, шығармашылығынан қол үзбеген ақынның алғашқы өлеңдер жинағы 1931 жылы жарық көрді. Одан кейін «Аңыздар» (1963), «Алтын дән» (1967), «Алатау аясында» (1969), «Балам туралы баллада» (1971), «Көкорай көктем» (1973), «Туысыңды таптың ба?» (1976), «Светофор сыры» (1977), «Алтын арай» (1980), «Ерден атайдың ертегілері» (1980), «Достық балладасы» (1981), «Байқа, балақай» (1982), «Бәйшешектер» (1984), «Ақ тілек» (1985), «За тучами солнце» (1986), «Сауысқанның сәлемі» (1986), «Сиқырлы сыбызғы» (1988), «Ақ моншақты аруым» (1995), «Балбұлақ» (2000), «Айдай сұлу аруым» (2001), «Әнші бала» (2002), «Сүйеді екем» (2003), «Ағынан ақтарылып» (2010), «Мысалдар» (2011), «Ұр, тоқпақ» (2011), «Балғын балалық» (2015) сынды кітаптары жарық көрді. Ақын қасиетті Құранды өлеңмен аударып, бұл еңбек 2018 жылы «Қасиетті Құран – мәңгілік мұраң» деген атаумен басылып шықты. Әрине, мұның барлығы тынымсыз еңбектің арқасы. Сондай-ақ, Әбдрахман Асылбеков 500-ге жуық әнге сөз жазған ақын. Әндердің барлығы дерлік танымал, белгілі әншілер орындап жүр. Ақынның 85 жылдығы әрі өмірден өткеніне 5 жыл толуына орай жары Фатима Ахымбекқызы Тараз төріне келіп, автордың 10 томдығы мен өзі көзі тірісінде баспаға беріп кеткен аудармалар (Крылов мысалдары) жинағын облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханаға және Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығына сыйға тартты. Біз де осындай игі шараның ортасынан табылып, Фатима Ахымбекқызын әңгімеге тартқан едік. – Фатима Ахымбекқызы, ақын Әбдрахман Асылбековпен қалай таныстыңыздар? – Мен, көрші жатқан Түркістан облысы, Түлкібас ауданының тумасымын. 1961-1962 оқу жылында Тараздағы Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне кітапхана ісі бойынша оқуға түстім. 1965 жылы диплом алдында өндірістік тәжірибеден өту үшін осы облыстық кітапханада жанымдағы үш құрбыммен бір ай жүрдік. Әбекең кітапханадан шықпайды. Тұрақты оқырманы. Сонымен, ағаң кино, театрға жиі шақыратын болды. Мен құрбыларымды жанымнан тастамаймын. Сол аралықта диплом да алып үлгердік. Таныстығымыздан кейін, маусым айында Әбекең үйленуге ұсыныс жасады. Алдымен Айткүл әпкесімен таныстырып, кейін «молдекеңнің» үйіне келін болып түстім. Жарықтық, атам – Жүнісбекті көпшілік «молдеке» деп құрметтейтін, төңірегіне сыйлы адам еді. – Әбдрахман ағаның болмысы, жалпы мінезі кімге тартқан? – Атам момын, байсалды, парасатты кісі болды. Ташкентте білім алған, діни сауатты еді. Сондықтан болар өмірінің соңына дейін бұрын орталық базар болған, бүгінде «Көне Тараз» этно-мәдени орталығына айналған «Шахристан» аумағындағы мешітте діни қызметкер болып жүрді. Әбекеңнің түр-түсі әкесіне келгенімен, мінезі анасына тартқан. Ырысты анамыз бірбеткей, тіке сөйлейтін, тазалықты жаны сүйетін, адуынды жан болатын. Әбекең атадан екі ұл. Ағасы – Әбдразақ, кішісі – Әбдрахман. – Алматыға қай жылдары көштіңіздер? – Сол 1965 жылы ата-енеміздің қолында бес ай тұрып, Алматыға қоныс аудардық. Ақындардың жаны нәзік келеді ғой. Жаңа орта, әдеби қауымдастықты іздеген ақынның рухани астанаға келуі шығармашылығына да жаңа тыныс берді деп ойлаймын. Алғаш «Өжет» поселкесінде Шона Смаханұлымен көрші тұрдық. Екі ақын жерлес, бірін-бірі бұрыннан біледі. Ағалы-інілі болып таңнан-таңға әдебиет, поэзия, сатира төңірегінде кеңінен пікірлесетін. Бұл кезде Әбдрахман поэзия әлемінде танылып қалған болатын. Ақын Мұқағали Мақатаев, сарысулық Тынышбай Рахым, композиторлар – Мэлс Өзбеков, Ескендір Хасанғалиев, Бейбіт Оралұлы жиі келетін үйге. Тынышбайдың Алматыға келуіне себепші болған да Әбекең. Мэлс Өзбековтың «Келші, Айым» және Тынышбай Рахымның «Алтайдың ар жағынан келген ару» әндерінің тұсауы біздің үйде кесілді. Ол кезде Мэлс Өзбековтің өмірде жолы, жағдайы болмай жүрген кез еді. Сондықтан, біздің шаңырақтың төрінен жиі табылатын. Ал, Мұқаң – Мұқағали Мақатаев әр келген сайын «Қошқардай ұл тап!» деп ақ батасын беріп кететін. Аузы дуалы ағаның батасы дөп келді ме өмірге Албан, Айбат деген егіз ұлым келді. Әбекең «ұл тусаң Мұқаңның құрметіне Албан қоямын» деп жүретін. Сол ниет те, арман да орындалды. Бастысы, Әбдрахман өмірге де, өлеңге де адал еді. Жетпісінші жылдардың басында қалаға келдік. Бізге пәтер «Артистер үйінен» («Дом Артистов») берілді. Мұнда Сырбай Мәуленовпен және Бейімбет Майлин мен Қасым Аманжоловтың балаларымен, Жарасқан Әбдіраш, Рафаэль Ниязбековпен көрші тұрдық. Қалаға келген соң Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Шәмші Қалдаяқов, Алтынбек Қоразбаев жиі қонағымыз болды. – Бір жылдары Әбдрахман Асылбеков Алматыдан Жамбылға келді ғой.. – Иә, 1990 жылы атам, яғни Әбекеңнің әкесі Жүнісбек қария қайтыс болып, ол Таразда екі жылдай Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл филиалының хатшысы болды. Бірақ, шығармашылықтан қол үзбеді. – Ақын Әбдрахман Асылбеков өмірде қандай жан еді? – Өте қарапайым, баладай көңілі таза болатын. Бірақ қандай да бір істе шикілік көрсе еш төзе алмай әділдігін, шындығын айтатын. Бұл мінезі біреуге жақты, біреуге жақпады. Қолы сәл босай қалса елге, туған жеріне жетуге асығатын. Онда да мен келдім деп, обком хатшысының есігін қақпай, көлік сұрамай, қарапайымдылығымен елдің ортасында жүретін. Ағасы Шона Смаханұлының арасындағы ұқсастық осында еді. Елдегі ағайынға, бауырға қамқорлық жасап, қолынан келген көмегін аямайтын. Немере бауыры Сатыбалды Серіков пен қарындасы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор Пернайым Сағымбековаға көп қамқорлық жасады. Қайын сіңлім Пернайым: «Әбдрахман ағам мені Қызылордадан Алматыдағы қыздар институтына ауыстырып алмағанда Мәскеуге барып, аспирантурада оқып, кандидаттықты қорғап, осындай жетістіктерге жете алмайтын едім» деп, ағасының жақсылығын жиі еске алып отырады. Алтынбек Қоразбаев бүгінгі күні қазақтың сүйікті ұлына айналған әнші Мейрамбек Беспаевты ертіп келгенде, ән иіріміне жазылған сөздердің қай жерде қандай сезіммен, көңіл күймен орындалатынын айтып, ақылын беретін. – Ұл-қыздарыңыздың ортасында Әбдрахман ағаның жолын ұстанғандары бар ма? – Ақындық ол – Тәңірден келетін сый, құдірет! Әркімнің бағына, басына қона бермейді. Мен 40 жылдан аса Ахмат Жұбанов атындағы музыка мектебінде кітапханада еңбек еттім. Сондықтан болар балаларым өнерге, музыкаға жақын болды. Әбекең екеуміз Алланың берген бес перзентін сүйдік. Өкінішке қарай, Ардағым мен Арманым өмірден ерте өтіп кетті. Бүгінгі күні Айнат пен Албан, Айбаттан (егіз) көрген немерелерімнің қызығын қызықтап, аталары жайында естелік әңгімелерді жиі айтып отырамын. Әбекең төрт немересі мен бір шөбересін көріп кетті. – Жамбыл өңірінде ақынның 85 жылдығына қандай шаралар ұйымдастырылуда? – Әбекең өмірден өтер алдында «Тектұрмас» деген өлең жазған болатын. Өлеңнің «...Көп болса жүз жасармын, көп тұрмаспын, Ел елер еңбек етсем, кеп тұрмас кім. Атанған әруақты Әулиеата, Қырында жатсам болды «Тектұрмастың» деген шумағындағы аманатты арқалап, сүйегін ата-анасының жанына «Тектұрмасқа» қойдық. Сондықтан, Тараз өңіріне балалармен, туыстармен жиі келіп тұрамын. Ал, сәрсенбі күні жергілікті «Jambyl» телеарнасының таңертеңгілік «Рауан» бағдарламасына қонаққа шақырды. Және осы күні облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада кітаптарының тұсаукесері өтіп, көзін көрген ақын-жазушы, зиялы қауыммен кездестік. Ал, 19 қазан күні Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында Әбдрахман шығармаларын сүйіп оқитын оқырмандарымен жүздестім. Студент жастар ақынның өлеңдерін оқып, облыстық филармонияның әншілері Әбдрахманның сөзіне жазылған әндерін орындады. Барлық шара жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға тек алғысымды білдіремін. Сенбі күні Әбдрахманның рухына құран оқытып, ас береміз. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Ерман ӘБДИЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар